Түркістан облысы: Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын зауыт салынбақ

Бұл жөнінде Түркістанда облыс әкімдігі жанындағы өңірлік инвестициялық штабтың кезекті отырысында мәлім болды. Жиында облыс аумағында жүзеге асырылып жатқан және енді қолға алынатын жобалар талқыланды. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды әрбір инвестордың пікірін тыңдап, жобаға қатысты мәселелер бар-жоқтығын сұрады. Әкімдік тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін, бірақ, инвесторлар да өз жобаларын созбалаңға салмай уақтылы аяқтауы тиіс екенін жеткізді.

– Облыс әкімдігі жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай көмек керек болса, ол қолдау көрсетіледі. Ең бастысы, жұмыс жоспарға сай жүргізіліп, өндіріс орындары ашылуы тиіс. Әрбір жоба бойынша жауапты инвестормен жол картасы жасалады. Біздің тараптан және олардың тарапынан атқарылатын жұмыстардың орындалу мерзімі көрсетіледі. Егер жол картасындағы жоспардан кешіксе және жерді алып, пайдаланбайтын болса, басқа инвесторлармен келіссөз жүреді. Әр жобаның басшысымен жүзбе-жүз кездесіп, талқылап, қолдау көрсетуге дайынбыз. Жеңілдетілген несиелер бойынша да жауапты қаржы ұйымдарымен жұмыс жүргізіледі. Жауапты басқарма, аудан, қала әкімдіктері жер, инфрақұрылым мәселелері бойынша инвесторлармен тұрақты байланыста болыңыздар. Өңірде жаңа жұмыс орындарын көбейту – басты міндет, – дейді Дархан Сатыбалды.

Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Өзбекстандық «Global Textile» компаниясның директоры Музаффар Разаков кластерді дамытуға қажетті, ал, «Каз-Травертин» ЖШС-нің өкілі Бәйдібек ауданында травертин және қыш өнідірісі жобаларын жүзеге асыруға қажетті жер керек екенін айтты. Облыс әкімінің тапсырмасымен бұл мәселелер жақын арада шешілетін болды. Ал Шардара ауданында салынып жатқан жүгеріні терең өңдеу зауыты биыл күзде жүгері қабылдай бастайды. Бұл туралы жоба жетекшісі Шухрат Курбанов мәлімдеді.

Сайрам ауданында халықаралық талапқа сай «Gen Group Kazakhstan» жылыжайы жұмыс істеп жатыр. Мұнда көкөніспен қатар банан өсірілмек. 30 адам жұмыспен қамтылған. Сарыағаш ауданындағы «Бес Қара» ЖШС-нің мал бордақылау алаңы мен мал сою бекетінің де құрылысы жоспарға сай жүруде. Инвестштаб отырысында Түлкібас және Сауран аудандарында құс фабрикасын салу жобалары да талқыланды.

Созақ ауданында 250 адамды жұмыспен қамтитын күкірт қышқылын өндіру зауыты салынады. Оның жүзеге асу барысы сараланды. Сонымен қатар Ордабасы, Түлкібас, Төлеби, Шардара аудандары мен Кентау, Түркістан қаласында жүзеге асатын жобалар, салынатын зауыттар мен өндіріс орындарына қатысты инфрақұрылымдық түйткілдер де тарқатылды. Жалпы отызға жуық жоба қаралып, облыс әкімі тарапынан тиісті тапсырмалар берілді. Олардың арасында тұрмыстық қалдықтарды өңдейтін зауыт, киім фабрикасы, қарқынды бау, сусындар шығару, бу-газ станциясы, көкөністі терең өңдеу және өзге де инвестжобалар бар. Ал бір инвестор Түркістанда заманауи аквапарк ашқысы келетінін жеткізді. Өңір басшысының сөзінен көзіміздің жеткені, әрбір жоба бақылауға алынып, елге тиімділеріне тиісті қолдау көрсетіледі.

Айта өтейік, Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі өткен жылы 19 млрд. 671 млн. 500 мың теңгеге жеткен. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына — 429,2 млн. теңге, тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына 113,6 млн. теңге инвестиция тартылған.

Өткен жылы ауданда 14 275 гектар жерге егіс егілген. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы саласы үшін 25 жаңа техника сатып алынған. Ауданда ағын суды үнемдеу мақсатында Шолаққорған ауыл округінен «Атамекен» шаруа қожалығына 40 гектар, «Жанболат» шаруа қожалығына 12 гектар, Таукент кентінен «Сейілбек ата» шаруа қожалығы 10 гектар, барлығы 62 гектар аумаққа жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылған.

2022 жылдың қорытындысымен барлық санатта 35 445 мүйізді ірі қара, 288 829 қой-ешкі, 23 656 жылқы, 14 375 түйе, 25 587 құс өсіріліп жатыр. «Сыбаға» бағдарламасы аясында 5416 мүйізді ірі қара аналығы тұқымдық түрлендіруге тартылды. Фермерлік шаруашылықтар 3914 қой аналығын несиелендіру жолымен сатып алды. Ал биылғы I тоқсанның қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласындағы жалпы өнім көлемі 3 млрд 867 млн. 100 мың теңгені құрады. Бұл саланың негізгі капиталына биыл 46,6 млн. теңге инвестиция тартылды. Сондай-ақ, 11 920 гектар жерге егіс егілді. Бүгінде 3 техника сатып алынған.

Сондай-ақ Шолаққорған-Түркістан бағытында «Жасыл белдеу» аймағы ұлғайып келе жатыр. Демеушілер есебінен жол бойындағы 3 гектар жерге бүгінге дейін 6 мыңға жуық тал егілген. Тал көшеттері отырғызылған аумақ шарбақтармен қоршалған. Бүгінде өткен жылы отырғызылған тал көшеттері толықтай өніп тұр. Алдағы уақытта ол жерге қосымша бақша дақылдарын егу жоспарланған.

Сонымен қатар, өткен жылы 1207, биыл 28 жаңа кәсіпкерлік субъектісі ашылып, жалпы саны 4 792-ні құрады. Осы жылы инвестициялық 7 жоба іске асырылады. Атап айтсақ, өңдеу өнеркәсібі саласындағы «Созақ Фосфат» ЖШС минералды тыңайтқыштар өндірісі, «Састөбе» инновациялық комплексі ЖШС-нің тұз сақтау қоймасы, «Казатомөнеркәсіп» ҰАҚ АҚ күкірт қышқылын өндіру. Осы аталған 3 жоба биыл басталып, 2025 жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Ал агроөнеркәсіп саласы бойынша «Атамекен» ш/қ» мен «Дәмен» ш/қ — жаңбырлатып суару, «Қуаныш» ш/қ — органикалық тыңайтқыш Биогумус өндіру, ЖК «Б.Исаев» шағын сүт фермасы жобалары биыл аяқталады деп жоспарланған.

Одан бөлек, индустриалды аймақта 5 кәсіпорынға 10 гектар жер телімі берілген. Яғни «Uko-S Star» Уран тасымалдауға арналған болат бөшкесін шығару, «Uko-S Star» Металл құрастыру зауыты» ЖШС-і техникалық май тасымалдауға арналған болат бөшкесі, «Дархан-Ас» ӨК өз жұмыстарын жүргізіп отыр.
2021 жылдан өтпелі болып іске асырылған 4 нысанның құрылысы 2022 жылы толық аяқталды. Олар — Жуантөбе және Қаратау ауылдарының әкімшілік ғимаратының құрылысы, Шолаққорған ауылындағы Қожанов көшесі бойынан әкімшілік ғимаратына қосымша жай құрылысы, Аққолтық елдімекенінде 75 орынға арналған мәдениет үйінің құрылысы. Сондай-ақ, құрылысы жүргізіліп жатқан Созақ ауылындағы спорт алаңы биыл желтоқсан айында аяқталып, пайдалануға беріледі. Ал Қаратау ауылында жабық шағын футбол алаңының құрылысы басталып, ел игілігіне тапсырылды.

Созақ ауданында ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысымен ауданда 384 миллиард 137 миллион теңгенің жалпы өңірлік өнімі өндіріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 112 пайызға немесе 41 миллиард 355 миллион теңгеге артты. Есепті кезеңде аудан экономикасына 57 миллиард 830 миллион теңге инвестиция тартылды. Жергілікті бюджет кірістеріне ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне 10 миллиард 8 миллион 844 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 108,2 пайызға немесе 775 миллион 491 мың теңгеге өзіндік кірістер есебінен артығымен орындалды. Оның ішінде; трансферттер 2 миллиард 459 миллион 385 мың теңге, өзіндік кірістер 7 миллиард 549 миллион 459 мың  теңгені құрайды. Бюджеттің шығыс бөлігі 9 миллиард 363 миллион 347 мың теңгені құрап,  99,4 пайыз игерілді. Негізгі капиталға 485,8 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 34% орындалды (жоспар 1 366,2 миллион теңге). Тамақ өндірісіне 134,2 миллион теңге инвестиция тартылып, 51% орындалды (жоспар 261,7 миллион).

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin