Түркістан облысы: Созақ ауданында «Ауыл аманаты» жобасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, өз кәсібін ашты

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен маңызды мәжіліс өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлады. Хабарлама барысында жобаның 1-ші бағыты – өсімдік шаруашылығы, 2-ші бағыты – мал шаруашылығы, 3-ші бағыты – құс шаруашылығы, 4-ші бағыты – балық шаруашылығы, 5-ші бағыты – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін жабдықтау, 6-шы бағыты – өз кәсібін ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға егжей-тегжей тоқталып өтті.

Қазірді таңда пилоттық жобаға 221 азамат құжат өткізген екен. Оның ішінде 173 азаматтың құжаты 924 миллион 310 мың теңгеге мақұлданып, 125 азаматқа 647 миллион 510 мың теңгеге жеңілдетілген несие берілді. Ерекше атап өтерлігі, атаулы әлеуметтік көмек алушы 4 азамат 17 миллион 650 мың теңгеге несие алып, кәсібін ашуға мүмкіндік алды.

«Ауыл аманаты» жобасының басты мақсаты – ауылды жерлердегі халықтың табысын арттыру. Бағдарлама 2023-2025 жылдарға арналған және несиелер 2023 жылдан бастап беріледі деп жоспарланып отыр. Жоба аясында қандай жеңілдіктер қарастырылған? «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындары өз бизнесін дамытуға немесе кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алады, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Қарыз алу шарттары да өте тиімді, себебі ондағы пайыздық мөлшерлеме әлдеқайда төмен. — несие/микронесие мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы және ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру саласындағы жобалар бойынша 7 жылға дейін; — несиенің/микронесиенің ең жоғары сомасы қолданыстағы заңнама бойынша айқындалады; — номиналды сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз, кепілмен қамтамасыз ету. Мұндай несиенің халыққа пайдалы болары анық. Мәселен, бүгінде бірде-бір коммерциялық банкте ауыл тұрғындарында мұндай шарттармен несие алу мүмкіндігі жоқ. Әлемдегі инфляцияны ескеретін болсақ, 2,5 пайыздық несие бұл – өте тиімді. Сондықтан да ауылда қандай да бір өндіріс ашып, оны дамыту үшін бұл – үлкен мүмкіндік. «Ауыл аманаты» жобалық кеңсесі хатшылығының басшысы Нұркен Шарбиевтің айтуынша, ел тұрғындарының табысын арттыру мәселесін шешу «AMANAT» партиясының негізгі басымдықтарының бірі болып саналады.

«Ауылда 7,7 миллион адам тұрады. Бұл – халықтың жалпы санының 41%-ы. Былтырғы дерекке сәйкес, ауыл және қала тұрғындарының ақшалай табысының айырмашылығы 38%-ды құрайды. «Ауыл аманаты» жобасы осы олқылықтың орнын толтыруды көздейді. Ауыл тұрғындарының табысын, әл-ауқатын және өмір сүру сапасын арттыруға көмектесуге тырысамыз. Жобаның мақсаты мен міндетін түсіндіру үшін кең ауқымды 40 күндік ақпараттық марафон өткіздік. Мобильді топ құрамындағы тренерлеріміз 28 шілде мен 10 қыркүйек аралығында республикадағы 179 ауданның 425 ауылы мен ауылдық округінде 250 мың азаматты қамтыған кездесулер өткізді», – дейді ол.

  Ауылдықтар жобаға үлкен үміт артып отыр. Жобаға ауыл тұрғындарының да қызығушылығы зор болды. Олар ауылда өз кәсібін бастауға немесе осыған дейін болған шағын кәсіптерін дамыта алатынына дән риза.

 «AMANAT» партиясы өкілдері «2019 жылдан бастап табысты арттыру бағдарламасы жүзеге асырылып жатқан Жамбыл облысының оң тәжірибесі ауыл тұрғындарын бағдарламаға қатысуға ынталандыруы тиіс» — деп атап өтті. Мәселен, осы өңірге республикалық бюджеттен 7,2 млрд. теңге бөлінген. Жобаға қатысуға 11 ауылдық округ іріктелді. Осылайша, атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны 3 есеге қысқарып, аталған ауылдарда орташа айлық табыс мөлшері 1,7 есеге ұлғайды. Жұмыссыздар саны 36 %-ға азайды. Микрокредиттер бойынша, 60 күннен астам мерзімі өткен төлемдер болмады.

«Бағдарлама адамдардың тұрақты табыс жолына түсуіне бағытталған. Біз ауыл тұрғындарына мамандануға көмектесеміз. Айталық, барлық жерде бірдей қызылша өсіру немесе ірі қара мал жаю мүмкін емес. Жамбыл өңірінде тұрғындардың 68 %-ы атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатынан шықты. АӘК алуды жалғастыру немесе осы бағдарлама арқылы ақша таба бастау.  Тұрғындар осындай таңдау жасап жатыр», – дейді партия хатшысы Эльдар Жұмағазиев.

Кәсіп ашуға немесе істі дұрыс жүргізуге мамандануға ауылдық округ әкімдері көмектесетін болады. Осы ретте «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ауылдық округ әкімдеріне және «AMANAT»-тың аумақтық филиалдарының атқарушы хатшыларына арнайы курстар өткізді. Халықтың экономикалық белсенділігін арттыру саласында 2 346 адам курстан өтіп, білімін жетілдірді.

«Кооператив құру және өткізу тізбегін қалыптастыру бойынша тренингтер өткізілді. Адамдар жекелей жұмыс істей алатынын, сондай-ақ ауыл шаруашылығы кооперативіне біріге алатынын түсіндірдік. Бұл қадам шығынды азайтады. Мысалы, жемді нарықтағы бағадан 40-50 %-ға арзан бағамен сатып алуға болады. Жер жырту, қоқыс шығару кезінде де арнайы техниканың қызмет құны төмендейді. Кооперативтер техниканы лизингке оңай ала алады. Облыс әкімдіктері кооперативтерге кәсіби агрономдардың, ветеринарлардың, механизаторлар мен зоотехниктердің қатысуын қамтамасыз етеді», – дейді жобалық кеңсе хатшылығы басшысының орынбасары Ақмарал Бекмұрзаева.

 «Ауыл аманаты» жобасы 2023 жылдан 2025 жылға дейін қолданыста болады. Аталған жобаны барлық өңірде іске асыру үшін бюджеттен кредиттер бөлу көзделіп отыр.

Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында айтты.

Президент оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керектігіне тоқталып өтті.

«Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуға тиіс. Машина-трактор паркінің әбден ескіріп, тозуы – күрделі мәселеге айналды. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Сондықтан жыл сайын оның 8-10 пайызын жаңартып отыру қажет. Бұл ретте еліміздегі техника өндірушілер мен шаруалардың да мүддесін ескерген абзал», — деді Тоқаев.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазір жаһандық бәсеке күшейіп тұр, тауар нарығында өзгеріс бар екенін алға тартып, мұндай жағдайда өнім өткізу саясатына ерекше мән беруіміз керектігін айтты.

«Жылдар бойы қалыптасқан ішкі және сыртқы нарықтағы орнымызды сақтап қалу айрықша маңызды. Үкіметтің алдында сыртқа шығарылатын өнім нарығының ауқымын жоспарлы түрде кеңейту міндеті тұр. Қазақстанның тауарларын шетелге таныту және шығару үшін тиісті шаралар қабылдаған жөн», — деді Президент.

Еске салсақ, Созақ ауданында «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін бірінші кезеңде Созақ және Құмкент ауылдық округтері ұсынылды. Аталған ауылдық округтерінен кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 122 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 94 азаматтың құжаты 478,2 миллион теңгеге мақұлданып, 72 азамат 335,65 миллион теңге жеңілдетілген несие алды. «Ауыл Аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылып, кооперативтер құрылды. Қазіргі таңда 72 азамат құжат тапсырды. Оның ішінде 57 азаматтың құжаты 326,96 миллион теңгеге мақұлданып, 19 азамат 112,21 миллион теңге жеңілдетілген несие алды.

Ауыл демекші, Созақ ауданында 14 390 гектар егістік жер игеріліп, 100,6% орындалды, (жоспар — 14 300 гектар). 5,2 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіліп, 104% орындалды (жоспар — 5 гектар). 20 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 67% орындалды (жоспар — 30). 40 гектар жерге жаңбырлатып суару әдісі ендіріліп, 24% орындалды (жоспар 164 гектар). 4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, 100% орындалды. 10 гектар қарқынды бау егіліп, тапсырма 100% орындалды. 8 дана 500 бастан жоғары отбасылық құс фермалары ашылып, 33% орындалды (жоспар 24 ферма).  Сонымен қатар, 7 604,2 тонна ет, 11 858,3 тонна сүт, 1 866,3 мың дана  жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, 2023 жылдың 8 айының қорытындысымен ауданда мүйізді ірі қара 41 777 бас, майда мал 324 842 бас, жылқы 32 440 бас, түйе 16 027 бас, құс 38 637 басты құрады.

Созақ ауданының барлық жер көлемі 4 104 940 гектарды құрайды. Оның ішінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланудағы жерлер — 716 948 гектар, өнеркәсіп, көлік байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 70945 гектар, босалқы жерлер (ауданның арнайы жер қоры) — 2 016 809 гектар, орман қорының жерлері  — 1 034 898 гектар, су қорының жерлері — 3245 гектар, елді мекендердің жерлері — 261 296 гектар, ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 799 гектар.

«Жер аманаты» жобасы аясында жайылым жерді ортақ жайылымға қайтару бойынша 2023 жылы мақсатына сай пайдаланбай жатқан 120,0 мың гектар жер учаскесін Созақ аудандық жер қорына қайтару бойынша Облыстық басқарма тарапынан жоспарланып, 2023 жылдың 7 айында 58261 гектар жер учаскесі аудан қорына қайтарылды.

Үкімет Президенттің ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі тапсырмасын белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Бұл мақсатта «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып отыр, оның шеңберінде ауыл тұрғындарына жылдық 2,5%-бен 5-7 жыл мерзімге шағын несие беріледі. Жобаның орындалу барысы жуырда ғана ҚР Үкіметі Аппараты жанындағы «Ауыл Аманаты» жобалық кеңсесінің кезекті отырысында талқыланды. Жиынға Премьер-Министрдің орынбасары Т.Дүйсенова қатысты. Ауыл шаруашылығы министрлігінің өңірлердегі жобасының іске асырылу барысы және жергілікті атқарушы органдардың бөлінген несиелік ресурстарды игерілуі туралы есептері тыңдалды.

Мәселен, осы жылдың 13 қыркүйегінде 1388 ауылдық округті қамтитын 42 миллиард теңге сомасына 7429 шағын несие берілді. Оның 85%-ы мал шаруашылығы саласына (35,8 миллиард теңге), 7%-ы өсімдік шаруашылығына (2,8 миллиард теңге), 5%-ы кооперативтер үшін ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алуға және 2,6%-ы басқа бағыттарға (1,1 миллиард теңге) берілген.

Жиын қорытындысына сәйкес, Премьер-Министрдің орынбасары жауапты мемлекеттік органдар мен өңірлерге облыс, аудан, ауылдық округ деңгейінде жобалық кеңселер құру, цифрлық платформаны әзірлеу процесін жеделдету жөнінде тапсырмалар берді.

Барлық деңгейдегі әкімдіктерге жыл соңына дейін ауылдық округтерге скрининг жүргізу, олардың экономикалық мамандануын айқындау, сондай-ақ ауылдық кооперативтер құру жұмысын жандандыру тапсырылды.

Сондай-ақ Жамбыл және Ақтөбе облыстарының оң тәжірибесі ұсынылды. Онда жобаны іске қосу алгоритмінен бастап, ауылдық округтерге скрининг жүргізу, ауыл шаруашылығы кооперациясын құру, дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу тізбегін ұйымдастыру үдерісін реттей алды.

Күн тәртібінде қаралған келесі мәселе көп қабатты тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, білім беру мен денсаулықты сақтау ұйымдарының жылу беру маусымына дайындықтары жөнінде аудан әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Ербол Аманов баяндады. Бұл жөнінде жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ Таукент, Қыземшек кенттеріндегі орталықтандырылған жылу қазандықтарындағы жөндеу жұмыстары мен онда қажетті қатты және сұйық отынның жеткізілу барысын назарға алды.

Аудан басшысы салаға жауапты мамандарға жиында қаралған мәселелер бойынша қажетті шараларды сапалы әрі уақытында атқаруды және осы бағыттағы жұмыстарды әр кез бақылаудан шығармауды ескертті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin