Түркістан облысы: Созақ ауданының әкімі халықпен кездесуінде Созақ пен Шақырық елді мекендерін тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленіп жатқанын жеткізді

Бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Созақ ауылдық округінде болып, белгілінген кестеге сай тұрғындармен кездесті. Онда ағымдағы жылы аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ ауылдық округ тұрғындарымен алдыңғы өткізген есептік жиын барысында көтерілген бірқатар мәселенің орындалу барысына тоқталып, ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарын баяндады.

— Біз сіздермен тоқсан сайын кездесіп жатырмыз. Алдарыңызға келіп, кездесудегі мақсатымыз — халықпен тығыз байланыста болып, өзекті мәселелерді талқылап, шешу жолдарын қарастыру. Нақты жоспарға сәйкес жұмыс жүргізу. Бұған дейін айтылған барлық ұсыныстарыңыз назарға алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Сұраныстарыңызға орай, Созақ ауылының ішкі көшесіндегі 100 кВА-тық трансформаторлардың төртеуі 250 кВА-қа ауысты. Түркістан көшесіне қосымша 160 кВА-тық трансформатор орнатылды. Көктөбе елді мекенінің орталық көшесіне көше жарықтандыруын жүргізу үшін сметалық құжаттары әзірленіп, қаржы қарастырылды. Созақ ауылынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатқан 1000 орындық спорт алаңының құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы аяқталады. Ыбырай елді мекеніндегі 200 орындық Құрманғазы атындағы жалпы орта мектебінің құрылысы жалғасуда. Бұл құрылыс нысандары тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің бірі болатын. 1-кезеңінің жұмыстары 2022 жылы басталып, 2023 жылға өтпелі болған. Сондай-ақ Созақ, Шақырық елді мекендерін тәулігіне 24 сағат ауыз сумен қамту мақсатында жобалау-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Оңтүстік Жарық Транзит ЖШС-нің инвест бағдарламасы арқылы Өткелбаев, Жамбыл, Амангелді, Әуезов, Әлібаев көшелеріндегі электр желілерін СИП кабельге ауыстырып, жаңа трансформатор орнатылатын болады, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар ұсыныс-пікірлер жолданды. Аудан басшысы халықпен кездесудегі басты мақсат халықтың мұң-мұқтаждарын тыңдап, соның төңірегінде жұмыс жасалатынын айтты. Көтерілген мәселелердің маңыздылығына тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмалар жүктеді.

Есептік жиынға Түркістан облыстық мәслихат депутаты Бегімбет Байғараев, бірқатар аудандық мәслихат депутаттары, бөлім, мекеме басшылары қатысты.

Сапар барысында демеушілер есебінен салынып жатқан Созақ ауылдық мешітінің құрылыс жұмыстарымен танысты.

Бұған қоса бүгін аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков Сызған ауыл округінің тұрғындарымен де кездесті. Өткен кездесулерде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелердің орындалу барысына тоқталып, ағымдағы жылы атқарылар жұмыстарды баяндады.

— Сызған ауыл округі тұрғындарының өтініштеріне орай тиісті жұмыстар жасалуда. Қозмолдақ елді мекенінің Момбеков көшесіне көше жарықтандыруы жүргізіліп, іске қосылды. Төреханов және Берістемұлы көшелері мен Басбұлақ елді мекенінің Басбұлақ-1 және Басбұлақ-2 көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қаржысы қаралып, мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Сызған ауылындағы электр желілері мен трансформаторына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ орталықтандырылған ауыз сумен қамту үшін де тиісті жұмыстар атқарылуда, — деді аудан басшысы Мұхит Сексенбайұлы.

Ашық аспан астында өткен жиында тұрғындар алдыңғы кездесулерде айтылған өтініштерінің аяқсыз қалмай, тиісті жұмыстар жасалып жатқанын айтты. Бұл үшін алғыстарын жеткізіп, ағымдағы жылға бірқатар ұсыныс-пікірлерін жолдады. Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзахмет Жылысбаев ақ батасын арнап, аудан басшысының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Аудан басшысы айтылған әрбір мәселені назарға алып, шешу жолдарын талқылап, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Есептік жиын соңында бірқатар тұрғындар жұмыс мәселесі бойынша жүгініп, көкейде жүрген сауалдарын қойды. Сала мамандарына көтерілген мәселелердің шешу жолын қарастырып, тиісті жұмыстарды атқаруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You