
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібіндегі бірінші мәселе көктемгі дала жұмыстарының барысы туралы аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қайырбек Мейірманов хабарлама жасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе аудан аумағын көркейту-көгалдандыру және тазалық жұмыстары бойынша тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысы Дәулет Құдайбергенов баяндады. Аудан әкімі аталған мәселелер бойынша ауыл, кент округ әкімдері мен жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді. Бос жатқан жерлерді игеру жұмыстарын қолға алып, көктемгі дала жұмыстарын толықтай бастау керектігін айтты. Сонымен қатар, аудан көлемінде алдағы бір айды тазалық айы ретінде жариялап, көркейту-көгалдандыру жұмыстарын одан әрі жандандыруды тапсырды.
Көгалдандыру демекші, аудан орталығында жаппай сенбілік жұмыстары ұйымдастырылып, тал көшеттері отырғызылды. Аудан әкімінің тапсырмасымен әкімдікке қарасты бөлімдер мен аудан орталығындағы барлық мекеме қызметкерлері Шолаққорған-Түркістан бағытындағы «Жасыл белдеу» аумағына жұмылдырылды.
Бүгінгі таңда «Жасыл белдеу» аумағын арттыру мақсатында жолдың екі шетінен 1,8 гектар жер арнайы тегістеліп, арықтар салынып, 2000-нан аса тал көшеттері отырғызылды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков аталған жұмыстардың басында болып, жауапты мамандармен тал көшеттері отырғызылған аумақты шарбақтармен қоршау, уақытылы суғару мәселелерін жан-жақты пысықтады. Сондай-ақ, өткен жылы отырғызылған тал көшеттерінің жай-күйін бақылап, ауыл округ әкімі мен жауапаты мамандарға күтіп-баптау жұмыстарын одан әрі жалғастыруды және аталған аумақты таза ұстау керектігін ескертті.
Айта кетейік, өткен жылғы көктем айында аудан әкімінің бастамасымен демеушілер есебінен 3 гектар жерге 3500 түп көшет отырғызылған болатын. Оның 2500 түп қара тал, 1000 түп гүжім талы. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалды. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Аудан басшысы аталған жұмыстарды биыл да қолға алып, «Жасыл белдеу» аумағын 1,8 гектарға арттырып отыр. Жаңадан қосылған аумақты қоршап, онда қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланып отыр.
Тағы бір атап өтер жайт, аудан орталығында демеушілер есебінен Жібек-Жолы-2, А.Спатаев көшелерінде кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы салынып, Абай елді мекенінде тұрғындарды 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында қосымша ұңғыма құдығы қазылады. Сонымен қатар, Ұлттық қор есебінен жүріп жатқан ауқымды жобалардың бірі, Шолаққорған ауылының Ақшам және Наурыз мөлтек аудандарын толықтай ауыз сумен қамту мақсатындағы жұмыстар жалғасуда.
Бұл бойынша аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шолаққорған ауылының ішкі көшелері мен Абай елді мекенін аралау барысында жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.
Алдымен кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңы салынатын орындарын арнайы бақылады. Жауаптыларға бей-берекет алынып, пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты тиісті жұмыстарды жүргізіп, реттеу бойынша нақты шаралар атқаруды тапсырды. Бос жатқан жерлерге қажеттілігіне қарай қоғамдық орындар, балалар ойын алаңын салу сынды жұмыстарды жандандыру керектігін тілге тиек етті. Осылайша Шолаққорған ауылын кешенді дамытуды қолға алу керектігін ескертті. Сондай-ақ су құбыры мұнарасының құрылыс жұмыстарын да назардан тыс қалдырмай, нысанның жай-күйімен танысты. Аралау барысында «Жасыл белдеу» мен «Абай» саябағына барып, аудан орталығын көркейтіп-көгалдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды да бақылады.
Айта кетейік, аудан басшысының бастамасымен «Жасыл белдеу» аймағы 1,8 гектарға ұлғайып, 2 мыңнан аса тал көшеттері егілді. Бүгінде аталған аймақты арнай шарбақтармен қоршау жұмыстары жүруде. «Абай» саябағында бүгінге дейінгі отырғызылған тал көшеттеріне 2 тоннаға жуық таза табиғи тыңайтқыштың сұйық және құрғақ түрі әкелініп, күтіп-баптау мақсатында жұмыстар жандануда.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы Шолаққорған ауылынан соң арнайы Абай елді мекеніндегі су құбыры мұнарасында болып, елді мекенді 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында қосымша қазылатын ұңғыма құдықтың жайын пысықтады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.