Түркістан облысы: Созақ ауданындағы жартытөбелік тұрғын «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін ашып, табысын арттырып отыр

Ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында өз кәсібін ашқан азаматтардың саны күн санап артып келеді. Ауыл халқының табысын арттыруға бағытталған жобаны ұтымды пайдаланған Жартытөбе ауылының тұрғыны Құрманбек Майусов 5 миллион теңгені құрйтын 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие алып, бүгінде аса сұранысқа ие, үй сыртын қаптайтын термопанель өндірісін жолға қойған. Қазіргі уақытта алғашқы тапсырыстарын бастап үлгерген кәсіпкер 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Жартытөбе ауылына арнайы баған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков жеке кәсіп иесімен кездесіп, пікір алмасты.

Кәсіпкердің айтуынша, «Ауыл аманаты» жобасы басталған сәтте жобаға қатысып, өз кәсібін ашуды ұйғарыпты. «Несиеге қол жеткізіп, термопанель өндірісін кәсіби маман ретінде бастадым. Термопанель өнімі, біріншіден, үйдің ішіндегі жылуды сақтауды қамтамасыз етсе, екіншіден, үйдің сыртына керемет көрік береді және қаржылық жағынан да үнемді болады. Ауылым аудан орталығының іргесінде орналасқандықтан, сұраныстың басым көпшілігі жергілікті тұрғындар тарапынан түсуде. Халықтың арқасында табыс тауып отырған соң, барынша сұранысқа сай үлгеріп, сапасына мән беру арқылы көптің көңілінен шығуға тырысамын», — дейді Құрманбек Майусов.

Кәсіпкердің жұмысымен егжей-тегжейлі танысқан аудан басшысы жаңа бастамасына жеміс тіледі.

Естеріңізде болса, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан-ды. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы деректерге үңілсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысып отыр.

Негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге).

Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион)

Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар).

Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар).

30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды.

Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар).

4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды.

8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма).

Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен еліміздегі барлық өңірлердегі ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған болатын. Қызылкөл ауылының тұрғыны Бақытхан Ердешұлы да жоба көмегімен тігін шеберханасын ашқан. Ол 7 300 000 теңге көлемінде несие алып, тігін цехын ашқан. Бүгінде цех ауылда ғана емес, аудан көлемінде тапсырыс қабылдап келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды да көздеп отыр.
Бұдан бөлек, Жартытөбе елді мекенінің тұрғыны Жамал Балакүл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 млн. теңге несие алып, жаңа жылыжайды іске қосуда. Үйіргелік диқандықты қолға алған кәсіп иесі қазіргі таңда 1 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп, жылына екі рет өнім алуды жоспарлап отыр.

Қазіргі таңда облыс көлемінде балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылар саны да артып келеді. Осындай кәсіпкерлер қатарында Шолаққорған елді мекенінің тұрғыны Ержан Асқаров та бар. Ол бағдарлама аясында 8 500 000 теңге несие алып, аудандағы балық шаруашылығын дамытуда. Қазіргі уақытта оның шаруашылығында 10 мыңнан астам сазан балығы өсіріледі.

Сонымен қатар, Шолаққорған ауылының тағы бір тұрғыны Әлішер Отаров жастарға арналған 2,5 пайыздық несие алып, өз кәсібін дамытып келеді. Кәсіпкер мемлекеттен алған қаржыға «DAMIR & AIA» атты балаларға арналған гидромассаж орталығын ашқан. Гидромассаж – балалардың қан айналымын жақсартуға, тері түсін және бұлшықет тонусын жақсартуға көмектеседі.

Иә, «Ауыл аманаты» жобасы «Қазақстан Республикасының ауылды дамыту жөнінде 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында іске қосылған. Тиісті бұйрыққа мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қарашада қол қойды.

Бағдарлама бойынша 2029 жылға дейін ауылдарда 350 мың жаңа жұмыс орнын ашып, 1 миллион ауыл тұрғынын жұмыспен қамту жоспарланған-ды. Сол мақсатта мемлекеттік бюджеттен бір триллион теңге көлемінде қомақты қаражат бөлінді.

Мамандар бұл бағдарламаны ауылды дамытудың жаңа драйвері деп атап жүр. Ресми статистика бойынша ауылдарда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41 пайызы. Қазір ауыл жəне қала тұрғындары табысының айырмашылығы 38 пайыз болып отыр. Бұл — өте үлкен парық. Сол үшін ауыл жұртының табысын қала халқымен теңестіру мақсатында жұмыстар атқарудың маңызды зор.

«Ауыл аманаты» жобасы ауылдарды дамытуға серпін беруге тиіс. Өйткені жобаға қатысу үшін қойылатын талаптар жеңіл, бюрократиялық кедергілер көп емес. Оның үстіне берілген несиенің жылдық сыйақы мөлшері 2,5 пайыздан аспайды. Шағын несие мерзімі 5 жылға дейін, ал мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін беріледі. Бұл бағдарлама аясында ауылдық елді мекендер мен шағын қала тұрғындары ең көп болғанда 2,5 мың АЕК (8,6 миллион теңге) ала алады. Ал шағын жəне орта шаруа (фермерлік) қожалықтары немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері 8 мың АЕК-ке (27,6 миллион теңге) дейін несие рəсімдей алады.

ҚР Парламенті мəжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов 2,5 пайыздық мөлшерлемемен қазірге дейін 80 миллиард теңге көлемінде 12,7 мың шағын несие берілгенін айтты. «Ауыл аманаты» – Президенттің сайлауалды бағдарламасына енгізілген бірегей жоба. Онда ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартудың нақты əрі түсінікті тетіктері қарастырылған. Ең бастысы, қаражаты толық шешілген. Бір жылдың ішінде жобаның тиімділігін көріп отырмыз. Барлық мемлекеттік органдар мен əкімдіктер, біз депутаттар «Ауыл аманаты» жобасын сапалы жүзеге асыруға тиіспіз» — деді Мəжіліс спикері.

Бірақ жақсы бағдарлама жасау бір бөлек, оны жақсы жүзеге асыру бір бөлек əңгіме. «Ауыл жұрты бұл жобадан хабардар ма, олар бағдарлама арқылы жеңілдетілген несие алып, жұмыс бастап жатыр ма?» деген сұрақ туындайды. Бізге жеткен ақпарат бойынша мемлекеттік органдар бағдарламаны халыққа түсіндіру бағытында қолдан келгенше жұмыс істеп жатыр. Арнайы құрылған мобильді топ өңірлерді аралап, елді мекен тұрғындарына «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен таныстырып жүр. Олар ең шалғай деген ауылдарды да ескерусіз қалдырған жоқ.

Түсіндіру жұмысы өз нəтижесін бергенін көзіміз көріп, құлағымыз ести бастады. Оның жарқын мысалдарын жоғарыда Созақ ауданы бойынша келтірдік. Алыс ауылдардағы азаматтар да «Ауыл аманаты» жобасы аясында кəсіп ашып жатыр. Кəсіпкерлер жобаға қатысу үшін қажетті құжаттарды жинау жəне оны ұтып алу еш қиындық тудырмағанын айтады. Олар мемлекеттік бағдарламаға қатысу үшін таныс-тамыр керек деген қауесетті жоққа шығарды.

«Бағдарлама талабы қиын емес. Жеке куəлік, үй құжаты сияқты күнделікті «қағаздарыңыз» дайын болса болды, ешқандай қиындығы жоқ. Мысалы, біз сұраған құжаттарды 2-3 минутта дайындап өткіздік. Жеке кəсіпкерлік болса, тіпті жақсы екен, біз де ол да бар болатын. Құжат өткізген соң комиссия келіп тексерді, үш ай ішінде 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие алдық.

Менің ойымша, өте тиімді бағдарлама екен. Шарттары да жеңіл. Кепілге қоятын үй жəне өндіріске қажетті қойма керек екен. Бізде жеке үй бар, ауладағы шағын тұрғын үйді қойма ретінде көрсеттік. Тамыр-таныс деген мүлде болған жоқ. Ауылда жиналыс болды, сол кезде барып тіркелдік. Кейін өздері хабарласып, кəсіп ашатын тұрғындар керек екенін айтып шақырды. Сол кезде барып, жобамызды көрсетіп, қорғадық. Сондай-ақ алған несиені қайтаруға 5 жыл уақыт берді. Алғашқы 1,5 жыл қарызды қайтармауға болады. Бірақ біз 6 ай ғана демалыс сұрадық, 6 айдан кейін несиені өтей бастаймыз», – дейді созақтық кəсіпкерлердің бірі.

Жергілікті кәсіпкерлердің барлығы тəуекел етіп, қолға алған жұмысы жүйеге түсе бастағанын айтып отыр. Сəтін салса, алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруға ниетті.

«Ауыл аманаты» жобасы тиімділігін көрсетіп жатқанын айттық. Бірақ кішігірім кемшілігі де жоқ емес. Бұл туралы Мəжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты.

«2,5 пайызбен несие алып, кəсіп ашқысы келетіндер көп. Бірақ бұл жерде проблема шаш-етектен. Мысалы, Алматы облысына биыл 17,6 миллиард теңге бөлініп отыр, бірақ бұл ақшаны беруді күзге дейін созамыз. Бөлінген ақша күзге дейін есепшотта жатады. Өйткені құжат жинап, өтінішті қарайтын маман өте аз. Қазір бар мамандар жұмысты тез істеуге үлгермейді. Ал екінші мəселе, жеке кəсіпкерге ең көп болғанда 8,6 миллион теңге беріледі. Бұл сомаға су жаңа техника алу мүмкін емес. Шаруа ескі техника алайын десе, жоба талабы бойынша 2015 жылдан бұрын шыққан өнімді алуға болмайды. Бұл да азаматтарға кедергі болып отыр. Сондай-ақ мал сатып алғысы келетін Алматы облысындағы ауыл тұрғындарына бірқатар талап қойылған. Малды «Dinara-Ranch», «Адал» сияқты шаруа қожалықтарынан алуды талап етіп отыр. Бірақ бұл шаруа қожалықтарында малдың бағасы қымбат. Мысалы, жұрт «Dinara-Ranchтан» бір сиыр алғанша, базардан екі сиыр алғысы келеді. Сол үшін халықта еркіндік болу керек, ақша бердік екен деп мұндай шектеу қойып тастаған дұрыс емес. Халықта таңдау болуы қажет», – дейді депутат.

Бұдан бөлек аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Жартытөбе ауылдық округінде болып, белгілінген кестеге сай тұрғындармен кездесті. Онда алдымен ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылар жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ауылдық округтегі бірқатар мәселелерді де қамтып өтті.

— Сіздердің алдарыңызға келіп, кездесудегі мақсатымыз — өзекті мәселелердің шешу жолдарын бірге талқылау. Бұған дейін айтылған ұсыныстарыңыз бойынша тиісті жұмыстар атқарылды. Ауылдық округ 100 пайыз асфальт жолмен қамтылып, Жартытөбе ауылдық округі үшін табысты жыл болды. Ағымдағы жылға да көше жарықшамдарын орнату сынды бірқатар жұмыстар атқарылады. Қосымша ұсыныстарыңыз болса тыңдап, нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргіземіз, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Жиында бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешу үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Жартытөбе ауылдық округі – Түркістан облысы Созақ ауданындағы әкімшілік бірлік. Құрамына Аққолтық, Бабата, Жартытөбе ауылдары кіреді. Орталығы – Жартытөбе ауылы. Округ құрамында болған Таскөмірсай ауылы 2015 жылы таратылған. 2 орта мектеп, 1 емхана, 2 фельдшерлік-акушерлік тірек, 1 балабақшасы, 2 ауылдық клуб, 2 кітапхана, 1 «Қазпошта» бөлімшесі, байланыс бөлімшесі, телестанция бар.

Өткен күндерге шегініс жасасақ, “1 Май” ауылдық кеңесі төрағасы болып Бейсен Тайлақбаев қызмет атқарды. Ауылдық кеңес төрағалары болып Баймұса Есжанов (1962-1975 жылдары), Рабиха Жақсыбаева (1975-1976 жылдары), Сағынтай Байділдаев (1976-1980 жылдары), Бибі Төлебаева (1980-1985 жылдары), Сержан Алтеков (1985-1992 жылдары) қызмет атқарды.

“1 Май” ауылдық кеңесіне қарасты колхоздар және олардың төрағалары туралы мынадай деректер бар. Үштөбе атындағы колхозда Тұран Тоғызбаев (1947-1948 жылдары), Жұмабек Мықтыбаев (1948-1950 жылдары), Асқар Рақышов (1950-1952 жылдары) төраға болды. “1 Май” атындағы колхозда Алтек Иманқұлов (1942-1944 жылдары), Жайық Оқшиев (1945-1952 жылдарға дейін) төраға болды. Сталин атындағы колхозда Темірәлі Сауқауов (1948-1952 жылдары) басшылық жасады. “Жаңатілек” колхозында Серікбай Ақбергенов (1943-1948 жылдары), Аштархан Жанкеев (1949-1952 жылдары) төраға болды. 1952 жылы колхоздар біріктіріліп, іріленді және Сталин атындағы колхоз болып аталды. Оның төрағалары болып Асқар Рахышов (1952-1954 жылдары), Бұзау Айқожаев (1954-1956 жылдары), Ысқақ Есенсариев (1953-1957 жылдары) қызмет атқарды. 1957-1962 жылдары аралығында Сталин атындағы колхоз Калинин атындағы совхозының құрамында болған.

1962 жылы Жартытөбе кеңшары құрылғанда директорлары болып Слабек Малдыбеков (1962-1967 жылдары), Исабек Мырзахметов (1967-1978 жылдары), Өмірбай Исаев (1978-1987 жылдары), Әбіл Жүсіпов (1987-1989 жылдары), Сағынтай Мұсабеков (1989-1991 жылдары), Қабылбек Еспенбетов (1991-1994 жылдары) қызмет атқарған.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin