Түркістан облысы: Түлкібастық мектеп директоры «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында облыс көлемінде басшылар арасында жеңімпаз атанды

2024 жылдың 30 сәуір күні Түркістан облысының » Білім беруді дамыту орталығының» ұйымдастыруымен ZOOM платформасында облыс көлемінде кітап оқыту әдісімен жарыс өтті. Аталған «KitapХАН@» басшылармен өткізілген жарысқа Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты А.Пушкин атындағы АТМЛ-нің директоры, әрі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, педагог-шебер Шаймерденов Марат Мүсілімұлы қатысты.

Бүгінгі басшы құрамының 16-апталық шығарылымында Ордабасы, Түлкібас, Сарыағаш, Сауран, Созақ аудан-қала мектептері директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары қатысып, оқыған керемет көркем әдебиеттерін оқырман қауымға жеткізе білді.

Сайыста Марат Мүсілімұлы Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» атты шығармасын ұсынды. Шығарманың өзектілігі мен қазіргі таңнан өзгешілігі мен жас өскелең ұрпақ үшін берер тәрбиелік мәніне тоқталып, кеңінен насихаттап өтті. Сонымен қатар, Мархабат Байғұт туралы, өмірі мен шығармаларына тоқталып, әсіресе, ауданда жыл сайын өткізіліп келе жатқан дәстүрлі 7-11-ші сынып оқушылары арасында өткізіліп келе жатқан биылғы оқу жылында 25 мамырда өткізілетін «Мархабат оқуларына» тоқталып, жас ұрпақ үшін маңызын да атап өтті. «KitapXAH@» кітап оқыту әдісінің облыс көлемінде жақсы жолға қойылғанын, А.Пушкин атындағы ақпараттық-технологиялар мектеп-лицейінде де «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында мектеп оқушылары арасында үнемі іс-шаралар жүргізіліп келе жатқанын да тілге тиек етті.

Басшы құрамы сайысының нәтижесінде Түлкібас ауданындағы А.Пушкин атындағы мектеп-лицей директоры Марат Шаймерденов Мархабат Байғұттың «Әпкемнің ауылы» кітабын талдап, 25%-бен апталық жеңімпазы атанып, айлық сайысқа жолдама алды.

«Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасы аясында мектеп басшылары арасында III айналымның 16-апталығының жеңімпазы Шаймерденов Марат Мүсілімұлын жеңісімен құттықтаймыз! Келесі айлық кезеңінің жеңімпазы болуды тілейміз!

Мұнан бөлек «KitapХАН@» кітап оқу жобасының педагогтар арасындағы ІІІ айналымының 32-апталық шығарылымы өтті. Бүгінгі апталық шығарылымда Түлкібас, Түркістан, Созақ, Ордабасы, Кентау аудан-қала білім беру ұйымдарының педагогтары қатысып, оқыған көркем әдебиеттерін оқырман қауымға дәріптеді.

Нәтижесінде Созақ ауданындағы Асқар Сүлейменов атындағы жалпы білім беретін мектептің бастауыш сынып мұғалімі Кәріжан Анар Р.Мұқанованың «Шатыр астындағы мен» кітабын дәріптеп, 31%-бен апталық жеңімпаз атанып, айлық сайысқа жолдама алды.

Естеріңізде болса, 2020 жылы Қазақстанда «Оқуға құштар  мектеп – оқуға құштар ұлт» атты жоба басталған болатын.
Бұл жобаның мақсаты — Қазақстанда балалардың шығармашылық дамуы мен оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін белсенді орта құру. «Оқуға құштар мектеп» жобасы кітап оқудың жоғары мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Оқу сауаттылығын дамыту қазақстандық мектептердегі оқу үдерісінің басым бағыттарының біріне айналуы тиіс. Оқуға, қоршаған әлемді танып-білуге деген қызығушылық кітап арқылы мектеп жасынан бастап балалардың бойында қалыптасуы керек, ал кітапхана осы қызығушылықтың шоғырлану орны, ғажайып кітаптар әлеміне жол сілтеуші болуы керек.
Жобаның міндеттері:
 — кітапхана жұмысының барлық формалары мен әдістері арқылы жан-жақты дамыған жеке тұлғаны тәрбиелеуге көмектесу;
 — оқушылардың бойында патриоттық сананы қалыптастыру, туған өлкемізге, мәдениетімізге терең бойлату;
 — оқырмандардың талғамын қалыптастыру және отандық, шетелдік үздік авторлардың шығармаларын оқуға деген қызығушылығын ояту;
 — оқу бағдарламаларын табысты меңгеру үшін шығармашылық ойлауды, танымдық қызығушылықтар мен қабілеттерді дамыту;
— мектеп кітапханасының жұмысына жаңа ақпараттық технологияларды енгізу;
— педагогикалық ұжымға педагогикалық шеберлікті арттыруда көмек көрсету;
— кітапхананың ақпараттық ресурстарын пайдалану арқылы оқушылар мен мұғалімдердің ақпарат көздеріне кеңінен қол жеткізуіне жағдайлар жасау;
— кітапхананың негізгі оқу қорының сапалы қалыптасуын қамтамасыз ету.
Бұл жоба қазіргі мәдени үдерістің өзекті міндеттерін шешуге бағытталған: оқушылардың алдында кітап оқитын баланың имиджін жасау, балалардың кітап оқуын қолдау және дамыту; балалардың жүйелі, шығармашылық, дамытушылық оқу дағдыларын қалыптастыру. Осы мақсатта жоба дәстүрлі және инновациялық жұмыстың әр түрлі формалары мен әдістерін қолдануды, модельдеуді және түрлендіруді болжайды; отбасылық кітап оқуды қолдау және ұйымдастыру бойынша іс-шаралар; байқаулар; викториналар; әдеби ойындар; көрмелер және т.б.

Жалпы, Түркістан облысы әкімдігі 2025 жылға дейін «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» жобасының іс-шаралар жоспарын бекітті. 

Жоба кітап оқудың мәртебесін, оның белсенділігі мен сапасын арттыру, балалардың мәдени және құзыреттілігін дамыту, жас ұрпақ бойында жоғары азаматтық және рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруды көздейді. 

Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Бақытжан Төлімбеттің айтуынша, облыстағы аудандық және қалалық білім беру ұйымдарында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кел, балалар, оқылық!» кітапханашылар клубы құрылған.

«Педагогтер мен ата-аналардың белсенділігін арттыру мақсатында семинар-кеңестер өткізіліп, әдістемелік көмектер көрсетіліп, «Ең үздік кітап оқитын мектеп» атты байқауды ұйымдастыру қолға алынды. Бұдан бөлек, оқу мәдениетін қалыптастыру мен оқу сауаттылығын арттыру үшін мектеп кітапханаларында «Оқу сағаты», яғни әр оқушы білім ордасына келген сәтте 20 минут көркем әдебиет оқытып, оның қызығушылығын ояту. Бастауыш сыныптармен «Біз кітапханадамыз» оқу сағаты, ал 4-сыныптар арасында «Мен оқыған ертегі» челлендждер мен көптеген игі іс-шаралар атқарылып келеді», — дейді  Бақытжан Нұрмаханбетұлы. 

Жоба аясында кітапханалар жаңа цифрлық кеңістікке де бет бұрған. Осы орайда, E-KITAPHANA мектеп оқырманына арналған бұлтты сервисін облысқа ендіру жұмыстары басталды. E-KITAPHANA цифрлы жүйесі облыстағы барлық білім беру ұйымдарындағы оқулықтар мен көркем әдебиеттердің электронды базасын құрады. 

Сонымен қатар, «Оқуға құштар мектеп – оқуға құштар ұлт» ұлттық жобасы аясында «Білім беруді дамыту орталығы» КММ-нің «KitapХАН@» кітап оқу инновациялық жобасы 2021-22 оқу жылында бастау алды. 

«KitapХАН@» кітап оқу жарысының мақсаты – оқу мәртебесін, оқу белсенділігі мен оқу сапасын арттыру, жалпы педагогтердің мәдени және оқу құзіреттілігін дамыту, шығармашылық әлеуетін арттыру. Жобаға «Болат Өтемұратов» қоры, «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы», «Steppe World» баспалары серіктестік етеді. 

«Кітап оқу жарыс жобасы апта сайын Zoom платформасында фейсбук желісіне тікелей қосыла отырып өтеді. Оқырмандар тарапынан өте жоғары деңгейде қызығушылық бар. Мамыр айында жылдық қорытынды сайыс ұйымдастырылып, қатысушы үміткерлерге облыстық кәсіподақ ұйымының демеушілігімен жеңімпаздар мен барша қатысушыларға құнды сыйлықтар табыс етілді», — дейді Түркістан облыстық білім беруді дамыту орталығының басшысы Б.Төлімбет. 

Жалпы жоба бойынша мектеп кітапханаларын жаңалап, кітапты көбейту мақсатында 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне байланысты «Кітапханаға кітап сыйла!» атты акциясы бастау алып, бүгінге дейін жалғасып келеді. Акцияға білім бөлімінің басшылары, жалпы білім саласының байырғы және қазіргі қызметкерлері, түлектер өздері оқыған білім ошағының кітапханаларына тұрақты пайдалануы үшін көркем әдебиеттер тарту етуде. 

Сонымен қатар, аймақтағы мектептердің кітапхана мамандарымен WhatsApp желісі арқылы аталған жоба негізінде сауалнамалар алынып, әртүрлі тапсырмалар беріледі. Кітапхана мамандарының да кітап оқу мәдениетінің терең қалыптасуына оң ықпалын тигізетін онлайн сабақтар жүзеге асырылып жатыр. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin