Түркістан облысы: Созақ ауданының Шу ауылында кітапхананың жаңа ғимараты ашылды

Шу ауылдық кітапханасының жаңа ғимараты ашылып, ел игілігіне ұсынылды.

Шу ауылына арнайы барған аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен жаңа нысанның ашылуында құттықтау сөз сөйлеп, ізгі тілегін арнады.

— Кітап оқу мәдениетін арттыру қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен емес. Кітап адам баласының сан ғасырлық ақыл-ойының жемісі, тарихы мен тағылымының алтын сандығы. Бұл кітапхана осы жердегі рухани орталыққа айналады деген сенімдемін, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Сонымен қатар, ауыл қариясы Балтабай Жандаулетов жаңа нысан тұрғындар үшін ең керекті ғимарат екенін айтып, жаңа нысанның лентасы қиылды.

Айта кетейік, Шу ауылдық кітапханасының 17 726 кітап қоры бар. Оның қазақ тіліндегісі 13720-ны құрайды. Сөредегі әдеби, саяси, тарихи және психологиялық бағыттағы кітаптар оқырмандардың сұранысы бойынша жаңартылып отырады.

Тұтастай алғанда, Созақ ауданында қазіргі таңда 40 мәдени мекеме аудан халқына мәдени қызмет көрсетіп отыр. Оның ішінде 17 мәдениет үйі мен клубтар болса, 23-і — кітапхана.

2023 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін 3 мәдениет мекемесіне аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, жөндеу жұмыстары жүргізілді. Олар: Созақ ауылдық мәдениет үйі (ағымдағы жөндеу), Жартытөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу), Жуантөбе ауылдық клубы (жылу жүйесіне жөндеу).

Сондай-ақ, Ақсүмбе ауылдық клубын ағымдағы жөндеуден өткізуге сметалық құжаттар әзірленді.

Тасты ауылынан 75 орындық ауылдық мәдениет үйін салуға жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

2024 жылдың алғашқы 3 айында, яғни ағымдағы жылдың 25 сәуірінде «КАТКО» Қазақ-Француз біріккен кәсіпорны демеушілігімен күрделі жөндеуден өткен Шу ауылдық кітапханасының жаңа ғимараты ашылып, ел игілігіне ұсынылды.

 Ал 2024 жылы ағымдағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін Ақсүмбе ауылдық клубына бюджеттен қажетті қаржысы бөлініп, қазіргі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Тағы бір атап өтер жағымды ақпарат, биыл Шу ауылдық округінің ішкі көшелері 100 пайыз көше жарықшамдармен қамтылады. Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Шу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде осылай деді. Онда ауылдық округте жасалатын жұмыстарды кеңінен баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ауданда түрлі сала бойынша жүзеге асып жатқан ауқымды жобаларға да жеке-жеке тоқталып өтті.

— Биыл Шу аулдық округінде сұраныстарыңызға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Иманов, Сәтбаев және Наурыз көшелеріне көше жарықшамдар орнатылып, іске қосылды. Бұған қоса Әубәкіров және Иманбекұлы көшелерін демеушілер есебінен қамтимыз. Осылайша биыл Шу ауылдық округі 100 пайызға көше жарықшамдармен қамтылады, — деген аудан басшысы санитарлық тазалыққа қатысты шараларға да кеңінен тоқталды.

Жалпы аудан көлемінде көшелерді жарықтандыру бойынша көзге көрінетін тірлік байқалады. 2023 жылы аудандық бюджет есебінен 10 елді мекеннің (Шолаққорған, Жартытөбе, Созақ, Сызған, Қаратау, Қарақұр, Жуантөбе, Құмкент, Қыземшек, Таукент) көшелері жарықтандырылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. 2024 жылдың 3 айындағы көрсеткіштерді сараласақ, 2024 жылы жыл басында аудандық бюджет есебінен елді мекендерді жарықтандыруға 10 ауылдық округке (27 көшеге) (Шолаққорған, Жартытөбе, Құмкент, Сызған, Созақ, Қарағұр, Қаратау, Жуантөбе, Шу, Таукент) көше жарықшамдары орнатылды.

Аудан әкімі өз кезегінде тұрғындарды көшені таза ұстауға, тұрмыс қалдықтарын ретсіз тастамауға және тал көшеттерін отырғызып, туған жерді жасыл желекке айналдыруға жұмыла атсалысуға шақырды. Иә, елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда.

Аудан орталығының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеті отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 5 шақырымға артты.

Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылды.

Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді.

Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

Жиында сөз алған ауыл қариялары атқарылған жұмыстарға қолдау білдіріп, алғыстарын жеткізді. Бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша жүгініп, жұмыспен қамту мен әлеуметтік мәселелері бойынша өтініштерін жеткізді. Аудан басшысы көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, шешу үшін жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin