«Таза Қазақстан» акциясы аясында «Таза жағалау» атты экологиялық сенбілік өтті. Акцияға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқарма басшысының орынбасары Ақжайық Хаметова бастаған «Шардара орман және жануарлар әлемін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» КММ-нің қызметкерлері қатысты. Олар Шардара ауданындағы демалыс аймағының жағалауын тазалады.
Жаз бойы тұрғындар демалатын демалыс орнын күл-қоқыстан тазарту мақсатында өткен акцияға сенбілікке келгендердің барлығы біркісідей атсалысты.
Акцияны ұйымдастыруға облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы ұйытқы болды. Ауданның тазалығына үлес қосқан табиғат жанашырлары облыс тұрғындары мен Шардараға демалуға келген қонақтарды қоқыс тастамауға, табиғатты аялап, су қоймасының жағалауын қорғауға шақырады.
Жалпы саны 50-ге жуық адамның қатысуымен өткен тазалық акциясында Шардара жағалауының бойы ретсіз күл-қоқыстан тазартылып, жиналған қоқыстар техника көмегімен арнайы орынға жеткізілді.
Жетісай ауданындағы сенбілікте 50 тонна қоқыс шығарылды
Сонымен қатар Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен, Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытовтың үйлестіруімен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында қала, кент және барлық ауылдық округтерде ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылды.
Негізгі тазалық жұмыстары Қызылқұм, Ж.Ералиев және Ш.Ділдәбеков ауылдық округтерінің аумағынан өтетін Шардара су қоймасының жағалауында жүргізілді.
Аудан тұрғындарын көшелер мен елді мекендердегі, су қоймасы жағалауындағы тазалықты сақтауға жұмылдыру ісінде аудан басшысының орынбасарлары мен бөлім басшылары, жергілікті әкімдер мен тұрғындар белсенділік танытып, арнайы бекітілген аумақтарында жұмыстар жүргізеді. Өйткені, қоғамның назарын тұрғылықты жердің тазалығын сақтауға аударып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруда сенбіліктерді тұрақты түрде ұйымдастырудың маңызы өте зор.
Одан бөлек, күнделікті жүргізіліп отырған сенбілік аясында да мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлері өздеріне бекітілген көшелерде тазалық жұмыстарын жүргізсе, ауданның әрбір тұрғыны үй іргелік жерлерін күл-қоқыстардан тазартуда. Сонымен қатар, сенбілік барысында саябақтар мен көшелер, арық-атыздар, ирригациялық жүйелер тазалануда.
Коммуналдық сала мамандарының мәліметінше аталмыш тазалық жұмыстарына 1600 адам мен 10-ға жуық техника қатысып, 50 тонна қоқыс шығарылған.
Айта кетейік, аудан көлемінде өткен сенбілік шарасын ұйымдастырушылар тазалық жұмыстары тек орталықтарда ғана емес барлық округтерде, елді мекендерде жыл он екі ай жалғасатындығын, әрбір мекеме мен әрбір аула тұрғындарға бекітіліп беріліп, тазалықты сақтауға ауыл ақсақалдары да жұмылдырылғанын айтады.
Арыста кезекті тазалық шарасы өтті
«Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қала мен ауылдық округтерде тазалық шарасы өтті. Сенбілік барысында стихиялық қоқыс алаңдары тазартылып, көшелердің шөптері шабылды. Бұл іс-шара қаламыздың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындардың қоршаған ортаны қорғауға деген жауапкершілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылды.
Сенбілік барысында көптеген стихиялық қоқыс алаңдары тазартылды. Бұл жерлерде жиналған қоқыстар арнайы техника мен жұмысшылардың күшімен шығарылып, жойылды. Осылайша, сенбілікте көшелер көркейіп, тазалық пен тәртіп орнады.
Сонымен қатар сенбілік аясында қалалық сәулет бөлімі мамандары қызыл сызықтан шығып кеткен ғимарат иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстардың мақсаты – ғимарат иелеріне заң бұзушылықтарды түзету және қаланың сәулеттік келбетін сақтау бойынша кеңес беру. Сәулет бөлімі мамандары ғимараттардың дұрыс орналасуы және құрылыс нормаларын сақтау туралы ақпараттармен бөлісіп, қажетті құжаттарды толтыру тәртібі мен рәсімдерін түсіндірді.
Мұндай шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізіліп, табиғатты қорғау мен тазалық сақтау мәселелері бойынша халықты ақпараттандыру жұмыстары жалғасын табатын болады.
Облыстық білім басқармасының ұжымы балалар лагерінде сенбілік өткізді
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістан облысы білім басқармасы әр апта аймақтың әр аудандарына сенбілік жұмыстарын жүргізеді. Бұл аптада Түлкібас ауданында орналасқан «Самал» жазғы сауықтыру лагеріне тазалық жұмыстарын жүргізді. Эконауқанға білім саласының барлық ұйымы бірлесіп белсенділік танытты. Жоғары деңгейде тазалық жұмыстарын ерікті түрде атқарды.
Тазалық шарасына Түркістан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетұлынан бастап, орынбасарлары, басқармадағы бөлім басшылары мен бас мамандар атсалысты.
Игі бастаманың соңы жазғы сауықтыру лагерінде демалып жатқан балаларға ерекше балмұздақ таратумен жалғасты. Білім басқармасының ұжымы балаларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, тәттілер үлестірді. Дән риза болған демалушылар концерттік бағдарламамен кеш өткізіп, өз өнерлерін көрсетті.
Айта кетейік, Түркістан облысының білім басқармасының «Түркістан облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты «Самал» жазғы сауықтыру лагерінің ғимараты «Сайрам — Өгем» МҰТП-нің жер аумағында орналасқан. Лагерде Түркістан облысының балалар үйлерінің 150 тәрбиеленушісі 10 маусымнан 23 тамыз аралығында 75 күн демалады. Лагерь 6 жаздық және 15 қыстық корпустан тұрады.
Түркістан облысының жастары «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында кезекті сенбілігін өткізді
Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің қызметкерлерінің қатысуымен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында сенбілік өтті.
Орталық қызметкерлері біркісідей жұмылып, Қазыбек би көшесінің қиылыстарын тазартып шықты. Қыздар сыпыру, тазалау секілді жұмыстармен айналысса, ерлер арықтарды қоқыстан тазартты.
«Сенбілік — тазалық кепілі. Осындай тазалық жұмыстарын жүргізу мекеме қызметкерлерінің назарынан тыс қалған емес. Апта сайын ұжым болып сенбілікке атсалысып келеміз», деді облыстық жастар орталығы басшысырың орынбасары Пердебек Есқұлов.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.