Созақ аудандық «Мыңжылқы» мәдениет үйінде жергілікті атқарушы және құқық қорғау органдарының ұйымдастыруымен ауданның барлық білім беру ұйымдарындағы кәмелетке толмағандардың қатысуында «Тәрбиелі жастар – қауіпсіз қоғам» атты форум өтті.
Аталған шарада аудан әкімінің орынбасары Қалдыбек Оразов арнайы сөз сөйлеп, жастардың қоғамдағы орнының маңыздылығына айрықша тоқталып өтті.
Сонымен қатар, шараға арнайы қатысқан аудан прокуроры Ержан Қожабеков, аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев жалынды жастарға деген ізгі тілегін арнап, аудандық полиция бөлімі басшысының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Ержан Нұрғазиев қоғамдық тәртіптің жай-күйі және полиция жұмысы туралы баяндама жасады. Баядама барысында жол қауіпсіздігін сақтау бойынша рейдтік іс-шаралар тұрақты ұйымдастырылып, мектептерде құқық қорғау, төтенше жағдайлар, медицина, психолог мамандарының қатысуымен кездесулер ұйымдастырылғанын айтып өтті.
Сондай-ақ елдің үмітін арқалап, мақтанышына айналған, жастарға үлгі-өнеге болып жүрген спортшыларымыз ҚР Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, бокстан әлем чемпионы Біржан Жақып және спорттың бірнеше түрінен спорт шебері атанып, Халықаралық спорттық жарыстарда биік белестерден көрініп жүрген Акбар Елубайұлы жастарды білімге құштар болуға, спортпен шұғылдануға, руханият орталығының мәртебесіне лайықты, өнегелі болуға шақырды.
Айта кетейік, ұйымдастырылған форумның басты мақсаты оқушылар арасында құқық бұзушылық профилактикасы, жазатайым оқиғалар және өзге де өзекті мәселерді болдырмау, олардың алдын алу болып табылады.
Шара аясында тағылымдық мәні зор сахналық көрініс қойылып, аудан аумағындағы білім беру ұйымдарында білімі мен білігін қатар алып жүрген белсенді оқушылар арнайы алғыс хаттармен марапатталды.
Шыны керек, жастар – қоғамның үлкен қозғаушы күші, мемлекеттің дамуына серпін беретін қоғамның бір бөлігі. Сондықтан жастар мәселесі — мемлекеттің басты назарында. Оларға мемлекет тарапынан көрсетілер қолдау да ерекше. Біршама уақыт бұрын елімізде «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жастар саясаты туралы» тұжырымдама бекітілген болатын. Осы заңнамалық құжат бүгінде жастар мәселесін шешетін негізгі құжат болып, қызмет етіп келеді.
Қалалық және облыстық жастар ресурстық орталықтарының жұмысы тікелей жастарға кеңес беріп, көмек көрсетуге арналған. Онда жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар және бос жұмыс орындары жайында ақпараттар алуға болады. Сондай-ақ жұмыспен қамту орталығына тіркеуге тұру мүмкіндігі де қарастырылған.
Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жетіп, жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Осы орайда, елімізде жастардың біліктілігі мен білімін ел дамуы үшін қолдану жұмыстары да жолға қойылып келеді. Мемлекет тарапынан жастар мен жас отбасылардың экономикалық ахуалын жақсарту мен табыс деңгейін көтеру, ұзақ мерзімді несие берудің кезеңдік жүйесін енгізу, басқа да экономикалық көмек түрлері арқылы білім алу мүмкіндігін кеңейту, іскерлік белсенділігін арттыру, тұрғын жайы мен үй шаруашылығын толыққанды жабдықтау үшін құқықтық, ұйымдастырушылық жағдай жасалуда. Соның бір дәлелі, жоғарыда атап өткендей, жастарды қолдау орталығы болса, екіншіден, арнайы мемлекеттік бағдарламалар арқылы қолдауды атап өтуге болады. Мысал ретінде еліміздегі жас азаматтар мен жас отбасыларды жеңілдікті ипотекалық несиелеу, жас мамандарды жұмыспен қамтудағы жеңілдіктер, ауыл жастарына берілетін көпсалалы квота, ауылға барған жастарға көтерме көмектерді тізіп шығуға болады. Және мұндай мемлекет тарапынан жасалатын қамқорлықтар жыл өткен сайын артып келеді.
Жастардың жұмыспен қамтылуы да — мемлекетіміз үшін басты назарда. «Дипломмен – ауылға», «Бизнестің жол картасы», «Жұмыспен қамту-2020» және тағы басқа бағдарламалардың сәтті жүзеге асқанын атап өтуге болады. «Жас келсе іске» демекші, жастардың лауазымды орындардан табылуы да олардың еліміздің дамуы жолында өз орны барын және соны тиімді қолданып отырғанымызды байқатады. Жаңғыру арқылы жаңа әлемге бет түзеген елімізде жастар мемлекеттегі басты қозғаушы күшке айналып отыр. Маңыздысы — осы.
Елімізде білімді, білікті жастар қалыптастыруды көздеген мемлекетіміз «Болашақ» бағдарламасы арқылы жастарды шетелде оқытуға ден қойды. Ешбір елде жоқ бұл бағдарламаның алғашқы түлектері қазір еліміздің дамуы жолында жемісті еңбек етіп жүр. Дамыған елдердің артықшылығын үйреніп, бойларына сіңіріп, елге әкеліп, өз еліміздің игілігі жолында пайдалануды көздеген білімді, озық технологиямен қаруланған, ойы азат жастарымыз бәсекеге қабілеттілігін аңғартуда. Жастарды қолдау мемлекеттің болашағына жағдай жасау екені сөзсіз.
Бұдан бөлек 2023-2029 жылдарға арналған мемлекеттік жастар саясаты тұжырымдамасы қабылданды. Аталған тұжырымдама Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, жастар саясаты туралы заңға өзгерістер енгізілуіне байланысты әзірленді. Жеті бағыттан тұратын Тұжырымдаманың негізгі бағыттарының бірі – ауыл жастарын кәсіби тұрғыда дамыту, кәсіпкерлік арқылы олардың әлеуетін іске асыруға баса назар аудару. Оның аясында 2029 жылға дейін 1 миллионға ауыл жастарын жұмыспен қамту, 3,8 миллион жасты ресурстық орталықтар арқылы әлеуметтік қызметтермен қамту көзделген.
2029 жылға дейін қоғамдық кеңестерде жастар квотасын 20%-ға арттыру, жас мемлекеттік қызметшілердің көрсеткішін 25%-ға ұлғайту, 2,2 миллион жасты волонтерлік, қайырымдылық және экологиялық бастамаларға тарту жоспарлануда.
Негізгі мақсаттардың бірі – NEET санатындағы жастардың үлесі 6,7%-дан 3,5%-ға дейін төмендету. 2029 жылға дейін 18,2 мың жасқа жеңілдетілген несие беріледі.
Сондай-ақ 2,3 миллион жасты жұмыспен, 2,8 миллион жасты жоғары біліммен қамту көзделіп отыр.
Тұжырымдама 6 бөлім және 7 тараудан тұрады. Онда қазіргі жастар арасындағы өзекті мәселелер, оларға әлеуметтік желілердің әсері, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен жастарға патриоттық тәрбие беру бағытындағы талдаулар мен ұсыныстар қамтылған.
«Жастар саясатының тұжырымдамасы егеменді Қазақстанның жаңа сын-қатерлері тұрғысынан жастардың өзін-өзі дамытуға қолайлы жағдай жасауға бағытталған процестерді қамтиды. Сондай-ақ жастарды қоғамға әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан интеграциялау саласындағы негізгі міндеттер мен басымдықтарды айқындайды. Қазақстанның ұлттық экономикасының халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігі іс жүзінде адами капитал тұрғысынан республиканың болашағына салынған стратегиялық инвестициялар болып есептелетін жастардың даму жағдайына тікелей байланысты», — делінген құжатта.
Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпаратына қарағанда, тұжырымдамадағы жоспарларды кезең-кезеңімен орындау сапалы жастар саясатын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Тұжырымдама жастар саясаты саласындағы іс-қимылдардың бірыңғай алгоритмін құруға, құқықтық алаңда бекітілген жастар әлеуетін іске асыруды ынталандыру тетіктері мен құралдарын қайта қарауға және өзектендіруге мүмкіндік береді», — деп түсіндірме берілген тұжырымдаға.
Ведомство болжамынша, тұжырымдаманы іске асыру нәтижесінде 2027 жылға қарай кәсіпкерлікті дамыту жобаларына қатысатын жастардың үлесі 10% дейін артпақ. Бұған қоса, NEET санатындағы жастардың санын 5,8% дейін төмендету жоспарланған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.