Түркістан облысы: Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті VI пленумында келелі мәселелер талқыланды

Аудандық ардагерлер кеңесінің кезекті VI пленумы өтті. Пленумға аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев және бөлім басшылары қатысты.

Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов баяндама жасап, аудандық ардагерлер кеңесінің ағымдағы жылдың алғашқы 6 айында атқарылған жұмыстары сараланды. Сондай-ақ 30 бастауыш, 6 цехтық ардагерлер ұйымдарында өткен есеп беру-сайлау жиналыстарының қорытындысы туралы хабарлады.

Биылғы алғашқы 6 айда аудан ардагерлері «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысты және көктемдегі су тасқынынан зардап шеккен батыс облыстарға аудан ардагерлерін қолдау білдіру мақсатында көрсеткен көмектерін атап көрсетті. Аудан ардагерлері атқарылған жұмыстарға оң бағаларын берді.

Естеріңізде болса, шілденің соңына таман «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Даңқ» саябағы мен аудан аумағындағы барлық ауылдық округтерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылған-ды. Аталған шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосқан ардагерлерге алғысын жеткізген.

Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов барлық тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға шақырды. “Тазалықты алдымен өзімізден бастауымыз қажет. Ауылымызды таза ұстау, оны жасыл желекке бөлеу біздің басты міндетіміз. Осындай игі шаралар арқылы келешек ұрпақты тазалыққа тәрбиелейміз” — деп шараның маңыздылығына тоқталып өтті.

Саябақта өткен тазалық жұмыстарына 50-ге тарда ардагерлер қатысып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға әрдайым ниетті екендерін жеткізді. Аумақты абаттандырды. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған майдангерлер есімі жазылған белгітастарды тазалап, «Белгісіз жауынгер» ескерткішінің айналасын ретке келтірді. Тазалыққа қажетті 2 техника жұмылдырылып, арам шөптер мен қураған ағаштар оталды.

Аудан әкімінің орынбасары Ақәділ Сатыбалды мен аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев сөз сөйледі. Аудан ардагерлерінің елдің бірлігі жолында атқарып жатқан жұмыстарына алғыстарын жеткізді. Пленум соңында бастауыш ардагерлер ұйымының төрағаларына, аудандық ардагерлер кеңесінің төраға орынбасарына, «Әкелер мектебінің» төрағасына қызметтік куәліктер тапсырылды.

Қазақта «Ардагер аға алдында тұрсын, Әдепті іні артында тұрсын», — деген керемет сөз бар. Расында бүгін күнде Тәуелсіздік таңында татулық пен тыныштықта өмір сүріп жатқанымыз осы ардагер ағаларымыздың еңбегі десек артық айтқандық емес. Өйткені еліміздің өсіп-өркендеуіне өлшеусіз тер төккен ардагерлердің бір бөлек. Бар ғұмырын еліміздің ертеңі үшін елге қызмет қылуға арнаған ардагерлердің қоғамда орны ерек.

Тәуелсіз Қазақстанның шаңырағы көтерілгелі, міне, 32 жылдан асты. Егеменді ел болдық, еліміз өркениетті елдердің қатарына қосылды. Бұл игілікті істе соқпағы мол тағдыр тартысымен тарихтың үлкен өмір жолынан өткен ұлы бабаларыныздың артта қалдырған өсиеті ерекше деп айтамыз.

Тәуелсіздік қоғамымыздың басты байлығы десек, сол қоғамдығы адамдардың мүддесін құқығын қорғау, оларға әлеуметтік материалдық құрылымына жағдай жасау ардагерлер ұйымының негізгі өзекті жұмыстарының бірі болып табылады. Қоғамымызда ардагерлер ұйымының қоғам өміріндегі алатын орны ерекше. Себебі, ұйым ардагерлерінің мұң-мұқтажымен жағдайлары ұсыныс пікірлері, талап арыздары мен өтініштері және де олардың тыныс тіршіліктерін басты назарда ұстайды. Атап айтқанда, жылдық бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстар сараланып, сол жұмыстарда кеткен кемшіліктермен олқылықтар талқыланып, келешекте оң шешімін табуға мән берілді. Қабылданған іс-шаралар мен жоспарлар аудан әкімшілігімен келісіле отырып, аудан мен ауылдың әлеуметтік тіршілік жағдайларымен байланыстырылады.

Еске салайық, биыл маусым айында Астанада «Ардагерлер Ұйымы» РҚБ Орталық кеңесінің пленумы өткен болатын. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» идеясы жан-жақты талқыланды.

«Халқымыз ежелден үлкенін сыйлап, кішісін құрметтеген бауырмал жұрт екені көпке мәлім. Ұлттық бірегейліктің ең бір өзегі — ақсақалдар инстиуты. Бүгінгі таңда дәстүрлі қоғамның басты негізгі игі құндылықтарының біріне айналды. Қазақстанның ардагерлер қауымдастығы сол ізгі салттың жалғасы, биік мәдениеттің иесі ретінде көпке үлгі әрі өнеге болып келеді. Мемлекет басшысы Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда мәдени-гуманитарлық сала мен идеологияның жаңа бағдарын айқындап, ұлттық бірегейлігімізді нығайтуда, және елімізді қарқынды дамытуға арналған міндеттерді жүктеген болатын. Жоғарыда атап өткендей, еліміз ежелгі игі дәстүрлерін ұмытқан жоқ. Қоғамдағы ұлттық бірлік, этностар мен діни топтар арасындағы өзара түсіністік және жастарды есірткі, лудомания секілді жағымсыз әрекеттерден сақтауда ардагерлер инстиутының рөлі зор», — дейді Аида Балаева.

Министрдің сөзінше, пандемиядан соң қоғамда дін саласы, лудомания, алаяқтық мәсеселері өрши түскен. Қазіргі таңда министрлік міндеті — аталған мәселелердің алдын алу.

«Кейбір азаматтар отбасында не көреді соны қоғамда көрсетіп жатады. Өкінішке қарай бүгінгі таңда ересек азаматтардан бастап, кішкене бүлдіршінге дейін қатыгез болып жатыр. Буллинг мәселесі де өте өзекті болып отыр. Әрине, көптеген мәселелердің алдын алу ол тәрбиелік жұмыстардан басталады. Сондықтан бала мектепте жақсы тәрбие алса, қоғамдағы мәдениет оң қалыптасса дейміз. Қоршаған ортамызды ластап, ескерткіштерімізді бұзып жатқан шетелдіктер емес, өз азаматтарымыз. Мұның бәрі ардагерлер ұйымымен қоян-қолтық жұмыс істеуді талап етеді», — дейді ведомство басшысы.

Аида Балаева Жеңістің 80 жылдығына қалай атап өтілетінін айтты.

«Министрлік өз тарапынан іс-шаралар жоспарын әзірледі. Үкімет деңгейдегі ауқымды жоспарлар қолға алынып отыр. Кешенді әрі жан-жақты мәселелер қамтылатын болады. Майдан даласында қан мен терін төккен батыр бабаларымыздың еңбегін ұлықтау біздің перзенттік борышымыз, десе де біз көп нәрсені байқамай қалуымыз мүмкін. Мәселен, осы уақытқа дейін де ескерілмей келген ардагерлер де бар екен. Олар туралы министрлікке ұсыныстар да түсіп жатыр. Бәрі 80 жылдықтың аясында іске асырылмақ. Ең бастысы, жүйелі әрі кешеді жұмыс істелуге тиіс. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысы қаһармандарын ұлықтайтын «Батырларға тағзым» жобасы іске қосылды. Бұл порталды біз ардагерлер ұйымының көмегімен толықтырып, жандандыратын боламыз. Онымен қоса, соғысқа қатысушыларға арналған Қазақстан мен Ресей тарапы фотоальбом шығаруды қолға алуда», — дейді Аида Балаева. 

Еңбек және әлеуметтік қолдау министрі Светлана Жақыпова бүгінгі таңда ардагерлерге әлеуметтік жағынан қандай жағдай жасалғанын атап өтті.

«Ардагерлерге медициналық көмек көрсетіледі. Үй заңнамасына сәйкес Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерге бірінші кезекте тұрған үй беріледі. Сонымен қатар Жеңіс күні қарсаңында бүкіл өңірлерде әкімдіктер құттықтап, қол ұшын созады. Ірі компанияларда ардагерлерге қаржылай көмек береді», — дейді Светлана Жақыпова.

Жалпы, ардагер сөзінің түп-төркіні құрметті, ардақты, қадірлі адам деген мағынаны білдіреді. Ел қамын ойлап, намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген абыройлы адамды «халық ардагері» деп жоғары бағалайды.

Жеке адам қоғамда ерекше істерімен, ақыл-парасатымен, адамгершілік асыл қасиетімен, беделімен жұртшылыққа танылғанда ғана ардагер болады. Қазіргі кезде еңбек ардагері, соғыс ардагері деп атаймыз. Бұл — бір адамға ғана қаратып айтылған теңеу. Ал саяси аренада елге еңбегі сіңген, халық алдында беделі бар адамдарды ұйыстырып Ардагерлер кеңесін құрған билік айтулы ақсақалдардың ақыл-кеңестеріне құлақ түріп келеді. Ел ішіндегі түрлі шараларға, дау-жанжалдарға, береке-бітім жасауға осы ардагерлер тартылып жатады. Сонымен, ардагерлер дегеніміз кім? Олардың қоғамдағы рөлі, атқарып отырған жұмыстары қандай?

Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетовтің айтуынша, аудандық Ардагерлер кеңесі әкімдікпен бірлесе жұмыс істейді. Елдің мақсат-мүддесі жолында аудандық әкімдікпен тізе қосып жұмыс атқаратын ардагерлер аудан көлеміндегі жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламадан шет қалған емес.
– «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, жергілікті билік те ардагерлерді жиындардан шет қалдырмайды», – деген Қабылбек Еспенбетов қандай да бір игі бастаманы жүзеге асыру кезінде әуелі ардагерлердің сөзіне құлақ түріп, ақылдасып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып отыратынын тілге тиек етті.
– Ақсақалдар алқасына құлақ түріп, олардың ақыл-кеңестері мен көзқарастарын назарға алған жергілікті билік те ардагерлерді ардақ тұтады. Аудан көлемінде қандай да бір мәселе туындаса, көпті көрген көнекөздер жиналып, ақ-қарасын ажыратып, сабырлы да салиқалы жолмен шешуге бекемдейді. Бұл үрдіс ата-бабадан келетін салт-дәстүр. Үлкеннің батасын алу, оларға құрмет көрсету, қарты бар үйді қазыналы үй деп есептеген қарға тамырлы қазақ қариялардың өзін төрт топқа бөлген. Мәселен, халық батыры Бауыржан Момышұлы ақсақалдардың қоғамда, отбасы-ошақ қасында алатын орны қашан да ерек екенін айтады. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қартты – шал, әулетін уысында ұстап, билік жүргізген қартты – қария деп, тұтас бір ауылдың жыртығын бүтіндеп, айбынын асырып отырған қартты – ақсақал деп, елдің дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты – абыз деп атаған екен. Біз өзімізді осы бағыттағы қарттармыз деп есептейміз. Себебі жастарға жол сілтейтін, тек жастар емес, әкім қаралардың атқарып отырған ісіне баға беріп, дұрыс жеріне қолдау көрсетіп, бұрыс жерінде жөн сілтейміз. Біз – көнекөз қариялармыз. Тар жол, тайғақ кешуден өткен ұрпақтың өкіліміз. Бар мен жоқты, кешегі сұрапыл аштықты, соғысты, зобалаңды көрген көнекөздердің ақылын, өсиетін, терең мағыналы әңгімелерін тыңдап өскен баламыз. Азды-көпті қоғамға еңбегіміз сіңді, алдыңғы толқын ақсақалдардың алдын көрдік, шалыс баспадық, енді қариялар санатына қосылған соң ардагер деген атымызға лайық болсақ дейміз. Шынайы ардагерміз бе, жоқ па, жалпы осы атауға лайықтымыз ба? Оның бағасын халық берер. Аудандағы береке-бітімді ұйыстырып, сетінеген жерді бүтіндеп, отбасы – ошақ қасындағы ер мен әйелдің ара-жігін айырып отыру да ардагерлерге жүктелген. Әсіресе, шаңырақ көтерген жас отаулардың отбасы мәселесіне жеңіл-желпі қарауы, тұрмыстағы қиындықты бірлесіп көтермей, бүгін қосылып, ертең ажырасып, екі тараптың сотқа жүгініп, дүние-мүлік бөлісіп жүруі, алимент төлеуден жалтарып жүрген қашқын әкелердің бала-шағаларын тірі жетім атандырып жүрген әйелдердің мәселесіне Ардагерлер мен Аналар кеңесі атсалысып жатады. Аудандық әкімдік те ардагерлердің ерен еңбегін жоғары бағалап, оларға әрдайым қолұшын созып келеді. Аудан әкімі де ардагерлермен тығыз байланыс орнатқан. Әкімдіктің қандай да бір жиындарынан тысқары қалып көрген емеспіз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сындарлы саясатын, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда қартайдық, қажыдық деп жантайып жата берсек, бізге ешкім қой демейді. Керісінше, билік өкілдері: «Көрген-білгендеріңізді жастарға айтыңыздар, бізге де ақыл кеңестеріңіз ауадай қажет» — деп, қолқалап отырады.

Бүгінгі қоғамда ең өзекті мәселеге айналған зорлық-зомбылық, отбасылық жанжалдар, жастар арасындағы белең алған ажырасуларды тежеуде аянып жатқан жоқпыз. Мұның бәрі, айналып келгенде, тәлім-тәрбиенің ақсауы, идеологиялық бағыттың әлсіреуі, отбасылық құндылықтардың құлдырауынан болып тұр. Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алған жылдардан бастап Еуропаға еліктейміз деп естен танғанымызды кеш біліп отырмыз. Бір сөзбен айтқанда, Батыстың батпағына батып қалдық. Діннің діңгегі босады, жат ағымның жетегінде кетіп жатқан ұл мен қыздарымыз бар. Салт-дәстүрді көненің сарқыншағы санадық. Ұлдан ұят, қыздан қылық қашты. Ата-ананы сыйламайтын әңгүдік жастар көбейді. Алдау-арбау, кісі ақысын жеу, қоғамда қомағайлық үрдіс алды. Осы кеселдермен күресіп жатырмыз, – дейді Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов.

«Біз – халықтан алыстаған жоқпыз, әр ауылға барып қал-жағдайын біліп отырамыз және сол жақтың ақсақалдар алқасымен жақсы қарым-қатынастамыз. Көтеріп отырған мәселемізді тиісті органдарға жіберіп, оның орындалғанын бақылауға алып, өзімізше шешім қабылдап отырамыз, – деген ол «Жас адам қызметке, қарт адам кеңеске» дегендей, кеңесіп тон пішетіндерін де тілге тиек етті.

«Көп қарттың ішінде бір бала дана болар, көп баланың ішінде бір қарт бала болар», «Қартайған адам нашар көрсе де, көпті көреді» деген аталы сөз бар. Ендеше, көптің сөзін сөйлеп, ақ пен қараны айыра білгенге не жетсін?!.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin