Түлкібас ауданында өткен жылы жұмысын бастаған «Нұрсәуле фрудс» ЖШС балық шаруашылығын дамытуға бел буып, жылына 100 тонна сазан, ақ амур, дөңмаңдай, форель балықтарын өндіруді көздеп отыр.
Бүгінгі таңда жоғарыда көрсетілген балық уылдырықтарының 3 миллион 200 мың данасын Құлан су қоймасы мен жанынан өздері соққан жасанды бассейндерге жіберген. Кәсіпкерлік нысанда 14 адамға жаңа жұмыс орны ашылды.
Аталған серіктестікке аудан әкімі Нұржан Ізтілеуов жауапты мамандармен арнайы барып, бүгінгі жұмысымен танысты. Әкімдік тарапынан қолдау сұраған кәсіпкерге аудан басшысы заң талаптарына сай барлық көмектер көрсетілетіндігін айтып, жауапты бөлім басшысымен бірге тиісті құжаттарын дайындап, ұсыну керектігін жеткізді.
Айта кетейік, аудан көлемінде соңғы 3-4 жылда балық шаруашылығымен айналысуға ниет білдірушілердің саны артып келеді.
Осыдан 10 жыл бұрын Арыс ауылдық округіне қарасты бірден-бір балық шаруашылығын дамытушы «First Fish Company» ЖШС-гі ғана жұмыс істеп келсе, бүгінгі таңда аудан көлемінде 12 шаруашылық өзінің жеріндегі өзен, көлдер мен жасанды тоғандарына балық шабақтарын жіберіп, балық өсірумен айналысып жатыр. Осы күнге дейін 28,5 гектар жер теліміндегі тоғандарға 3,5 миллион дана шабақ жіберілген.
Расы керек, Түркістан облысы балық шаруашылығын дамытуға мықтап кірісті. Алдағы үш жылда өңірде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспары бар. Биылдың өзінде тауарлы балық өсіретін 30 шаруашылық жұмысын бастап кетті.
Мәселен, Сайрам ауданындағы тауарлы балық өсіретін шаруашылық 2017 жылы құрылған. Мұнда шабақ салатын 14, тауарлы балық өсіретін 17 көл бар. Онда негізінен карп тұқымдас сазан, тұқы, дөңмаңдай, ақ амур өсіріледі. Шаруашылық шабақты өздері өндіреді. Уылдырық шығаратын екі цехта жылына 1,5 миллион шабақ өндіріледі. Шаруашылық басшысының айтуынша, оның 600 миллионы өздерінде қалса, қалғанын облыстағы басқа шаруашылықтарға сатады.
Бұл жөнінде балық шаруашылығының төрағасы Бақытбек Төрегелдиев: «Тағы да шабақтарды өсіретін бос жерлеріміз бар. Ол жерлерге де жаңадан көлдер ашып жатырмыз. Биыл ерте көктемде судактың тұқымдарында шығардық. Шамамен 200 мыңдай шабақ шығардық. Оны келесі жылы да дамытуға әрекет жасап жатырмыз. Біздер былтыр 650-700 тоннаға дейін балық өндірдік. Биыл мың тоннаға жеткіземіз деп әрекет жасап жатырмыз» — дейді.
Ал Түлкібас ауданының Құлан су қоймасындағы балық шаруашылығы жұмысын былтыр бастады. Мұнда көлге сазан, ақамур және дөңмаңдайдың 3 миллионға жуық уылдырығы жіберілген. Ал су бетіндегі тор шарбақтарда форельдің 50 мыңға жуық шабағы өсіп, жетілуде. Шаруашылық басшысы Қайсар Байтілеуов алдағы күзде су айдынынан 150 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.
Түркістан облысында қолдан жасалған тоғандарды қоспағанда жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар. Онда 156 кәсіпкерлік мекеме тауарлы балық өсірумен айналысады. «Тауарлы балық өндіру бойынша біздің облыс республикада көшбасшы болып отырмыз. Жұмыстар қарқынды жүріп жатыр. Облыс әкімі тағы да тапсырма берді. Биылға жоспарлаған межеміз 6640 тонна болатын тауарлы балық өндіру бойынша, соны 2024 жылы 10 мың тоннаға жеткізу жүктелді. Соның аясында жұмыс істеп жатырмыз» — дейді облыстық Табиғи ресурстар басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов.
2020 жылы Үкімет бекіткен балық шаруашылығын дамытудың 10 жылдық бағдарламасына сәйкес, өңірде 2030 жылға дейін 20 мың тонна тауарлы балық өндіру жоспарланып отыр. Биыл саланы дамытуға жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Екінші жарты жылдыққа да сонша қаржы қаралған. Ал инвестициялық субсидия ретінде республикалық бюджеттен 226 миллион теңге бөлінген. Одан бөлек балық жемінің 30%-ын, ал шабағы мен аналығын сатып алуға кеткен шығынның 25%-ін мемлекет өтейді.
Бұл туралы Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының басшысы Фазылбек Нәлібаев: «Өткен жылы мемлекет басшысы балық шаруашылығын дамыту жайында тапсырма берген. Сол бағытта Үкіметпен, министрлікпен, жергілікті әкімшіліктермен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Кеше Шардара ауданында болдым, ол жерде де осындай тор құрып, табиғат пайдаланушылар жұмыс істеп жатыр. Біз өзіміздің тарапымыздан қолдан келгенше көмектесеміз. Бұл жұмыстар ары қарайда жалғасын табатын болады» — деп атап өтті.
Қазір Түркістан облысының Шардара ауданында балықты терең өңдейтін бес зауыт жұмыс істейді. Олар былтыр 5 миллиард теңгенің өнімін өндіріп, 80 пайызын экспортқа шығарды. Тапсырыс тек Еуропа елдерінен ғана емес, Америкадан да түскен. Биыл өңір кәсіпкерлері 5 мың тоннаға жуық балық өнімін экспорттауды көздеп отыр.
Мемлекет тарапынан акваөсіруді субсидиялау балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізуде. Облыста жасанды жолмен балық өсіру саласының әлеуеті өте жоғары. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
– Бағдарламада бекітілген тауарлы балық өндіру көлеміне қол жеткізу мақсатында 2023-2025 жылдары аудан, қала әкімдіктері кесіндісінде жаңадан 91 балық шаруашылығын ашу жоспарланған. Ал акваөсіру бойынша биыл жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 31 шаруашылыққа субсидия беріліп, қаржы толық игерілді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226,0 млн. теңге қарастырылған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркелген. Оның 88 табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген, – дейді Түркістан облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Данияр Сейітов.
Мемлекеттік бағдарлама аясында субсидия алып, балық шаруашылығын өркендетуге өз үлестерін қосып жүрген Шардара ауданында балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Соның бірі – Сүткент ауыл округіндегі «Болашақ» шаруа қожалығы. 40 гектар аумағы бар тоғанды балық өсірумен айналысатын шаруа қожалығы 2021 жылы іске қосылған. Мұнда жайын, тұқы, сазан, ақ амур, дөнмаңдай балық түрлері өсіріледі. Арнайы күтіммен өсірілген балықтар Ресей еліне экспортталуда. Өткен жылы 160 тонна балық өндірілсе, биыл 300 тоннаға жеткізуді көздеп отыр. «Болашақ» шаруа қожалығы директорының орынбасары Мұхтар Байқошқаров 28 млн. теңге субсидия берілгенін айтып, биыл шаруа қожалық өнімін арттыру үшін мемлекеттен 250 млн. теңге жеңілдетілген несиеге өтініш бергенін жеткізді.
Шардара ауданындағы келесі нысан – Қоссейіт ауылдық округіндегі «Ахмет» балық шаруа қожалығы. Мұнда табиғи және шарбақта үш түрлі балық өсіріледі. Кәсіпкердің жеке инвестициялық салымдары есебінен ашылған «Ахмет» шаруа қожалығы 2020 жылы іске қосылған. Аумағы 56 гектар жерді құрайды. Қуаттылығы – жылына 60 тонна. 6 метр тереңдіктегі шарбақта өсірілген балықтар жергілікті халықтың сұранысына ие.«Ахмет» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Бәкарыстанәлінің айтуынша, мемлекет тарапынан былтыр 29 млн. теңге берілген. Кәсіпкер тұқы, сазан, ақ амур басқа алдағы уақытта көксерке, ақмарқа, дөңмаңдай секілді балық түрлерін қосуды жоспарлауда.
Айта кетейік, 2023-2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізілуде. Олар Шардара (ЖК «Жалғасбаев Т») және Отырар ауданында («Созақ балық өнімдері» АӨК) ашылмақ. Бүгінгі таңға дейін барлық аудан, қалаларды аралап, балық шаруашылығын дамытуға қатысты түсіндірме жұмыстары жүргізілген.
Түркістан облысында 2021-2030 жылдарға арналған «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген. Бағдарламаға сәйкес, 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға, ал биыл 6640 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Осы ретте облыс әкімінің тапсырмасын іске асыру мақсатында облыстың аудан, қала аумағынан балық шаруашылығын дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған жоспары бекітіліп, балық өсіру шаруашылығы санын 126-дан 217-ге дейін жеткізу көзделіп отыр.
Ал Жетісай ауданының Мақталы ауылдық округіне қарасты Шолпанқұдық шағын ауылында орналасқан «Димаш» шаруа қожалығының төрағасы Сүндет Абылаев 20 миллион теңге жеке қаржысын өзінің балық шаруашылығына салып, дөңмаңдай, амур, сазан секілді балық түрлерінің 1 млн 300 мың дана шабағын алып келген екен. Ұзындығы — 250 метр, ені — 180 метр болатын 3 бассейнде өсіріліп жатқан балықтардың орташа салмағы — 1,5 келі. Балықтарға қажетті жемді Польша елінен алдырады екен. Мамандардың айтуынша, шекара асып келетін жемнің құрамында балықты түрлі ауру-сырқаудан сақтайтын және өсіп-жетілуіне қажетті барлық минералдар бар.
Еліміз бойынша жасанды балық өсіруден көш бастап тұрған Түркістан облысында 104 су айдыны бар. Олардан бөлек 4 халықаралық, 4 республикалық маңызы бар кәсіпшілік мақсаттағы учаскелер бекітілген. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылған екен.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін атап, оның ішінде балық шаруашылығына да ерекше мән беруді тапсырған еді. Нәтижесінде, мемлекет тарапынан акваөсіруге пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындарды субсидиялау бағдарламасы балық шаруашылығын дамытуға оңды ықпалын тигізіп келеді», — дейді Жетісай ауданының әкімі Серік Мамытов.
Мемлекеттік қолдаудан қалыс қалмаған Түркістан облысының балық өндірушілері өнімдерін Әзербайжан, Грузия, Израиль, Ресей, Қытай және Өзбекстан елдеріне экспорттап, табыстарын арттырып жатыр.
Созақ ауданында да тауарлы балық өндірумен 8 шаруашылық айналысады. «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің төрағасы Нұрахмет Қазақбаевтың айтуынша, 2015 жылдан бері өз жұмысын бастаған кәсіпорын биыл 180 тонна өнім алып, күзде тағы 500 мың дана шабақ жіберіп 200 тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, балық өсіру кезінде пайдаланылатын азықты сатып алуға жұмсалатын шығындардың 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады.
– Бүгінде «Бабата» су қоймасында тауарлы балық өсірумен айналысып, жұмысымыздың жемісін көріп отырмыз. Оның ішінде дөңмаңдай, ақ амур және сазан балықтары бар. 2018 жылдан бері мемлекеттен қажетті қолдаулар көрсетілуде. Өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен тиісті басқарма осы тауарлы балық өсірушілерді қолдап, қазір мемлекеттен субсидия беріліп жатыр. Тауарлы балықпен айналысу оңай шаруа емес, бір жылда өнім ала алмайсың. Салған шабақ үш жылдан кейін ғана өнім береді. Сол уақытқа дейін қаражат салып, шабақтарды бағып үлкейту керек. Өткен жылы облыс әкімі біздің балық жемін шығаратын зауытымыздың жобасымен танысты. Жемі болмай бұл саланы дамыту қиын. Жеңілдетілген несие беруге ұсыныс берілді. Несие берілсе енді біз балықтың жемін шығаратын зауыт салмақпыз. Жемді өзіміз шығаратын болсақ, балықтан пайда мол болар еді. Біздің балықтар экспортталатын балық емес. Қазір тек өзіміздің ішкі базарларға сатылады. Келешекте көксерке балығын да өсіруді қолға алып, балық өнімдерін қайта өңдеу зауытын іске қосуды көздеп отырмыз, – дейді Нұрахмет Қазақбаев.
Қазіргі таңда ауданда жеті мекеме бірігіп, Созақ балық өнімдері ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, балықтың жемін шығаратын зауыт салуға жұмыстар жүріп жатыр. Әзірге жемді сырттан сатып алып отыр.
Еске сала кетсек, Созақ ауданындағы «Kaz.Gold.Fish» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі 2015 жылы 100 мың шабақ, 2016 жылы 120 мың шабақ, 2017 жылы 80 мың шабақ, 2018 жылы 120 мың шабақ, 2019 жылы 100 мың шабақ, 2020 жылы 400 мың шабақ, 2021 жылы 900 мың шабақ, 2022 жылы 750 мың дана шабақ салған. Ол шабақтар инкубациялары бар қожалықтардан сатып алынған. Келешекте шаруашылықтың өзі инкубацияларды орнатып шабақ шығаруды да қолға алмақшы.
Облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкердің шаруашылығы үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 млрд. теңге несие беру қарастырылып жатыр. Жалпы облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді.
Атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілді. Жоспарға сай, биыл облыста 6640 тонна балық өсірілуі қажет. I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Тауарлы балық өндіру бойынша Түркістан облысы республика көлемінде көш басында тұр.
Түнеугүні Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлының қатысуымен балық саласында шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер және балық шаруашылығы саласын дамыту жөнінде жиын өткен-ді. Мәжіліске Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиев және балық шаруашылығына қатысты құзырлы мемлекеттік органдар және аудан, қала әкімдіктерінің салаға жауапты орынбасарлары мен шаруа қожалықтың иелері қатысты.
Түркістан облысында балық шаруашылығы саласының жағдайы туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының Жануарлар дүниесін қорғау бөлімінің басшысы Данияр Сейітов баяндама жасады.
– «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасына» сәйкес, Түркістан облысында 2030 жылға дейін тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған. Облыста жергілікті маңызы бар 104 су айдыны тіркеліп, олар 88 табиғат пайдаланушыға бекітіліп берілген. Тауарлы балық өсірумен 146 кәсіпкерлік субъектісі айналысады. Балық шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі. Акваөсіру бойынша 2023 жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге бөлініп, бүгінде 26 шаруашылыққа субсидия берілуде. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға биылға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған. Тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді ол.
Бүгінде жоспарға сәйкес жаңадан 20 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде төртеуі үйіргелік аулада ашылған. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, нормаға сәйкес облыс тұрғындарының балық өнімін тұтынуын толық қамтамасыз ету және балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарланып отыр. Дегенмен, конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін табиғат пайдаланушыларға бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар 21 су айдынында табиғат пайдаланушылармен келісімшарт талаптарының мерзімінде орындалмауына байланысты, шартты біржақты бұзу шаралары жүргізілуде.
Жиында бірқатар ұсыныстар айтылып, мәселелер талқыланды. Атап айтсақ, су айдындары мен тоғандардың аймағынан шаруашылықтарды дамыту үшін жер телімдерін рәсімдеуді уақтылы, тез арада заңдастыру, балық шаруашылықтарының көлемі мен санының көбеюіне байланысты, акваөсіру бойынша кеткен шығындардың көлемін субсидиялауға қосымша қаржы бөлу сұрады. Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсету және жаңадан балық шаруашылығын обьектілерін ашу жоспарын орындау жүктелді.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітілген 91 су айдынын қайтадан талдап, зерделеуді тапсырып, экспортқа ден қоюды тапсырған. Ермек Кенжеханұлы осы бағытта жұмыстар атқарылуы керектігін айтып, жауапты мамандарға тапсырма берді. Сондай-ақ балық шаруашылығы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті.
– Балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуі керек. Инвесторлар тарту маңызды. Жаңадан тоғанды балық шаруашылығын, балық азықтары мен балық өнімдерін өңдейтін зауыт, кәсіпорын ашуға ниет білдірген тұлғаларға жаңадан және табиғат пайдаланушыларға конкурстық негізде бекітілген су айдындары мен жұмыс істеп тұрған тоғанды балық шаруашылықтарын одан әрі дамыту мақсатында айналасынан жер учаскелерін берулі қарастыру қажет. Балық шаруашылығын дамыту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жаңадан балық шаруашылығы нысандарын ашу жоспарының орындалуы қамтамасыз етіліп, атқарылған жұмыстар бойынша әр тоқсан сайын табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына есебі берілуі керек. Балық шаруашылығымен айналысушыларға кәсіптерін дамыту үшін жеңілдетілген несие беру қамтамасыз етілсін. Конкурстық негізде балық шаруашылығын жүргізу үшін бекітіліп берілген жергілікті маңызы бар су айдындарында табиғат пайдаланушыларымен атқарылған жұмыстарына талдау жүргізіліп, шарт талаптарын орындамаған табиғат пайдаланушылармен шартты біржақты бұзу шаралары атқарылуы тиіс. Заңға сәйкес резервтегі су айдындарын конкурстық негізде табиғат пайдаланушыларға бекітіп беру жұмыстары жалғасады, – деді Ермек Кенжеханұлы.
– Бағдарламаға сәйкес 2030 жылға дейін облыста тауарлы балық өндіру көлемі 20 мың тонна болып бекітілген. Аудан, қала әкімдіктерінің аумағынан 2023-2025 жылдары жаңадан ашуға жоспарланған 91 шаруашылыққа инвестициялық субсидия және жеңілдетілген несие тұрақты түрде бекітілген жағдайда, 2025-2026 жылдары облыста тауарлы балық өндіру көлемі 30 мың тоннадан асады, – дейді Қайрат Абдуалиев.
Жиналыс барысында өңірде балық шаруашылығын дамытудың өзекті мәселелері талқыланып, көкейтесті сұрақтарға ұтымды жауаптар алынып, балық шаруашылығын дамыту жолдары жан-жақты сараланып, ұсыныс-пікірлер тыңдалды.
Айта кетейік, балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 млрд. теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын жинақтап, өткізуде. Облыста жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2023 – 2024 жылдары қосымша, жеке инвесторлармен 1 млрд. 700 млн. теңгеге балық азықтарын шығаратын (қуаттылығы жылына 10 мың тонналық) 2 зауыт ашу жоспарланып, жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен деоблыстағы балық шаруашылығы саласын дамыту бойынша жиналыс өткен болатын. Онда облыс басшысы бұл бағытта жұмысты ширатып, экспорттық әлеуетті көтеруге басымдық беруді тапсырды. Облыс тұрғындарын балық өнімдерімен толық қамтамасыз ету мақсатында 30 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4-еуі үйіргелік аулада ашылды. Сонымен қатар жалпы қуаттылығы жылына 15 мың тоннаны құрайтын 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қайрат Абдуалиевтің баяндауынша, облыста 2022 жылы 6 мың 200 тоннаға жуық тауарлы балық өндірілсе, биылғы жоспар – 6640 тонна. Саланы дамытуға биыл жергілікті бюджеттен 500 млн теңге бөлінді. Бұдан бөлек, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 226 млн. теңге қарастырылған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.