Түркістан облысы: Созақ ауданының орталығынан 200 орындық «Спорттық-сауықтыру кешенінің» құрылысы салынып жатыр

Созақ ауданының әкімі Мұхит Тұрысбеков аудан орталығынан салынып жатқан заманауи үлгідегі 200 орындық «Спорттық-сауықтыру кешені» құрылысының барысын бақылауға алды. Онда мердігер мекеме өкілдері және жауапты сала мамандары болды.

Аудан басшысы мердігер мекеме өкілдеріне өндірістік кестеден қалып қоймай, жұмысты барынша ширатып, сапасына мән беру керектігін айтты. Бұл жөнінде жауапты мамандарға бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Айта кетейік, жалпы ауданы 3 гектар болатын спорт кешенінің оқу-жаттығу базасы да барлық заманауи талаптарға сай. Кешенде түрлі облыстық, республикалық және халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге қолайлы жағдай жасалған. Екі қабатты ғимаратта волейбол және баскетбол алаңдары, күрес және аралас жекпе-жек пен боксқа арналған зал, бассейн, футболмен айналысуға арналған ашық спорт алаңы бар.

Расында да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Түркістан облысында бұқаралық спортты дамытуға және салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр.

Халықтың денсаулығын нығайту мақсатында өңірде соңғы 5 жылда 45 спорттық нысан бой көтерген. Мәселен, 2019 жылы Түркістан қаласында «Олимпиадалық резервін дайындау орталығы», 2020 жылы UEFA-ның халықаралық талаптарына сай 7000 адамға лайықталған «Turkistan Arena» стадионы қолданысқа берілді. Бұдан бөлек, 2021 жылы «Olympic Center» спорт кешені ашылса, 2022 жылы халықаралық теннис орталығы ел игілігіне тапсырылды. Елімізде теңдесі жоқ орталықта 11 теннис корты, көрермендерге арналған жиналмалы мінбелер, әмбебап және балалар ойын алаңы бар.

Бүгінде Түркістан қаласы спорт орталығына айналып келеді деуге әбден негіз бар. Сөзіміздің бір дәлелі – Түркістан тарихында тұңғыш рет қысқы спортпен кәсіби түрде айналысу үшін мүмкіндік жасалып отыр. Мұз сарайының құрылысы таяуда аяқталды. Спорт кешені 1200 көрерменге арналған, 30×60 метр көлеміндегі мұз айдынында шайбалы хоккей, мәнерлеп сырғанау, балалар арасында шорт-трек сайыстарын тамашалауға мүмкіндік бар.

Сондай-ақ, қазіргі таңда Бекзат Саттарханов атындағы спорт кешенінің қайта құру жұмыстары жүргізіліп, олимпиадалық үлгідегі ескек есу каналы бағытындағы спорт кешені бой көтеріп жатыр. Бұдан бөлек, өңірдегі аудандарда демеушілер, жеке кәсіпкерлер немесе ауыл тұрғындары тарапынан спорттық кешендер, футбол алаңдары, стадиондар, жаттығу және күрес залдары, жабық спорт кешендері қолданысқа берілген.

Жалпы, өңірде тұрғындардың спортпен айналысуына қолайлы жағдай жасалып жатыр. Қазіргі таңда облыста спортпен шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар саны 823 896 адамға жетіп, бұл өңірдегі халықтың 39 %-ын құрап отыр.

Тағы бір қуанышты жаңалық, Түркістан облысында 96 елдімекенге спорт нысандары «Қазақстан халқыны» қоғамдық қоры қаражатына салынуы мүмкін. Бұл туралы облыс әкімі Дархан Сатыбалды Үкімет отырысында айтты.

Премьер-министр Әлихан Смайылов Түркістан облысы әкімінен «облыста спорт инфрақұрылымымен қамтамасыз ету деңгейі бар болғаны 31%, ал республика бойынша орташа – 50%. Жағдайды жақсарту үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?» — деп сұрады.

«Спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында облыста бірнеше спорт нысаны салынды. Халықаралық теннис орталығының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Түркістан қаласында Мұз сарайының құрылысы жүріп жатыр, нысанды тамызда пайдалануға беру жоспарланған. (…) «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 18 елдімекенде дене шынықтыру нысанының құрылысы жүріп жатыр. Ішінде 4 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі», – деді облыс әкімі Дархан Сатыбалды.

Әкімнің айтуынша, Түркістан облысында спорт нысаны аса қажет 96 елдімекен бар. Бұл елдімекендерге модульді спорт нысанын салуға «Қазақстан халқына» қоры есебінен қаржы бөлу мәселесі пысықталып жатыр.

Айта кетейік, республика бойынша 43 мыңнан астам спорттық ғимарат болса, оның 23 мыңнан астамы ауылдық жерде орналасқан. Мәдениет және спорт министрлігінің хабарлауынша, биыл 113 жаңа спорттық нысан салу, 20 спорттық нысанды реконструкциялау, жұмыс істеп тұрған спорт объектілерін жете жарақтандыру жөніндегі 6 жоба бойынша жұмыс жалғасады.

     «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin