Түркістан облысы: Созақ ауданында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары үрдіске айналып келеді

Созақ ауданы аумағында экологиялық мәдениетті қалыптастыру жұмыстары үрдіске айналуда. Әр күні бөлім, мекеме қызметкерлері тазалықты жанына серік етіп, “Таза Қазақстан” шарасына белсене атсалысу үстінде.

Бұған қоса, жергілікті тұрғындар мен белсенді жастар да қоршаған ортаның тазалығына аса жауапкершілікпен қарап, тазалық жұмыстарын тұрақты түрде өткізіп келеді.

Бүгінгі ұйымдастырылған сенбілік жұмыстары барысында әлеуметтік нысандардың ауласы мен әр мекеме өздеріне белгіленген сектор аумағын абаттандырып, негізсіз өскен арам шөптер оталды. Аяқ жолдар ретке келтіріліп, тұрмыстық қалдықтардан тазартылды.

Сонымен қатар бүгін «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық шарасы бойынша «Созақ орман шаруашылығы» КММ-нің қызметкерлері Созақ, Шолаққорған және Мойынқұм алқаптарының орманшылық бекеттерінде тазалық жұмыстарын ұйымдастырды.

Шара барысында өрт маусымы кезіндегі қауіпсіздік ережелерін басты назарға алып, май жағылған немесе жанғыш заттар сіңірілген шыны заттары сынды тұрмыстық қалдықтарды тазартты.

Тазалық жұмыстарына 28 мекеме қызметкері мен екі арнайы техника жұмылдырылып, 2 тоннаға жақын қоқыс қалдықтары шығарылды.

Расын айту керек, «Таза Қазақстан» бағдарламасы облыс көлемінде уақытылы өткізіліп жатыр. Қазіргі таңда жалпы аудан, қалаларда 291 ауқымды іс-шарасы өткізілді.

Жыл соңына дейін бекітілген кестеге сәйкес, 807 тазалық шарасын өткізу жоспарланған. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың сөзіне сенсек, жалпы, барлық аудан, қалаларға кіреберіс аумақтары мен жолдардың бойы тазаланып, ретке келтірілген. Өткен аптаның ішінде, 10 ауданның 33 елді мекенінде ауқымды сенбілік өткізілген. Нәтижесінде 3 236 тұрғын қатысып, 554 қоғамдық жұмысшы тартылған. Сонымен қатар 59 техника жұмылдырылып, 66,8 тонна қоқыс шығарылды.

Түркістан өңірінде «Taza Qazaqstan» қосымшасы пилоттық режимде сәтті іске асырылуда. Бүгінде 320 өтінім түсіп, оның 297-сі орындалған. Қалғаны орындалу барысында, ал оннан аса өтінім мағынасыз болғандықтан қайтарылған. Бұған қоса қосымшаны кеңінен насихаттау жұмыстары жүргізілуіне байланысты, платформада өтінімдердің саны көбеюде. Бір аптаның ішінде 33,3%-ға өсіп отыр.

Өңір басшысы аталған ақпараттық жүйемен жұмыстарды жүргізу Президент Әкімшілігінің тікелей бақылауында екенін атап өтті. Аудан, қала әкімдіктері бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет деді. Апта сайынғы кеңестерде, өңірлердегі қосымшамен жұмыс деңгейі бойынша баяндауды тапсырды.

Айта кетейік, жалпы «Таза Қазақстан» бағдарламасының өтуі тұрақты қадағалануда. Облыс көлеміндегі республикалық және облыстық маңызы бар жолдардың бойындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінші кезекте қасбеттерін сырлау, әрлеу, біркелкі түске бояу және түрлі-түсті гамма жарықшамдарын қолдану бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Иә, республикалық экологиялық «Таза Қазақстан» акциясы Түркістан облысында қарқынды жүріп жатыр.

«Таза Қазақстан» акциясының басты мақсаты – үйіміз бен туған жерімізді таза ұстау, қоқыс шашпау, халық арасында экологиялық сауаттылықты арттыру, экологиялық мәдениетті сақтауды үйрету. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы сәуір айынан бері Түркістан облысы бойынша облыстағы 2500-ден астам білім беру ұйымында (1421 балабақша, 1052 мектеп, 50 колледж) экологиялық мәдениетті қалыптастыра отырып, отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, халықты қоршаған ортаны ластамауға, балаларды табиғатқа ұқыпты қарауға тәрбиелейтін 2000-ға жуық ашық сабақ, 650 кездесу, 960 «дөңгелек үстел» өткізілген.

Акция аясында облыста медициналық нысандардың аумағында 10 957 дана түп ағаш отырғызылып, 61 842 ағаш түбін әктеу жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ облыста орналасқан туристік нысандар аумақтарына санитарлық тазалау жұмыстарын ұйымдастыру бойынша әзірленген жол картасына сәйкес, Қ.Ясауи кесенесі, Отырар қалашығы, Үкаш-ата Кесенесі, «Шаға» туристік – рекрациялық орталығы, «Ақмешіт» жерасты үңгірі, «Домалақ ана» кесенесі мен бұлағы, Бибі мәриям кесенесі, Шахан ата кесенесі, Үкаша Ата кесенесі, Гаухар ана кесенесі, Арыс музей ғимараты, Шаммат Ишан музейі, Ерубаев музейі сынды киелі және тарихи орындарда тазалық акциялары ұйымдастырылды.

Сонымен қатар Түркістан облысы Волонтерлік ұйымдардың бастамасымен «Жас Түркістан» еріктілер ассоциациясы құрылып, «Бұл сенің өңірің» акциясы негізінде тимбилдинг өтті. Сондай-ақ, жастар «Taza Alem» ұлттық жобасы бойынша «Қоршаған ортаны таза ұстау — әрбір азаматтың борышы» тақырыбы аясында жазғы шомылу маусымдағы өзен, көл маңдарына тазалау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Облысқа қарасты аудан, қалаларда «Таза Жағажай», «Өз өмірің — өз қолыңда» тақырыбы аясында шомылу маусымындағы қауіпсіздіктің алдын алу мақсатындағы үнпарақшалар таратылды. «Эко волонтер» атты ерікті жастар киелі өлкелер мен өзен, тауларда қоқыс іздеу сайысы өтті.

Акцияға атсалысып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық 11 этно мәдени бірлестік мүшелері әр сенбі күні аумақтық сенбіліктерге белсене қатысып келеді. Этностар көп орналасқан Сайрам, Сауран, Жетісай, Мақтарал, Келес,Төлеби аудандарында Ассамблея жастары «Бірлігіміз жарасқан» тақырыбында плогинг сайыстары арқылы айналаны тазарту акцияларын дәстүрлі түрде өткізіліп отыр.

Сайрам ауданында «Қоқыстан құнды заттар жасау идеялары» жүзеге асырылып жатыр. «Generation» қоғамдық бірлестігі Сайрам ауданындағы білім беру ұйымдарымен бірлескен 36 экологиялық акция өткізді. Аталған акция бойынша 15 тоннаға жуық қайталама шикізат сатып алынып, қайта өңдеуге жіберілді. Бұл ретте, қоқысты арнайы жерге апарудың қажеті жоқ, бұл өз кезегінде оны апаратын жол мен жергілікті аймақтарды таза ұстауға өз септігін тигізді.

Топырақ суларын қорғау және жердің тозуымен күресу мақсатында Төлеби ауданы, Ленгір қаласында орналасқан мүгедек балалардың мектеп-интернаты үшін экосантуалет құрылысын жүргізу жоспарланды.

Облыста экологиялық бағытта 4 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. «Өгем» қоғамдық бірлестігін тарапынан табиғи аймақты сақтап қалу мақсатында экоагротуризмді дамыту бойынша жаңа жоба іске қосылды. Аталған жоба өңірге келген туристерге «жасыл» технологияларды күнделікті өмірге ендіру бойынша шебер-сыныптар көрсетіліп, демоучаскелерде 16 саяхат жүргізілді. Табиғи жолмен энергия көзін ашып, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша да бірқатар шаралар атқарылды. «Өгем», «ЭКО-Атамекен» қоғамдық бірлестіктері Сайрам-Өгем, Қаратау қорықтарындағы табиғатты қорғау мақсатында 7 экоакция өткізіп, жергілікті тұрғындар мен туристердің экологиялық мәдениетін қалыптастыруға ерекше ұлес қосты.

Алдағы уақытта «Қазавтожол» Ұлттық компаниясы» АҚ арқылы Түркістан облысы аймағында орналасқан ақылы автожолдардың бақылау бекеттерінен өткен автокөлік иелеріне «Құрметті жол жүргізуші, тазалық сақтап, жол бойында қоқыс тастамауларыңызды сұраймыз! Бұл – біздің Қазақстан, бұл – Таза Қазақстан!» мәтінді SMS-хабарламаларды жіберу жоспарланды.

Сонымен қатар облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Үлгілі ауыл» облыстық байқауы бастау алды. Бұл — өз кезегінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының жалғасы.

Байқау аудандық, яғни облыстағы 15 аудан, қалада байқаудың аудандық кезеңін өткізу үшін арнайы комиссиялар құрылып, 1 қыркүйекке дейін құжаттар қабылданады. Жеңімпаз ауылдар облыстық комиссияға ұсынылып, 1 қарашаға дейін «Үлгілі ауыл» жеңімпазы анықталады. Экологиялық акцияны табысты жүзеге асырған ауылдар арасынан жеңіп шыққан жүлдегерге бір әлеуметтік нысан салынады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы бағыттағы жұмыстар бір реттік акция емес, елімізді көгалдандыру және абаттандыру бағытындағы тұрақты түрде іске асырылатын жұмыстар болып жалғасын табады.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin