Түркістан облысы: Тарихи Сауран қалашығын туризм орталығына айналдыру жолдары қаралды

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көне Сауран қалашығына барып, жай-күйімен танысты. Ғалымдар мен зерттеушілермен бірге Сауранның тарихи маңызын дәріптеу, туристік мүмкіндігін молайту, рухани және туризм орталығына айналдыру жолдарын саралап, ақылдасты.

– Дәл Түркістанның іргесінде аса құнды тарихи қаламыз тұр. Сауранды туристік бағытқа енгізіп, тұрақты түрде насихаттау керек. Салынып жатқан «Сапар орталығында» осы қала туралы толық мағлұмат беріліп, туристерге сапалы материалдар мен жәдігерлер ұсынылуы тиіс. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келетін туристерді осы жаққа да бағыттаған жөн. Жауапты басқарма басшылары жұмысты үйлестірсін. Сауранның туристік әлеуетін арттыру бойынша жоспар, іс-шара бекітіңіздер. Жол, инфрақұрылымын реттеуді де жүйелі түрде атқарған жөн, – деген Дархан Сатыбалды ғалымдардың ұсыныстарын тыңдады.

Тарихшы-археолог Марат Тұяқбаев Сауран қалашығының тарихынан ой қозғап, бұл Орталық Азиядағы ең жақсы сақталған тарихи қалалардың бірі екенін атап өтті. Арнайы суландыру жүйесі болған. Көне құдықтардың орны сақталған. Тарихшы осы аймақтың инфрақұрылымын жақсартып, жақын тұста көгалдандыру керектігін айтты.

Профессор Мадияр Елеуов тарихи нысанды бизнеске тапсыру, туризм орталығына айналдыру маңызды екенін жеткізді. Ал Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ ректоры Жанар Темірбекова Сауран қалашық емес, үлкен қала екеніне тоқталды. Сауранды туристік нысанға айналдыру үшін кешенді шаралар атқарылуы тиіс екенін атап өтті. Біріншіден, ғалымдар жүйелі зерттеу жұмысын жалғастырғаны жөн. «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мәулен Садықбековтың да ұсыныстары тыңдалды.

Облыс әкіміне Сауран қалашығына баратын жолды қысқарту жобасы да таныстырылды. Түркістаннан Сауран қалашығына бұрылатын қысқа бағыт ашылмақ. Тиісті қүрылыс басталады. Бұрын саяхатшылар Сауранға бару үшін Қызылорда облысының аумағына өтіп, қайтып келетін болса, енді тарихи қалаға баратын жол қысқара түспек.

Айта кетейік, Сауран туралы алғашқы жоба деректер Х ғасырда жазылған. Тарихы жүзжылдықтарға жетелейді. Бүгінде «Әзірет-Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейіне қарасты Сауран қалашығы аумағынан «Сапар орталығының» құрылысы қолға алынған. Бөлінген жер көлемі – 1 гектар, құрылыс аумағы – 968,41 шаршы метр. Қазіргі таңда ғимарат қабырғалары тұрғызылған.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан маңындағы Қарашық өзенінде де маусым айынан бері қазба және барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгін аталған тарихи орынға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды арнайы барып, тарихшылармен, туризм өкілдерімен пікір алмасты. Мақсат – аталған көне пешті қорғап, зерттеп, туристік және тарихи орынға айналдыру.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Археология және антропология институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов Сауран ауданындағы көне Қарашық-2 қаласының өмір сүрген уақытын анықтау мақсатында көлемі 3×1 метр, тереңдігі 5 метр қазба жүргізіліп, қаланың жасын анықтайтын заттай деректерге қол жеткізілгенін айтты. Қарашық өзенінен өтетін көпірдің жанынан қыш күйдіретін пештің орны анықталып отыр.

– Бұл – құнды әрі қызықты археологиялық олжа. Қыш өндірісі болғанының дәлелі. Сондықтан Қарашық өзені бойындағы бір-екі пеш орнын қазып, оны қорғап, туризм орнына айналдыру керек. Осыған қолдау күтеміз, – дейді ол.

Облыс әкімі жауапты басқарма басшысына осы мәселені зерделеп, тиісті ұсыныс беру жөнінде тапсырма берді.

Табылған құмбыздың іргесі бұзылмай сақталған. Қай ғасырда екені енді анықталады. Ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіші осы пеште құйылған болуы мүмкін деген болжамды да зерттеп жатыр. Археологтар әзірге бір пешке қазба жұмыстарын жасаған. Ал маңында тағы да пештер бар.

Түркістан маңындағы Қарашық өзенінде қазба және барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Маусым айының басынан басталған жұмысты Мадияр Елеуов басқарған «Университет археологиялық экспедициясы» ұйымдастырған. Жұмыс тобы «Қарашық өңірінің ежелгі және орта ғасырлық қалалары» атты отандық гранттық қаржыландыруы бойынша жүзеге асырып отыр.

Қазба жұмыстары нәтижесінде Қарашық-1 қаласының шаруашылық аймағында қыш кесектен қаланған ортағасырлық аула ашылды. Кеше бір топ БАҚ өкілдері кең көлемде насихаттау жұмыстарын жүргізу үшін Сауран ауданы, Түркістан-Қызылорда тас жолының бойындағы Қарашық өзенінің көпірінің жанынан табылған ертедегі қыш күйдіретін пештің орнына барып қайтты. Далалық семинар барысында мамандар толығырақ таныстырып өтті.

Табылған құмбыздың өзге өңірлерден ерекшелігі — іргесі бұзылмай сақталғанында. Тарихи орынды қазба жұмыстары кезінде археологтар тауып алған. Көне ғимарат маңынан табылған жәдігерлер қазір зертханаға жіберілді. Қай ғасырдың көзі екені сол кезде мәлім болмақ. Ғалымдар Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің кірпіші осы құмданда құйылған болуы мүмкін деп отыр. Бұл нысан өз заманында қыш құятын, күйдіретін орын болғаны мәлім. Мұндай орындардың ғылыми атауы «Құмбыз, құмдан» деп аталады. Археологтар әзірге бір ғана пешке қазба жұмыстарын жасағанын айтады. Ал маңында тағы да екі-үшеуі бар екеніне анық көзі жетіп отыр.

Осы күні өңір басшысы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі аумағына барды. Жауапты басқарма басшылығы тарапынан парктің қазіргі жұмысы, жай-күйі туралы мәлімет берілді. Дархан Сатыбалды Сырдарияның бойында орналасқан табиғаты ғажайып орынның туристік әлеуетін көтеріп, тартымдылығын арттыру бағытында жоспар жасап, ұсыныс беру жөнінде міндет жүктеді. Жауаптыларға тапсырмалар берді.

– Бірінші міндет – табиғатты қорғау. Екіншіден, «Сырдария-Түркістан» өңірлік паркінің де туристік мүмкіндігін пайдалану керек. Зерделеп шығыңыздар. Жобалар ұсынылып, тиісті жұмыс жүргізілсін, – деді Дархан Сатыбалды.

Бұл өңірлік паркті құрудың негізгі мақсаты – Сырдария мен Арыс өзендерінің жайылмасының және Боралдай жотасының сирек кездесетін тау етегі мен таулы табиғи кешендері ландшафттарын табиғи қалпында сақтау, қоршаған ортаны қорғау, экологиялық ағарту, ғылыми-танымдық іс-шараларға пайдалану. Сонымен бірге ерекше экологиялық, ғылыми, тарихи-мәдени және рекреациялық құндылығы бар туристік және рекреациялық мақсаттарда қолдану да көзделген. Бұл – Қазақстандағы Тоғай кермаралының популяциясы қалпына келтіріліп жатқан жалғыз өңірлік парк. Сонымен бірге экотуризмді дамыту, тұқымбақтар жасақтауда да аталған парктің үлесі бар.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin