Түркістан облысы: Тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» атты турнир ұйымдастырылды

Биыл Қазақстан Республикасы мәслихаттарының 30 жылдығы аясында Түркістан облыстық мәслихатының ұйымдастыруымен және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының, Қазақстан Республикасы Тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен тоғызқұмалақтан «Абай жүлдесі» атты турнир өтті.

Мақсаты – мәслихаттардың 30 жылдығын атап өту. Сонымен қатар V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын қолдау және ұлттық ойынымыз – тоғызқұмалақ спортын дәріптеу.

Турнирдің ашылу салтанатына Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов, облыстық мәслихат депутаттары Мұхит Тұрысбеков, Қалима Жантөреева, Инара Намазбаева, Бекарыс Шойбеков, Е.Хандиллаев және барлық деңгейдегі депутаттар, мәслихат аппаратының қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, әуесқой ойыншылар және блогерлер, саяси қайраткерлер, қоғам белсенділері қатысты.

Қазақстан мәслихаттарына 30 жыл толуына орай ұйымдастырылған облыстық турнирді облыстық мәслихат төрағасы құттықтау сөз сөйлеп, ашып берді.

– Бүгінгі турниріміздің «Абай» атындағы деп аталуы тегін емес. Өйткені тоғызқұмалақты Абайдың өзі сүйіп ойнаған. Ол бойында өнері бар жастарды қасына үйіріп, оларға тоғызқұмалақ үйретіп, кейіннен үздік тоғызқұмалақшылармен бірге жұрт қызықтайтын жарыстар өткізіп отырған. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың бастамасымен, Қазақстан Тоғызқұмалақ федерациясының қолдауымен ұйымдастырылып отырған бұл турнир Қазақстан мәслихаттарының құрылғанына 30 жылдығына арналады. Абай заманынан дамып келе жатқан тоғызқұмалақ шынайы ұлттық өнерге айналып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса берсін! Баршаңызға бүгінгі сайыста сәттілік пен жетістіктер тілеймін, – деді Нұралы Әбішов.

Айта кетсек, жалпы жарыс үш кезеңнен тұрды. Турнирдің бірінші кезеңі бойынша аудан, қалаларда іріктеу туры өткізілді. Жалпы саны 64 ойыншыдан тұратын, 12 команда бүгінгі облыстық турнирде бақ сынады. Барлық деңгейдегі депутаттар, мәслихат аппаратының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, әуесқой ойыншылар және блогерлер, саяси қайраткерлер, қоғам белсенділері қатысқан облыстық турнирдің жеңімпаздары тамыз айында өтетін үшінші кезең – республикалық финалдық турнирге жолдама алды.

Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар, арнайы кубок, медаль және алғыс хатпен марапатталды. Есептік кезеңде 12 командадан озық шығып Қазығұрт ауданы бірінші орынды жеңіп алды. Ал, жүлделі екінші орынды Жетісай және үшінші орынды Бәйдібек ауданы қанағат тұтты. Бұдан өзге, қатысушыларға арнайы номинация бойынша марапат табыс етілді.

Турнирдің марараттау рәсімінде облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішовке ҚР тоғызқұмалақ федерациясының атынан алғыс білдіріліп, тоғызқұмалақ тақтасы табыс етілді.

Атап өтер жайт, еліміз 30 жылдан артық ішінде демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекетке айналды. Қазақстан мемлекеттік құрылыс пен басқаруды дамытуда да белгілі бір жетістіктерге қол жеткізді Қолданыстағы Конституцияға сәйкес мемлекетімізде халықтың жергілікті маңызы бар мәселелерді өз бетінше шешуін қамтамасыз ететін өзін-өзі басқару жүйесі танылады. Жергілікті өзін-өзі басқаруды халық тікелей, сондай-ақ мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергілікті қоғамдастықтардағы басқа да басқару органдары арқылы жүзеге асырады.

Биыл егеменді еліміздің жергілікті өкілді органдары – мәслихаттарға 30 жыл толып отыр. Қазақстанның осы жылдары тұрақты дамуына елеулі үлес қосты деп айтуға толық негіз бар. Жергілікті халықтың демократиялық принцптермен сайланған, мемлекет пен қарапайым халықтың арасындағы өзара әрекеттесетін жалғыз өкілетті органы.

1991 жылы Қазақстанның егемендік пен мемлекеттік тәуелсіздікке қол жеткізуі қазақ жеріндегі жергілікті өкілді жүйесін дамытудың ұзақ, күрделі процесіне жол ашты. Қазіргі уақытта Қазақстандағы жергілікті басқару құқықтық негізі еліміздің Ата заңы, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңы болып табылады.

 2007 жылғы конституциялық реформа елімізде жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың арақатынасын өзгертті. Жергілікті Әкімдермен, Мәслихаттардың мәртебесі өзгерді. Олар жергілікті өзін-өзі басқару және мемлекеттік басқару органдары ретінде танылды, бұл жергілікті өзін-өзі басқарудың ең оңтайлы моделін іздеудің заңды нәтижесі болды. 

Шартты түрде осы жылдардағы Қазақстандағы жергілікті органдарының қалыптасуы мен дамуын 4 кезеңіне бөлуге болады.

1-кезең (1990-1993 жылдар) – Жергілікті кеңестерді реформалау кезеңі. Бұл кезеңде Қазақ КСР-інің Мемлекеттік Егемендігі туралы декларация және «жергілікті өзін-өзі басқару және Қазақ ССР Халық депутаттарының жергілікті кеңестері туралы» 15.02.1991 жылғы заң қабылданды; Қазақ КСР Конституциясына басқаруды демократияландыруға, қоғамдық-саяси өмірдегі компартияның монополиясын жоюға, өз аумағындағы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешудегі барлық деңгейдегі жергілікті кеңестердің рөлін арттыруға бағытталған өзгерістер мен толықтырулар енгізілді; Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі жарияланды. 1992 жылы атқарушы комитеттерді алмастыратын, тура тағайындалатын және өкілетті органдарға тәуелсіз жұмыс істейтін жергілікті әкімдер институты құрылды; оларға бағынышты атқарушы аппараттан айырған жергілікті өкілетті органдар Кеңестер айтарлықтай әлсіреді.

2-кезең (1993-1995 жылдар) өтпелі. Бұл кезеңде тәуелсіз Қазақстанның алғашқы Конституциясы қабылданды; жергілікті Кеңестердің жаппай таратылуы орын алды; 1993 жылғы 10 желтоқсанда «Қазақстан Республикасының жергілікті өкілді және атқарушы органдары туралы» Заң қабылданды, оған сәйкес жаңа сайланбалы өкілетті органдар – Мәслихаттар-депутаттар жиналыстары және жергілікті әкімшіліктер құрылды.

3-кезең (1995 – 2007 жылдар) осы кезеңде ҚР Конституциясына өзгерістер енгізіліп, «ҚР-дағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы» Заңы қабылданып, мәслихаттар мен әкімдіктер жергілікті мемлекеттік басқару органдары ретінде айқындалды. 

4-кезең (2007 жылдан қазіргі уақытқа дейін) 2007 жылғы конституциялық реформа ҚР-дағы жергілікті және мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқарудың арақатынасын өзгертті. Мәслихаттар мен әкімдіктердің мәртебесі өзгерді. Олар жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару органдары ретінде танылып, мемлекет пен қоғам алдында тұрған жаңа міндеттерді ескере отырып, олардың мәртебесі мен құзыреті бекітілді.

Елімізде жергілікті мемлекеттік және өзін-өзі басқару облыс, аудан, қала, қаладағы аудан, ауылдық округ, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауыл шегінде жеке жүзеге асырылады. Облыстың, ауданның, қаланың, қаладағы ауданның, ауылдық округтің, ауылдық округтің құрамына кірмейтін кент пен ауылдың әкімі Мемлекеттік басқару құзыретімен қатар жергілікті өзін-өзі басқару органдарының функцияларын да жүзеге асырады.

Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесінің негізгі өзегі жергілікті өкілді органдар – мәслихаттар болып айқындалған, олар тиісті әкімшілік-аумақтық халқының еркін білдіреді және жалпы мемлекеттік мүдделерді ескере отырып, оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайды, олардың жүзеге асырылуын бақылайды. Мәслихаттар жергілікті деңгейде халық пен билік арасындағы өзіндік көпір болып табылатынын айтуға болады. Олар өз өкілеттіктері шеңберінде көптеген маңызды мәселелерді және жергілікті қоғамдастықтың жинақталған проблемаларын шешуге ықпал етеді. Жергілікті өкілді органдарда осы қоғамдастық халқының күнделікті, өмірлік мәселелерін шешу үшін ұйымдастырушылық және заңнамалық мүмкіндіктер қарастырылған.

Жергілікті өкілетті органды мәслихаттарды — жалпыға бірдей, тең, төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге халық сайлайды. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы осы органның депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бір мәслихаттың ғана депутаты бола алады. 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы аумағында әртүрлі деңгейдегі 223 мәслихат жұмыс істейді. Тиісті мәслихат депутаттарының санын Орталық сайлау комиссиясы нормативтік шектерде белгілейді. 

Заңнамада «мәслихат» – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және Астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және ҚР-ғы заңнамаға сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын сайланбалы орган» деп анықтама беріледі.

Заңға сәйкес, олардың функциялары бірнеше бағытта жұмыс істейді: біріншіден, олар барлық жоспарларды, аумақты дамытудың экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларын, сондай-ақ жергілікті бюджеттердің жобаларын бекітеді. Екіншіден, мәслихаттар облыс орталықтарынан басқа барлық дерлік аумақтық бірліктерді салудың жоспарлау схемалары мен бас жоспарларының жобаларын бекітеді. Олар еліміздің жер заңнамасына сүйене отырып, жер қатынастары мәселелерін реттейді, жылыту маусымдарын дайындау және өткізу, жасыл екпелерді күтіп-ұстау және қорғау, елді мекендерді абаттандыру, үй жануарларын ұстау және қаңғыбас жануарларды аулау қағидаларын бекітеді. Үшінші ден, мәслихаттар дамудың барлық әлеуметтік жоспарларын, оның ішінде жергілікті қоғамдастық азаматтарына әлеуметтік қолдау көрсету қағидаларын бекітеді. Төртіншіден, мәслихаттар әкімдік құрамын келіседі, жергілікті полиция басшысын бекітеді, сенаторларды ҚР Парламенті Сенатына сайлайды. Бесіншіден, мәслихаттардың өнеркәсіп, құрылыс, көлік және байланыс саласындағы, кәсіпкерлікті дамыту және экономиканың басқа да салалары бойынша өкілеттіктері ҚР басқа да салалық заңдарымен бекітілген. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, халыққа сауда қызметін көрсету саласындағы жергілікті өкілді органдардың өкілеттіктері өте ауқымды топты құрайды. Бір қарағанда, олардың өкілеттіктері шағын және өкілдік болып көрінеді, бірақ депутаттардың бекітуінсіз әкімдіктердің түрлі даму бағдарламаларын іске асыруға немесе бюджетті игеруге, сондай-ақ әкімдіктің жауапты қызметкерлерін тағайындауға көшуге құқығы жоқ екені маңызды. Әкімдер де өз лауазымдарына жергілікті мәслихаттардың келісімімен тағайындалады. 

Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкімге сенімсіздік білдіруге және оны қызметінен босату жөнінде тиісінше Республика Президентінің не жоғары тұрған әкімнің алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкімдерінің өкілеттігі жаңадан сайланған Республика Президенті қызметіне кіріскен кезде тоқтатылады.

Мәслихаттар қызметінің негізгі нысаны жалпы отырыстар болып табылады. Депутаттар өз өкілеттіктерін сессияларда жүзеге асырады. Сессияда мәслихат қарауына жатқызылған мәселелер шешіледі. Депутаттар жыл сайын кемінде төрт міндетті сессияны өткізуі тиіс, бірақ кезектен тыс сессияларды өткізуге құқылы, олар өткізілгенге дейін бес күн бұрын жариялануы тиіс. Сондай-ақ, заңда әкімнің мәслихат депутаттары мен депутаттардың халық алдындағы жыл сайынғы есебі қарастырылған. Депутаттар өз функцияларын қоғамдық негізде жүзеге асыратынын атап өткен жөн. Қолданыстағы заңды талдаудан көріп отырғанымыздай, депутаттың сайлаушылардың өзекті мәселелерін шешуде жергілікті қоғамдастықтың өкілі ретіндегі рөлі зор. Сондықтан жергілікті қоғамдастықтың кәсіби және жан-жақты дайындалған белсенді көшбасшылары өкілді биліктің депутаттары болып сайлануы тиіс. 

2021 жылғы сайлау нәтижесі бойынша жетінші шақырылымдағы мәслихат депутаттары тек партиялық тізім бойынша сайланды. Партияда жоқ азаматтар сайлауға қатыса алған жоқ. Конституцияға сәйкес, мәслихаттар жергілікті өзін-өзі басқару органдары болып табылғандықтан тұрғындардың барлық топтарының мүддесін білдіруге тиіс екеніне қарамастан оған тәуелсіз кандидаттар қатыса алған жоқ. 

2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында Қ. Тоқаев саяси жаңғырудың басты мақсаты – азаматтардың мемлекетті басқару ісіндегі рөлін арттыру екенін айта отырып, партияда жоқ азаматтар Мәжіліске ғана емес, жергілікті өкілді органдарға да сайлана алмайтынын көрсетті. Осының салдарынан халықтың сайлау науқанына қызығушылығы күрт төмендегенін және жұрт депутаттарды аса тани бермейтінін ашық айтты. Осыған байланысты аралас сайлау жүйесіне көшуді ұсынды. 

Сайлау заңнамасына енгізілген өзгерістерге сәйкес, облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттары 50% пропорционалдық ал 50% — мажоритарлық жүйе бойынша, ал аудандық және облыстық маңызы бар депутаттар толығымен мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болды. Императивті мандатқа көшу депутаттардың сайлаушылармен өзара байланысын нығайта түсуге мүмкіндік береді. Ал сайлау алдында берген уәдесін орындамаған депутатты кері қайтаруға тетіктері ойластырылды. «Сайлау туралы» Контитуциялық Заңға сәйкес сайлаушылар бір мандатты округ бойынша сайланған депутатты, егер ол азаматтардың сенімін жоғалтса, сайлау бағдарламасын орындамаса, кері шақырып алуға бастамашы бола алады. 

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару туралы» Заңына сай мәслихаттар өз жұмысын тұрақты комиссия мен өзге де жұмыс топтарының негізінде атқарады. Мәслихаттар жылында кем дегенде бір рет халық алдында өздерінің атқарған жұмысы, тұрақты комиссияларының қызметі бойынша есеп береді. 2022 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, мәслихат хатшысының лауазымы мәслихат төрағасы лауазымына ауыстырылды, бұл көп жылдар бойы шешілмей жүрген мәселені мемлекет басшысынң қолдауымен жүзеге асырылды.

Мәслихаттардың өкілді органдар ретіндегі мақсатына атқарушы және өкілді органдар арасындағы міндеттер мен функцияларды ажырату қағидаты негізінде қол жеткізіледі, бұл жергілікті өкілді және атқарушы органдардың өкілеттіктерінде көрініс табады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мәслихат құзыреттілігі үш жағдайда тоқтатылады:

  1. ҚР Конституциясы белгілеген тәртіпке сай мәслихаттар өкілеттілігі мерзімі аяқталған жағдайда.
  2. 2. ҚР-сы Президенті мерзімнен бұрын тоқтатқан кезде.
  3. 3. Мәслихат өзін-өзі таратқан жағдайда. 

Е.Б. Айтқазинов өз зерттеуінде мәслихаттар өкілді орган бола отырып, атқарушы билік, яғни әкімдіктер жанындағы консультативтік-кеңесші органға айналғанын жазады. Сондай-ақ, автор Заңда және мәслихаттар регламентінде әкімді жауапкершілікке тарту шарттары мен тәртібін регламенттеу жоқ екенін және бұл сенімсіздік вотумын іске асыру тәжірибесіне әсер етуі мүмкін екенін атап өтеді. Мәслихаттың сенімсіздік білдіру туралы шешімі әкімді қызметтен дереу босатуға әкеп соқтырмайды, тек осы мәселені ҚР Президентінің қарауы үшін негіз болады.

ҚР Президенті өз кезегінде: өкілді органның бастамасын қолдауға немесе мәслихатпен келіспеуге шешім қабылдайды. Сайланған депутаттардың өздері бұл өкілеттікті пайдалануға асықпайды, жергілікті өкілді органдардың көптеген депутаттары кәсіпкерлер болып табылады, сондықтан әкім мен оның командасының қысымынан қорқады, сонымен қатар кейбір депутаттар тиісті аймақтың бюджетінен қаржыландырылатын мекемелердің басшылары немесе қызметкерлері болып табылады. Басқаша айтқанда, олар атқарушы билікке тікелей тәуелді. Сондай-ақ, автор жергілікті өкілді органдар кадр саясаты арқылы атқарушы биліктің басқарушылық шешімдерін қабылдау процесіне әсер етуі керек деп есептейді.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа жолдауында мәслихаттардың мәртебесін функцияларын кеңейтуді тапсырды. Мәслихаттар өкілді орган ретінде өңірлік қаражатының тиімді жұмсалуын бақылауға жауаптылығын және тексеру комиссияларын да күшейту қажет деп атап көрсетті. Сонымен бірге мәслихат отырыстарының міндетті онлайн көрсетілімдерін енгізу қажеттігі туралы айтқан болатын. 

Президент 2022 жылғы 16 наурыздағы Жолдауында саяси жаңғыру аясында мәслихаттар жергілікті ЖӨБ негізгі буыны болуға тиіс. Бүгінде олар гибридті сипатқа ие, сонымен бірге жергілікті мемлекеттік басқару және жергілікті басқару институты болып табылады. Сондықтан мәслихаттардың өкілеттіктерін нақты белгілеу қажеттігін атап өтті. Осы Жолдауларда көрсетілген мәселелер мәслихаттардың жұмысын жетілдіру және мәртебесін жоғарылату қажеттігінен туындайды.

Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының 2022 жылдың тамыз айында барлық 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қалада жүргізген өңірлік әлеуметтанулық мониторинг нәтижелері бойынша мәслихаттарға респонденттердің жартысынан сәл көбі – 52,8% сенім артады.

 Осыған байланысты мәслихаттарға жергілікті тұрғындардың сенімін одан әрі арттыру өзекті мәселе болып отыр. Р. Асаубаев өз зерттеуінде келесі пікірді келтіреді: «Мәслихаттар негізінде жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту елдің эволюциялық және саяси даму қажеттілігінен туындады. Жалпы мемлекеттік басқару жүйесінен күшті өзін-өзі басқару моделіне көшу белгілі бір «аралық» кезеңмен жүзеге асырылуы керек. Жергілікті өзін-өзі басқаруды іске асырудың осындай тетігі мәслихат болып табылады. Транзиттік кезеңдегі өзін-өзі басқарудың бұл моделі негізделген және орталық пен жергілікті қоғамдастықтардың мүдделерін оңтайлы ескеруге мүмкіндік береді деп болжануда».

 Саясаттанушы Б. Нұрмұхамедовтың пікірінше, «мәслихат депутаттары өз міндеттерін мүмкіндіктеріне қарай орындауға тырысады, бірақ қарым-қатынастың қолданыстағы моделін ескере отырып, мұны толық орындау мүмкін емес. Субъективті фактор бар, әкімдер мәслихаттардағы басым көпшілікті құрайтын партияның (Аманат партиясы) аймақтық филиалдарының төрағалары болып табылады, олардың мүшелері мәслихаттарда отырады. Басым көпшілік сол партиядан болғандықтан мәслихат депутаттары бақылауда болады. Сондықтан Президенттің әкімдер партиясына мүшелігін тоқтата тұру туралы шешімі депутаттардың дербестігін арттыру және өздерінің көзқарастары мен ұстанымдарын білдіру тұрғысынан үлкен маңызға ие болады» деп санайды. 

Саясаттанушының пікірінше мәслихаттардың толық көлемде жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін объективті жағдайлар да бар. Депутаттар санының аздығын, сайлаушылардың санына сай біркелкі емес деп санайды. Мысалы, халқының саны 800 мыңдай адамды құрайтын Маңғыстау облысының мәслихаттардың барлық деңгейдегі – облыстық, қалалық және аудандық депутаттарының саны 100-ден асады. Бұл ретте облыста барлығы 400 мыңға жуық сайлаушы бар. Сонымен қатар, 2 млн астам тұрғыны бар Алматы қаласында оның 1 миллион 200 мың сайлаушысына қалалық мәслихаттың 40 депутаты ғана келеді. Депутаттар санының жетіспеушілігі биліктің атқарушы және өкілді тармақтары арасындағы теңдік туралы айтуға мүмкіндік бермейді.

Қазақстанда өкілді органдардың дамуының тарихи ерекшеліктерін талдай отыра, ұлы дала демократиясынан бастап еліміздің тәуелсізідк алған жылдарына дейін жүргізілген жергілікті басқару жүйелерін және егеменді унитарлы мемлекетіміздің 30 жылда осы мәселе бойынша атқарған шараларын зерделей келе келесі қортындылар шығаруға болады. 

Қазақстанда жергілікті өкілді демократия саласында ұлттық ерекшеліктердің бар екенін, Конституциямен, қолданыстағы Заңда Еуропалық хартиясының талаптарына сай елімізде ЖӨБ нақты институтының қалыптасу мәселесі жалғасуда. Қазақстанда тәуелсіздік жылдары ЖӨБ демократиялық дамытудың Тұжырымдамасы қабылданып, олар іске асырылуда. Алда бекітілген Тұжырымдамаларды іске асыруда келесі мәселелер күтіп тұрғанын атап өтуге болады.

  1. Қолданыстағы заңда жергілікті мемлекеттік басқару мен ЖӨБ айырмашылықтары анықталмаған. Заңда Мәслихат бір мезгілде жергілікті мемлекеттік басқару органы және ЖӨБ жүзеге асыратын орган болып табылады, әкімдік-әкім басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы орган. Бұдан басқа, заңда әкімдік аппараты да, мәслихат аппараты да «мемлекеттік мекеме» болып табылатыны айқындалған. Заңда ЖӨБ органдарына не жатады, ал мемлекеттік билік органдарына не жатады деген мәселе соңына дейін толық шешілмеген. 
  2. Төменгі деңгейде-ауылдық округтер, аудандық бағыныстағы қалалар және ауылдық округтің құрамына кірмейтін ауылдар деңгейінде жергілікті биліктің өкілді органдары жоқ. Әкімшілік-аумақтық бөлінісіне сәйкес ауылдық округтер аудандардың құрамына кіреді. Сондықтан көбінесе ауылдық округтың өкілетілігін аудандық мәслихатта бір депутат білдіреді, кейде бір депутат бірнеше ауыл, селолардың өкілі ретінде мәслихат сессияларында жергілікті қоғамның атынан қатысады.Ал қалалық жерлерде, аудандарында өкілді органдар қарастырылмаған. Сондықтан үлкен қалаларда халықтың мүддесін, үнін жеткізетін демократиялық процестер тежеулі. Алайда бекітілген Тұжырымдаға сәйкес ауылдық, селолық жерлерде жергілікті өкілді орган кеңестер қарастырылған. Жергілікті өкілді органдардың (кеңес, мәслихат) сайланбалылығы оның өкілдік сипаты сияқты маңызды белгісінде көрініс табады, бұл олардың өзін-өзі басқару табиғатын көрсетеді. Халықтың сайланған органдары бола отырып, олар тиісті аумақта тұратын азаматтардың мүдделерін білдіруге және қорғауға құқылы. Осы мақсатта оларға қажетті өкілеттіктер берілген. Сондықтан бұл мәселелерде жергілікті өкілді органдардың депутаттары маңызды рөл атқаруға тиіс. Депутаттар өз өкілеттіктерін қоғамдық негізде атқарса да, жергілікті қоғамдастықтың сайланған өкілдері ретінде заңмен және Конституциямен белгіленген мәртебесі аясында жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы оң өзгерістерді жүзеге асыруда және сайлаушылардың өмірін жақсартуда көшбасшы болуы керек. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin