Түркістан облысы: Созақ ауданында «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке өтіп жатыр

Бүгін аудан орталығындағы Жібек жолы көшесінің бойында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы аясында жәрмеңке ұйымдастырылды.

Шара барысында көп балалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 20 баланың ата-анасына облыстық мәслихат депутаты Мағауия Тұрысбековтің демеушілігімен 50 мың теңгеден қаржылай көмек табысталды.

Жәрмеңкеге жергілікті кәсіпкерлер қатысып, кеңсе құралдары мен балалардың мектеп формаларын қолжетімді бағада тұрғындарға ұсынуда.

Айта кетейік, биылғы оқу жылы қарсаңында аудандағы атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың мектеп жасындағы 1250 балаға мемлекет тарапынан 43 мың 407 теңгеден 54 миллион 258 мың 750 теңге жеке көмек қарастырылуда.

Бұдан бөлек, аудан әкімі аппараты мен бюджеттік мекемелер тарапынан әлеуметтік аз қамтылған отбасынан шыққан 107 балаға оқу құралдары мен мектеп формалары, аяқ киімдері және сөмкелер табысталады.

«Мектепке жол» республикалық акциясы мектеп оқушыларын жалпыға бірдей міндетті біліммен қамтамасыз ету мақсатында 2024 жылдың   1 тамыз — 30 қыркүйек аралығында өткізіледі.

Қазақстан Республикасының әрбір азаматы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды мектепке дайындауда атаулы көмек көрсетуде азаматтық белсенділік таныта алады, әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады.

Акцияның мақсаты — аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан оқушыларға, жетім балаларға, сондай-ақ ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға оқу жылының басталуына дайындық кезінде материалдық қолдау көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке келмеуінің алдын алу.

2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында Түркістан облысында «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік осал отбасынан шыққан 60 693 балаға мемлекеттік қолдау көрсетілетін болады. Өңірдегі экономикалық есептеулер нәтижесінде әр балаға 43 407 теңгеден үлестіріледі. Сондай-ақ, «Amanat» партиясының Түркістан облысының филиалы әдеуметтік осал топ отбасыдан шыққан 16 балаға мектеп формасымен қоса оқу құралдарын алып берген. Одан бөлек, қоғамдық ұйым өкілі «Дәулеттен» ЖШС-і тарапынан жаңа оқу жылында 1-ші сыныпқа келетін 50 оқушыға көмек беруге ұсыныс білдіріп, тізімі жолданған. Бұл жайында таяуда өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлы мәлімдеді.

«Акция аясында 5 санаттағы отбасы балалары қолдау ала алады. Олар емлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға, жан басына шаққандағы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға, жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балалар мен білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына беріледі. Жоғарыда аталған санаттағы отбасының балаларына киім мен оқу-құралдарын алу үшін білім беру ұйымының басшысының атына баланың ата-аналары немесе заңды өкілдері өтініш беруі тиіс. Кейін ата-ана не заңды өкіл білім беру ұйымына сатып алынған тауарлардың атауы көрсетілген шығыстар туралы растайтын құжатты тапсыруы керек» — деді спикер.

Түркістан облысында биыл 50 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Түркістан облысында 2024-2025 оқу жылында орта білім беру ұйымдарының саны 1 060-қа артқан. Бүгінде өңірде 530 мың оқушы болса, оның 52 593-ы биыл 1-сыныпқа қабылданады.

«Жалпы, Түркістан облысында 121 мектеп күрделі жөңдеу жұмыстарын қажет етеді. Бүгінде 66 мектептің жобалық сметалық құжаты дайын. Биыл 22 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 5 мектеп 2024 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілмек. Өңірде «Жайлы мектеп» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жобасы» аясында 2023-2025 жылдары аралығында 49 мың орындық 63 мектеп салу жоспарланған. Ал 2024 жылы 22 900 орындық 29 мектеп қолданысқа беріледі. Сонымен қатар, «Жайлы мектептердегі» педагогтардың біліктілігін арттыру бойынша «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетімен» келісімшарт жасалып, қазіргі таңда 41 мұғалім білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек, жаңа оқу жылынан бастап облыстағы бастауыш сыныпта оқитын 187 832 бала бір реттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі», — дейді Жандос Маханбетов.

Осы ретте айта өтейік, жуырда ғана Түркістан облыстық Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Мектепке жол» акциясы өтті. Аталған шара 12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай жоспарланған. Шараға облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Ернар Бектаев қатысып, жаңа оқу жылына сәттілік тіледі. 100-ге жуық балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған сөмкелер үлестірілді. Акция барысында орталық мамандары қаланың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырылып, балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Негізгі мақсаты – көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, сондай-ақ ерекше балаларды қолдау және жаңа оқу жылы қарсаңында бірреттік көмек көрсету. Шара аясында халқымыздың салт-дәстүрін қастерлеу, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету, жас ұрпақ бойына рухани адамгершілік дәндерін себуге бағытталған шаралар жүргізілді. Жаңа оқу жылының қарсаңындағы игі бастама елімізде дарынды, білімді, алғыр, дені сау ұрпақ өсуіне ұйытқы болмақ. Еске сала кетейік, жалпы бұл акция 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Жақсылық жаса» ұранымен өткізіледі. Еліміздің азаматтары әрбір балаға шынайы қамқорлық пен назар аудара алады.Осы акция аясында қайырымдылық жасауға кәсіпкерлер, меценаттар және өзге де азаматтар қолдау білдіре алады.

Акция бойынша төмендегі талаптағы отбасының балалары көмек алады:

— жалпыға міндетті білім беру бағдарламасы аясында атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балалар;

— атаулы әлеуметтік көмек  алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардан шыққан балалар; 

— жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; 

— төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан және басқа санаттағы балалар; 

— қиын жағдайға тап болған, оның ішінде мүгедек балалары бар жағдайы төмен отбасылар.  

Бірінші бағыт бойынша бюджет қаражаты есебінен көмек берілетін болады. Ол үшін ата-аналар мектепке барып өтініш жазып, банкте арнайы шот ашуы қажет. Осы жылы жалпыға міндетті оқу қорынан көрсетілетін қаражаттың көлемі белгіленген. 

Екінші бағыт бойынша «Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша аудан әкімдіктерімен бірлесіп, демеушілік қаражаты есебінен әлеуметтік осал санаттағы балаларды қамту жоспарлануда. 

Материалдық көмекті ала алатын отбасыларға төмендегі санаттар жатады:

— көпбалалы отбасылар; 

— жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушылар. 

Егер отбасы аталған санаттарға жататын болса, онда балалардың ата-аналары мектепке растайтын құжаттарды ұсынуы керек. Қажетті құжаттар туралы ақпаратты мектептер ұсынады.

Мектеп дегенде еске түседі, Созақ ауданындағы 38 балабақшада (17 — мемлекеттік, 21 — жекеменшік) 4 171 бала тәрбиеленуде (мемлекеттік балабақшаларда — 2 480 бала, жекеменшік балабақшаларда — 1 691 бала).

Қазіргі таңда 2-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 98%-ды құраса, 3-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту 100%-ды құрап отыр.

2024-2025 жаңа оқу жылы қарсаңында 1-ші сынып табалдырығын 1 452 бала  аттамақ.

Еліміздің ең үздік білім беру мекемелерінің бірегейі “I-Qanat” мектебінде 4 оқушы білім грантын иеленіп, өз білімдерін жалғастыруда.

Өткен оқу жылында біздің облыс шәкірттері жоғары жетістіктерге қол жеткізді.         

Аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық ғылыми жоба байқаулары мен пән олимпиадаларында 14 оқушы — І орынды, 15 оқушы — ІІ орынды және 15 оқушы ІІІ орынды жеңіп алды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуға тиіс», — деп «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынғандығын атап өткен болатын. Осы орайда ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектептің 900 орындық құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Сонымен қатар, Құрманғазы атындағы шағын жинақты жалпы білім беретін мектептің 200 орындық жаңа ғимарат құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

2024-2025 жаңа оқу жылында жалпы 6 902 бала ыстық тамақпен қамтылған, оның ішінде 1- 4-ші сынып оқушылары — 5 849 бала.

Мектептерге бейнекамералар орнатылып, полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылады.

Мемлекеттік 35 білім беру мекемесі 100% дабыл батырмасымен қамтылып, жедел басқару орталығына қосылды. Кәсіби күзет қызметімен Нәзір Төреқұлов атындағы ІТ мектеп-лицей, «Созақ» мектеп-гимназия және Ісмет Кеңесбаев атындағы жалпы білім беретін мектеп қамтамасыз етілді.

700 оқушысы бар 8 мектепке (Алтынсарин, Әлімқұлов, Төреқұлов, Кеңесбаев, Созақ, Науайы, Бөкенов, Сүлейменов)  турникет орнатылды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin