Созақ ауданы әкімдігі, Созақ ауданы прокуратурасы, Созақ аудандық полиция бөлімі жергілікті халыққа арнап үндеу жариялады. Тұрғындар назар аударып, жан-жақты ақпарат алу мақсатында үндеу мәтінін тұтастай беруді жөн санадық.
«Құрметті аудан тұрғындары!
Қадірлі жерлестер!
Қазіргі таңда көпшіліктің алаңдатып отырған өзекті мәселе жол-көлік оқиғаларының көбеюі болып отыр. Бұл оқиғалардың көбісі адамдардың жарақат алуына, өліміне алып келуде.
Жол-көлік оқиғаларынан қанша бала ата-анасыз жетім қалды?! Қанша ата-ана баласынан айырылды?! Ал, құдай қағып, аман қалды дегенің өзінде қаншасы арбаға таңылды?! Өкінішті.
Адам өліміне алып келетін апаттардың көбі жүргізушілердің жылдамдықты шектен тыс арттырып, жол ережелерін сақтамаудан туындап жатады. Сондай-ақ, жол-көлік оқиғаларының көбеюіне автокөлік санының өсуі, жолдың жағдайы, жүргізушілердің тәртібі де әсер етуде.
Әрине, автокөліктердің көбейгені — халықтың әл-ауқатының жақсарғандығының көрінісі, алайда, көлік тізгіндегеннің барлығы темірдей тәртіпке бағынуы тиіс. Бауыржан Момышұлы айтқандай, «Тәртіпке бағынған құл болмайды».
Жасыратыны жоқ, кейбір көлік жүргізушілері жол ережелеріне атүсті қарайды. Көпшілігі жылдамдықты шамадан тыс арттырып, кейбірі қарсы бетке шығып кетіп жатады. Сондай-ақ, жүргізушілер жол бойындағы белгілерге назар салып, оның ережелерін сақтамайды.
Көлік жүргізушілер жылдамдықты 5 пайызға азайтқан жағдайда адам шығыны 30 %-ға кемиді. Ал мектептер мен тұрғын үйлердің маңында 20 км/с-қа дейін азайту қажет. Алдыңғы орындықта қауіпсіздік белдігін қолдану адам шығынын 50 %-ға азайтатынын зерттеулер дәлелдеген. Ал артқы орындықта қауіпсіздік белдігін тағу кісі өлімін 75 %-ға дейін болдырмайды. Сондай-ақ балаларға арналған қауіпсіздік құрылғылары балалардың жол-көлік оқиғасынан қаза табуын 54-80 %-ға дейін тежейді.
Ендігі жерде жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін жүргізушілер жол ережелерін қатаң сақтауы керек. Сондай-ақ, көліктің техникалық бақылаудан өтуін назарда ұстаған абзал. Жол-көлік оқиғаларына жол бойында бейберекет жүретін төрт түліктің де қатысы аз емес.
Сондықтан мал егелері де қолға ұстаған төрт-түліктеріне ие болып, қадағалап отыруға міндетті.
Қазіргі кезде ата-аналар балаларына «Мопед» мотоциклдерін алып беруде. Бұл көлік те жол-көлік оқиғаларының көбеюіне ықпалын тигізуде. Балаларының бір сәттік қуанышының соңы өкінішке алып келуде.
Сайып келгенде, жол-көлік оқиғаларының алдын алу үшін септігі тиер деген мақсатпен аудан жұртшылығына осы үндеуді арнап отырмыз».
Естеріңізде болса, өткен жылдың соңында сенатор Бибігүл Жексенбай жыл сайын екі мыңға жуық адам жол-көлік апатынан қаза болатынын айтқан. Тіпті, ол осы дерекке сүйеніп, Қазақстан Орталық Азия елдері арасында ең жоғарғы көрсеткіште деп мәлімдеді. Орталық Азияның кей елінің жабық дерекқоры сенатор сөзін растауға мүмкіндік бермегені рас, әйткенмен көлік апатының елішілік көрсеткіші дабыл қағарлықтай жағдайда екенін жасыра алмаймыз. Мысалы, наурыз айына дейін республика көлемінде 4 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Ал өткен жылғы сәйкес кезең, яғни 2023 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 2,5 мыңға жетпейтін. Ахуалдың ушыққанын осыдан-ақ байқауға болады.
Алдымен апаттың адами факторынан бастайық. Ел арасында «жүргізуші куәлігін сатып алуға болады екен» деген сыбыс бар. Шамасы сыбыс емес-ау, шындыққа жақын құпия. Олай дейтініміз, жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Халыққа қызмет көрсету орталықтарын тексеруде 60 мыңға жуық азаматтың жүргізуші куәлігін заңсыз алғанын анықтады. Ресми дерекке сенсек, тиісті мекеме мамандары 3 жыл бойы заңсыз куәлік сатып, 3 мың көлікті жалған құжатпен тіркеген. ХҚКО-ның бірнеше маманы 2011 жылдан бері жаңармаған жүйе арқылы заң шеңберінен тыс әрекеттерін жүзеге асырып келген.
– Компьютерлерге қашықтан қол жеткізу арқылы тұлғаларды ауыстыру және емтихан нәтижелері арқылы жүргізуші куәліктерін беру процесінде жемқорлық анықталды. Мәселен, 2022 жылы 9,4 мың автокөлікті тіркегені үшін 10,6 миллиард теңге жиналды, 2023 жылы заңдастыруды ескере отырып, 10,2 мың автокөлікті тіркеген кезде 91,3 миллиард теңге түсті, – деді Антикор мамандары.
Міне, сондықтан жыл өткен сайын куәлік алудың талабы қатаңдап, бақылау күшейді. Мемлекет заңсыз жүргізуші куәлігін алуды тежеу үшін жүйені автоматтандыруды жүзеге асыруда. Қоғамдық бақылау үшін бейнетіркеу енгізіліп, емтихандарды қайта тапсыру ережесі нақтыланды. Жаңа талапқа сәйкес, енді емтиханды қайта тапсыруға екі рет мүмкіндік беріледі. Өте алмасаңыз, 3 айдан кейін қайта бақ сынауға болады. Ал тыйым салынған заттарды пайдаланған жағдайда 6 айға мүмкіндіктен қағыласыз.
– Оқымай, куәлік сатып алу дегенге қарсымын. Көлік айдауды бүге-шүгесіне дейін меңгеріп, ережені ескеру керек. Бұл – жүргізушінің амандығына кепіл. Градус, жылдамдық шегі, жол ережесі мен белгілерін жадыда сақтау қауіптің алдын алады. Көлік жүргізуге қабілетті болғанмен, теориялық тұрғыда білімсіздік қателікке ұрындырады.
Жалпы, көлік жүргізудің де әдебі мен мәдениеті бар. Тіпті жолда өзге жүргізушілерге де құрмет көрсету — соның айғағы. Мәселен, жол-патрульдік қызметкерлерінің алдында кінәлі болмас үшін белбеуді таққандай кейіп танытады. Бұл ережеге қырын қарауды көрсетеді. Әйтпесе қауіпсіздік жеке бастың сақтығы үшін қажет емес пе?! Жол апаты кезінде ауыр жарақат алуға да — осы себеп. Бастысы, автомектеп оқып, көлік жүргізу дағдысын дамытуға кеңес беремін, – дейді автокөлік жүргізу куәлігін алуға ниеттеніп жүрген Шымкент қаласының тұрғыны Дина Мәлікқызы.
Жол ережесін сақтамауды абырой санайтындар бар. Қауіпсіздік белдігін тақпау, жылдамдық асыру, қарама-қарсы бетке өту, бағдаршамда басып озу бәсекеге айналғандай. Өкініштісі, көбі тек жол апаты орын алғанда ағат қылығын түсініп, бармақ тістеп жатады. Ал ол кез – кеш. Қанша өмірді қыршын қиып, шығындап алған мүлкін күл-талқан ету мәңгі сабақ болып қалмақ.
Сондықтан көлік жүргізу мәдениеті мен жол ережесін сақтау идеясы жиі көтерілуде. Жуырда Ұлттық құрылтай отырысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ережені сақтамауды жүгенсіздікке балап, тәртіп қатаң бақылауда болатынын жеткізген еді. Құқықтық мәдениет деңгейін аңғартатын айқын көрсеткіштің бірі – азаматтарымыздың көлік жүргізу мәнері екенін баса айтты.
– Жол жүру ережесін жаппай бұзудың және жол үстіндегі дөрекіліктің зардаптары аса ауыр боп тұр. Жыл сайын мыңдаған адам мен бала көлік апатынан қаза табады. Бұл – солардың жақын-жуықтары үшін ғана емес, тұтас еліміз үшін қайғылы жағдай. Заң бар жерде, тәртіп бар, – деді Президент.
Заң бары рас. Жол тәртібіне бағынбағандардың жаза арқалағанын көріп жүрміз. Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сүйенсек, өткен жылы 95 азамат масаң күйде көлік айдап, істі болған. Өкініштісі, оның ішінде 5-еуі кәмелетке толмаған балалар екен. Бұл – қылмыстық құқықбұзушылық.
Әкімшілік айып та қалыспайды.
Апатқа себеп болудың салдары ауыр. Жеңіл құтылудың өзі айыппұлдан басталады. Жол жүру қағидаларын бұзған жағдайда 10 АЕК айыппұл салынады. Материалдық шығын келтірген болса, 6 айға дейінгі мерзімде көлік құралын басқарудан шектеледі немесе 20 АЕК мөлшерінде ақша төлеу міндеттеледі. Егер де апат барысында адамды жарақаттап, денсаулығына жеңіл зиян тигізсе, 40 АЕК көлемінде айыппұл төлейді, болмаса 9 ай көлемінде көлік айдау құқығынан айырылады. Жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жағдайда 10 АЕК арқаласа, құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 15 АЕК-ке өседі. Мұның барлығы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте нақты көрсетілген.
Әрине, жалғыз кінәлі тарап жүргізуші десек, бұрыс болар. Жол апатына себеп болатын жаяу жүргінші баршылық. Рұқсат етілмеген тұстан жолды кесіп өту арқылы апатқа итермелеген жайттарды көріп жүрміз.
Аңғарсақ, апаттың бір себебі жол жайына тәуелді екен. Сапасыз салынған автожол жүргізушіні әбігерге салып, ойдым жолдан қашамын деп от басқан оқиға да аз емес. Болмашы себеп көрмеңіз, негізгі кемшілік те осы бағытта орын алатындай. Себебі кей сарапшы жолдың сапасы қауіпсіздікке тікелей әсер етеді деген пікірде.
Бұл ойға қосылмасқа шара жоқ. Мысалы, сапалы жолдар рейтингінде көш бастап тұрған Сингапур елінде апаттан қаза болатындар саны аз. Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сенсек, бұл мемлекет адам өлімі бойынша 179 елдің ішінде 174 орында тұр. Демек, адам қауіпсіздігі — алдыңғы орында, қаза көрсеткіші жоқтың қасы.
Ал Қазақстан ше? Жол сапасы мен қауіпсіздік қай деңгейде? Осы мәндес сауал көтерілсе, көбінің сын айта жөнелері белгілі. Бұл орында да. Неге десеңіз, елдегі жол сапасы адам аярлық күйде. Инфрақұрылым нашарлығы, жолдағы қауіпсіздік деңгейінің төмендігі салдарынан апат ұлғаюы. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, барлық жол-көлік оқиғаларының 73 пайызы елді мекендерде орын алады, яғни маңызды магистральда кемшілік бар деген сөз.
«Жол-көлік оқиғасының себебі көп. Маңыздысына тоқталайық. Алдымен жаяу жүргіншілер жолағы мен белгілердің дұрыс құрылмауын баса айтқымыз келеді. Сондай-ақ белгілерді жаңартпау, негізсіз орнату, жолдағы ықтимал оқыс оқиғаларды елемеу де мәселені күрделендіре түсуде. Бұл жерде ескеретін жайт, оқиға кезінде жаяу жүргінші көп зардап шегеді. Мысалы, елдегі жол-көлік оқиғаларының 25 пайызында жаяу жүргінші зардап шегеді. Осыны қаперге алсақ, автожолдағы жаяу жүргіншіге арналған белгілерді қайта қарауға тура келетіндей», – дейді сала мамандары.
Әрине, Үкіметтің де өз есебі, бақылауы бар. Апаттың белгілі бөлігі жол инфрақұрылымына байланысты екенін ескеріп, құрылыс пен жаңарту жоспарын жүйелі жүргізіп келеді. Кезең-кезеңімен мемлекеттік маңызы бар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізін жаңарту, көліктердің қарама-қарсы соғысуын болдырмау үшін үш мың шақырым жолды I техникалық санатқа ауыстыру, бөлу жолақтары мен тосқауылдарды орнату жұмыстары жүруде.
Жол-көлік оқиғаларына түрлі себеп итермелейді. Оның ішінде темір тұлпар тізгіндегендер жылдамдықты шектен тыс асыру, қарсы бетке шығу, ережені сақтамаудың әсері басым. Сондай-ақ жол бойына жайылып жүрген мал шығып, қозғалысқа кедергі келтіретін дерек те көп. Қаншалықты тәжірибелі жүргізуші болса да, техника кез келген уақытта істен шығуы мүмкін екенін ескеру қажет.
Қазір «Vision Zero» жол қозғалысы қауіпсіздігі жүйесі танымал. 1997 жылы Швецияда пайда болған жүйе апаттың алдын алуға бағытталған озық технология саналады. Мақсаты да айқын. Жаяу жүргіншілер мен велосипед жолын жақсарту, қиылыстарда қауіпсіздік жүйелерін орнату және жол жарығын ұлғайтуды басым бағытқа айналдырған. Қысқаша айтқанда, қауіпсіз инфрақұрылымдық жол қозғалысын қамтамасыз етеді.
Қазақстанда 2019 жылы «Vision Zero-ны» қолданысқа енгізді. Бүгінде айтарлықтай нәтиже бермесе де, бұл бағыттағы ізденіске жол ашқан болатын. Инженерлік, архитектуралық және технологиялық шешімдерді қолдану, сондай-ақ жол қозғалысына қатысушылардың жауапкершілігін арттыру арқылы көліктегі өлім мен ауыр жарақаттарды азайту негізгі меже саналады.
– Жүйе ұсынатын инженерлік, архитектуралық және технологиялық шешімдер көліктегі жол апаты мен жарақаттарды азайтуға көмегі көп. «Vision Zero-ның» жол қауіпсіздігін ұйымдастырудың әдеттегі тәсілінен басты айырмашылығы мәселелерді шешуде пәнаралық тәсілді алға тартады. Мысалы, дәстүрлі тәсілде негізінен көлік инженерлері мен жол полициясы ұсынған шаралар ескерілсе, «Vision Zero» жоғарыда аталған мамандардың ғана емес, денсаулық сақтау мамандарының, саясаткерлердің және басқа да мүдделі тұлғалардың пікірлерін топтастырады, – дейді транспорт инженерлері.
Түсінгеніміз, «Vision Zero» – жолды жобалаудың жаңа әдісі. Мұнда сала мамандары ғана емес, жанама қатысы бар бағыттағы сарапшылар пікірімен де санасады. Жүйенің қауіпсіздікке қатысты бірнеше ережесін мысалға алайық.
«Vision Zero» жолаушы жолағынан кемі алты метр қашыққа стоп-сызық белгілеу, қаладағы барлық қиылысқа бағдаршам орнату, жаяу жүргінші өткелдерін көбейту секілді ереже ұсынады. Сондай-ақ көлік ағынынан қоршап тұратын өткел жай сызық күйінде емес, қоршау күйінде жасалуы керек деген талап та жүйе шешіміне кіреді. Демек, жол-көлік қозғалысын барынша қауіпсіз қылу үшін «Vision Zero-ны» жетілдіріп, қолданысқа енгізу маңызды.
Расын айту керек, елдегі жол-көлік оқиғалары тек адам өмірі мен қоғам тыныштығына қауіп төндіріп қана қоймай, мемлекеттің имиджіне де кері әсер етеді. Өйткені туристер үшін саяхаттайтын мекеннің қауіпсіздігі маңызды. Сондықтан халықаралық қауымдастықтар жол апаты төңірегінде түрлі зерттеулер жүргізіп отырады. Мысалы, БҰҰ мәліметтеріне зер салсақ, жыл сайын әлемде 1,3 миллионға жуық адам жол апатынан қаза табады. Оқыс оқиға салдарынан қапияда өлім құшқандардың әрбір төртіншісі жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер. Ал шамамен 50 миллион азамат жарақат алады екен. Өміріне қауіп төнгендердің орташа жасы 5-тен 29-ға дейінгі азаматтар.
Ал Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингін бағдарласақ, жол сапасы бойынша Қазақстан 137 елдің ішінде 93-орында тұр. Ескере кетсек, елдегі әрбір төртінші көлік апаты осы сапасыз жолдардың салдарынан болады екен.
– Кейінгі 30 жылда жол апатынан көз жұмғандардың саны Ауған соғысынан қаза тапқан әскердің санынан төрт есе асып кетті. Жол апаты салдарынан болатын экономикалық шығынның көлемі жылдық ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын құрайды. Сарапшылардың пайымдауынша, мұндай оқиғалардың көбеюіне емтихан тапсырмай-ақ жүргізуші куәлігін оңай сатып алу мүмкіндігі себеп болып отыр. Мұндай «тегін емтиханды» мердігер компанияның қызметкерлері де, мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары да ұсынып жүр. Жыл сайын жол ережелері емтиханын тапсырушылардың саны орта есеппен 420 мың адамды құраса, ең төменгі жобамен олардың 10 пайызы, яғни 42 мың адам куәлікті сатып алады. Одан түскен қаражаттың көлеңкелі айналымы жыл сайын 8 млрд теңгеден асады. Жүргізуші куәлігін алу кезінде жемқорлыққа жол берілгендіктен бұл мемлекеттік қызмет түрін Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы құзыретінде алып тастау керек деген ұсыныс та айтылды. Сонымен қатар Ішкі істер, Цифрлық даму министрліктері, Мемлекеттік қызмет істері және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттіктерінің қатысуымен кеңесші орган құрылды. Оның үстіне елдегі жол сапасы да сын көтермейді. Бұл да жол-көлік оқиғаларының артуына сеп болып отыр, – дейді Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков.
Бұл мәселені шешудің негізгі жолы – жол қозғалысы ережелеріне дұрыс дайындау және үйрету. Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Президент те бұл мәселені сынға алған еді. «Кейінгі үш жылда жол-көлік оқиғаларының саны 9 пайызға өсті. Шын мәнінде, біз жыл сайын ірі елді мекендердің халқынан айырылып отырмыз. Бұл – еліміз үшін нағыз қасірет. Біз адамдардың өмірі мен денсаулығы ең басты құндылық екенін үнемі айтамыз. Сондықтан жағдайды түзеу үшін жүйелі шаралар қабылдау керек. Ең алдымен, барлық азаматтың назарын жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға аудару керек», — деді Мемлекет басшысы.
Өзекті мәселенің бір шешімі ретінде сақтандыру компаниялары көлік жүргізу сапасының факторын тарифке қосуды ұсынып отыр. Бұл үлгілі автокөлік жүргізушілері үшін сақтандыру қызметін арзандатуға мүмкіндік береді.
– Жалпы жол қауіпсіздігі туралы айтқанда, біз нені бақылай аламыз, нені бақылай алмайтынымыздан бастауымыз керек. Мемлекет қауіпсіздікті де, бақылауды да арттыратын инфрақұрылымды белсенді түрде құруда. Алайда ең алдымен бұл мәселеде көлік жүргізу мәдениетіне көп көңіл бөлу керек. Жол-көлік оқиғасын, тіпті адам шығынын тудыруы мүмкін кішігірім құқық бұзушылықтарға толық төзбеушілікті қалыптастыру керек. Астана және Алматы қалаларында бейнебақылау камераларын орнату жүргізушілерімізді қауіпсіздік белдіктерін тағуға, жылдамдық режімін сақтауға т.б. үйреткені анық. Сондықтан бұл векторды әрі қарай жалғастыру керек. Тек осы аралықта жол ережелерін тұрақты түрде ұстануы үшін сақтандырушыларға жол қозғалысы ережелерін бұзушылар туралы мәліметтерге қолжетімді ету қажет. Бұл әр азаматтың көлік жүргізу стилін көруге және оларды сақтандыру тарифтері арқылы ынталандыруға мүмкіндік береді. Бүгінде сақтандыру құнының көтерілуі жол қозғалысы ережелерін бұзу жол-көлік оқиғасына әкеп соққанда және сақтандыру төлемі болған жағдайда қолданылады. Бірақ құқық бұзушы жазадан құтыла алатын жағдайлар бар. Біріншіден, әлі күнге дейін жүргізушілер патрульдік полицияны және сақтандыру компаниясының қызметкерлерін шақырмай-ақ зардап шеккен тарап автокөлікті жөндеуді өтеу туралы келіседі. Екіншіден, тәжірибелі жүргізушілердің көмегімен ЖКО-дан аулақ болуға болады. Үшіншіден, кейбір жол қозғалысы ережелерін бұзушылар басқа жүргізушілердің апатқа түсуіне себепкер болады. Ал жаңағы жолда жүру ережесін бұзған азамат сытылып кетеді. Жол бойында апаттық жағдай туғызатын, өзгелерге қауіп төндіретін жүргізушілердің сақтандыру құнын арттыруды ұсынамыз, – дейді сақтандыру компаниясының өкілдері.
Айтпақшы, жол-көлік оқиғаларына үй жануарлары да себеп болады. Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметінше, республикалық трассаларда 300-ден астам қауіпті учаске бар.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, елімізде жануарлардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының көп тіркелген республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының учаскелерінде жол қызметкерлері жылқы мен сиырдың муляждарын орнатып жатыр.
Бізге шетелдік тәжірибені де ескеру қажет. Өйткені жолдарының құрылысы жағынан бізге ұқсас Оңтүстік Корея елінде жол апаттарымен жылдамдықты шектеу арқылы күреседі. Сол елдің ғалымдары жол-көлік оқиғаларын зерттей келе, жылдамдықты 10 пайызға қысқарту арқылы адам өлімін 50 пайызға азайтуға болады деген тұжырым жасады.
Жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері өзгеріссіз қалуда. Апатты жағдайға 90 пайыз жағдайда жүргізуші кінәлі екендігі анықталған. Алдыңғы жылы жүргізушілердің кесірінен 11 174 апат орын алған. Олардың 386-сы ішімдік ішкен немесе есірткі шегіп көлікке отырған. Кеңес Үкіметі кезінде автобус, троллейбустардың жүргізушілері отыратын кабинасына «Жүргізушіге кедергі келтірмеңіз!» деген ескертпе жазу ілінуші еді. Ол уақытта қоғамдық көлік жүргізушілері бар назарын көлік айдауға аударатын.
Бүгінде қоғамдық көлік жүргізушілерінің ұялы телефонмен сөйлесіп, тіпті хабарлама жазысып көлік айдайтынын көріп жүрміз. Ал қоғамдық көлікке көбінесе мектеп оқушылары мен зейнеткер қарттар мінетіні белгілі. Осы орайда шетелдік тәжірибеден үлгі тұтар мысалдар келтіруге тура келеді.
Жапонияның Toyota Motor корпорациясы KDDI телекоммуникациялық компаниясымен бірігіп, сондай-ақ Komeda кафелер желісінің қолдауымен Driving Barista деген құрылғы жасап шығарды. Бұл құрылғы жүргізушілерді көлікті айдау кезінде смартфоннан бас тартуға мәжбүрлейді. Жаңа мобильді қосымшаны кез-келген смартфонға орнатуға болады. Жүргізуші бұл қосымшаны пайдалану үшін көліке отырарда смартфонын төңкеріп қоюы керек.
Смартфон төңкеріліп жатқан кезде жүргізушіге жүрген уақытына қарай ұпай жиналады. Жүргізуші ұялы телефонды пайдаланбай 100 шақырым жүріп өтсе, Komeda кафесінен тегін кофе ішу мүмкіндігіне ие болады. Бұдан кейін жүргізушіге әрбір 200 шақырым үшін осы кафеден тегін кофе ішуге арналған купон беріледі. Ал жүргізуші көлік ішінде байқаусызда смартфонына қол созса, жинаған ұпайлары күйіп кетеді екен. Аталмыш жоба Жапониядағы ең көп жол-көлік оқиғасы тіркелген Айчи префектурасында жүзеге аса бастады.
Жол сапасы жөнінен әлемде алдыңғы орында тұрған Ұлыбритания жолда мерт болғандардың саны жөнінен ең төменгі көрсеткішке ие. 100 мың тұрғынға 5,4 деңгейде. Бұл елде 1970 жылдан бері жол-көлік оқиғасынан қаза тапқандар саны азайып келеді. Жаяу жүргіншілерді қағып кету оқиғасы 40 жылда 78 пайызға азайған. Бұл елде көлік айдап отырып темекі шегуге, тамақ ішуге болмайды. Ақпарат құралдарынан белгілі болғандай, Солтүстік Уэльсте автокөлік айдап бара жатып, макарон жегені үшін голландиялық жүргізуші сегіз аптаға қамалды. Жүргізушінің көлік ішінде тамақ жеп отырғанын полицей тікұшағы байқап қалған.
АҚШ-та да жол-көлік оқиғалары азаюда. Бұл мемлекеттің барлық штаттарында ұялы телефон ұстап көлік айдауға тыйым салынған. АҚШ-та көлік басқарып отырып ұрсысқан жүргізушілер туралы ақпаратты полицияға жеткізу үшін арнайы телефон нөмірі іске қосылған.
Иә, жол-көлік оқиғаларының алдын алу тек құзырлы органдардың жұмысы емес. Бұл бүкіл ел болып атсалысатын, қоғам болып ойланатын іс. Әсіресе оқушылар көшеден бағдаршамның жасыл түсі жанғанның өзінде келе жатқан көлік тоқтады ма, жақсылап қарап алып, өткені жөн. Өйткені соңғы кезде қала ішінде байқайтынымыз, кейбір автокөлік иелері жасыл жанса да, бірден тоқтамай, жылдамдығын тежей алмай, жолақтан асып барып тоқтап жатады. Оқушылар кешқұрым жалғыз өзі көшеге шықпағаны жөн. Өйткені бұл жұрттың жұмыстан қайтып, көшеге автокөліктер лық толатын мезгіл екені айтпаса да түсінікті. Кейбір жүргізушілердің жан-жағына қарамай бастырмалата жүретіні, кей адамдардың көлікті рұқсат етілмеген тротуарларға, мектеп, балабақша ауласына өте жақын қоятыны жасырын емес. Жалпы ауыл болсын, қала болсын, ересектердің барлығы жаппай автокөлік тізгіндеген заман болған соң, жаяу жүргіншілер көшенің қай бөлігінде болсын мұқият болғаны абзал. «Сақтансаң – сақтаймын» деген сөзді атам қазақ бекер айтпаған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.