Түркістан облысы: Түлкібастық оқушылар абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен кездесу өткізді

Түлкібас ауданының білім бөліміне қарасты Юрий Гагарин атындағы жалпы білім беретін мектебінде «Мамыр — Ынтымақ айы» айлығы акциясы аясында мектеп әкімшілігінің ұйымдастыруымен кіші буын жастарға патриоттық рух беріп, адамгершілік қасиеттерге баулу мақсатында филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлымен кездесу өтті.

Мекемтас Мырзахметұлы — 1930 жылы Түркістан облысының Түлкібас ауданындағы Майтөбе ауылында дүниеге келген. Абайтанушы, бауыржантанушы, яссауитанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор. Ашаршылық заманымен тұспа-тұс келген балалық шағында аман қалуы сол заманның келбетін, қазақтың тағдырын көрсетеді.

Мекемтас Мырзахметұлы – отбасының кенжесі. Отбасыда 12 бала болған. Бірі ашаршылық жылдары өмірден өтсе, енді бірі соғыстан оралмаған, арасында қылшамен ауырып, дүниеден өткені бар. 12 баладан бір ұл, бір қыз қалған. Ата-анасы баласы жастай шешектен өле бергендіктен, «тастай қатты, бекем болсын» деген ниетпен кенже баласының есімін Мекемтас қойыпты.

Әкесі Мырзахмет 1933 жылы дүниеден өткен. Ашаршылық жылдары анасы сегіз айлық қызы мен төрт жарым жасар Мекемтасты алып, басқа ауылға қарай жолға шыққан. Тау мен тастың арасынан өтіп, ауылға жақындаған тұста қасқырларға тап болып, анасы шарасыздықтан қызын қасқырларға қалдырып, ұлын аман алып қалған.

«Ұлды алып қалайын, қызды берейін. Басқа амалым жоқ, әйтпесе үшеумізді де жеп қояды» деп ойлаған болуы керек. Қараңғы кез еді. Үш қасқыр таласып жатқанда шешем мені арқасына салып, ала жөнелді. Артынан барып қараған кезде тек шашы қалған, басқа түк те жоқ. Жеп қойған. Ашаршылық заманда ондай көп болған. Ол кезде қасқырлар адам етін жейтін, басқа ештеңе жоқ. Қазақта әулетті сақтау керек деген бар. Көрмеген нәрсені көріп өстік», — дейді Мекемтас Мырзахметұлы сол оқиға жайлы.

Ал анасы 1946 жылы төсек тартып қалған.

Мекемтас Мырзахметұлы анасы қайтыс болғаннан кейін ағайындарының қолында тұрған. 8 жасында мектепке барды, кейін балалар үйі мен мектеп-интернатта тәрбиеленді. 1948 жылы қазіргі Тұрар Рысқұлов ауылындағы Абай атындағы қазақ орта мектебін бітірді.

1953 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының филология факультетін, 1964 жылы аспирантурасын бітірген.

Әкесінің досы Бауыржан Момышұлының жанашырлығымен көптен бері қолы жетпей жүрген аспирантураға түскен. 31 жасында оқуға қабылданып, үш жыл Момышұлының үйінде жатып оқыған.

Үйіндегі ұстазы – Бауыржан Момышұлы, оқу орнында Абайды тануға жетелеген ұстазы – Қажым Жұмалиев.
1953-1961 жылдары Низами атындағы Ташкент педагогикалық институтында кафедра меңгерушісі, декан, проректоры болды.

1975-1991 жылдары Қазақстан ғылым академиясы Әдебиет және өнер институтында ғылыми қызметкер, абайтану бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.

1991-2000 жылдары Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің кафедра меңгерушісі, Ясауи ғылыми лабораториясының меңгерушісі, әдебиет және этнофилология ғылыми-зерттеу орталығының директоры болды.

2002-2003 жылы Түркітану ғылыми-зерттеу институтының директоры болды.

Абай “Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла” деп жазған. Сол жұмбақтың жауабын тапсам деген жолда Мекемтас Мырзахметов 60 жыл ізденіс жасайды. 90 жасқа келгенде тоқтам жасады. Абай армандаған “Толық адам” формуласын түзді. Ол үш нәрседен тұрады екен: ақыл, әділет, рақым.

«Толық адам» ілімінің тамыры терең, тарихы алыста жатыр. Біздің заманымызға дейін Ү-ҮІ ғасырларда «ахи» ілімі пайда болған. «Ахи» сөзі жомарт деген мағынаны білдіреді. Біз ХХІ ғасырға дейін осы іліммен сусындап келдік. Он бірінші ғасырда Әл-Фарабидің «Парасатты адам» ғылымы жасалды. Одан кейін «Құтадғу білік», ХІІІ-ХІҮ ғасырда Яссауи ілімі, одан кейін Абайдың «Толық адам» ілімі, ХХ ғасырдың басында Шәкәрімнің «Ар ғылымы» шыққан. Адамгершілік тақырыбын қаузайтын бұл деректер ар ғылымының бізде алты сатысы болғанын айғақтайды. Ал, біздің заманымызға дейінгі бес жүз жылдықта «Оқымысты адам» ілімін көкке көтеріп жүрген қытайлардың өзінде кейін «Конфуций ілімі» шықты да әрі қарай ол дамымай, тоқтап қалды», — дейді Мырзахметұлы бір сұхбатында.

«Мен тек қана бірен-саран жұмбақтарының буындарын шештім. Абай деген – феномен. Жай адам емес. Мектепте де оқыған жоқ. Университет оқыған жоқ. Бар болғаны үш жыл медреседе оқыды. Сол кезде Шығыстың ақындарын мықты оқып, қуатты бойынша жиып алған. Мен Абайды өмір бойы зерттедім. Сонда да түсіне алмадым», — дейді ғалым Абай Құнанбайұлына қатысты зерттеуі жайлы.

«Толық адам» ілімі арқылы жастарды тәрбиелей аламыз. Алланың бойындағы сегіз сипат адамда да бар, бірақ Алладағыдай толық емес. Сондықтан бойымыздағы сегіз сипатты Аллаға еліктей отырып күрделендіріп, жөндеуіміз керек. Соған ұмтылуымыз керек. «Толық адам» ілімі содан барып шығады», — дейді Мекемтас Мырзахметұлы.

Мекемтас Мырзахметұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында әрқайсысы 400 беттен тұратын Абай туралы еңбегінің он томдығын шығарды.

«Қазір дүниетаным өзгерді. Бұрын бәріміздің шоқынатын жеріміз материализм еді. Барлық қоғамдық ойға да, өндіріске де, барлық саланың іргетасы ретінде осы затшылдықты алатынбыз. Оның негізін салған кванттық физиканың өкілдері. Сәуленің бөлінбейтін бөлігін квант деп атайды. Ал, заттың бөлінбейтін бөлшегін атом дейді. Сол атоммен квант теңдес. Осы арқылы дүниені билейтін материя емес, дүниені билейтін ұлы сана дегенге келді. Ол ғылыми тұрғыдан мойындалды. Бірақ, оны қабылдау қиын болып жатыр. Европа 16-ғасырдан бастап осы жолға түсті. Абай атамыздың 7-ші қара сөзінде: «Дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын түгелдеп, ең болмаса денелеп білмесе, адамдықпен орны болмайды» дейді. Өйткені, Абай дүниенің көрінген сыры мен көрінбеген сырын зерттегенде оны алшақ емес, үйлесіммен жасау керектігін айтады. Еуропа және испан ғалымдарының бастауымен 16-ғасырда мынадай тұжырым жасалды: «Жан дегенді білеміз. Ұстай алмаймыз, өлшей алмаймыз, көре алмаймыз. Оған түсіп неміз бар? Одан да дүниенің көрінген сырына көшейік». Содан бастап бүкіл Еуропа материализмге кеткен. Олар қазіргі таңда өндірісті, көлікті жасағанымен, рухани жағынан шөгіп қалды. Азғындап қалды. Неге? Себебі, олар дүниенің көрінбеген сырына мән бермеді. Біздің бабаларымыз, әсіресе Абай, Шәкәрімдер дүниенің көрінбеген сырын көздеді. Шәкәрім пәлсапалық лирикаларында жан туралы, тән туралы ізденеді. Абай «Алла деген сөз жеңіл» деген өлеңінде: «Біз Алланы ақылмен тани алмаймыз, жүрекпен сезінеміз» деген байламға келді. Сөйтіп жүректің культін көтерді. Абайтануда осындай үлкен танымдық өзгерістер бар. Бұған қазіргі біздің ғалымдар кіре алмай жатыр. Кіре алмайтын себебі, 500 жыл бойы Еуропа атеистік, материалистік көзқараспен қалыптасты. Кеңес үкіметі кезінде біз мәңгүрттендік те, Құдайды жоққа шығардық, дүниенің өзі материал дегенге сендік. Біз де оны қабылдадық. Мысалға, мен туылған 70 жылдық өмірімізде сол тәрбиеде өстік. Шешем діншіл адам еді. Мектепке мені әбдан қайрап жібереді, ал мектепке барсаң мұғалімдер: «Құдай жоқ. Болса қайда? Көрсет?» деп отырады. Міне, осының түйіні қазір шешілген. Яғни, шешуші нәрсе дүниенің көрінбеген сырында жатыр екен. Абайдың, Шәкәрімнің, Мағжанның іздеп жүргені осы мәселе. Еуропа мен Кеңес үкіметі бұны қабылдамады. Материалистік көзқараспен құдайсыздар санатына кіріп кеттік. Бұның жалған екендігі қазір ашылды. Бұдан бірден арыла алмаймыз. Бірақ біз Абайдың мұрасын білу арқылы көп нәрседен арылатын жағдайымыз бар. Оған қазіргі философ-абайтанушылар даяр емес. Олар анау материалистік философияның негізімен қалыптасқан. Моделінің барлығын содан алған. Ол мына модельге түсе алмайды. Ол үшін исламиятты білу керек. Діннің тарихын терең білу керек. Сонда ғана Абайға кіре алады. Міне, сондықтан осындай жағдайлар болып жатыр. Ал, Абайды дүниежүзілік деңгейде түсінуіміз үшін жаңағы жолға түсуіміз керек. Кеңес үкіметі Абайды материалист-атеист деп түсіндіріп, құлағымызға құйып келді. Бұл жол қазір жабылды. Себебі, Абайды дұрыс түсіндіре алмады. Абай материалист те емес, атеист те емес. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас» деген Абайды қалай біз атеист дей аламыз. Енді оны саяси идеологияға сәйкестендіре отырып қолдан атеист жасады. Біз енді бұл рельсті қойып, ұлы сана рельсіне өтуіміз керек. Абай осы жерде мықтап ашылады. Осыған даяр адамдар бар ма? Бірен-саран адамдар бар. Бірақ, абайтанудың басқа ғалымдары әлі ескі рельстегі таныммен тұр. Осыған қарап білеміз. Абай тек қана қазақ емес, бүкіл Орта Азия, сол арқылы бүкіл түрік халықтарының арасында заманында өте биік деңгейге шыққан. Пәлсапалық лирика жағынан биік тұрды» — дейді ғалым.

Мекемтас Мырзахметұлына 1989 жылы филология ғылымдарының докторы, 1995 жылы профессор құрметті атағы берілді.

1996 жылы Президент жарлығымен ғылым саласындағы ерен еңбектері үшін Қазақстанның мемлекеттік сыйлығын алды.

2001 жылы «Құрмет» орденімен марапатталды.

2003 жылы «Түркі әлеміне сіңірген еңбекгі үшін» халықаралық сыйлығының лауреаты атанды.
Бауыржан Момышұлының атындағы «Құрмет белгісі», «Парасат» ордені берілді.

2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев І дәрежелі «Барыс» орденін табыстады.

Мектеп директоры Ержан Мұхтарұлы Махашев және бітіруші түлектер Мекемтас Мырзахметұлының өмірімен танысып, ашық сұхбат құрды. Өз кезегiнде Мекемтас Мырзахметұлы қазiргi қоғам жайында, елiмiздiң өткенi мен бүгiнi төңірегінде ғибратты әңгiмелер айтты. Айтулы тұлғаның шығармаларын жас ұрпаққа дәрiптеу, еңбектерiн насихаттауға арналған кештi 10-сынып оқушысының орындауындағы «Шындық туралы толғауымен» қорытындылап, батасын алды.

Іс-шара барысында абыз ақсақал Мекемтас Мырзахметұлы өз зерттеулеріндегі «Толық адам» философиясының маңызын түсіндіре отырып, өзінің арнайы шығарған Абайдың 10 томдық «Абайтану» кітабын қатысушыларға сыйға тартты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin