Түркістан облысында кәсіпкерлікті дамытуға, өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Бұл ретте Созақ ауданында да шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға тұрақты қолдау көрсетіліп, кәсіпкерлік нысандардың саны күн сайын арта түсуде. Жыл басынан бері 75 жаңа кәсіпкерлік субъектісі ашылып, жалпы саны 4 593-ке жетті. 6853 адам шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыспен қамтылған.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылына барып, онда өз жұмысын жаңадан бастаған «ИП Әлібеков» жиһаз шығаратын цехының жұмыс барысымен танысты.
Еске сала кетсек, бұл жобаны жеке кәсіпкер Жәдігер Әлібеков аудан басшысымен бірге Қытай Халық Республикасына жасаған сапарында қолға алып, жаңа технологияларды игеруде тәжірибе жинақтаған. Бүгінде Қытай Халық Республикасынан жұмысқа қажетті станоктардың бірнеше түрін алдырып, өз кәсібін бастады. Жергілікті 5 азамат жұмыспен қамтылып, алдағы уақытта сұранысқа сай жұмысшылар санын артыру көзделуде.
Сонымен қатар аудан басшысы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша несие алып, кәсібін жандандырып отырған «Елжан» тігін цехында болды. Созақ ауылының тұрғыны Жәмила Айдарбекқызы жеке кәсіпкерлігі атынан «Ауыл аманаты» бағдарламасының 6-шы бағыты негізінде үй іргесінен жүн, мақта өнімдерін қайта өңдеп, қолданысқа дайындау және тігін саласын жандандыруға 5 200 000 теңге көлемінде 2,5%-дық несиеге қол жеткізген. Несиеге заманауи үлгідегі тігін құралдарын алып, нәсібін ұлғайтуда. Тігін цехында 2 адам жұмыспен қамтылған. Қазіргі уақытта сұраныстың артқанын айтып, жұмысшылар санын 10-ға дейін жеткізетінін алға тартты.
Кәсіпкерлермен ашық әңгімелескен Мұхит Сексенбайұлы кәсіпке кедергі келтіретін факторларды талқылады. Талқылау барысында көтерілген мәселелер бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.