Биылдан бастап республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында ауыл азаматтарының тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие беріліп жатыр. Бүгінгі таңда аталған бағдарлама бойынша Созақ және Құмкент ауылдық округтерінен 70 азамат құжат тапсырып үлгерді.
Оның ішінде 53 азаматтаң құжаты 227,250 млн. теңгеге мақұлданып, 22 азамат 94,0 млн. теңге жеңілдетілген несие алды.
Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жандандыру мақсатында бүгін Созақ ауылдық округінде шаруалар мен кәсіпкерлік бастамасы бар тұрғындардың қатысуымен жиын өтті. Онда жеңілдетілген несиелер бойынша қажетті ақпараттармен бөлісіп, несиенің алу жолдары толықтай түсіндірілді.
Бұған дейін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков кәсіпкерлікті дамытуға арналған пилоттық жобаны ұтымды пайдалану бойынша сала орынбасары мен жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді. Бұл бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды күнделікті назарда ұстауда. Қазіргі таңда «Ауыл Аманаты» бағдарламасының екінші кезеңінде Шолаққорған және Жартытөбе ауылдық округтері ұсынылды. Кооперативтер құрылып, кооператив мүшелері тіркелу үстінде.
Орайы келгенде айта өтейік, Созақ ауылының тумасы Нұрбол Бейсүгіров ауылдан 20 шақырым қашықтықта түйе шаруашылығымен айналысады. 1970 жылдары негізі қаланған шаруашылықты дамыту мақсатында 2004 жылы «Нұрбол» шаруа қожалығын құрған.
Бұл — үш ұрпақтан жалғасып келе жатқан ата кәсіп. Созақтық шаруа бүгінде түйе басын көбейтіп, аудан халқын сапалы қымыранмен қамтып отырғандардың бірі. Бүгінде шаруашылықтың негізгі бағыты — айыр өркешті «Вactriаnus» түйесінің санын арттыру. Шаруа қожалығы 156,69 гектар аумақты қамтып отыр. Оның ішінде 150 гектар — жайылымдық, 3,19 гектар — шабындық, 3,5 гектар — суармалы жер. 8 адам жұмыспен қамтылып, қолайлы жағдай қарастырылған. Баспана және шаруаға қажетті техникалармен жабдықталған. Қазіргі таңда 30-дан астам түйені екі мезгілден сауып, тұрғындарды сапалы қымыранмен қамтып отыр.
– Шаруашылықтың ішіндегі тиімді бағыттарының бірі — түйе түлігін асырау. Түйе түлігі негізінен жайылымда бағуды, күтімді, жылы қора-жайды аса қажет етпейтіндіктен, басқа ауыл шаруашылық малдарымен салыстырғанда тиімді. Сонымен қатар, түйе еті мен сүті күнделікті сұранысқа ие өнімдер. Бұл кәсіппен ең алғаш атамыз айналысты. Содан бері бұл ата кәсіпті жалғастырып келеміз, — дейді шаруа қожалығының төрағасы Нұрбол Бейсүгіров.
Қожалық иесі 2009 жылы айыр өркешті «Вactriаnus» түйе кәсібін дамыту бойынша мемлекет тарапынан субсидия алған. Бүгінгі таңда мұнда 500-ге тарта түйе, 100-ден астам жылқы бар. Алдағы уақытта республика бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, кәсібін жандандыруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде қымыран өндірумен ғана шектелмей, ет өнімдерімен де айналысады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.