Түркістан облысы: Созақ ауданында жалпыаудандық сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды

Тамыздың 17-сінде Созақ ауданы бойынша барлық ауылдар мен елді мекендерде «Таза Қазақстан» республикалық шарасы аясында сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды.

Көркейту-көгалдандыру жұмыстарын өз бақылауына алған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығының ішкі көшелері мен әлеуметтік нысандардың ауласын аралап, қосымша атқарылу керек жұмыстарды пысықтады. Жауаптыларға аралау барысында орын алған кемшіліктердің орнын толтыру мен санитарлық тазалық пен көгалдандыруға қатысты бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сенбілікке барлық мекеме қызметкерлері, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары жұмыла кірісіп, аялдамаларды, ішкі көшелер мен саябақтарды тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Бұған қоса су өткелдері, көпірлер, өзен, канал, бұлақ, арық бойлары тазаланып, көше бойындағы талдардың түптері әктелді. Түркістан бағытына шығар жол бойындағы “Жасыл белдеу” аумағындағы шөптерді отап, егілген тал көшеттерін күтіп-баптау, суару жұмыстары жүргізілді.

Жалпы, сенбілікке 1900-ге тарта мекеме қызметкерлері, тұрғындар мен белсенді жастар және 16 арнайы техника жұмылдырылды. 33 шақырым көше бойлары мен 18 шақырым аяқ жолдар ретке келтірілді. Өзен-көлдер мен арықтардың 9 шақырымы тазаланып, полигондарға сенбілік барысында 69 тонна қоқыс тасымалданды.

Сонымен қатар аудан орталығындағы Теріскей мөлтекауданының тұрғындары «Таза Қазақстан» шарасы аясында тазалық жұмыстарын ұйымдастырды. Тұрғын үй аулалары мен көше бойларын ретке келтіріп, тазалық жұмыстарына белсене атсалысты. Жол бойында негізсіз өскен арам шөптер мен қураған ағаштар оталды. Арық-атыздар мен тұрмыстық қалдықтар тазартылды.

Тазалық жұмыстарына 100-ге жуық жергілікті тұрғын мен ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлері атсалысып, 2 арнайы техника жұмылдырылды. 8,5 шақырымды құрайтын ішкі көшелері тазаланып, 8 тоннаға жақын қоқыс қалдықтары шығарылды.

Иә, елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында биыл сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда.

Аудан орталығының аумағы 5 секторға бөлініп, ондағы 144 көшеге жауапты мекемелер бекітілді.

Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 түп тал көшеттері отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 4,5 шақырымға артып, 10 500 дана қара тал егілді. Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды.

Қазіргі таңға дейін 405 шақырым ішкі көше бойлары тазаланып, 285 шақырымдық облыстық маңызы бар жолдар және 77,4 шақырымдық аудандық маңызы бар жолдар тазаланды.

33 аялдама сырланып, қалпына келтірілді.                   

1050 ретсіз өскен бұталар алынып, талдардың түптері әктелді.

27 шақырым аяқ жолдар тазаланып, саябақтар және скверлер ретке келтірілді.

58 дана жол белгілері сырланды.

Жалпы, сенбілік тазалық жұмыстарына 13 050 адам қатысып, 55 техника жұмылдырылды.

Осылайша барлық мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді.

Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

Ыңғайы келгенде, еске салар бір жайт, Түркістан облысында “Таза Қазақстан” іс-шарасында 23,5 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтың тапсырмасымен, облыс аумағында қоршаған ортаны көгалдандыру және абаттандыру жөніндегі іс-шараларды жандандыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуге бағытталған “Таза Қазақстан” ауқымды экологиялық акциясы өткізіліп жатыр. Бүгінгі таңда Түркістан облысы ПД-ның аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері белгіленбеген жерлерде қоқыс шығару фактілерін анықтау, полигондардан тыс сұйық қалдықтардың төгілуін болдырмау, абаттандыру ережелерін бұзудың алдын алу бойынша жұмыстар жүргізуде. 
Мәселен “Таза Қазақстан” акциясы кезінде, жалпы пайдалану орындарын ластағаны үшін 14315 адамға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Абаттандыру ережелерін бұзғаны және жасыл желектерді бүлдіргені үшін 5337 адамға ескерту жасалды, ал 230 адамға қатысты айыппұл салынды. Жолдардың, теміржол өтпелерінің және басқа да жол құрылыстарының зақымдану фактісі бойынша 3777 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды.  Бұдан бөлек тәртіп сақшылары құзыретті мемлекеттік органдармен және қоғамдық көмекшілермен бірлесіп, халық арасында әкімшілік құқық бұзушылықтарды болдырмау және анықтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса бермек.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin