Түркістан облысы: Созақ ауданындағы ішкі жолдар жаңартылып жатыр

Құмкент ауылдық округінде халық сұранысына сай бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков округке арнайы барып, ішкі жолдардың жөндеу жұмыстарымен танысты.

Қазіргі таңда Құмкент ауылында жалпы ұзындығы 9 шақырымды құрайтын Абай, Есіркепұлы, Қызылқанат және Жамбыл көшелеріне асфальт төселіп жатыр. Сонымен қатар Қызылкөл елді мекенінде ұзындығы 2,5 шақырым болатын көшелерге де сапалы жол жабындысы салыну үстінде. Жақын күндері бұл жұмыстар толық аяқталып, Қызылкөл ауылының ішкі көшелері 100 пайыз жолмен қамтылатын болады.

Аудан басшысы салынып жатқан жолдардың сапасын назарға алып, округ әкімі мен жауапты сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, биыл аудандық бюджет есебінен 66,4 шақырымды құрайтын ішкі көшелерге асфальт және қиыршық тас төселеді. Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 14,2 шақырымды қамтитын 12 көше жаңартылып, бұл бағыттағы жұмыстар өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артып отыр.

Өткен жылы осы бағдарлама аясында 25 көшеде (26,1 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал аудандық бюджет есебінен 21,2 шақырым жол (18 көше) жаңартылып, ауыл тұрғындарының игілігіне берілді.

Осы тұста атап өтер тағы бір мәселе, Қарақұр ауылдық округінде инфрақұрылымдық жұмыстардың қарқыны артуда. Түнеугүні аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қарақұр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, алдағы уақытта атқарылар жұмыстарды баяндады. Ағымдағы жылы ауылдық округте бірқатар инфрақұрылымдық жобалар іске асырылады. Қаратау ауылы, Раң ата мен Шаға елді мекердерінің ішкі көшелері 100 пайыз асфальт жол және көше жарықшамдарымен қамтылмақ.

Атап айтқанда, Раң елді мекенінен атауы жоқ №1 көшесіне (1,505 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Қарақұр ауылында Наурыз, Наурыз-1 және Абай көшелері, сондай-ақ Шаға елді мекеніндегі Шаға көшесіне орташа жөндеу жұмыстары (асфальттау) жүргізіледі.

Сонымен қатар, Қарақұр ауылынан Беккари шұңқыры құрылысы басталып, Наурыз және Абай көшелеріне трансформаторлар орнатылмақ.

Кездесу барысында тұрғындар аудан әкімдігі тарапынан жасалып жатқан жұмыстарды жоғары бағалап, алғыстарын білдірді.

-«Біздің басты мақсатымыз – халықтың әл-ауқатын арттыру, ауылдарды көркейту, тұрғындардың жағдайын жақсарту», – деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы тұрғындардың келелі мәселелері мен ұсыныстарын тыңдап, сала мамандары тарапынан нақты жауаптар берілді. Жұмыспен қамту, жайылымдық жер және әлеуметтік мәселелер бойынша тұрғындардың өтініштері назарға алынып, қолдау көрсету шаралары қарастырылды.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, сондай-ақ аудандық дербес бөлімдер мен мекеме басшылары қатысты.

Жол демекші, Созақ ауданында «Мардан-Қозмолдақ-Сызған» бағытындағы облыстық автомобиль жолының құрылысы жалғасып жатыр. Айталық, өткен жылы КХ-110 «Мардан-Қозмолдақ-Сызған» облыстық автомобиль жолының 13,3 шақырымының құрылыс жұмыстары басталды. Бүгінгі таңда Қозмолдақ елді мекенінің ішінен басталған күре жолдың жөндеу жұмыстары жалғасуда. 7 шақырымға жуық жолға асфальт жабындысы төселген. Бұған қоса, ағымдағы жылы Қайнар елді мекеніндегі Әділбеков, Әметшеев және Қайнарбұлақ көшелері орташа жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, жалпы аудан көлемінде 917 шақырымдық автомобиль жолы бар. Оның ішінде облыстық маңыздысы — 435 шақырым, аудандық маңыздысы – 79 шақырым, елді мекендердің ішкі жолдары 403 шақырымды құрайды.

 «ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You