Түркістан облысы: Созақ ауданында жылыту маусымына қатысты дайындық шаралары бақылауға алынды

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қыземшек кентіне арнайы барып, кентте атқарылып жатқан жұмыстарды өз бақылауына алды. Сапар барысын «Шолаққорған-су» МКК мекемесіне қарасты орталықтандырылған жылу қазандығында жүріп жатқан орташа жөндеу жұмыстарынан бастады.

Қазіргі уақытта жылу жүйесіне техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, орын алған осал тұстарын қалпына келтіруде.

Аудан басшысы сала мамандары мен жауапты бөлім, мекеме басшыларына жылуға қатысты қатаң талаптар қойды. Дайындық жұмыстарын уақытылы аяқтап, сапалы атқаруды ескертті.

– Жылуға қажетті шараларды дер кезінде қабылдап, аса жауапкершілікпен қарауды ескертемін. Бұған дейін өткен жылы кездескен кейбір кемшіліктер толықтай сарапталды. Ол бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Жұмысты үйлестіру керек. Босаңсуға уақыт жоқ. Басты мәселе — халықты маусымында сапалы жылумен қамту, — деген аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы кент ішіндегі кәріз сорғы станцияларын да аралап, жұмысымен танысты.

Аралау барысында жауптыларға станциялардағы кәріз сорғыларын жаңадан алмастыру жөнінде міндеттер жүктеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды тікелей бақылауында ұстайтынын айтты.

Айта кетейік, ағымдағы жылдан бастап Таукент және Қыземшек кенттеріндегі жылу жүйесі толықтай сұйық отынға ауысады. Бұған дейін жылу жүйесі мен (жылу трассасына) техникалық тексеру жұмыстары жүргізіліп, анықталған кемшіліктер бойынша жөндеу жұмыстары жүруде.

Бүгінге дейін Қыземшек кенті ішінде ішкі орамдық жылу құбырының 910 метр жылу трассасы мен жарамсыз қосалқы бөлшектері және 120 дана «задвижкалар» алмастырылып, сығымдау жұмыстарын жүргізу арқылы тексерістен өткізілді.

Сондай-ақ жылу қазандығы ішіндегі сорғылар мен сұйық отынды айдайтын жүйесі толықтай жаңартылды. Ғимарат ішіндегі қабырғаларды әктеу, сырлау жұмыстарымен қатар, тозығы жеткен есік, терезелер ауысты. Еденінің 1000 шаршы метріне бетон жаймасы төселді.

Аудан басшысы жылуға қатысты жұмыстардан соң, кент ішінде асфальт жабындысы төселетін көшелерді де аралады. Жауаптыларға жұмыс сапасына мән беріп, бұл бағыттағы жұмыстарды ширату керектігін айтты.

Естеріңізде болса, алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының барысы тамыздың 1-інде Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен отырыста да пысықталған болатын. Облыс әкімі жауапты басшыларға жылу беру кезеңіне дайындықты күшейтуді тапсырды.

– Жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктері шұғыл түрде көмір жеткізу, табиғи газға ауыстыру жұмыстарын жеделдетуі керек. Бюджеттік және әлеуметтік мекемелер, білім ұялары, мәдениет, спорт нысандары жылыту маусымына толық дайын болуы тиіс. Көмір тасымалдаушы мердігерлердің жұмысын қадағалап, көмірді мерзімінде жеткізіңіздер. Сапасына мән берілсін. Осы салаға жауапты басшылар тұрақты түрде штаб отырысын өткізіп, мәселені бақылауда ұстаулары қажет, – деді облыс әкімі.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбековтың айтуынша, Түркістан облысында алдағы жылу беру маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде. Жалпы облыста жылумен қамтамасыз ету бойынша 7 кәсіпорын қызмет көрсетеді. Олардың құрамында 1 жылу энергетика кешені, 34 орталықтандырылған және 1577 автономды қазандық бар. Аталған жылу орталықтары арқылы облыста 1279 білім, 668 денсаулық сақтау, 212 мәдениет, 9 жұмыспен қамту, 75 спорт нысаны және 737 көпқабатты тұрғын үй жылумен қамтамасыз етіледі.

Жылу энергетикалық кешендеріне қажетті отын көлемі анықталған. Алдағы жылыту маусымына 114,2 мың тонна көмір, 1 миллион литр дизель, 7,8 мың тонна мазут, 17 093 мың текше метр газ қажет. Жалпы жылыту маусымында тұтынылатын мазут көлемі — 7,8 мың тонна. Алдағы жылыту маусымына 17,3 миллиард теңге қаралып отыр. Оның ішінде 16,9 миллиард теңге бюджет есебінен бөлінген.

Облысқа қажетті көмірдің көлемі – 778,3 мың тонна. Оның ішінде бюджеттік мекемелерге қажеттілік – 104 мың тонна. Жылу беретін кәсіпорындарға – 4,8 мың тонна. Жеке тұрғындарға – 386,1 мың тонна. Өңірге көмір вагондары тұрақты келуде.

Мәжілісте білім, спорт, мәдениет және өзге де сала басшыларына көмір тасымалдау, қысқа дайындық мәселесі бойынша нақты тапсырма берілді.

Облыста табиғи газға қосу жұмыстары қарқынды жүргізілуіне байланысты тұрғындардың көмірге деген сұранысы 82 000 тоннаға төмендеген. Өткен маусымда 93 бюджеттік мекеме көмірден газға ауыстырылды. Көмір қажеттілігі 36 000 тоннаға төмендеп отыр.

Облыста 2023 жылы 60 газ нысанының құрылысы нысан аяқталды. 45 елді мекен, 11 шағын ауданда 111 876 халыққа табиғи газ берілді.

Осы ретте 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымының жақындауына байланысты Төтенше жағдайлар департаменті тарапынан да тұрғын үй секторларында профилактикалық іс-шаралар қарқынды түрде жүргізілуде. 2024 жылдың 15 тамызында облыс аумағында өрт қауіпсіздігі айлығы басталды. Осыған сәйкес өрттің алдын алу және қайғылы оқиғаларға жол бермеу мақсатында Департамент және Түркістан облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан есепке алынған 42 322 әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 90% тұрғын үйлері араланды. Өрт қауіпсіздігі айлығы аяқталғанша аталған тұрғын үйлер толық араланатын болады.
ТЖД қызметкерлері тұрғындардан тұрмыстағы өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауды сұрайды!

Тұтастай алғанда, Түркістан облысы бойынша алдағы жылыту маусымына дайындық іс-шаралары кестеге сәйкес атқарылуда және өңірлік штабтың тұрақты бақылауында. Жалпы, аймақта 34 жылу энергетика кешені және 1 622 автономды қазандық бар.

«Облыстың көмір отынына қажеттілігі 700,9 мың тоннаны құрайды. «ҚТЖ» АҚ ақпаратына сәйкес, қазіргі таңда облысқа 189,8 мың тонна көмір кіргізілген (27,1%). Шымкент қаласына жақын орналасқан Ордабасы, Бәйдібек, Қазығұрт, Сайрам аудандары Шымкент қаласындағы көмір қоймаларынан тасымалдайды. Ал облыстың жылыжайлары үшін қажетті көмір көлемі — 282,9 мың тонна. Жылыжай иелері қажетті отынды алу үшін тікелей «Шұбаркөл» АҚ-мен келісімшартқа тұрған. Сондай-ақ бюджеттік мекемелер үшін 99,8 мың тонна көмір сатып алу жоспарланып, бүгінгі күнге 91 пайызы жеткізілді. Қазір аймақта қара отынның тоннасы 19 850-22 000 теңгеден саудалануда. Бұдан бөлек, облысқа қажетті 7,8 мың тонна әлеуметтік мазутты ҚР Энергетика министрлігі тарапынан оператор мекемелері анықталып, бағасы бекітілді. Тасымалдау бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда, -дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Руслан Мұздыбеков.

Биыл мамыр айында Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылыту маусымының қорытындысы мен келесі жылыту маусымына дайындық мәселелері қаралған-ды. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің, өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың, сондай-ақ инфрақұрылымның тозу деңгейі жоғары бірқатар облыстың әкімдерінің баяндамалары тыңдалды.

Энергетика министрлігінің берген ақпаратына сәйкес, 2023-2024 жылдардағы күзгі-қысқы кезең кәсіпорындарда ірі апаттарға жол берілмей, тұрақты режимде өтті. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, барлық энергия көздері негізгі және резервтік отынның нормативтік қорымен қамтамасыз етілді.

Осы жылдың 4 айында өндірілген электр энергиясының көлемі өткен жылғы деңгеймен салыстырғанда 4%-ға артты. Сонымен қатар электр стансаларында бірқатар жөндеу жұмыстары 2023 жылдан бері аяқталмай қалған.

Биыл электр стансаларында 10 энергия блогын, 55 қазандықты және 45 турбинаны жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 1 энергоблокта, 1 қазандықта және 4 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 2 энергия блогында, 12 қазандықта және 2 турбинада әр түрлі кезеңдерде жөндеу жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ жалпы ұзындығы 20,9 мың км болатын электр беру желілерін және 423 жоғары вольтты қосалқы стансаны жөндеу жоспарланған.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ақпаратына сәйкес, жылумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы шамамен 13 мың км құрайды, олардың орташа тозуы – 53%, шамамен 7 мың км ауыстыру қажет. Ең көп тозған желілер Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында. Үкімет алдында 2030 жылға қарай тозған жылу желілерін 43%-ға дейін төмендету міндеті тұр. Биыл жылумен жабдықтау желілерінің 221 шақырымын жөндеу жоспарланып отыр.

Бұған қоса, жылу желілерінің тозу деңгейі өте жоғары, «қызыл аймаққа» жатқызылатын 12 қала белгіленген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша аталған қалалардағы жылу желілерінің орташа тозу деңгейі 73%-ды құрайды. Алдағы жылыту маусымын үздіксіз өткізу мақсатында аталған 12 қалаға 47,2 км жөндеу жоспарланған.

Премьер-министр Олжас Бектенов ірі апаттардың болмауына қарамастан, жылу көздеріндегі технологиялық бұзушылықтардың жиілеп кеткеніне назар аударды. Осыған байланысты Үкімет басшысы министрлер кабинетінің алдына бірқатар міндет қойды.

«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы алдымен апатты жағдайда тұрған 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстарын аяқтауды тапсырды. Энергетика министрлігі әр объект бойынша маған апта сайын баяндап отыруға тиіс. Бекітілген мерзімдерді өзгертуге болмайды. Қыс бойы жөндеу жұмыстарын жүргізуге мәжбүр болған Кентау мен Степногорскідегі және МАЭК пен «Топар» ГРЭС-індегі сияқты күрделі жағдайға жеткізбеу қажет. Жаз айларында күшейтілген режимде жұмыс істеу керек. Егер жұмыстар мерзімінде аяқталмай, сапасы төмендеп кететін болса, онда меншік иелерімен қатар, әкімдіктерге қатысты да шаралар қабылданатын болады», — деді Олжас Бектенов.

Жылу көздерін сапалы әрі уақытылы жөндеу үшін Үкімет тарапынан қажетті қолдау көрсетілуде. Премьер-министр Кентау, Риддер және Қызылорда қалаларындағы жылу көздерін жаңғыртуға резервтен 16 млрд теңге бөлу туралы қаулыға қол қойды, сондай-ақ Көкшетаудағы жылу қазандықтарын жөндеуге 816 млн теңге бөлінді. Қалған өтінімдер бойынша жұмыс жақын арада аяқталады.

Сонымен қатар энергетикалық сектордың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қосымша өзгертулер енгізілді. «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде биылдың өзінде қолданыстағы стансаларды жөндеу мен жаңғыртуға шамамен 327 млрд теңге тарту жоспарланып отыр.

«Қаржы бірінші кезекте әбден тозығы жеткен объектілер мен желілерді жөндеуге жұмсалуға тиіс. Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен әкімдіктерге қуат көздеріндегі, жылу және электр желілеріндегі жағдайға мұқият талдау жүргізіп, қосымша жөндеу жұмыстарының көлемін айқындауды тапсырамын. Нәтижесі туралы баяндаңыздар. Бұл ретте, республикалық, жергілікті бюджеттерден және инвестициялық бағдарламалар аясында қаржыландырудың тепе-теңдігін қамтамасыз ету қажет. Қазір негізінен республикалық бюджет қаражаты жұмсалуда», — деп тапсырма берді Үкімет басшысы.

Әкімдерге Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, монополистермен жұмыс жүргізіп, қаржыландыру бойынша ең оңтайлы тетіктерді ұсыну тапсырылды.

Премьер-министр Үкіметтің жергілікті жерлердегі жұмыстарды бақылауды күшейткеніне назар аударды.

«Жөндеу жұмыстарында қауіптер бар. Жергілікті жерлерде барлық әкімдердің жұмысын көріп отырмыз. Мысалы, Маңғыстау облысында МАЭК-тің 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмыстары 8-қаңтардан бері әлі күнге дейін басталған жоқ. Ұлытау облысы да Жезқазған Жылу электр орталығының қазандығын жөндеуге кіріскен жоқ. Әкімдер, сіздерге айтарым: жылыту маусымы бойынша штаб жұмыстарына атүсті қарауды доғарыңыздар. Объектілерге өздеріңіз шығып, жөндеу жұмыстарының барысын тікелей бақылауға алу керек. Сонымен қатар біздің елімізде жылу энергиясы өте көп ысырап болады, ол кейбір өңірлерде 20%-ға дейін жетеді. Бұл жылу мен энергияны үнемдеу тәсілінің дұрыс емес екенін көрсетеді. Бізде «Энергияны үнемдеу туралы» заң бар және барлық талаптар бекітілген. Олардың сақталуын қатаң бақылау қажет. Мен өңірлерге сапарым кезінде Президент тапсырмаларының орындалуын тікелей өзім тексеретін боламын. Жылу орталықтарын, қазандықтар мен жылу және электр желілерін қалыпты жағдайға жеткізу керек. Әсіресе, су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге баса көңіл бөлу қажет», — деді Олжас Бектенов.

Мәселені қарау қорытындысы бойынша Үкімет басшысы бірқатар нақты тапсырмалар берді:

Энергетика, Өнеркәсіп министрліктері мен өңір әкімдіктеріне жылыту маусымына дайындық бойынша барлық іс-шаралар жоспарын 15-мамырға дейін бекіту қажет. Орталық, солтүстік және шығыс өңірлерде 15-қыркүйекке дейін, ал қалған өңірлерде 15-қазанға дейін барлық инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің жаңа жылыту маусымына толық дайын болуын қамтамасыз ету керек.

Өнеркәсіп, Энергетика министрліктері мен өңір әкімдіктеріне барлық жылу көздерін отынмен уақытылы қамтамасыз ету қажет. Коммуналдық-тұрмыстық көмір қорын жаз кезінде жинақтап алу жұмысын жандандыру керек.

Сондай-ақ әлеуметтік блок министрліктеріне мамандар тапшылығы бар жылу және электр энергетикасы саласын кадрлармен қамтамасыз ету мәселесін пысықтау тапсырылды. Ол үшін Еңбек, Ғылым және Оқу-ағарту министрліктері осы саладағы еңбек нарығының ағымдағы жағдайына толық талдау жүргізіп, қажет болса тиісті мамандықтарға гранттардың санын көбейту керек.

«Оқу орындары жоғары білікті инженерлерді, энергетиктерді, гидротехниктерді, энергоаудиторларды, электриктерді және басқа да мамандарды даярлап шығаруы тиіс. Бұған қоса, аға буын кадрлардың білімі мен тәлім-тәжірибесін жастарға беру мәселесін қамтамасыз ету керек. Еліміздің тыныс-тіршілігіне қажетті барлық жүйелердің тұрақты жұмысы осыған байланысты», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Ал кеше Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды.

Жылу көздерін, инженерлік желілерді, әлеуметтік сала нысандарын дайындау және отын жеткізу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, көлік министрі Марат Қарабаев баяндады. Бірқатар облыс әкімдерінің баяндамасы тыңдалды.

Энергетика министрлігінің дерегіне сәйкес, биыл республика бойынша 10 энергоблокты, 55 қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Жұмыс түрлі кезеңде 1 энергоблок, 28 қазандық және 22 турбинада жүргізіліп жатыр, 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада толық аяқталды. Сондай-ақ 13,4 мың км электр беру желісі, 277 қосалқы станса, 2 292 тарату пункті жөнделді.

Сонымен қатар негізгі жабдықты жөндеуді бастау мерзімінің сақталмауы Қарағанды мен Маңғыстау облыстарындағы электр стансаларында байқалады. Министрлік жылыту кезеңіне дайындық қосымша назарда болатын энергетикалық кәсіпорындарды анықтады.

Үкімет басшысы жылыту маусымының басталуына бір айдан сәл астам уақыт қалғанын еске салды. Олжас Бектенов жұмыстардың ауқымды бөлігін ең соңғы күндерге қалдыру әдеті жұмыстың дұрыс жоспарланбағанын көрсететінін баса айтты. Мәселен, Қарағанды облысында № 2 қазандықты күрделі жөндеу аяқталған жоқ және «Qarmet» компаниясының 2-ші ЖЭО-дағы №1 қазандықты күрделі жөндеу басталмаған. Сонымен қатар №7 қазандықты жөндеу жұмыстары да бекітілген кестеден кешігіп жатыр, ал биылғы мамыр айында жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралғанда өңір әкімі аталған нысанды мерзімінде іске қосылады деп мәлімдеген.

Маңғыстау облысында МАЭК-тің 1-ші ЖЭО-сындағы №4 турбинаны күрделі жөндеу жұмыстары әлі жүріп жатыр. 2-ЖЭО-да құжаттар уақтылы дайын болмағандықтан, мердігерді анықтау мүмкін болмай отыр. Бұл ретте Үкімет МАЭК-ті дамытуға қомақты қаражат бөлді.

«Бекітілген жөндеу жұмыстарының кестесін ауыстыра салу, құжат дайындау және отын қорын жинау мерзімдерін сақтамау фактілері жылдан жылға қайталанып келеді. Әркім өз ісіне жауапты қарайтын болса, мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмас еді. Біздің отырыстарымыз бен кеңестерімізде облыс әкімдеріне осындай осал тұстарға назар аудару туралы бірнеше рет айтылды. Сонымен қатар жөндеу науқаны кезінде тәуекел тудыруы мүмкін нақты жағдайларды атап көрсетіп, шұғыл шаралар қабылдау қажеттігі туралы тапсырмалар да берілді. Алайда, 3 ай өтті, баяғы жартас – сол жартас, өзгеріс шамалы. Сол өңірлер әлі артта, сол баяғы кешіктіру, кейінге шегеру. Бүгінде Энергетика министрлігі кәсіпорындарға жылыту кезеңіне әзірлік паспорттарын бере бастады. ЖЭО әзірлік паспортын беруден бас тартылған жағдайда сол өңірлерде әкімдердің жетекшілік ететін орынбасарларының тікелей жауапкершілігі қаралатын болады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғыртуға, желілерді жоспарлы түрде ауыстыру және заманауи жабдықтар орнатуға қатысты ауқымды жоспарлы жұмыстың маңыздылығы айтылды. Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Энергетика министрліктерінің алдына мынадай міндет қойылды.

Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге жылу көздері мен жылу желілерінде жөндеу жұмыстарының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету тапсырылды. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі, өңір әкімдіктері 1 қыркүйекке дейін білім беру нысандарының толық дайындығын, ал 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры нысандарының әзір болуын қамтамасыз етуі тиіс. Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім, Денсаулық сақтау министрліктері де бұл мәселені бақылауға алуы қажет.

Үкімет басшысы осы жылыту маусымына дайындық барысын дұрыс ұйымдастыру мен үйлестіру мақсатында Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың басшылығымен жедел штаб құруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin