Түркістан облысы: Созақ ауданының Қаратау ауылдық округінде алда атқарылар жұмыстар айқындалды

Өткен жылы ауданда әр сала бойынша түрлі жобалар іске асырылып, аудан үшін табысты жыл болды. Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішін нақтылау мақсатында облысқа қарасты аудан, қалалар арасында рейтингі түзіліп, Созақ ауданы көш басынан орын алды.

Бұл бағыттағы жұмыстар биыл да қарқын алмақ. Осы жылы ауданда жүріп жатқан ауқымды жобалардың құрылысын аяқтап, бірқатар елді мекендерді орталықтандырылған ауыз сумен қамту, облыстық маңызы бар жолдар мен ішкі көшелерге орташа жөндеу жұмыстары және көшелерді жарықтандыру, абаттандыру сынды инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылады. Бұл жөнінде аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Қаратау ауылдық округі тұрғындарымен өткен есептік жиында баяндады. Сондай-ақ ауылдық округте атқарылар жұмыстарға да кеңінен тоқталып өтті.

Ағымдағы жылы Қаратау ауылдық округіне қарасты Сарыжаз елді мекеніндегі ауыз су құбыры желілерінің құрылысы аяқталып, елді мекен орталықтандырылған ауыз сумен қамтылады. Бұған қоса ауыл тазалығын ретке келтіру мақсатында Қаратау ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигонның құрылысы жүруде. Сарыжаз және Ақсүмбе елді мекендерінің ішкі көшелеріне көше жарықшамдары орнатылып, Ақсүмбе ауылдық клубына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осылайша Қаратау ауылдық округінде іске асатын жобалардың жалпы құны 700 миллион теңгеге жуықтайды.

Жиында тұрғындар бірқатар ұсыныс-пікірлері мен түрлі сала бойынша сауалдарын жолдады. Аудан басшысы айтылған әрбір мәселенің маңыздылығын ескеріп, шешу жолдарын жауапты мамандармен бірлесе талқылады. Бірқатар тұрғындар жеке мәселелері бойынша да жүгінді. Жұмыссыздық бойынша жүгінген тұрғындардың мәселесі оң шешімін тауып, өз алғыстарын жеткізді.

Жиынға аудандық мәслихат төрағасы Ордабек Жәмиев, бөлім, мекеме басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан басшысы есептік жиыннан соң ауыл қарияларымен бірлесіп, Қаратау ауылында қатты тұрмыстық қалдықтар тастайтын полигон құрылысының жұмыс барысымен танысты.

Осы орайда Қаратау ауылдық округінің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы да кеңірек сөз қозғағанды жөн көріп отырмыз. Алдымен бюджет қоржыны хақында. Ауылдық округ әкімі Оразхан Нысанбекұлы Ермахан ұсынған мәліметтерге жүгінсек, 2023 жылы жергілікті бюджетке 77 миллион 572 мың теңге қаржы түсіп, жоспар 100 пайызға орындалған.

Ауыл шаруашылығы саласында Қаратау ауылдық округі бойынша 30 шаруа қожалығы  жұмыс істеп тұр.  2023 жылы 242 гектар егістік жер игеру жоспарланса, шаруалар 242 гектар алқапқа егін егу жұмыстарын жүргізіп, егін егу жоспары  100%-ға орындалыпты. Бірқатар ақпараттарды төменде кесте түрінде беріп отырмыз.

Қаратау  ауылдық  округі  бойынша  2023 жылы  егілген  егіс  жайлы
Дәнді дақылдардың атауы Егістік алқабы, гектар
2023 жылғы тапсырма 2023 жылғы орындалуы Орындалу  пайызы
Картоп 35 35         100
Көкөніс 27 27 100
Бақша 33 33 100
Жүгері 60 60 100
Жоңышқа 87 87 100
БАРЛЫҒЫ 242 242 100

Ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға келсек, 2023 жылы «Алманат» шаруа қожалығы «Беларусь МТЗ-892-2» тракторын жүк тиегіш құралымен  және «Қорғанбайбұлақ» шаруа қожалығы  1 дана «ST-190» маркалы  шөп оратын (ротор) техникаларын алып, шаруашылық жұмыстарына пайдалануда.

Ауыл округі бойынша 2024 жылғы 1 қаңтардағы мал саны төмендегіше:

Мүйізді ірі қара — 2730 бас, қой-ешкі — 16088 бас, жылқы — 1769 бас, түйе — 1383 бас, құс 2407 басты құрап отыр.

Мерзімі 01.01.2023 жылы 01.01.2024 жылы Айырмасы (+ -)
Мүйізді ірі қара 2415 2730 +315
Қой, ешкі 15843 16088 +245
 Жылқы 1230 1769 +539
 Түйе 1295 1383 +88
Құс 2256 2407 +151

Тұтастай алғанда, Созақ ауданында ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірқатар тындырымды тірлік бар. Мәселен, өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Шолаққорған, Созақ, Құмкент, Жартытөбе ауылдық округтері қатысқан. Аталған ауылдық округтерден ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері құрылып, жеңілдетілген несиемен қамтылып 88 миллион 850 мың теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алды.

«Ауыл аманаты» жобасына 277 жоба тапсырылып, 210 жоба 1 миллиард 169 миллион 410 мың теңгеге несие алды.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы деректерге үңілсек, 2024 жылы аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін Қаратау, Қарақұр, Сызған және Шолаққорған ауылдық округтері ұсынылып, қатысып отыр.

Негізгі капиталға 678,1 миллион теңге инвестиция тартылып, жылдық жоспар 100% орындалды (жоспар: 677,8 миллион теңге).

Тамақ өндірісіне 205,8 миллион теңге инвестиция тартылып, 101,2% орындалды (жоспар: 203,3 миллион)

Егістік жер көлемі 14 390 гектарға игеріліп, 100,6% орындалды (жоспар: 14 300 гектар).

Жерге тамшылатып суару әдісі 5,2 гектарға енгізіліп, 104%-ға орындалды (жоспар: 5 гектар).

30 бірлік ауыл шаруашылығы техникалары алынып, жоспар 100% орындалды.

Жаңбырлатып суару әдісі 164 гектар жерге ендіріліп, 100% орындалды (жоспар: 164 гектар).

4 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, меже (100%) орындалды.

8 дана жоғары отбасылық құс фермасы 500 бастан ашылып, 33%-ға орындалды (жоспар: 24 ферма).

Сонымен қатар, 2023 жылы 13 127 тонна ет, 16 429 тонна сүт, 2 470 мың дана жұмыртқа өндірілді. Сондай-ақ, жыл қорытындысына сәйкес Созақ ауданында мүйізді ірі қара 36 129 бас, қой 245 338 бас, ешкі 23 540 бас, жылқы 30 115 бас, түйе 15 072 бас, құс 25 037 басты құрады.

«Ауыл аманаты» пилоттық жобасы аясында Қаратау ауылдық округінің  тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Иә, «Ауыл аманаты» жобасы бүгінде ауылдықтарға үлкен үміт сыйлап келеді. Пилоттық жоба ретінде басталып, сәтті жүзеге асқан бағдарламаның биылғы қаражатының басым бөлігі су үнемдеу, құс, балық, мал шаруашылығына беріліп жатыр. Жобаға қатысуға ниеттілер бекітілген талапқа сай құжат тапсырып, жеңілдетілген 2,5 пайыздық несиеге қол жеткізу арқылы кәсібін дөңгелете алады. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде Созақ ауданы Шолаққорған ауылының тұрғыны Шора Ерназаров аталған бағдарлама аясында 8,6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, Көкбұлақ қойнауында орналасқан өзінің жеке тоғанына 5 мың кемпірқосақ форелінің шабақтарын әкеліп салды. Ауылдықтар үшін жаңалық болған бұл бастамаға қолдау білдіріп жүрген топ тоғанға форель шабағын жіберу сәтіне қатысып, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Балық шаруашылығымен айналысуды қолға алған кәсіпкер алдағы уақытта екінші қосымша тоғанына 12 мың сазан шабағын салуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, форель лосось тұқымдасына жататын тұщы су балығы саналады. Әлемде танымал форелдердің қатарына жататын балық ақшыл-қызғылт түсті, еті жұмсақ. Негізінен бұл балық түрін оның бүйіріндегі ашық қызыл жолағы арқылы айыруға болады. Ауданға әкелінген бұл балық түрі Балтық елдерінің көптеген су қоймаларында, сондай-ақ Қара теңізге құятын өзендерде кең таралған. Өзен сағаларында, таулы өзендерде бассейндер мен тау өзенінде жүзгенді ұнататын, әрі қыс мезгілінде ұрық шашатын кемпірқосақ форелі Созақ ауданының табиғатына жерсініп кетеді деген сенім бар.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы кәсібін дөңгелетіп отырған созақтықтар арасында Құрманбек Маюсов та бар. Жартытөбе ауылының тұрғыны жоба құны 5 миллион теңгені құрайтын термопанель өндірісін қолға алған. Қазіргі уақытта алғашқы тапсырыстарын алып үлгерген кәсіпкер 3 азаматты жұмыспен қамтып отыр.

Сондай-ақ, Қызылкөл ауылының тұрғыны Бақытхан Ердешұлы да жоба көмегімен тігін шеберханасын ашқан. Ол 7 300 000 теңге көлемінде несие алып, тігін цехын ашқан. Бүгінде цех ауылда ғана емес, аудан көлемінде тапсырыс қабылдап келеді. Алдағы уақытта өндіріс көлемін арттыруды да көздеп отыр. Бұдан бөлек, Жартытөбе елді мекенінің тұрғыны Жамал Балакүл «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 6 миллион теңге несие алып, жаңа жылыжайды іске қосуда. Үйіргелік диқандықты қолға алған кәсіп иесі қазіргі таңда 1 гектар жерге қызанақ пен қияр егіп, жылына екі рет өнім алуды жоспарлап отыр.

Естеріңізге сала кетейік, «Ауыл аманаты» бағдарламасы Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде жүзеге асырылып жатыр. Оның басты мақсаты − еліміздің барлық өңірлерінде ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Ауыл тұрғындарына микрокредиттер жылдық 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен беріледі. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бағдарлама аясында 12,2 млрд теңгеге 75,5 мың шағын несие беріліп, 12 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Түркістан облысына келетін болсақ, өткен жылды мұнда 3 256 миллиард теңгеге 19,8 жоба қаржыландырылды, 3 413 жұмыс орны ашылды. Кооперативтер негізінде жеке қосалқы шаруашылықтарды дамытуға басымдық берілді.

Мәселен, Қарнақ ауылындағы «Тәжитдин ата» АӨК бройлер етін өндіру жобасын алайық. Оның құны: 71,6 миллион теңге, «Ауыл аманаты» бойынша оған 27,6 миллион теңге бөлінген. Жоба жыл сайын 50 тонна құс етін шығара отырып, ауданы 15 сотықтан аспайтын шағын кеңістікті барынша пайдаланады. Бұл шаруашылық жерді үнемді пайдаланудың үлгісі болды. Айта кетейік, «Тәжитдин атада» өнім өндіру және сату тізбегі сауатты құрылған, ал құс етінің килограмы 1 500 теңгеден көтерме бағамен сатылады.

Өңір үшін тағы бір маңызды бастама − Талапты елді мекеніндегі «Ran» ЖК балық өсіру жобасы. Оның құны − 12 миллион теңге, «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 7 миллион теңге қаржыландырылды. Жоба жетекшісі өз бақшасында төрт бассейн салып, оған сазан шабақтарын жібергенін айтты. Шабақтар белгілі бір жасқа жеткенде сатылады және өңірде балық өнімдеріне сұраныс артады. Жобаның болжамды қуаты — жылына 20 тонна өнім, алдағы жылдары тағы 15 бассейн салу және осылайша кәсіпорынды кеңейту жоспарланған.

Ал Балтакөл ауылындағы наубайхананың басшысы Біржан Жүнісов күніне 300-350 дана нан сатылатынына қуанышты. Кәсіпкердің айтуынша, ол «Ауыл аманаты» туралы естігенде жұмыссыз болған және оған жергілікті атқарушы орган құжаттарды рәсімдеп қана қоймай, бизнес-жоспар жасауға да көмектескен. Нәтижесінде ауыл тұрғыны өзінің шағын ісін ұйымдастыру үшін 8 миллион теңге несие алды, негізгі қарызды төлеу күзде басталады. Ол несиені мерзімінен бұрын жабуды және тағы одан да ірі соманы алуды жоспарлап отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасының жаңа ережесі фермерлерге кәсібін кеңейтуге 29 миллион теңге алуға мүмкіндік береді.

Дегенмен, наубайхана Балтакөлдегі «Ауыл аманатының» жалғыз жобасы емес, алақандай ауылда «Алға-БАМ» тары өңдейтін зауыты да бар. Өйткені ауыл тары өсірумен танымал болғанымен, оны өңдеу үлкен жобаны қажет ететін. Қазір Алға-БАМ зауыты тәулігіне 5500 келіге жуық тары өңдейді. Зауытта сусымалы өнімдерді құюға және буып-түюге арналған станок, өндірістік желі, диірмен секілді барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Айта кетейік, «Ауыл аманаты» жобасы аясында қаржыландырылған несие қаражатының көлемі 20 миллион теңгені құрады.

Айта кету керек, бағдарлама арқылы жүзеге асқан барлық жобалар тұрғындардың табысын арттырып қана қоймай, жалпы өңірге оң әсер етіп, ауыл шаруашылығын дамытуға септігін тигізеді.

Оразхан Нысанбекұлының сөзіне қарағанда, ветеринария саласындағы жұмыстар да тап-тұйнақтай. Осы орайда Қаратау ауылдық округі бойынша 2023 жылы төрт түлік малдарына құлақ жапсырма сырғаларының салыну мәліметін кесте түрінде ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Аталуы Сырғаланғаны
Мүйізді ірі қара 680
Майда мал 4380
Түйе 100
Жылқы 435

Энзоотиялық аурулардың алдын алу бойынша мәлімет төмендегіше:

Жұмыс атауы Мал саны
бүрку (ірі қара, түйе, жылқы) 5509
тоғыту — майда мал 17694
қора жайлар мен жапсаралас аумақтарына дезинфекция 194300 шаршы метр
Залалсыздандырылған буферлік аймақ 79210 шаршы метр

Реті келгенде ауылдық округ басшысы 2023 жылы 32 бас қаңғыбас ит ауланып, жойылғанын еске сала кетті.

Ал әлеуметтік салада атқарылған шаруаларға келсек, ауыл округінде 3 елді мекен болса, 2024 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша жалпы халық саны — 2171,  тұрғын үй саны 323 екен. Осы елді мекендер бойынша бөлгенде:

Қаратау елді мекенінде 1358 халық өмір сүріп жатыр.

Ақсүмбе елді мекенін 501 халық мекендейді.

Саржаз елді мекенінде 312 халық күн кешіп жатыр.

Жалпы зейнеткерлер саны — 204.

Ауған соғысының ардагері – 2.

Тыл ардагері – 7.

Батыр ана – 8.

Алтын алқалы ана – 38.

Күміс алқалы ана –  58.

Жеке бастылар –  4.

Жалпы мүмкіндігі шектеулі азаматтар саны – 70. Оның ішінде  I топтағы мүгедек – 4, II топтағы мүгедек – 18. III топтағы мүгедек – 34. Бала жастан мүгедек – 14.

Тағы бір ұққанымыз, ауылдық округ әкімінің ұйымдастыруымен демеушілер тарапынан аз қамтылған отбасыларға қаржылай және заттай көмек беріліп отырады. Бұл әлеуметтік салаға жататындар үнемі ауыл кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтар мен  округ аумағында орналасқан өндірістердің назарында екен.  

Округ бойынша ағымдағы жылы 16 мүмкіндігі шектеулі азамат және    зейнеткерлер  шипажайға жолдама алды (Сарыағаш – 4 адам, Таң нұры – 2 адам, Мейір – 4 адам, Ардагерлер үйі — 6 адам).

Орайы келгенде Қаратау ауылы бойынша 2023 жылы атаулы әлеуметтік көмек жайлы мәліметті де назарларыңызға ұсына кеткенді мақұл көріп отырмыз. 2023 жылдың I, II, III тоқсанында ауылдық  округ  бойынша  атаулы әлеуметтік  алуға  бір отбасы өтініш берген, IV тоқсанда атаулы әлеуметтік алуға өтініш берген  отбасы жоқ екен.

Жалпы, аудан бойынша жұмыспен қамту саласындағы деректер мен дәйектер де көңіл көншітеді. Мәселен, Ұлттық жобалар шеңберінде 4 713 азамат әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, жылдық жоспар 130 пайызға орындалды.

ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасына сәйкес, 714 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып, 12 айдың қорытындысына сәйкес 861 жаңа жұмыс орны ашылды. 

Жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құрайды.

2023 жылы 3 рет жәрмеңке өткізіліп, барлығы 260 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

   «Қуатты өңірлер: ел дамуының драйвері» Ұлттық жобасы аясында 21-35 жас аралығындағы жастарға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ арқылы 2,5 % шағын несиемен 2023 жылы 32 азаматты 160 миллион теңге қаржымен қамту жоспарланып, жыл қорытындысына сәйкес 26 азамат тарапынан 122 миллион 600 мың теңге алуға тиісті  құжаттары жинақталып, комиссия отырысына қарауға ұсынылған. Оның ішінде 20 азамат 95 миллион 698 мың теңге несиеге қол жеткізу үшін комиссия шешімінің оң қорытындысын алып, шағын несие алуға Түркістан облысы «Агронесие корпорациясы» АҚ-мен 19 азамат 92 миллион 600 мың теңге алу мақсатында келісімшартқа қол қойып, қаржысын алды.

2023 жылы 12 айдың қорытындысы бойынша атаулы әлеуметтік көмек 630 отбасыға (3 450 адамға) 227 миллион 379 мың теңге төленді.

Аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін аудандық аумақтық орталығы» КММ-де «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорны» демеушілігімен мүгедектігі бар балаларға қызмет көрсетуге арналған әлеуметтік такси пайдалануға берілді.

2024 жылдың 3 айындағы деректерге сүйенсек, 2024 жылдың 1-ші тоқсанының қорытындысына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрғандар мен бас бостандығынан айырылу мекемелерінен босаған азаматтарға арнап 1 рет жәрмеңке өткізіліп, 2 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіліп, 54 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.

2024 жылдың 3 айында 218 отбасы (1 261 адам) атаулы әлеуметтік көмек алған екен.

Ауылдық округ әкімі Оразхан Ермахан құрылыс саласы бойынша да атқарылып жатқан жұмыстардың атын атап, түсін түстеді.

       «2023 жылы ауылдық округте ірі құрылыс нысандары салынды. Атап айтар болсақ, Қаратау ауылына  жабық  үлгідегі  футбол алаңы салынып, пайдалануға берілді. Қаратау ауылынан  мал  өлекселерін  тастайтын  орынның құрылысы жүргізіліп,  пайдалануға  берілді. Саржаз  елді мекеніне ауыз су құбырының құрылысы  2023 жылы басталып, жұмыстар жүргізілуде. Ауылдық  округтің кіре берісіндегі  округтің аты  жазылған  аркаға жергілікті  бюджет есебінен  жөндеу жұмыстары  жүргізілді. Қаратау ауылында  орналасқан  балалар ойын  алаңына  ағымдағы жөндеу  жұмыстары  жүргізілді» — дейді ол. 

Айта өтейік, «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қордан Созақ ауылындағы спорт алаңы (2022 жылдан өтпелі) құрылысы басталып, 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары (сыртқы инженерлік желілері)  аяқталып, қабылданды.

Қаратау ауылындағы жабық кіші футбол алаңының 2023 жылы құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталды.

2023 жылы Шолаққорған ауылынан заманауи спорттық сауықтыру кешені құрылысы басталды.  Нысан 2024 жылға өтпелі.

 «Тасты ауылындағы 75 орындық мәдениет үйінің құрылысы» 2023 жылы 4 желтоқсанда құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталып, қабылданды.

Биыл құрылыс жұмыстарын бастауға бірнеше жобаларға қаржы қарастырылды. Атап айтар болсақ:

«Түркістан облысы Созақ ауданының Құмкент ауыл округі Жылыбұлақ каналын салу» жобасы.

«Қаратау елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» басталды .

«Қарақұр елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы» жобаның құны – 303,2 миллион теңге. 2023 жылға 1,0 миллион теңге қаралып, игерілді. Нысан 2025 жылға өтпелі.              

«Жуантөбе елді мекенінің қатты қалдықтар тастайтын орынының құрылысы». Нысан                          2025 жылға өтпелі.

 Шолаққорған ауылындағы «Астана» мөлтекауданына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысы жобалық-сметалық құжаттамасына түзету енгізуге оң сарапта қорытындысы алынды. Нәтижесінде жер кезегінде тұрған 435 адам тұрғын үйге жер телімдерін беруге мүмкіндік болады.

Ал 2024 жылдың 3 айындағы мәліметтерді сөйлетсек, Шолаққорған ауылындағы заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын 2024 жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда.

«Қарақұр ауылдық округі аппараты әкімшілік ғимаратының құрылысы» нысаны 2023 жылдан өтпелі болып іске асырылуда. Нысанды биыл аяқтау жоспарлануда және Қарақұр ауылында кіші жабық футбол алаңының құрылысы басталуда. Бұл нысан да биыл аяқталады.

Елді мекендерді көркейту һәм көгалдандыру бойынша айтсақ, 2023 жылы аудандық бюджет есебінен Ақсүмбе елді мекенінде 2 көшеге ұзындығы 2,3 шақырым жолға асфальт төселіпті. Саржаз елді мекенініне 1 шақырым жолға асфальт төселген. Сондай-ақ Қаратау ауылына екі көшеге көше жарығы орнатылған екен.

«Әр аптаның сенбі күндері мекеме қызметкерлері мен ауыл тұрғындарын ұйымдастырып, көше бойларын тазалауға сенбіліктер өткізіліп, тазалық жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жоспар бойынша 115 тонна қоқыс шығарылу жоспарланса, нақты 120 тонна қоқыс шығарылып, 102 пайызға артық орындалды» — дейді Қаратау ауылдық округінің әкімі Оразхан Ермахан.

Осы ретте «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бойынша атқарылған жұмыстар барысы туралы айтсақ. Елімізде тазалыққа қатысты мәдениетті қалыптастыру мақсатында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы өтуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы «Таза Қазақстан» акциясы тұрақты дағдыға айналатын бастама екенін айтты. Акция аясында ауданда түрлі шаралар іске асырылуда.

Аудан орталығының аумағы 5 секторға, яғни ондағы 144 көшеге жауапты ретінде бекітілген әр мекеме қызметкерлері аялдамаларды қалпына келтіру, күл-қоқыс шығару, тазалау, реттеу жұмыстарын жүргізіп, су өткелдерін, көпірлерді, өзен, канал, бұлақ, арық бойларын тазалап, қураған ағаштарды жою мен көшелердің бойындағы жол белгілері мен электр бағаналарын реттеу, сырлау сынды жұмыстарын жүргізуде.

Сондай-ақ аудан аумағын жасыл желекке айналдыру мақсатында жалпы саны 27 500 тал көшеті отырғызылды. Шолаққорған-Түркістан бағытындағы “Жасыл белдеу” аумағы жолдың екі шетін қоса есептегенде 5 шақырымға артты.

Бұл аумақ қазіргі уақытта толықтай қоршалды. 10 мың метрге жуық шарбақ тартылып, егілген тал көшеттерін суару жүйесі орнатылды.

Осылайша барша мекеме қызметкерлері, аудан тұрғындары, жастар қауымы тазалық жұмыстарына көмек қолын созуда әрдайым ниетті екендіктерін білдіріп келеді.

Жоғарыда аталған жұмыстар легі алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, жүйелі түрде жүргізіліп отырады.

Ауыл әкімі өз кезегінде әскери сала бойынша да айтып өтті. Қаратау  ауылдық  округіне аудандық әскери комиссариаттан көктемгі және күзгі әскери шақырылымға 14 азаматты әскерге жіберуге жоспар қойылған. Жалпы, округ бойынша 14 азамат әскерге жөнелтіліп, жоспар толығымен орындалды.

Ал кәсіпкерлік саласы бойынша ауыл әкімі: «Қазіргі  таңда  Қаратау ауыл  округі  бойынша 13 дүкен халыққа қызмет көрсетуде» — деп атап өтті. 

Әрине, ел болған соң, арыз-шағымдардың болатыны түсінікті. Әкімнің сөзіне қарағанда, жыл басынан жоғарғы органдардан 1193 кіріс хат келіп, оларға тиісті жауаптар берілген. 2023 жылы Қаратау ауылдық округі әкіміне жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша 4 жазбаша арыз-шағым түсіп, барлығы қолданыстағы заңдарға сәйкес қанағаттандырылған.

Қаратау ауылдық округінің әкімі Оразхан Ермахан демеушілер есебінен жасалған іс-шараларға да жан-жақты тоқталып өтті. Нақтырақ тарқатсақ:

  1. «Сentral Asia Mining GO» ЖШС Қаратау ауылының тұрғыны Шакизада Боранбаеваға тұрғын үй сатып алып берген.
  2. «Самұрық Қазына» қоры Саржаз елді мекеніне 18 249 886 теңгеге футбол алаңын салып, пайдалануға берді.
  3. «Қаратау» ЖШС 500 балаға жаңа жылдық сыйлықтар алып берді.
  4. Мектеп бітірушілердің 20 жылдық кездесуіне келген түлектер ауылдың кіре берісіне ауылдың аты жазылған белгі (арка) орнатты.
  5. «Сentral Asia Mining GO» ЖШС 2023 жылы болған дауылдан үйінің шатыры ұшқан 3 үйге 500 мың теңге қаржылай көмек берді.
  6. «Сentral Asia Mining GO» ЖШС 1 қыркүйек — білім күніне 4 оқушыға мектеп формасы мен мектепке қажетті құрал-жабдықтар табыстады.
  7. Ауылдан шыққан азамат Әлібек Дауылбаев ауылдың зейнеткерлерін Түркістан қаласына арнайы апарып, аралатып қайтты.
  8. «Сentral Asia Mining GO» ЖШС 8 наурыз — аналар күніне 132 анаға 5 мың теңгеден сыйлықтар табыстады.
  9. Түлеп ұшқан мектептеріне 10-20 жылдық кездесуге келген бітірушілердің демеушілігімен Қаратау ауылында орналасқан «Тәуелсіздік» саябағы мен ауылдық  мешітке заман талабына сай қақпа орнатты.
  10. Қожанов мектебін бітірушілердің Ақсүмбе ауылына кереберісіне ауылдың аты жазылған арнайы белгі орнатты.

Ауылдық округ басшысы 2024 жылға бюджет есебінен атқарылатын жұмыстардың да бір парасымен бөлісті. Сонымен…

«1. Саржаз  елді мекенніңі ауыз су құбырының құрылысын аяқтау бойынша жұмыс істеу;

  1. Қаратау ауылына күл-қоқыс тастайтын арнайы орын (полигон) құрылысын бастау;
  2. Қаратау ауылына ауыз су құбырының құрылысын жүргізу;
  3. Саржаз, Ақсүмбе елді мекендеріне ұзындығы барлығы 3,4 шақырым көшеге жарықтандыру жүргізу жоспарланып отыр» — дейді Оразхан Нысанбекұлы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

 

 

 

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin