Түркістан облысы: Созақ ауданына ҚР Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Қадырбек жұмыс сапарымен келді

Бүгін ауданға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі Мұрат Қадырбек жұмыс сапарымен келді. Аудан әкімдігінің мәжіліс залында бірқатар қоғамдық ұйым мүшелері және аудандық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиынды аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев ашып, жүргізіп отырды.

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Мұрат Болатұлы заңға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар жайында сөз етті. Азаматтық қорғауды жетілдіру және экономиканың өңдеуші секторын дамыту мәселелеріне арналған парламенттік тыңдауларға тоқталды. Бұдан бөлек, тұрақты комитеттер өткізген 4 «Үкімет сағаты», 50-ге жуық көшпелі отырыс пен 100-ден аса «дөңгелек үстел» мен кездесулер өткізілгенін тілге тиек етті.

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және аудандық мәслихат депутаттары тарапынан бірқатар сұрақтар мен ұсыныстар айтылды.

Сенатор көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескеріп, еркін тақырыпта пікір алмасты. Алдағы Парламент сессиясының күн тәртібіне енгізіп, мәселенің шешілуіне оң ықпал жасайтындығын жеткізді.

Еске салайық, Қадырбек Мұрат Болатұлы 1980 жылы 3 тамызда Оңтүстік Қазақстан облысы Шардара ауданы Шардара қаласында дүниеге келген.

1998 жылы Шардара орта мектебін үздік тәмамдап, 2002 жылы — Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін заңгер мамандығы бойынша аяқтаған. 2005-2007 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқып, құқықтану магистрі дәрежесін алған.

Алғаш еңбек жолын 19.08.2002-02.04.2003 жылдары Қарағанды облысы Қазыбек би ауданы прокуратурасының сот қаулылары мен атқару өндірістерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлімінде прокурордың міндетін атқарушы болып бастаған.

02.04.2003-07.04.2004 жылдары Қарағанды облысы Қазыбек би ауданы прокуратурасының сот қаулылары мен атқару өндірістерінің заңдылығын қадағалау жөніндегі бөлімінде прокуроры.

01.09.2005-20.07.2007 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясында оқыған.

20.07.2007-05.11.2007 жылдары Қарағанды қаласында Қарағанды облыстық прокуратурасы органдарында қызметкері.

30.12.2007-10.09.2008 жылдары Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында № 2 соттың судьясы.

10.09.2008-26.06.2009 жылдары Астана қаласында, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің бюджеттік жоспарлау, қаржы-экономикалық қамтамасыз ету және мемлекет активтерін басқару департаментінде директорының орынбасары.

26.06.2009-19.01.2010 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Экономика және қаржы департаментінде директорының орынбасары.

19.01.2010-05.04.2010 жылдары Астана қаласында, Қазақстан Республикасы Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің Қоршаған ортаны қорғауды реттеудің экономикалық құралдары департаменті директорының орынбасары.

05.04.2010-15.08.2011 жылдары Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы әкімінің орынбасары.

15.08.2011-02.04.2012 жылдары Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігі мемлекеттік қызметті кадрлық қамтамасыз ету департаментінде директорының орынбасары.

02.04.2012-02.05.2013 жылдары Алматы облысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің басқарма басшысының орынбасары.

02.05.2013-23.07.2013 жылдары Алматы облысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің департаменті басшысының орынбасары.

23.07.2013-26.11.2014 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің департаментінде басшы — Тәртіптік кеңес төрағасы.

26.11.2014-14.01.2016 жылдары Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлық істері департаменті басшысының орынбасары.

14.01.2016-05.09.2016 жылдары ҚР Мемлекеттік қызмет істері Министрлігінің Маңғыстау облыстық басқармасы департаментінің басшысы — Әдеп кеңесінің төрағасы.

06.09.2016-12.07.2018 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы Арыс қаласының әкімі.

12.07.2018-02.04.2021 жылдары Түркістан облысы Арыс қаласының әкімі.

02.04.2021 жылдан 14.01.2023 жылға дейін Түркістан облысы Жетісай ауданының әкімі лауазымын атқарды.

Орталық сайлау комиссиясының 25.01.2023 №25/693 қаулысымен Түркістан облысынан ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып сайланды.

Қадырбек Мұрат Болатұлы мемлекеттік қызмет саласында сіңірген  еңбектері үшін 2016 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», 2019 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2020 жылы «Қазақстан Республикасының Конституциясына 25 жыл», 2021 жылы «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл» мемлекеттік және мерекелік медальдармен марапатталған.

Отбасылы: 1 ұл, 3 қыз тәрбиелеп отыр.

Жиыннан соң аудан орталығынан «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан 900 орындық Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы орта мектебінің құрылысын аралады. Мердігер мекеменің өкілдері жұмыс қарқыны өндірістік кестенің алдында екенін айтып, жұмыс барысымен таныстырды.

Мектеп демекші, Созақ ауданындағы 38 балабақшада (17 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) 4 171 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2 480 бала, жекеменшік балабақшаларда — 1 691 бала).

Қазіргі таңда 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98%-ды құраса, 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ды құрап отыр.

2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында 1-ші сынып табалдырығын 1 452 бала  аттамақ.

Еліміздің ең үздік білім беру мекемелерінің бірегейі “I-Qanat” мектебінде 4 оқушы білім грантын иеленіп, өз білімдерін жалғастыруда.

Өткен оқу жылында біздің облыс шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізді.         

Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында 14 оқушы — І орынды, 15 оқушы — ІІ орынды және 15 оқушы ІІІ орынды жеңіп алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», — деп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығын атап өткен болатын. Осы орайда ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 900 орындық құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің 200 орындық жаңа ғимарат құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

2024-2025 жаңа оқу жылында жалпы 6 902 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1- 4-ші сынып оқушылары — 5 849 бала.

Мектептерге бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.

Мемлекеттік 35 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицей, «Созақ» мектеп-гимназия және Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп қамтамасыз етілді.

700 оқушысы бар 8 мектепке (Алтынсарин, Әлімқұлов, Төреқұлов, Кеңесбаев, Созақ, Науайы, Бөкенов, Сүлейменов)  турникет орнатылды.

Жалпы, жаңа 2024-2025 оқу жылында Қазақстанда 3,9 миллионнан астам оқушы мектепке барады, оның 352 мыңы – бірінші сынып оқушылары.

Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша, күрделі жөндеуден өткен 178 мектеп 1 қыркүйекте ашылмақ. Жаңғырту жұмыстары жүргізілген 1 мыңға жуық ауылдық орта білім беру мекемесі де өз жұмысын бастайды. Өңірлерде оқытылатын пәніне сәйкес бейінді құрал-жабдықтармен 1 мың кабинетті жарақтандыру жоспарланғанымен 1,5 мыңнан астам пәндік кабинет жаңартылды.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда «STARLINK» спутниктік интернеті 1 757 мектепте орнатылған, соның арқасында қосылу жылдамдығы үш есеге артты. 122 мектепте интернет қосу жұмыстары аяқталуда. Бұл ретте барлық оқулықты цифрландыру жұмыстары аяқталды, 11 платформада электронды нұсқалар оқушыларға қолжетімді. Оқушының оқу траекториясын анықтау үшін бірінші сынып мұғалімдері Ұлттық білім беру дерекқоры арқылы бала дағдыларының деңгейін көрсететін Жеке даму картасын алады. Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына жасанды интеллект элементтерін енгізу мәселесі пысықталуда.

Оқушыларды әлеуметтік қолдауға ерекше көңіл бөлінеді. Алдағы оқу жылында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 1,7 миллион оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады, бұл өткен жылмен салыстырғанда 300 мың балаға артық. Әлеуметтік жағынан осал отбасылардан шыққан 510 мыңнан астам оқушы оқу құралдарын сатып алуға көмек алды.

2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды тәрбиемен және оқытумен қамтуды арттыру үшін өңірлерде 31 мың жаңа орын ашылды. Мектепке дейінгі ұйымдарға бармайтын балалардың ата-аналары үшін 3,5 мыңнан астам консультациялық орталықтар ұйымдастырылды. Ата-аналарға бала күтімі мен оларды дамыту бойынша консультациялық көмек көрсету үшін «Беске дейін үлгер» мобилді қосымшасы іске қосылады.

Елімізде арнайы білім беру ұйымдарының желісі жыл сайын кеңейіп келеді. Инклюзивті мектептердің үлесі 88%-ға, ал балаларды арнайы қолдаумен қамту деңгейі 80%-ға дейін өсті. Биыл пилоттық режимде психологиялық-педагогикалық қолдаудың үш деңгейлі моделі енгізілуде, ерекше қажеттіліктері бар балалармен жұмыс істеуге арналған қолдау кабинеттері мен жеке бағдарламаларға жаңа талаптар әзірленді.

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында Президенттің тапсырмасы бойынша биыл мемлекеттік тапсырыс 145 мың орынға дейін ұлғайтылды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 мыңға артық. Бұл ретте еліміз бойынша барлығы 772 ұйым оқушылар үшін ашық. 1 қыркүйектен бастап 300 мыңнан астам колледж студенттерінің шәкіртақысы 50%-ға артады, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап колледждер базасында 26 шағын кәсіпорын өз өнімдерін өткізеді. Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту шеңберінде Францияда өтетін «WorldSkills-2024» чемпионатында қазақстандық 32 студент ел намысын қорғайды.

Білім сапасын арттыру министрліктің және жалпы мемлекеттің басты міндеті болып қала беретінін айта кеткен жөн. Осылайша, алғаш рет «білім сапасы» ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, Ұлттық бағалау жүйесінің жаңа моделі жасалды. Бүгінгі таңда нысаналы мектептермен өзара байланыс бойынша нақты шаралар қабылданып, мұғалімдер мен әдіскерлерге мақсатты оқыту жүргізілуде. Жаңа оқу жылынан бастап «Цифрлы мұғалім» жобасы аясында аз қамтылған отбасынан шыққан оқушылармен жұмыс күшейтілмек. «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасы аясында тағы 1000 мұғалім оқытылады, ал өткен жылғы 134 түлек мектептердегі басшылық құрамға қосылды.

Мемлекеттің басым міндеті – бала қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың құқықтарын қорғау. Биыл қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектебінде «Қауіпсіздік сабақтары» енгізіліп, Психологиялық қолдау орталықтары өз жұмысын бастады. Қорғаншылық және қамқоршылық органдарының штаты 64%-ға өсті, сондай-ақ бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдер мәртебесі бекітілді. Өңірлерде зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларға көмектесу үшін арнайы бағдарлама жүзеге асырылады, пилоттық форматта «KiVa» және «DOSBALLIKE» бағдарламаларын іске қосу жоспарланып отыр. Мектептерде өрт және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, дабыл түймесі, бейнебақылау жүйелері, турникеттер мен лицензияланған күзеттің міндетті болуы жөніндегі қауіпсіздік талаптары күшейтілді. Білім беру ұйымдары тиісті жүйелерімен барынша жабдықталған.

Білім берудің құрамдас бөлігі – тәрбие жұмысы. Бұл мәселеде мектеп шешуші рөлдердің бірін атқарады. 2023 жылдың қыркүйегінен бері оқушылар үшін «Біртұтас тәрбие» білім беру бағдарламасы енгізілді, ол жаңа оқу жылында Мемлекет басшысының III «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» ұлттық құрылтайында айтылған жалпыұлттық құндылықтарға сәйкес жаңартылған нұсқада іске қосылады. Әділдік – ұстаным, жауапкершілік – негіз, ілгерілеу – мақсат компоненттері адамгершілігі жоғары, адал әрі табысты болашақ ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған.

Қазақстанда 33 шетелдік жоғары оқу орнының филиалдары ашылуда, олардың жетеуі 2024 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастайды, бұл республиканың әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялануға деген ұмтылысын көрсетеді. «QS World University Rankings» сияқты университеттердің халықаралық рейтингіне 21 қазақстандық жоғары оқу орыны, ал «Times Higher Education» рейтингіне 29 ЖОО қатысты, оның ішінде 4 жоғары позицияға ие болды. Білім беру саласындағы өсіп келе жатқан халықаралық ынтымақтастық 245-ке жуық бірлескен оқыту және қос дипломды бағдарламаларды іске асырумен расталады. Сонымен қатар жыл сайын 200 ғалымды тартуға қаражат бөлініп, ғылыми-зерттеу қызметін дамытуға септігін тигізуде.

Дүниежүзілік банктің «Орта білім беруді жаңғырту» жобасы шеңберінде қазақстандық 17 жоғары оқу орнының, Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің және Финляндияның 2 университетінің қатысуымен педагогикалық білім беру моделі және 30 жаңа инновациялық бағдарлама әзірленіп, тиісті тізілімге енгізілді. 2023 жылы аталған білім беру бағдарламалары пилоттық режимде жүзеге асырылды, ал 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап 49 ЖОО-да толық көлемде кеңейту жоспарланып отыр.

Бүгінгі таңда еліміздің 25 жоғары оқу орны заманауи білім беру ортасының талаптарына сәйкес келетін физика, химия және биологияны оқыту әдістемесі бойынша пәндік кабинеттермен, сондай-ақ 14 жоғары оқу орны инклюзивті білім беру кабинеттерімен жабдықталған. Көру қабілеті бұзылған студенттерге қолдау көрсету үшін алғаш рет жазбаша тапсырмаларды, презентацияларды және жоба жұмыстарын орындауға мүмкіндік беретін Брайль принтерлері сатып алынды.

Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ғылыми кадрларды даярлау үшін қосымша 100 грант бөлінді, сондай-ақ индустриялық PhD бағдарламасы алғаш рет енгізілуде. Бұл формат индустриямен бірлесіп экономиканың нақты секторындағы инженерлік-технологиялық міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін мамандар даярлауды көздейді.

Білім беруді жаңғырту мақсатында Цифрлық университеттер моделі әзірленіп, Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ және және Д. Серікбаев атындағы ШҚТУ базасында пилоттық режимде енгізілетін болады. «Coursera», «Huawei» және «Binance Kazakhstan» сияқты ірі халықаралық компаниялармен ынтымақтастық шеңберінде өзара түсіністік туралы меморандумдар жасалды. Бұл 35 жоғары оқу орны базасында «Huawei ICT» академиясын құруға мүмкіндік берді, онда «Binance Kazakhstan» қолдауымен 22 университеттің 350-ге жуық оқытушысы блокчейн технологиялары бойынша оқытылды.

Сонымен қатар 102-ге жуық «Coursera» курсы қазақ және орыс тілдеріне аударылып, 2024 жылға дейін 93 жоғары оқу орнының қазақстандық студенттеріне 40 мың лицензия бөлінген. Студенттер әлемнің жетекші университеттерінің 20 мыңнан астам онлайн курстары мен 4200 жасанды интеллект курстарына қол жеткізді. Студенттерді «OpenSearch» сияқты IT жобаларына тарту және салалық тәжірибе алу үшін Ғылым және жоғары білім министрлігі мен «Amazon» арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды.

2024 жылы 15 отандық ЖОО «Generative AI» бағдарламасы аясында 12 мың студентке арналған жасанды интеллект бойынша «Google» курстарын іске қосуда. Екі жоғары оқу орны – Абай атындағы ҚазҰПУ және Жұбанов атындағы АӨУ «Google for Education» пилоттық жобасына қатысады.

Кадрлық ресурстарды стратегиялық қамтамасыз ету мақсатында еңбек нарығында сұранысқа ие мамандарды даярлау үшін университеттердің, әкімдіктердің және бизнес құрылымдарының күш-жігерін біріктіретін «Мамандығым – болашағым» жобасы іске қосылды. Сондай-ақ студенттердің қоғамдық өмірге және волонтерлік іс-шараларға қатысу дәрежесін ескеретін интеграцияланған әлеуметтік орташа балл (GPA) енгізілді.

Ғылым және жоғары білім министрлігі студенттік жатақханалардағы орын тапшылығын қысқарту бойынша жұмыс жүргізіп келеді. Жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес жыл сайын 10 мыңға жуық орын енгізу жоспарлануда. Соңғы 5 жылда студенттерді 50 мыңнан астам жаңа төсек-орынмен қамтамасыз ететін 211 жатақхана салынды. 2024 жылы қосымша 10 576 орынды пайдалануға беру арқылы 27 жатақхананың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Биылғы тамыз айына дейін 4650 орындық 17 жатақхана пайдалануға берілді.

Сондай-ақ министрлік жер телімдері тапшы Астана мен Алматы қалаларындағы мемлекеттік жоғары оқу орындарына мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту туралы бұйрық жобасын әзірледі. Аталған бастама аясында ғимараттарды жатақханаға айналдыру мақсатында реконструкциялау кезінде қаржыландыру жылына бір төсек орынға 92 АЕК-тен 182 АЕК-ке дейін ұлғайтылады, бұл осы мегаполистердегі студенттердің өмір сүру жағдайын жақсартады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin