Бүгін «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Созақ аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы «Даңқ» саябағы мен аудан аумағындағы балық ауылдық округтерде сенбілік жұмыстары ұйымдастырылды. Аталған шараға аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков арнайы қатысып, аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосқан ардагерлерге алғысын жеткізді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов тұрғындарды «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдауға шақырды.
«Тазалықты алдымен өзімізден бастауымыз қажет. Ауылымызды таза ұстау, оны жасыл желекке бөлеу – біздің басты міндетіміз. Осындай игі шаралар арқылы келешек ұрпақты тазалыққа тәрбиелейміз», деген ақсақал шараның маңыздылығына тоқталып өтті.
Саябақта өткен тазалық жұмыстарына 50-ге тарда ардагер қатысып, ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға әрдайым ниетті екендерін жеткізді. Аумақты абаттандырды. Ұлы Отан соғысы кезінде қаза болған майдангерлер есімі жазылған белгітастарды тазалап, «Белгісіз жауынгер» ескерткішінің айналасын ретке келтірді. Тазалыққа қажетті 2 техника жұмылдырылып, шөптер мен қураған ағаштар оталды.
Сайрам ауданында да «Таза бейсенбі» апталық акциясы жалғасып жатыр
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылдық округіндегі Жаныс баба кесенесінің аумағын тазалаумен жалғасты. Тазалық шарасы барысында кесене маңы мен ауласын, көше бойлары мен бірқатар орындарды қалдықтардан тазарту жұмыстары жүргізілді.
Аталмыш акцияға «AMANAT» партиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, партия қызметкерлері, Қарамұрт ауылдық округі әкімдігі, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, Жастар ресурстық орталығы, «Жастар Рухы» ЖҚ белсенді жастары, қоғамдық қызметкерлер және БАҚ өкілдері қатысты.
Айта кетейік, ауданда әр бейсенбі сайын сенбілік ұйымдастыру тұрақты түрде жалғасын табуда. Акцияға қатысушылардың саны күн сайын артып келеді. Сондықтан сайрамдық тұрғындар тек сенбілікте ғана емес, күнделікті өмірде де аудан тазалығына белсене атсалысып келеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.