Шолаққорған ауылындағы С. Абуов көшесінің бойынан тұрғындар сұранысына орай «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» ЖШС-нің демеушілігімен салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Спорт нысанының ашылу салтанатында Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, шараға арнайы қатысқан «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьенге және «КАТКО» БК ЖШС-де Коммуникация және КӘЖ басқармасының бастығы Айжан Алдабергенова мен КӘЖ бойынша менеджер Шолпан Колдасбековаға арнайы алғыс хат табыс етіп, құрмет көрсетті.
— Бұқаралық спортты дамыту мен жас ұрпақ тәрбиесі қай заманда болмасын уақыт сөресінен түскен емес. Аудан жастарын жеке тұлға етіп қалыптастырып, болашаққа деген сенімін нығайту, ізгілікке, еңбекқорлыққа, тапқырлыққа тәрбиелеп, бос уақытын тиімді пайдалануға мүмкіндік беретін жобалар әр кез назардан тыс қалмайды. Қазіргі таңда аудан халқы «КАТКО» қазақ-француз біріккен кәсіпорнын әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті адал атқарып келе жатқан компания ретінде таниды. Жыл басынан бері кәсіпорынмен бірлесе отырып, жастар саясатын тиімді жүзеге асыру мақсатында бірнеше жобаларды іске асырдық. С.Қожанов атындағы ескі музей ғимараты балалар шығармашылық үйіне арналып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ғимарат қажетті жабдықтармен толықтай қамтылды. Енді, міне, кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасын ел игілігіне ұсынып отырмыз. Тек бұл ғана емес, аудан орталығындағы А. Спатаев көшесінің бойында салынып жатқан ойын алаңшасы да жақын күнде пайдалануға беріледі. Біз мұнымен шектелмейміз. Алдағы уақытқа да нақты жоспарларымыз бар, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьен өскін ұрпақ салауатты өмір салтын ұстанып, тәнін шынықтыратын орынға айналатынына өз сенімін білдірді.
Созақ ауданының Құрметті азаматы Бүркіт Арынбеков, ардагер ұстаз Бақыт Әметов ақ тілектерін арнап, ауыл қариясы Сатыбалды Ізбалаев батасын берді.
Шарадан соң аудан басшысы «КАТКО» БК ЖШС-нің бас директоры Паскаль Бастьенмен бірлесіп, тұрғындар сұранысына орай Жібек жолы-2 көшесінен ойын алаңын салуға қолайлы орынға барып, құрылысты бастау мәселесін пысықтады.
Айта кету керек, аудан әкімдігі мен «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ әлеуметтік жобаларды қолдау аясында бірлескен жұмыстарды тұрақты түрде атқарып келеді. Осы уақытқа дейін аудандағы ауылдық округтер мен кенттерде «Қазатомөнеркәсіп ҰАК» АҚ қарасты кәсіпорындар бірнеше «Street Workout» және балалар ойын алаңы мен әлеуметтік нысандар ашып, көше жарықшамдарын орнатуда. Ағымдағы жылы қосымша «Инкай» БК» ЖШС-нің демеушілігімен Қарабұлақ, Жеткіншек елді мекендеріне және Шолаққорған ауылының Ж.Ерімбетов көшесіне балалар ойын алаңын салу жоспарланып отыр.
Шараға ауыл тұрғындары, бірқатар бөлім, мекеме басшылары, сала мамандары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Сонымен қатар Шолаққорған ауылындағы А. Спатаев көшесінің бойынан да тұрғындар сұранысына орай салынған кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасының құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға берілді.
Спорт нысанының ашылу салтанатында аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков құттықтау сөз сөйлеп, ауданда спорт саласы бойынша қолға алынған жұмыстарға тоқталып өтті.
— Бұқаралық спортты дамыту — мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағыт бойынша аудан көлемінде ауқымды жобаларымыз бастау алып, тиісті шараларды атқарудамыз. Бұған дейін сіздердің кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасын салып бөру жөніндегі мәселелеріңіз бойынша «КАТКО» қазақ-француз біріккен кәсіпорнымен бірлесе жұмыс істеп, міне, игіліктеріңізге ұсынып отырмыз. Тек бұл ғана емес, аудан орталығындағы Жібек Жолы-2 көшесінің төменгі тұсынан да осындай ойын алаңының құрылысы басталды. Бұл жұмыстар орталықтан шалғай орналасқан ауылдарда да жүзеге асуда. Аудан жастарының бос уақытын тиімді пайдаланып, болашаққа деген сенімін нығайтып, ізгілікке, еңбекқорлық пен спортқа тәрбиелеуге мүмкіндік беретін жобалар біз үшін әр кез маңызды болып қала бермек, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.
Сондай-ақ аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев тұрғындарды жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, өскін ұрпақ салауатты өмір салтын ұстанып, ашылған нысан жастардың тәнін шынықтыратын орынға айналатынына өз сенімін білдірді.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов және спорт ардагері Жетілген Сармантаев ізгі тілектерін арнады. Спортты жанынына серік еткен жастарға жасалып жатқан мүмкіндіктер мен ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға айрықша тоқталып, алғыстарын жеткізді.
А. Спатаев көшесінің тұрғыны, ұлағатты ардагер ұстаз Қырмызы Сейітқызы – Біздің жеткізген өтініштерімізді аяқсыз қалдырмай, бүгінгі игі іске арқау болған азаматтарға барша тұрғындар атынан алғысымды білдіремін. Жастарымыз салауатты өмір салтын ұстанып, әлемдік додаларда биіктен көрінер спортшыларымыз көбейе берсін, — деп ақ батасын арнады.
Еске салайық, былтыр қарашада «Катко» БК» ЖШС-нің «Шаңырақ» вахталық лагерінде кәсіпорынның құрылғанына 25 жыл толуына орай мерекелік жиын өткен.
«Катко» қазақ-француз бірлескен кәсіпорны Созақ ауданының территориясындағы, яғни құмды алқапқа табан тіреп, Мойынқұм және Төртқұдық кен орындарын игеру мақсатында 2006 жылы өндірістерін іске қосып, өз жұмысын бастаған болатын. Осы жылдар аралығында мемлекет ұстанған саясатын жүзеге асырып, еліміздің экономикалық даму көрсеткіштеріне үлес қосып, халықтың әл-ауқатының көтерілуіне үлкен еңбек сіңірді. Уран өндіруде көшбасшы кәсіпорын Созақ ауданындағы ірі әлеуметтік жобаларға демеушілік көрсетіп келеді. Аймақтың дамуы үшін қомақты қаржы бөліп, тұрмысы төмен отбасыларды тұрақты түрде қолдап келеді. Тіпті мүгедектігі бар азаматтар мен ардагерлерді де назардан тыс қалдырмай, аудан орталығынан ашылған «Белсенді ұзақ өмір және Тең қоғам» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ашылуына демеушілік танытты. Сонымен қатар компания ішінде және жергілікті ауылдар да спортты дамытуға белсенді атсалысады. Ауданда балаларға арналған ойын алаңы мен спорт алаңдарының құрылысын қаржыландыруда. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен үлес қосып, компания жыл сайын ауданда 30-ға жуық қысқа және ұзақ мерзімді жобаларға көмек қолын созуда. Ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, мәдени көпшілік шараларды ұйымдастырып, жергілікті тұрғындардың өміріне жауапкершілікпен қарайды. Қазіргі таңда аудан халқы «Катко» кәсіпорнын әлеуметтің алдындағы жауапкершілікті адал атқарып келе жатқан компания ретінде таниды. Осындай өрелі өндіріс ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық даму жағдайын жеделдетіп, тұрғындардың тұрмыстық тіршілігін түзей түсетіні сөзсіз.
Айта кетейік, «Катко» – әлемдегі уран өндіретін ірі компаниялардың бірі. Осы компанияның негізінде құрылған қазақ-француз кәсіпорны 1996 жылдан бері Созақ ауданында уран өндірумен айналысады. Жылдық межесі 4 мың тоннаны құрайтын кәсіпорында бүгінде 1200 адам жұмыс істейді. Соның 55 пайызы – аудан тұрғындары.
Айта кету керек, Қазақстан Еуропа Одағымен тек қана мұнай-газ саласында емес атом, яғни уран өндіру саласында да әріптестігін нығайтып келеді. Қазір Қазақстанда уран әлемдік қорының шамамен 20 пайызы (1,6 миллион тонна) бар, ал оны өндіру бойынша еліміз Аустралия, Канадамен бірге алғашқы үштікке кіреді екен. Оған қоса, елдегі Өскемен металлургиялық зауыты атом станцияларына (негізінен Ресей АЭС-на) арналған жылу таблеткаларын шығаратын ірі әлемдік өндіруші. Сонымен бірге елде ең үлкен алты уран кен орны анықталған: Шу-Сарысу аймағы (Қазақстан қорының 60,5% құрайды), Солтүстік Қазақстан аймағы (16,5%), Іле аймағы (6%), Каспий маңы аймағы (1,8%), Балқаш маңы аймағы (0,4%).
2006 жылы Брюссель қаласында Қазақстан мен Еуроатом арасында атом энергиясын бейбіт жолда пайдалану жөніндегі әріптестік келісіміне қол қойылады. Бұл аталмыш саладағы әріптестіктің алғашқы баспалдағы еді. Қазір еуропалық уран нарығындағы Қазақстанның үлесі 3% құрап отыр, ал 2011 жылғы есептен Қазақстан бойынша уран өндірісінің 2010 жылға қарағанда 9% өскенін(19,450 мың тонна) байқауға болады. Сонымен қатар, 2008 жылы «Катко» деп аталатын біріккен қазақ-француз кәсіпорнының негізі қаланды. Ондағы «Қазатомпром» ҰАҚ үлесі 49%, ал «Арева» компаниясынікі 51%-ды құрады. Аталмыш кәсіпорын жылына 4 мың тонна уран өндіреді. 2010 жылы ел перзидентінің Францияға сапары барысында екі компания арасында тағы бір келісім жасалды. Ондағы шарттарға сәйкес 2014 жылы Үлбі металлургиялық зауытында жанармай құрастыру (топливная сборка) іске қосылмақ. Және француз компаниясының болжамына сүйенсек, келешекте зауыт қуаты жылына 1200 тоннаны құрайтын өнім шығаруды көздеуде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.