
Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Дәстүр мен төлтума мәдениет – ұлттың рухани коды» атты мазмұнды кездесу өтті.
Кездесуді аудан әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова ашып, жүргізді. Жиын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Жұрттың діни сауатын арттыру керек. Азаматтарымыз шынайы исламның құндылықтарын білуі тиіс. Сол құндылықтарды халық арасында түсіндіріп, дәріптеу қажет» — деген тапсырмасын негізге ала отырып ұйымдастырылды.
Кездесу қонақтары – Түркістан облысының Дін істері басқармасы жанындағы Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Медет Мұзапбарұлы мен Сайрам ауданының бас имамы Арыстан Оспанов дәстүрлі ислам құндылықтары мен ұлттың рухани негіздері туралы мазмұнды ой қозғап, қатысушылармен пікір алмасты.
Шара барысында дін мен дәстүр сабақтастығы, ұлттық мәдениеттің тамыры тереңде жатқаны, төлтума болмысымызды сақтау мен дамыту мәселелері сөз болды. Қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар берілді.
Жиын соңында аудан әкімінің орынбасары Алтын Күнтуқызы: «Дін мен дәстүр – ұлттық бірегейлігіміздің мызғымас тірегі. Жастарымыз ұлттық болмысын, рухани байлығын терең түсініп, қоғам игілігіне қызмет ететін азаматтар болып қалыптасуы тиіс. Бұл жолда аға буынның бағыт-бағдары мен қолдауы маңызды рөл атқарады», – деп ой қорытты.
Жиынға зиялы қауым өкілдері, қоғамдық ұйым жетекшілері, жастар және белсенді азаматтар қатысты.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.