Түркістан облысы: «Таза Қазақстан» акциясы аясындағы экологиялық шараға мыңға жуық адам қатысты

Бүгін Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық шарасы өтті. Қоршаған ортаны қорғауға үндейтін «Қала тазалығы – перзенттік парызым» экологиялық акциясы қаланың 10 аумағында ұйымдастырылды.

Атап айтсақ, Қ.А.Ясауи кесенесі мен «Ханшайым плаза» кешені, Күлтөбе қалашығы аумақтарында, «Жеңіс» саябағы мен «Отырар» мөлтек ауданындағы 36, 37, 38, 39, 40 көпқабатты тұрғын үй аулаларында, сондай-ақ Әлқожа ата, Алшын, Дастанов, Нахипов, Әйтеке би, Ғ.Мүсірепов көшелерінде өтті.

Кезекті тазалық күніне 1000-ға жуық азамат қатысты. 30-ға жуық техника жұмылдырылып, 18 мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты. Белгіленген аумақтар тазаланып, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Сенбілік нәтижесінде қала көшелерінен 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Тазалық акциясы аясында әр апта сайын қала әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлері өз ғимараттары мен көшелеріне сенбілік өткізіп, экологиялық акцияға белсенділік танытып отыр. Сондай-ақ әр апта сайын тазалық күндеріне байланысты санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Иә, бүгін Түркістан қаласында ауқымды сенбілік өтті. Шараға қаланың ақсақалдары, ерікті жастары және шаһар тұрғындары қатысты. Жалпы 1 мыңнан аса азамат киелі қаладағы «Жеңіс» саябағы және өзге де демалыс орындарында тазалық жұмыстарын жүргізді. Шара мақсаты – рухани астана тұрғындарын тазалыққа үйретіп, қаланың келешегі үшін әрбір азаматтың еңбек етуі маңызды екенін түсіндіру.

— Біздер, яғни қаланың алдыңғы буын өкілдері, мына жастарға үлгі болуымыз керек. Сол үшін де ауқымды тазалық шарасына білек сыбана кірістік. Сенбілік жұмыстарын «Жеңіс» саябағынан бастауымызда мән бар. Себебі, дәл осы демалыс аймағы қала қонақтары да, тұрғындары да жиі келетін орын. Сондықтан да қала жастарын, тұрғындарын тазалық науқанын жұмыла қолдауға шақырамын, — дейді облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов.

Шараға қатысушылар сенбілікте белсенділік танытып, тазалық мәдениетін қалыптастыруға атсалысты.

— Қаламызда жыл басынан бері жүріп жатқан экоакция аясында ауқымды сенбіліктер тұрақты ұйымдастырылып келеді. Осы жұмыстар арқасында тұрғындар арасында тазалық мәдениеті қалыптасып келе жатқанын аңғаруға болады. Қала тұрғындарын тазалық шараларына бірлесе кірісуге шақырамыз, — деді шараға қатысқан Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Инара Намазбаева.

Сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» республикалық экоакциясы аясында Түркістан қаласында көптеген жұмыстар атқарылды. Бүгінгі күнге дейін 100-ден аса тазалық шарасы өткізіліп, әр апта сайын 10 мыңға жуық тұрғын сенбілік жұмыстарын жүргізді. Жалпы, Түркістан қаласында санитарлық тазалықпен қамтамасыз етілген 875 көше бар. Күтіп-ұстау жұмыстары тұрақты жүргізілуде. Оның ішінде 136 көше механикалық жолмен тазаланады. Қала аумағы 6 секторға бөлінген. Бүгінде шаhарда 32 саябақ, 32 демалыс аллеясы бар. Облыс орталығындағы көгалды аймақ бүгінде 262 гектарға жеткен. Акция аясында 1 миллионға жуық көшет отырғызылып, 8 гектар жерге гүл егілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin