
Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбековтің төрағалығымен кезекті аппарат мәжілісі өтті. Мәжіліс барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері, ұлттық ауыл шаруашылығы санағының жүргізілуі, инфрақұрылымды дамыту бағытындағы жұмыстардың барысы және бұған дейін берілген хаттамалық тапсырмалардың орындалу жайы сынды мәселелер қаралды.
Аталған мәселелер бойынша аудандық статистика басқармасының басшысы Марат Бегалиев, экономика және қаржы бөлімінің басшысы Ербол Айдарбеков, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ербол Аманов және аудан әкімі аппаратының басшысы Абдуахат Бакиров тиісті ақпарат беріп, есептерін ұсынды.
Аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы күн тәртібіндегі мәселелерге кеңінен тоқталып, нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, инфрақұрылымды дамыту саласында жұмыстарды үйлестіру, әр жобаның сапасы мен уақтылы орындалуына мұқият назар аудару қажеттігін айтып өтті.
«Инфрақұрылымды дамыту – бұл тек құрылыс жұмыстарын жүргізу ғана емес. Ең алдымен, қаржыны мақсатты әрі тиімді жұмсау, әр жобаның сапасына, тиімділігіне және уақтылы орындалуына мұқият көңіл бөлу қажет. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарды үйлестіріп, немқұрайлылыққа жол берілмеуі тиіс», – деген аудан басшысы тапсырылған міндеттердің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын ескертті.
Жалпы, инфрақұрылым мәселесінде Созақ ауданында көп ілгерілеу бар. Мәселен, биыл наурыз айында ауданға тазалық пен коммуналдық қызметтің сапасын арттыру мақсатында жаңа техникалар жеткізілді. Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында ауданға облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің қолдауымен көше тазалығы мен коммуналдық қызметтердің сапасын арттыру мақсатында жаңа техникалар жеткізілді. Бұл бастама облыстық бюджет есебінен жүзеге асып, ауданға 10 дана арнайы техника мен 12 ауылдық және кент округтеріне трицикл мототехникалары табысталды.
Аудан әкімінің орынбасары Серік Маманов жаңа техникаларды аудан орталығында қуанышпен қарсы алды. Техникалар ауданның тазалығы мен коммуналдық қызметтерінің тиімділігін арттыру үшін маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«Өткен жылдан бері елімізде Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бастау алған «Таза Қазақстан» экологиялық шарасы біздің ауданымызда да кең көлемде өткізіліп келеді. Бүгін ауданымызға қосылған жаңа техникалар – бұл облыс әкімдігі тарапынан берілген материалдық көмек қана емес, ауылдың тазалығын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту мақсатындағы маңызды бастама. Бұл – ауданымыздың көркеюіне, коммуналдық қызметтердің сапасын арттыруға қосылған зор үлес», — деді аудан әкімінің орынбасары Серік Сахиұлы.
Шара барысында аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев ауылдардың тазалығын сақтап, коммуналдық қызметтердің тиімді жұмысын қамтамасыз етуде арнайы техникалар мен трицикл мототехникалары үлкен көмек көрсетеріне сенім білдірді. Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қабылбек Еспенбетов жылы лебізін білдіріп, ақ батасын арнады.
«Облысымыздың басшысы Нұралхан Оралбайұлының бастамасымен жүзеге асқан бұл шара аудан тұрғындары үшін үлкен мәртебе. Бұл бастама тек ауданның ғана емес, жалпы қоғамның дамуында маңызды рөл атқарады», — деді.
Айта кетейік, жаңадан жеткізілген техникалар қатарында Автогироподъемник, Погрузчик 2 текше метр, трицикл мототехникалар, Мини-погрузчик, Трактор «Беларус-320.4», Модель ММЗ-3LD (тратуарларды тазалауға арналған, коммуналдық щеткасы мен гидравликалық повороты мен жапқышы бар), Манипулятор 10 тонна, Автокран секілді арнайы техникалар бар.
«ANYQ.KZ»—ақпарат.