Түркістан шаһарында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білімгерлері арасындағы кәсіби шеберлік байқауының жеңімпаздары анықталып, марапатталды. Нәтижесінде республикалық кезеңге 35 құзыреттілік бойынша 45 студент жолдама алды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев қатысып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтады.
Еліміздің жас мамандарына алған кәсіби дағдылары мен құзыреттіліктерін көрсетуге мүмкіндік беретін «WorldSkills» қозғалысы тоғызыншы жыл өткізіліп келеді. Биыл облыстық кезең 35 құзыреттілік бойынша өтті. Атап айтар болсақ, «Абилимпикс графикалық дизайн», «Абилимпикс сән технологиясы», «Агрономия», «Аспаз ісі», «CAD инженерлік графикасы», «Бастауыш білім беру», «Бизнеске арналған IТ шешімдері», «Веб технологиялар», «Дәнекерлеу технологиялары» сынды кәсіптік құзыреттіліктер бар.
«WorldSkills» миссиясы – кәсіптік бағдар беру, кадрларды даярлау, сарапшылар қоғамдастығын құру және еңбек өнімділігін арттыру. Халықаралық стандарттарға негізделген техникалық мамандықтар бойынша жоғары технологиялық өндірістерді кадрлармен қамтамасыз ету механизмдерін қалыптастыру.
Тарихына тоқталар болсақ, Түркістан облысы (Оңтүстік Қазақстан облысы кезінен бастап) Чемпионатқа 2015 жылдан бастап қатысып келеді.
2021 жылы облыстық чемпионат 46 құзіреттілік бойынша 14 колледж базасында өткізіліп, 305 студент қамтылды. Қатысушылардан 129-ы (42%) марапатталды. «WorldSkills Kazakhstan — 2021» Ұлттық чемпионатына Түркістан облысының атынан 32 студент жіберіліп, оның 18-і (56%) жүлделі орындарға, яғни 2 алтын, 4 күміс, 3 қола медаль, 9 ерекше медальонға ие болды.
2022 жылы өңірлік чемпионат маусым айында облыстық 14 колледждің базасында өткізіліп, 39 колледжден жалпы саны 278 үміткер қатысты. Нәтижесінде 62 алтын, 21 күміс, 17 қола, 42 айрықша медальон алған конкурсанттар марапатталды. Жалпы, қатысушылардың 51% -ы марапатталды.
Облыстық кезең нәтижесінде «WorldSkills Kazakhstan — 2022» республикалық чемпионатына облыстан 28 құзыреттілік бойынша 28 студент жіберіліп, білімі мен дағдысы, қабілеті мен біліктілігі арқасында өз шеберліктерін көрсеткен 15 студент 5 күміс, 3 қола, 7 медальон жеңіп алып, (53%) жалпыкомандалық есепте тоғызыншы орынды иеленді.
«WORLDSKILLS ТURKІSTAN- 2023» чемпионаты 31 құзыреттілік бойынша 8 колледж базасында 209 үміткердің қатысуымен өткізілді.
Былтырғы чемпионаттың ерекшелігі – Түркістан өңірінде алғаш рет «Abilympics Turkistan — 2023» байқауы графикалық дизайн және сән технологиясы құзыреттіліктері бойынша презентациялық түрде өткізілді. Кәсіби шеберлік байқаулары облыстың ТжКБ жүйесі үшін маңызды іс-шаралардың бірі және кәсіби бағдар беру жұмысында үлкен рөл атқарғандықтан, әр колледж өз өңірінен мектеп оқушылары мен әлеуметтік серіктестерді көрермен ретінде қатыстырды.
Чемпионаттың нәтижесі бойынша 34 алтын, 19 күміс, 26 қола, 37 айрықша медальонын алған конкурсанттар марапатталды. Жалпы, қатысушылардың 52% -ы марпатталды.
WORLDSKILLS — халықаралық коммерциялық емес қозғалыс болып табылады, оның мақсаты жұмыс орындарының беделін арттыру және шеберлікті дамыту. WORLDSKILLS қозғалысы біздің республикамызда да қарқын алуда. WorldSkills International (WSI, ағылш. тілінде skills — «дағдылар, қабілеттер») — халықаралық қаржылық емес ұйым, оның мақсаты бүкіл әлем бойынша кәсіби дайындық пен біліктіліктің дәрежесі мен стандарттарын көтеру болып табылады, жұмысшы мамандықтарын дүние жүзі бойынша халықаралық жарыстар өткізу арқылы танымалдығын көтеру. 1946 жылы құрылған.
WorldSkills — кәсіптік дағдылар бойынша әлемдік және ұлттық чемпионаттарды ұйымдастыратын және әлемнің әртүрлі бөліктерінде екі жыл сайын өткізілетін, сонымен қатар кәсіптік дағдылар туралы конференцияларды өткізетін халықаралық қайырымдылық ұйымы.
WorldSkills өзін дағдылардың жаһандық орталығы ретінде сипаттайды. WorldSkills International, бұрын Халықаралық кәсіптік оқыту ұйымы (IVTO) ретінде белгілі, Екінші дүниежүзілік соғыста күйреген экономикалардың кейбірінде жастар үшін жаңа жұмыс мүмкіндіктерін құру мақсатымен 1940 жылдары құрылған. Ол 85 түрлі ел мен аймақта жұмыс істейді.
WorldSkills Қазақстандағы ресми сайтындағы мәлімет бойынша бұл жұмыс кәсібі мен шеберлік дағдысының беделін арттыруды көздейтін халықаралық қаржылық емес қозғалыс.
1947 жылы Испания кәсіптік білім беру бойынша алғашқы ұлттық конкурс өткізілді. Азаматтық соғыстан қалпына келген елде білікті жұмысшылардың тапшылығы өткір болғандықтан, ол жұмысшы мамандықтарының танымалдылығын арттыру және тиімді кәсіптік білім беру жүйесін құруға ықпал етуді көздеді. Аталған идеяның авторы испандық жастар ұйымының бас директоры Хосе Антонио Элола Оласо болды.
Бұл бастаманы бірінші болып Португалия қолдады. Нәтижесінде 1950 жылы бірінші халықаралық Пиреней жарысы өтіп, оған екі елден 12 өкіл қатысты. Үш жылдан кейін жарысқа Германия, Ұлыбритания, Франция, Марокко және Швейцариядан келген бәсекелестер қосылды. Осылайша, 1953 жылы кәсіби шеберлік конкурстарын өткізу ұйымы – Халықаралық кәсіптік оқыту ұйымы (IVTO) құрылды.
Байқау алғаш рет Испаниядан тыс жерде 1958 жылы Брюссельдегі Дүниежүзілік көрме аясында, ал 1970 жылы алғаш рет әлемнің басқа жерінде – Токиода өтті. 2000-шы жылдардың басында IVTO атауы мен символдарын өзгертті, содан бері WorldSkills International атауымен жұмыс істейді. Бүгінгі таңда WSI көптеген іс-шараларды, соның ішінде аймақтық және ұлттық жарыстарды, құрлықтық чемпионаттарды және екі жыл сайын әлем чемпионатын өткізеді.
Қазақстанда WorldSkills чемионаттары әдетте дәстүрлі түрде Астана қаласында өткізіледі. Мысалы, 2023 жылғы VIIІ мәрте ұйымдастырылған WorldSkills сайысы Астана қаласында өтті.
WorldSkills чемпионатының құрылымы алты негізгі бағытқа бөлінген 45 кәсіби құзыретті қамтиды.
- Құрылыс технологиялары
Архитектуралық тас қалау , Кірпіш қалау,Кабинет жасау, Ағаш ұстасы, Бетон құрылыс жұмыстары, Электр қондырғылары , Ағаш шеберлігі, Ландшафттық көгалдандыру, Кескіндеме және безендіру, Сылақ және гипсокартон жүйелері,Сантехника және жылыту, Тоңазытқыш және кондиционер , Қабырғалар мен едендерді төсеу
- Шығармашылық және дизайн
Киім дизайны, Флористика, Графикалық дизайн, Зергерлік, Витрина дизайнері, Интерьер дизайны, Дыбыс режиссурасы
- Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар
Ақпараттық кабельдік желілер, АТ желісін басқару, IT бизнес шешімдері, Полиграфия, Веб-дизайн, Жоба менеджменті
- Өндіріс және инженерлік технологиялар
БҚ станоктарындағы фрезерлік оператор, БҚ станоктарында токарь, Металл конструкцияларын өндіру, Электроника, Өндірістегі автоматтандырылған бақылау және басқару жүйелері, Өнімдерді құрастыру, Графикалық CAD дизайны, Мехатроника, Мобильді робототехника, Пластмасса бұйымдарын өндіру, Полимеханика / Автоматтандыру, Прототиптеу, Қаңылтыр технологиясы, Дәнекерлеу
- Қызмет көрсету мамандары
Косметология, Кондитер, Аспаз, Шаштараз, Әлеуметтік қызметкер, Даяшы, Құтқару жұмыстары
- Азаматтық көлікке техникалық қызмет көрсету
Авиацияға техникалық қызмет көрсету, Кузов жөндеу, Автомеханик, Авто бояу.
Жобаның мақсаты – жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру және шеберлік дағдыларын дамыту. WorldSkills кәсіптік білімнің дамуына оң әсерін тигізеді. Оның чемпионаттары екі жылда бір рет әр мемлекетте өтеді. Оған 22 жасқа дейінгі колледж және университет студенттері, білікті жас мамандар, сонымен қатар, танымал мамандар, кәсіпқойлар, өндірістік оқыту шеберлері мен тапсырмаларды орындауды бағалайтын сарапшы ретіндегі нұсқаушылар қатысады. Үміткерлер 76 қатысушы мемлекеттің өңірлік кәсіптік чемпионаттарынан іріктеледі. Олар өздерінің шынайылыққа барынша жақын тапсырмаларды шеше отырып, жеке және ұжымдық сапасын, техникалық қабілеттерін көрсетеді.
Командалар нәтижелері тек қатысушылардың жеке кәсіби сапасын ғана емес, сондай-ақ, жеке кәсіптік дайындық деңгейі мен қатысушылар келген елдің қызмет көрсету сапасының деңгейін де көрсетеді. 2014 жылы Қазақстан WorldSkills ассоциациясына 76-шы қатысушы мемлекет болып тіркелді. 2015 жылы Қазақстанда WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионаты өткізілді. 2016 жылғы ұлттық чемпионат нәтижесінде құрылған ұлттық құрама мүшелері EuroSkills халықаралық чемпионатына «кірпіш қалау», «құрғақ құрылыс пен сылақ жұмыстары», «плитамен қаптау», «дәнекерлеу жұмыстары», «электр-монтаж жұмыстары» бойынша қатысты. WorldSkills Kazakhstan миссиясы – кәсіптік бағдар механизмін, мамандарды даярлау және еңбек өнімділігін арттыруды қоса алғанда, халықаралық стандарттар негізінде техникалық мамандықтар бойынша өндіріс орындары саласын жоғары технологиялық мамандармен қамтамасыз ету механизмін құруға үлкен үлес қосады.
Жыл сайын республикалық чемпионатта түркістандық жасөспірімдер құр алақан оралған емес. Өткен жылдардың нәтижесінде жалпы облыс қоржынында 34 алтын, 19 күміс, 26 қола, 37 айрықша медальон бар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.