Түркістан облысы: Созақ ауданындағы кесенелер аумағына тазалық жұмыстары жүргізілді

Құмкент ауылдық округінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы ұйымдастырылып, жергілікті тұрғындар мен ауылдың белсенді жастары Баба түкті Шашты Әзіз кесенесінің ауласын тазартуға жұмыла кірісті.

Тазалық акциясына арнайы қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков тарихи-мәдени ескерткіштің ауласына жүргізілген тазалық жұмыстарына қолдау білдіріп, осындай маңызды шаралардың тұрақты түрде ұйымдастырылуын қоғам болып қолға алу керектігін айтып өтті. Сондай-ақ жиналған тұрғындар өз алғысын білдіріп, ауыл қарияларымен бірге кесене ауласына жеміс көшеттерін отырғызды.

Акцияға жиналған тұрғындар қоршаулар мен онда келуші қонақтарға арналған аяқ жолдарды және жарық шамдар мен арнайы орындықтарды қалыпқа келтірді. Сонымен қатар, кесене аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ондағы арам шөптер мен қураған ағаш түптері кесілді. Кесене аумағында ұйымдастырылған акцияға 100-ден астам белсенді жас пен ауыл тұрғындары атсалысып, тазалыққа қажетті техникалар жұмылдырылды.

Еске салайық, Баба түкті Шашты Әзіз — қазақ ауыз әдебиетінде жиі кездесетін бейне. Ол туралы аңыздардың бірінде шын есімі Баба Туклас деп көрсетілген. Әкесі – Керемет Әзіз. Баба Туклас Меккеде патша болған, мұсылмандар арасында әулие саналған. Меккеге қажылық сапармен барушылар, ең алдымен, Мұхаммедтің, онан кейін Әлем Музтазы Сейіттің, содан соң осы Баба түкті Шашты Әзіз қабіріне барып тәу еткен. Келесі бір аңыздарда Баба түкті Шашты Әзіз – Қожа Ахмет Ясауидың арғы бабалары, ислам діні Орталық Азияға тарай бастаған кезде өмір сүрген кісі, Қорқыттың замандасы делінеді. Баб Ата күмбезі сол кісінің қабірінің басына салынған. Академик Ә.Марғұлан осы аңыздың тарихи негізі бар деп санайды. Үшінші аңыз бойынша, Баба Тукластың баласы Еділ–Жайыққа дейін келген, оның Құтлубек атты ұлынан Едіге батыр туған. Ал «Едіге батыр» жырында Баба түкті Шашты Әзіз – сол батырдың тікелей әкесі ретінде суреттеледі. Халық арасындағы аңызда ол су жағасында намаз оқып отырып, үш пері қызын көреді. Намазын бітірген соң, әлгі үш қыздың біреуінің қолынан ұстайды. Қыз суға сүңгиді, әулие де сүңгиді. Ақырында Баба Түкті Шашты Әзіз соған үйленеді. Қыз үш түрлі шарт қояды: аяқ киімімді шешкенде аяғыма қарама, киімімді шешкенде қолтығыма қарама, шашымды жуғанда, төбеме қарама дейді. Алайда, Баба Түкті Шашты Әзіз әлгі үш шартты бұзады. Оны сезген пері: «Ішімде алты айлық балаң бар! Соны мен Көк дария жағасындағы Құмкент деген жерге тастап кетем, іздеп тауып ал!», – дейді де, аспанға ұшып кетеді. Баба Түкті Шашты Әзіз уәделі жерден құндақтаулы нәрестені тауып алады. Айдалада туғандықтан есімін «Едіге» қояды. Қазақ шежірелерінің кейбір нұсқаларында ол Маңғыт руынан деп айтылады, Едігенің осы рудан шыққандығы негіз етіледі. Баба түкті Шашты Әзіз нақты болған адам деген бұлтартпайтын дерек жоқ. Сондықтан ғылымда ол мифтік бейне ретінде қабылданған. Қазақ фольклорында ол әулие кейпінде суреттеледі. Батырлар жырында бас кейіпкерлер қиналған кезде демеуші, аян беруші әруақ тұлғасында бейнеленеді. Мысалы, «Алпамыс батырда» Байбөрінің түсіне Баба түкті Шашты Әзіз кіріп, әйелінің бір ұл, бір қыз табатыны туралы аян береді, кейін Алпамыстың демеушісі болады. Басына қиындық түскенде Баба Түкті Шашты Әзізге сыйынып, жалбарыну дәстүрі халық арасында күні бүгінге дейін сақталған.

Созақ ауданы территориясында орналасқан, құнды саналатын тарихи мұнаралардың бірі — Баба Түкті Шашты Әзіз мазары. Құмкент ауылының маңындағы Жылыбұлақ жерінде орналасқан Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі бүкіл қазақ жұрты қиын қыстауда табынатын, жауға шапқанда ұрандататын киелі әулие болған. Күш атасы Қажымұқан додаға түскенде: «Уа аруақ, Баба түкті Шашты Әзіздің рухы қолдай гөр» — деп сыйынған.

Баба түкті Шашты Әзіздің есімі «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», «Шора батыр» жырларында жиі айтылады. Алтын ордаға билік жүргізген Едіге би Шашты Әзіз әулиені өзінің түп атасы санаған. Сондай-ақ тарихи деректерде Баба түкті Шашты Әзіздің есімі Орта Азия, Қазақстан жеріне Ислам дінін уағыздаушы болып саналатын Ысқақ бабтың замандасы, үзеңгілес серігі ретінде жиі айтылады.

Баба кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының «Жалпыұлттық киелі орындар» санатының 100 нысаны тізіміне енген.

Баба түкті Шашты Әзіз кесенесі — сәулет өнері ескерткіші. Созақ ауданы, Құмкент ауылы маңындағы ашық жерде, су қоймасының қасында орналасқан. Шойтасы іргетас үстіне күйдірілген кірпіштен қаланған. Қасбеттік композицияға құрылған бір үйлі мазар. Төртқырлық жұмыр мойындыққа орнатылған еңселі күмбезбен көмкерілген. Қасбеті тегіс, әшекейі жоқ, тайыз әрі сүйір қуыс жасалған ортасында кіре берісі бар, қос босағасында шағын бедерлі мұнара орналасқан. Ішкі құрылымында шаршы үйдің өзегі бойынша сүйір арқалар салынған, күмбез осы арқаларға тіреледі. Қабырғаларына сылақ жүргізіліп, әктелген. Үйдің ортасына кірпіштен қаланған құлпытас орнатылған.

Бұдан бөлек Сызған ауылдық округінде де «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы тазалық жұмыстары жалғасты.

Шараға жергілікті тұрғындар мен белсенді жастар жұмыла кірісіп, «Саңғыл би» кесенесінің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізді. Тазалық акциясына аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов арнайы қатысып, тазалық жұмыстарының барысын бақылауына алды. Тарихи-мәдени ескерткіштің ауласына тазалық жұмыстарын жүргізген тұрғындар алдағы уақытта да тазалыққа қатысты шараларға белсене атсалысуға ниетті екендіктерін білдірді.

Ұйымдастырылған акция аясында кесене ауласындағы қоршаулар мен ондағы аяқ жолдар қалыпқа келтірді. Сонымен қатар, кесене аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, ондағы арам шөптер мен қураған ағаш түптері оталды. Кесене аумағында ұйымдастырылған акцияға 70-ке жуық белсенді жас пен ауыл тұрғындары атсалысып, тазалыққа қажетті техникалар жұмылдырылды.

Атап өтерлігі, Саңғыл би — 12-13-ші ғасырларда өмір сүрген би, әулие, қоғам қайраткері, әйгілі би.

Қоңырат тайпасынан шыққан. Түрік-моңғол шежірелерінде саңғыл руының ұраны “Мүлкаман” болуына қарап, кейбір зерттеушілер Саңғыл биді Мүлкаман батырдың шөбересі деп тұжырымдайды. Тарихи деректер, орыс және қазақ тіліндегі зерттеулер, шежірелер, сондай-ақ халық арасында ауызша айтылатын аңыздарға қарағанда, ол 1206 жылғы құрылтайда Шыңғысты ақкиізге көтеріп хан сайлаған қоғам қайраткерлерінің бірі болып саналады. Саңғыл би Шыңғыс ханның Хорезмге жорығына қатысқан. Жорықтан кейін өзінің қол астындағы қоңыраттармен Сыр бойында, яғни Жошы ұлысында қалған.

Түркітанушы Н.А. Аристовтың монографиясында Саңғыл би турасында маңызды мәліметтер берілген. Ш.Құдайбердіұлының шежіресінде бидің аты Сенгеле деп айтылады. Би есімі профессор А.Машановтың, жазушы Қ.Салғариннің еңбектерінде Саңғыл би, Саңғылұлы деп көрсетіліп, ғұмыры мен қоғамдық қызметі нақты да молырақ қамтылған.

Саңғыл би кесенесі Созақ сахарасындағы Басбұлақ ауылының іргесіндегі жотада, Қозмолдақ мекенінің шығыс беткейінде тұр. Саңғыл би кесенесі – сәулет өнерінің ескерткіші. 1999 жылдары салынған. Биіктігі – 18 метр болса, жалпы көлемі – 78 шаршы метр. Кесене есігі шығысқа қараған. Кіреберісте үш есік бар: тіке, оң және сол қаптал есігі. Тіке есік Саңғыл би жатқан бөлмеге, ал оң және сол қаптал есіктер екінші қабатқа көтеріледі. Дүние дүрбелеңінде Саңғыл би Жошы ханның қасына ерген деген сөз кең тараған.

Моңғол-түрік тайпаларының қоныстары қатарлас, малы аралас жатқан елдер болатын. Әйткенмен, олар ғасырлар бойы бір-бірімен жауласып, қырықпышақ болып келді. Міне, сондай аласапыран кезеңде тарих сахнасына Шыңғыс хан шықты. Ол меркіт, татар, тайшуыт, керей, жалайыр, қоңырат, найман, тағы басқа да тайпалардың басын біріктірді. Осылай қуатты хандық дүниеге келді. Қоңыраттар мен тайшуыттар ежелден төскейде малы, төсекте басы қосылған көршілес әрі ниеттес тайпалар еді. Темужин төңірегіндегі ірі рулар біріккен соң шешесі Уәлін мен әйелі Бөртенің жұртына елші жібереді. Қайын атасы Тай шешен алысты болжай білетін жан еді. Ол әрі-бері сарсаңға салмай-ақ қол астындағы елімен Шыңғыс хан әскеріне келіп қосылды.

1206 жылы Шыңғыс хан Ұлы Құрылтай шақырды. Осы кезде жалындаған Саңғыл би суырылып алға шықты. Ол небәрі 25 жаста еді. Өжет те алғыр Саңғыл би өз билігіндегі жұртын бастап келді. Осы Ұлы жиынға Майқы би 19 биді бастап келген деседі. Тарихта таңбаланып қалған осы Құрылтайда Шыңғысты ақ киізге отырғызып, ұлы қаған етіп сайлайды.

Тарихқа жүгінсек, Ұлы Құрылтай бірнеше күнге созылған. Ұлы қаған осы кеңесте тайпа көсемдеріне, беделді билерге, өзіне адал қызмет көрсеткен қолбасшыларына, сенімді серіктеріне атақ, дәреже, таңба үлестіреді. Сонда Саңғыл биге: «Ұраның – Қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма, таңбаң – ай болсын» деп тілек білдірген.

Аталмыш алқалы басқосуда Шыңғыс хан «Жосы» деген Жарғы жариялайды. Осы Жарғының негізгі тауарларын жазуға Майқы би мен Саңғыл би қатысыпты деген де әңгімелер айтылады.

Құрылтайдан соң Шыңғыс хан Хорезмге жорыққа аттанады. Сонда Саңғыл би үш мың жасақ ертіп Шыңғыс ханға ілеседі. Ұлы қаған мұнан соң Қытайға аттанады. Бұл кезде қаған оны Сырдың бойындағы Жошы ұлысына қоныстандырады. Қаратаудың теріскейіне қоңыраттар осылай келген дейді көне аңыздардың бірі.

Саңғыл би – 1180 жылы дүниеге келген, Шыңғыс ханның замандасы болған тарихи тұлға. Үйсiн Майқы бимен үзеңгiлес. 1822 жылы Қазан қаласында жарық көрген Халфиннiң «Ахуал Шыңғысхан уа Ақсақ Темiр» атты кiтабында қоңырат Саңғыл би, үйсiн Майқы би туралы мынадай деректер келтiрiлген: «1219 жылы Майқы би бастаған он би Шыңғыс ханның үлкен мәжiлiсiне шықты. Сол мәжiлiске өз билеушiлерiмiз бар деп төрт би келмей қалған. Олар: Қоңырат би, Қытай би, Селжут би, Қият би». Өз билеушiлерiмiз бар дегенге қарағанда олар сол кезде Хорезмшахқа бағынышты болуы ықтимал. Шыңғыс хан төрт би келмегенiн кек тұтпай, келген билерге таңба, ұран үлестiрiп, шығарып салады. Жоғарыда келмей қалған төрт бидiң бiрi Хорезмшах жақтағы қыпшақтар арасында өмiр сүрген Қоңырат би болса керек. Алқалы жиынға келген билердiң бiрiн Арғылы Саңғыл деп атайды. Бұл деректерге қарағанда ХIII ғасырдың бiрiншi ширегiнде қоңыраттардың екi жақты ел болып, Сыр бойында және Хорезмге қарасты қыпшақтар арасында отырғанын аңғарамыз.Саңғыл бидiң есiмi Шыңғыс ханды таққа отырғызуға арналған жиынға қатысудан басталады. Жеке тұлғалар қанша атақты болғанымен өмiрден өтедi, ал, тұтас рулы ел дегенiңiз мейлiнше ұзақ жасайды. «Саңғыл» есiмi ұрпақтарына ру атауы болып қалды. Саңғыл би атауы бiрнеше тарихи еңбекте кездеседi. Аристовтiң «Заметки об этническом составе тюркских племен и народностей и сведения об их численности» (СПб, 1897), Шәкәрiм Құдайбердиевтiң «Шежiресiнде» Саңғыл бидiң есiмi Сенгеле деп берiлген, профессор Ақжан Машановтың әл-Фарабиге арналған зерттеулерiнде Саңғыл би деп анық жазылған. Бабаның аты «Қазақтың қысқаша тарихында» Саңғыл би, Қ.Салғариннiң зерттеуiнде «Саңғұл би» деп берiлген. Дереккөздерiнде сәл өзгертiлiп аталғанымен бәрiнiң түбiрi бiр «Саңғыл би» екенi анық. Белгiлi академик С.Зиманов ағамыз мынадай пiкiр жазған: «Саңғыл би – ХII ғасырдың аяғы ХIII ғасырдың бiрiншi жартысында өмiр сүрген түркi тегiнен шыққан, Шыңғыс ханның замандасы болған қазақтың арғы бабаларының бiрi. Оның нақтылы билiктерi жөнiнде мәлiмет жоқ» («Ата заңдары», 2004, 134-140-б.). Әбіш Кекiлбаев 1997 жылы 14 наурызда «Егемен Қазақстан» газетiне шыққан «Елдiк пен ерлiк киесi» атты мақаласында Саңғыл биге қатысты құнды мәлiметтер ұсынады. Ауызша мәлiметтерге сүйене отырып, 1990 жылы Саңғыл би ұрпақтары бабаның жерленген жерiн тапты. Оның басына аумағы 75 шаршы метр, биiктiгi 18,3 метр болатын кесене тұрғызды. Осы кесене құрылысы жүрiп жатқанда Оңтүстiк Қазақстан облысының сол кездегi әкiмi мен елiмiздiң бұрынғы мемлекеттiк хатшысы Әбiш Кекiлбаев Саңғыл бидiң басына арнайы келiп, Құран бағыштады. Ә.Кекiлбаев жоғарыда аталған мақаласында Шыңғыс ханды хан көтерген жиынға қазақ руларының iшiнен үйсiн Майқы би мен қоңырат Саңғыл бидiң қатысқанын айтады. Шыңғыс ханды ақ киiзге көтерiп, хан сайлаған сол жиында Майқы биге: «Ұраның – Салауат, құсың – бүркiт, ағашың – қара ағаш, таңбаң сүргi болсын» дептi. Ал, Саңғыл биге: «Ұраның – Қоңырат, құсың – қыран, ағашың – алма, таңбаң ай болсын» деген екен. Ал, сол үйсiннiң ұраны заман ағымына қарай бабалардың есiмiмен сан рет өзгердi. Қоңырат та «Мүлкаман», кейiнiрек «Алатау» деп ұрандатты. Саңғыл руының ұраны «Мүлкаман» болғанына қарап, көнекөз қариялар Саңғыл Мүлкаман батырдың немересi деп есептейдi. Саңғыл руының шежiресiнде (16-бет) былай делiнген: «Мүлкаманнан — Сарқұл мен Бәйiмбет қатпа.Сарқұлдан Саңғыл, Бәйiмбеттен Маңғытай деп таратады». Ал, Қоңырат руының «Алатау» ұраны кейiнгi Есiм ханның әскери қолбасшыларының бiрi болған Алатау батырдың есiмiмен тiкелей байланысты. Әбiш Кекiлбаевтың тұжырымдап айтқан осы деректерiнде үлкен мән бар. Моңғол шежiресiнде де Саңғыл бидiң есiмi қалғанына қарап, жергiлiктi өлкетанушы, тарихшы Рахман Жаппарқұлұлы оны 1180 жылы туған деп тұжырымдайды. Белгiлi қаламгер Әнес Сарай «Көнелiк» атты зерттеу еңбегiнде қытай деректерiне сүйене отырып: «Дей шешен ұрпағы —«Маңғытай» деп көрсетедi (398-399-беттер). Қоңыраттың Маңғытай, Саңғыл деген ұрпақтары бiр атадан тараған. Ескi заманда бiр-бiрiмен қыз алыспаған ағайын болыпты. Саңғыл бидiң тарихи орны мен еңбегi жайлы жазушы Сәуiрбек Бақбергенов «Бөрте – Шыңғысханның жұбайы» деген повесiнде де атап өттi.Терiскейдегi Қозмолдақ, Сызған, Күмiстi, Үштөбе, Жартытөбе, Бақырлы (қазiргi Қаратау ауылы) Саңғыл руының ата қонысы екенi атадан балаға аманаттап айтылып келедi. Бүгiнде Саңғыл руының ұрпақтары Түркістан облысының көптеген аудан-қалаларында қоныстанған. Созақ, Түркiстан, Ащысай, Кентау, Отырар, Мақтааралда көбiрек шоғырланған. Шымкент, Тараз, Алматы және Астана қалаларынан басқа аймақтарда да Саңғыл би ұрпақтары баршылық. ХV ғасырда Керей — Жәнiбек сұлтандар алғаш рет Қозыбаста қазақ хандығын құрып, ту көтергенде Қаратаудың терiскей бетiн мекен еткен қалың қоңырат, оның iшiнде Саңғыл бидiң ұрпақтары алғашқылардың бiрi болып хандыққа қосылғаны даусыз.

Сонымен қатар Созақта Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық музейінің ұжымы Бибі Мариям кесенесінің аумағына тазалық жұмыстарын жүргізді. Атқарылған жұмыстар аясында кесене аумағы тұрмыстық қалдықтардан тазаланып, ағаштар әктелді. Одан бөлек, қоршаулар мен ондағы аяқ жолдар қалыпқа келтірілді.

Жалпы аудан аумағында 75 шақырым көше бойы, 11,4 шақырым аяқжол тазаланып, 485 тоннадан астам күл-қоқыс шығарылған. Сондай-ақ, аудан аумағын көгалдандыру мақсатында ауылдық округтер мен кенттерде көше бойларына, әлеуметтік нысандар және саябақтарға жалпы саны 25 000 дана тал көшеті отырғызылды.

Айта кетсек, Бибі Мариям кесенесі Шолаққорғандағы «Өр қақпаның» батыс бөлігінде орналасқан. Кесененің оңтүстік-шығысында емдік қасиеті бар бұлақ бар. Тарихи деректе Ысқақ бабтың екі қызы болған, үлкені – Бибі Гауһар ана, кішісі – Бибі Мариям делінген.

Еске салайық, елімізде Мемлекет басшысының қолдауымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Акцияның өзі бірнеше апталықтарға бөлінген. Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығы – «Таза өлке» апталығы, 13-20 сәуір аралығы – «Киелі мекен», 20-27 сәуір аралығы – «Жасыл аймақ», 27 сәуірден 4 мамырға дейін — «Өнегелі ұрпақ», ал 4-11 мамыр аралығы – «Мөлдір бұлақ» апталығы.

Облыста алғашқы апталықта барлық 17 қала-ауданда тазалық жұмыстары мен көшет-гүл егу жұмыстары жүрді. Нәтижесінде 2 839 көшенің бойы тазаланып, 139 250 түп көшет отырғызылды. Сондай-ақ, 144 431 дана ағаш әктеліп, 58 407 шаршы метр аяқ жолдары тазаланды. Бұдан бөлек, 346 саябақ мен скверлер ретке келтіріліп, 298 балалар және спорт алаңшасында тазалық жұмыстары жүрді. 

Сонымен қатар жалпы 272 шақырым өзен-канал мен бұлақтардың арналары ашылды. Ал 13 сәуір күні жалпы сенбілік өткізіліп, 1 031 тонна қоқыс шығарылған. Іс-шараға облыс бойынша 25 мың адам тартылып, 316 техника жұмылдырылды. 

13-20 сәуір аралығында «Киелі мекен» апталығы аясында облыс көлеміндегі тарихи-мәдени ескерткіштер маңында 170 іс-шара өткізілді.

Түркістан қаласындағы Қ.Ясауи мен Отырар ауданында Арыстан баб кесенелерінде тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сауран Қалашығы, Үкаша ата кесенесі, Жүсіп ата кесенесі және Ысқақ баб кесенесі, Баба Түкті Шашты Әзіз кесенелері сияқты аумақтар тазаланды. 

– Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын, – дейді Мемлекет басшысы.

Президент заң мен тәртіп үстемдігі бәріне қатысты екенін айтып, вандализммен батыл түрде күресу қажет екеніне назар аударды. 

– Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта өтейік, Түркістан облысында 6 сәуір – 11 мамыр аралығында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өткізілген еді. Бірнеше аптаға созылған науқан «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» тақырыптарымен өтті. Аталған апталықтарда жер-жерде абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстары жүргізіліп, әр аптада 15-20 мыңдай түркістандық акцияға үлес қосты. Акцияда 1 400 ауқымды іс-шара ұйымдастырылып, оған 500-ден аса техника жұмылдырылды. Нәтижесінде өңірімізге 150 мың түп ағаш көшеттері отырғызылып, 175 мың түптен аса ағаш діңі әктелсе, 40 мың шаршы метрден аса аяқжол тазаланып, 346 саябақ пен гүлзар ретке келтірілді. Оған қоса 300 мыңнан аса тұрғын үй мен 1 767 әлеуметтік нысанның ауласы және арық-атыз, өзен жағалары тазаланды. Бұл жайында өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков мәлім етті.

Атап айтқанда, 6-13 сәуір аралығында өткен «Таза өлке – Түркістан» науқанында 267 ауқымды іс-шара өткізіліп, 1 521 көшенің бойы және 33 мыңнан аса аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылған. Ал, 15-20 сәуір аралығында өткен «Киелі мекен» науқаны тарихи-мәдени ескерткіштерді абаттандыру жұмыстарына арналып, өңірдегі 1 780 тарихи-мәдени орын қамтылыпты. 22-27 сәуір аралығындағы «Жасыл аймақ» науқанында көшет отырғызу, аулаларды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына басымдық берілген. Науқан аясында 325  іс-шара өткізіліп, 150 мың түпке жуық ағаш көшеттері отырғызылған. Одан бөлек, 346 саябақ-сквер, 731 балалар ойын алаңшасында тұрақты тазалық жұмыстары жүргізілген.

Ал 29 сәуір – 4 мамыр аралығында өткен «Өнегелі ұрпақ» науқанында ардагерлер мен қарттар тұратын үйлердің аулаларын тазалау, абаттандыру, жеке үйлердің қоршауларын бояу жұмыстары жүргізілді. «Өнегелі ұрпақ» науқанында облыс жастары соғыс ардагерлері тұратын үйлердің аулаларын реттеп, тазалық жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, аудан, қалаларда қарттардың үйлерінің аулалары тазартылды. Бұл жұмыстарға 5 мыңнан аса ерікті мен жастар атсалысты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin