Бұл жөнінде Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округі тұрғындарымен кездесіп, ел алдында есеп беру жиынында айтты. Жиын барысында аудан көлімінде атқарылар ауқымды жобаларға тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
— Аудан көлемінде қолға алынған ауқымды жобаларымыз бастау алып, тиісті жұмыстар жалғасуда. Аудандағы атқарылу керек шаралар маған етене таныс. Алға қойған нақты жоспарымыз бар. Ағымдағы жылы көп жылдан елеусіз қалған шағын елді мекендерге баса көңіл бөлудеміз. Орталық көшелері жарықшамдармен қамтылып, асфальт жабындысы төселуде. Бұдан бөлек, тау бөктеріндегі ауыз су бармаған бірқатар елді мекендерге ауыз су тарту мәселесі қолға алынды. Бүгінде мердігер мекеме анықталды. Жақын күнде құрылыс жұмыстары басталады. Осы секілді Жартытөбе ауылдық округінде де сіздердің сұраныстарыңызға орай көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Жартытөбе ауылында 2 шақырымды құрайтын 2 көшесіне асфальт жабындысы төселді. Бұл бағыттағы жұмыстар Аққолтық елді мекенінде жалғасуда. Орталық 5 көшесінде жүріп жатқан асфальт төсеу жұмыстары жақын күндері аяқталып, ауылдық округ 100 пайыз асфальтпен толықтай қамтылатын болады. Сондай-ақ осы жылы Бабата елді мекенінде Б.Есжанов көшесі мен Жартытөбе ауылының Иманқұлұлы көшесіне аяқ жолмен қоса көше жарықтандыру жұмыстары жүргізіліп, халық игілігі үшін іске қосылды. Бабата елді мекенінде «Беккери» шұңқырының құрылысы аяқталды. Жартытөбе елді мекенінің кіші футбол алаңының газоны ауыстырылып, қоршауы 1,5 метр биіктікке көтерілді. Біз мұнымен шектелмейміз. Бұл жұмыстар алдағы жылы басқа да округтерде жалғасатын болады, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Есептік жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев және бөлім, мекеме басшылары мен бірқатар сала мамандары қатысты.
Жиында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын жолдап, алдағы уақытқа бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Көтерілген сауалдардың маңыздылығы ескеріліп, қосымша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ тұрғындарды жеке мәселелері бойынша да қабылдады. Жауапты мамандармен айтылған мәселенің шешу жолдарын жан жақты саралап, тиісті тапсырмалар жүктеді.
Жиын соңында тұрғындар атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын беріп, ауыл қариялары ақ батасын арнады.
Сонымен қатар Жартытөбе ауылдық округіне сапары барысында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылындағы «Астана» саябағында жастармен де жүздесті. Ауылдық округ жастары арасында кіші футболдан ұйымдастырылған жарыстың ашылуында сөз сөйледі. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткен ауыл жастарына деген ізгі тілегін арнады. Сондай-ақ аудан көлемінде спорт саласы бойынша қолға алынған ауқымды жобаларға тоқталып, жарысқа қатысушы командаларға сәттілік тіледі.
Сонымен қатар, ауыл ақсақалдарымен бірлесе саябақ ішіне шырша көшеттерін отырғызып, туған жерді жасыл желекке айналдыру осындай пайдалы жұмыстан басталатынын айтып өтті.
Айта кетейік, жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту, жастардың бос уақыттары мен спорт алаңшаларын тиімді пайдалану арқылы достық қарым-қатынасты нығайту мақсатында ұйымдастырылған спорттық жарыста Жартытөбе ауылдық округінен құралған 8 команда өзара сайысқа түсті. Жарыста жеңіске жеткен командаларға арнайы диплом, кубок, медаль мен сый-сияпаттар табысталды.
Еске салайық, аталмыш ауылдық округтің құрамына Жартытөбе, Аққолтық, Бабата ауылдары кіреді. Орталығы – Жартытөбе ауылы. Округ құрамында болған Таскөмірсай ауылы 2015 жылы таратылған.
2009 жылғы санақ қорытындысы бойынша округтегі халық саны 3305 адамды құрады. Соңғы деректерге сүйенсек, қазір 3889 адам мекендейді.
2 орта мектеп, 1 емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік тірек, 1 балабақшасы, 2 ауылдық клуб, 2 кітапхана, 1 «Қазпошта» бөлімшесі, байланыс бөлімшесі, телестанция бар.
Кеңес дәуірінде “1-Май” ауылдық кеңесі төрағасы болып Бейсен Тайлақбаев қызмет атқарды. Ауылдық кеңес төрағалары болып Баймұса Есжанов (1962-1975 жылдары), Рабиха Жақсыбаева (1975-1976 жылдары), Сағынтай Байділдаев (1976-1980 жылдары), Бибі Төлебаева (1980-1985 жылдары), Сержан Алтеков (1985-1992 жылдары) қызмет атқарды. Ал әкімдік институт құрылғанда 1992 жылы алғаш ауыл әкімі болып Сержан Алтеков тағайындалды.
“1-Май” ауылдық кеңесіне қарасты колхоздар және олардың төрағалары туралы мынадай деректер бар. Үштөбе атындағы колхозда Тұран Тоғызбаев (1947-1948 жылдары), Жұмабек Мықтыбаев (1948-1950 жылдары), Асқар Рақышов (1950-1952 жылдары) төраға болды. “1-Май” атындағы колхозда Алтек Иманқұлов (1942-1944 жылдары), Жайық Оқшиев (1945-1952 жылдарға дейін) төраға болды. Сталин атындағы колхозда Темірәлі Сауқауов (1948-1952 жылдары) басшылық жасады. “Жаңатілек” колхозында Серікбай Ақбергенов (1943-1948 жылдары), Аштархан Жанкеев (1949-1952 жылдары) төраға болды. 1952 жылы колхоздар біріктіріліп, іріленді және Сталин атындағы колхоз болып аталды. Оның төрағалары болып Асқар Рахышов (1952-1954 жылдары), Бұзау Айқожаев (1954-1956 жылдары), Ысқақ Есенсариев (1953-1957 жылдары) қызмет атқарды. 1957-1962 жылдары аралығында Сталин атындағы колхоз Калинин атындағы совхозының құрамында болған.
1962 жылы Жартытөбе кеңшары құрылғанда директорлары болып Слабек Малдыбеков (1962-1967 жылдары), Исабек Мырзахметов (1967-1978 жылдары), Өмірбай Исаев (1978-1987 жылдары), Әбіл Жүсіпов (1987-1989 жылдары), Сағынтай Мұсабеков (1989-1991 жылдары), Қабылбек Еспенбетов (1991-1994 жылдары) қызмет атқарған.
Округтің жалпы жер көлемі 310623 гектарды құрайды.
Оның ішінде:
ауыл шаруашылығы жері- 277181 гектар;
жалпы егістік — 4521 гектар;
суармалы егістік — 355 гектар;
тәліми егістік — 4166 гектар;
көп жылдық екпелер — 39 гектар;
жайылымдық егістік — 271616 гектар;
шабындық жер — 1005 гектар.
Елді мекен бойынша ауыл шаруашылығы жануарлары мал басының саны туралы деректерді төменде ұсынып отырмыз:
№ | Елді мекендер | Түйе | Жылқы | Ірі қара мал | Уақ мал | Құс |
1 | Жартытөбе | 69 | 698 | 1691 | 9981 | 855 |
2 | Аққолтық | — | 461 | 789 | 9691 | 701 |
3 | Бабаата | 31 | 355 | 515 | 9596 | 623 |
Барлығы: | 100 | 1514 | 2995 | 29268 | 2179
|
Ветеринариялық-санитариялық объектілер туралы мәлімет:
№ | Елді мекендер | Мал дәрігерлік пунктері | Мал тоғыту орындары | Жасанды қашырым пунктері | Биотермиялық шұңқырлар |
1 | Жартытөбе | 1 | 1 | — | 1 |
2 | Аққолтық | — | — | 1 | — |
3 | Бабаата | — | 1 | 1 | — |
Барлығы: | 1 | 2 | 2 | 1
|
Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың және айдаудың маусымдық маршруттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік графигі. Сонымен қатар жайылымның кезеңінің ұзақтығы төмендегіше:
№ | Таулы аймаққа малдардың айдап шығарылу мерзімі | Таулы аймақтан шығарылған малдардың қайтарылу мерзімі | Ескерту |
1 | сәуір-мамыр | тамыз-қыркүйек |
|
Ауыл шаруашылығы жануарларының мал басына шаққандағы жайылымның қажеттілігі туралы кестесі мынадай:
№ | Елді мекендер | Елді мекендердегі жалпы жайылымның жер көлемі, гектар | Мал басы мен қажетті жайылымдық жер көлемі, гектар | |||
Жылқы, түйе | Гектар нормасы | Қажетті жайылым, гектар | Ірі қара мал | |||
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |
1 | Жартытөбе | — | 767 | 9 | 6903 | 1691 |
2 | Аққолтық | — | 461 | 9 | 4149 | 789 |
3 | Бабаата | — | 386 | 9 | 3474 | 515 |
Барлығы: | 271616 | 1614 | 9 | 14526 | 2995 | |
Гектар нормасы | Қажетті жайылым, гектар | Уақ мал | Гектар нормасы | Қажетті жайылым, гектар | Жалпы қажет жайылым жер көлемі, гектар | Елді мекендердің жалпы жайылым мен қажетті жайылымның айырмасы,(-,+) |
8 | 9 | 10 | 11 | 12 | 13 | 14 |
8 | 13528 | 9981 | 2 | 19962 | — | — |
8 | 6312 | 9691 | 2 | 19382 | — | — |
8 | 4120 | 9596 | 2 | 19192 | — | — |
8 | 23960 | 29268 | 2 | 58536 | 97022 | +174594
|
«ANYQ.KZ»-ақпарат.