Түркістан облысы: Түлкібас ауданында жайылым жерлерді халық игілігіне қайтару жұмыстары жалғасып жатыр

Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуовтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте аудандық бюджетің игерілуі мен салық түсімдері және индикаторлық көрсеткіштердің орындалу барысы пысықталды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары мен аппарат қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл әкімдері және полиция қызметкерлері қатысты.

Аудан бойынша жалпы жер көлемі – 227 504 гектар, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі – 148 579 гектар, ауыл шаруалығы алқаптарының жер көлемі – 128 270 гектар. Оның ішінде егістік жерлер — 63 020 гектар, оның ішінде суармалы егістік — 13 456 гектар, көпжылдық екпе ағаштары — 4091 гектар, шабындық жерлер — 3211 гектар, жайылымдық — 57 948 гектар.

Жер санаттары бойынша: елді мекендердің жерлері — 23 137 гектар; өнеркәсіп, көлік, байланыс, қорғаныс және ауыл шаруашылығы емес, басқа мақсаттарда пайдаланатын жерлер — 5575 гектар; ерекше қорғаудағы табиғи аумақтардың жерлері — 49 958 гектар; орман қорының жерлері — 27 125 гектар; су қорының жерлері — 143 гектар; өзге жерлер — 22 152 гектар. Түлкібас ауданының 6333 гектар жерін Сайрам ауданы пайдалануда.

 Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Ж. Керімқұлов өз баяндамасында биылғы жоспарға сәйкес елдімекеннің ортақ жайылымына 7000 гектар жайылым жер учаскесі қайтарылатынын мәлімдеді.

Сонымен қатар, елдімекендерді абаттандыру, көгалдандыру, жол бойындағы үйлердің қасбетін әктеп-сырлау және оларды күтіп ұстау жөнінде А. Нұрлыбай мен А. Мусралиевтың баяндамалары тыңдалып, жұмысты жандандыру мәселелері талқыланды.

Аудан басшысы Нұржан Жақсылықұлы осы жұмыстардың атқарылу кезеңіндегі олқылықтардың көзін жойып, аталған мәлеселерді тез арада шешуді, тазалық сақтау шаралары бойынша халыққа үгіт-насихат жұмыстары жүргізіп, әр апта соңында сенбілікке шығуды жауапты бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне тапсырды.

Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Түлкібас ауданда 15 ауылдық округ, 62 ауылдық елдімекен орналасқан.

Аудан аумағында Ақсу-Жабағылы қорығы бар. Ол Талас Алатауы мен Өгем тауларының Солтүстік-Батыс сілемдерінде орналасқан. Қорық — ерекше қорғалатын аймақ. Оның жалпы көлемі — 85 754 гектар, екі мемлекетпен Қырғызстан және Өзбекстанмен шектеседі. Қорықтың жері Түркістан облысының Түлкібас, Төле би, Бәйдібек аудандарында жайғасқан. Аудан тау етегінде орналасқан, суық болмайтын күндері 160 -180 күнді құрайды, жылдық ауаның ылғалдылығы — 330-390 миллиметр. Қыс айларында қардың қалындығы 50 — 60 сантиметрге барады. Ұзақтығы 120-126 күнге созылады. Жер қыртысы ылғалды ашық сұр топырақты болып келеді. Ауданның ауыл шаруашылығы көп салалы егіншілік және мал шаруашылығымен айналысады. Ауданның тура ортасынан тау етегінен бастау алатын Арыс өзені өтеді.

Аудан көлемінде үлкенді-кішілі 7 өзен бар. Аудан аумағында өзендер таулы аймақтардан бастау алады.

Өзендер: Арыс өзенінің ұзындығы — 47 километр, Жабағылы өзенінің ұзындығы — 20 километр, Құлан өзенінің ұзындығы — 15 километр, Көкбұлақ өзенінің ұзындығы — 30 километр, Қайыршақты өзенінің ұзындығы — 20 километр, Қараүңгір өзенінің ұзындығы — 20 километр, Машат өзенінің ұзындығы — 30 километр. Жалпы ұзындығы — 182 километр.

Бөгендер мен тоғандар:

«Балақұлан» су қоймасы, сыйымдылығы 50 000 текше метр;

«Долана бұлақ» су бөгені, сыйымдылығы 60 000 текше метр;

«Құлан» су қоймасы, сыйымдылығы 1700 000 текше метр;

«Сарытөр» су қоймасы, сыйымдылығы 1 000 000 текше метр;

«Қарақшы» су бөгені, сыйымдылығы 200 000 текше метр;

«Шенкебастау» су бөгені, сыйымдылығы 24 000 текше метр;

«Сарыбұлақ» су бөгені, сыйымдылығы 12 000 текше метр.

Түлкібас ауданы бойынша ірі қара – 53 271, қой-ешкі – 92 584, жылқы 32 017 басқа жетті.

Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық пункттер — 15, ұсақ малдарды шомылдыру орындары — 25, жасанды ұрықтандыру пункттері — 15, биотермиялық шұңқырлар саны — 14.

Түлкібас ауданында жалпы жайылымдық жер 57 948 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымының жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе 699,322 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды.

Аудан бойынша барлығы 177 872 бас (жылқы 32 017, ірі қара 53 271, усақ мал 92 584) көлемі 57 948 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 35 566 (жылқы 6402, ірі қара 10 651, усақ мал 18 513) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілген негізінде Түлкібас ауданында жалпы 177 872 бас малға көлемі 57948 гектар жайылымдық жер жеткіліксіз екендігі байқалады.

Түлкібас ауданындағы 57 948 гектар жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып мал өсіруді жайылымдық — қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымының жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығында мал басына белгіленген жайылымының шекті мөлшерін тұрғылықты жерге байланыста қайта есептеу ұсынылады.

Иә, Алатау мен Қаратау қауышқан жерде Түлкібас деген табиғаты керемет аудан жатыр. Талас Алатауының флорасы мен фаунасын қорғайтын Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы мен Боралдай тауларын сақтаған Сайрам-Өгем ұлттық паркі бар Түлкібастан — Арыс өзені бастау алады. Тау бұлақтарынан шығатын Құлан, Балықты, Көкбұлақ және Машат деген өзендерімен қоса көптеген арықтар осы Арыс өзеніне құяды. Таулардың арасы болғандықтан, қырлар мен төбелері көп жерден кезінде Ұлы Жібек жолындағы керуендер тоқтамай өтпейтін болған. Табиғатының сұлулығын мақтан тұтатын тұрғындары Қазақстанымыздың Швейцариясында тұрамыз дейтіні бар. Бірақ осындай сулы да нулы жерде мал жайылымының жетіспеушілігі сырт көзге түсініксіздеу көрінері сөзсіз. Кезінде жайылым жерлердің бейберекет таратылғандығы қазіргі таңда ауыл халқының ең өзекті мәселесіне айналғанын білеміз. Бұл мәселе түлкібастықтарды айналып өте қоймады әрине. Жайылым мәселесін шеше алмаған кейбір ауылдарда мал осы күнге дейін қора айналасында арқандалып тұр. Ауыл тұрғындарының барлығында дерлік мал бар. Кемінде бір сиырды асырау бір үйдің сүт-айранын шығарады. Ауданда жылқы мен қой саны да артуда. Көптеген жанұялар өз табысын мал ұстап, сол малдың өнімінен табады. Қайбір жылғы құрғақшылықта мал азығы, атап айтқанда шөптің бағасының 4-5 есеге шарықтап кетуі біраз шаруаны титықтатып тастады. Шөп бағасының өсуі – ортақ жайылымдырдың қысқаруына үлкен бір себеп болды. Жерлерін ауылдың «ортақ» жайылымына қосқан шаруалар биыл сол жерлерінен шөп орып алуды көздеп, халыққа мал жаюға рұқсат бермей отыр. Ең өкініштісі және әділетсіздігі сол, кезінде «қолы жетіп», жер алып қалған кейбір шаруа қожалықтарының малы жоқ. Ал малы бар халықтың жайылымы жоқ. Жайылым жер мәселесін шешу бағытында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылдың 1 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында «Жайылымдық жерді тиімді пайдалану да өте маңызды» делінген еді. Бірақ қазіргі таңда жайылым жерлердің мәселесінің шешіліп жатқаны шамалы. Түлкібас ауданы әкімдігі наурыз айында «2022 жылы меморандум арқылы мал жаюға 23000 гектар жайылымдық жер телімі жоспарланып, мамандардың ортақ жұмысының нәтижесінде 17890 гектар жайылымдық жер телімдерімен меморандум түзілді» деп жариялады. Иә, кейбір шаруалар өз жайылымдық жерлерін ортақ қолданысқа беруге келісімін беруде. Дегенмен, ол мәселені шеше қоймады. Себебі аталған жерлердің біразына ауылдың малы егіс алқаптарынан өте алмауына байланысты жете алмаса, біразы тастақ қырлардың басында орналасқан, кейбірі тіптен мал жаюға қолайсыз жерлер. Шаруаға не істемек керек? Малды қайда жаяды? Осылай жалғаса берсе не болады? Ауыл халқы үдере қалаға көше ме? Ет пен сүтті басқа елдерден ала ма болашақта? Кең байтақ елімізде жайылым жоқ па? Халықта сұрақ көп.

Әйткенмен соңғы жылдары мемлекеттің жерге қатысты ұстанымы өзгерді. Жерді жаппай сату, шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзарту туралы заңның күші жалпыхалықтың наразылықтардың нәтижесінде, жойылды. Бірақ бұл жер саласында проблеманың бәрі осымен шешілді деген сөз емес.

Егістіктердің тозып кеткенін былай қойғанда, бұл салада «бармақ басты, көз қысты» әрекеттер көп. Соның бірі – жер телімдерінің, оның ішінде, жайылымдардың заңсыз жекешеленіп кетуі. Оның зардабын ауылдағы мал баққан қарапайым халық тартып отыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жайылым мәселесіне қатысты бірқатар тапсырма берді. Мемлекет басшысы жайылым, ең алдымен, ауыл тұрғындарына қолжетімді болуы керектігіне тоқталып, жергілікті шенеуніктердің бұл саладағы жұмыстарды дұрыс жүргізбей келе жатқанын сынға алды.

– Соның салдарынан, ауыл тұрғындары мал жаятын жайылым таппай қиналуда. Әсіресе, Алматы, Түркістан облыстарынан арыз-шағымдар көп түсуде. Жайылымдардың 99 пайызы — шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылым жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, осындай жайылымдарды қайтаруды тапсырамын, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев.

Түркістан облысының ауызға алынуы тегін емес, әрине. Расында да соңғы жылдары халқы тығыз қоныстанған өңірде жерге қатысты өзекті мәселелер көп. Жер мәселесіне қатысты шиеленісті жағдайлар да көбейген. Тіпті жерге таласудың ақыры, адам өліміне апарап соққан жағдайлар да кездесті. Қайбір жылдары жер үшін көршісі көршісін, ағасы інісін атып тастаған жайттар жұрттың жағасын ұстатқан-ды.

Жайылымдарды жергілікті бай-бағландар меншігіне алып, өзгелерден қызғыштай, қорудың ақыры, жұртшылықтың жаппай наразылығын тудыруда. Былтыр облыста кәсіпкерлердің жекеменшік жайылымына өзгелерді өткізбеу үшін айналдыра ор қазып, сол орға малдардың құлап өлгені туралы мәліметтер ақпарат құралдарында көп айтылды. Кейіннен шектен шыққандарға сот қаулысымен әкімшілік айыппұлдар салынды.

Жер кодексі бойынша халықтың ортақ жайылымы, суаттар сатылмауы тиіс. Алайда бұл саладағы заңдылықтардың бәрі орындалады, деп айту қиын. Мұның арғы жағында сыбайлас жемқорлықтың барын да жасыруға болмайды. Бұған дәлел ретінде соңғы жылдары парамен ұсталған ауыл әкімдерінің ісі негізінен, жерге қатысты екендігін айтсақ да жетіп жатыр. Облыста «жерімізді қалталылар тартып алды, мал жаятын жайылым жоқ», деген арыз шағымдар, дау-дамайлар жетіп артылады.

Осыған байланысты президенттің тапсырмасын орындау үшін Түркістан облысында бірқатар іс-шаралардың жоспары бекітілді. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз алынған жайылым жер алқаптарын қайтару және түгендеу жұмыстары күшейтілді. Облыс әкімінің төрағалығымен арнайы жиын өтіп, тиісті сала мамандарына нақты тапсырмалар берілді.

Мамандардың айтуынша, бірінші кезекте, ауыл шаруашылығы жерлерін түгендеу жұмыстары жүргізілді. 2019-2021 жылдар аралығында космомониторинг арқылы «Гринпойнт» жүйесімен облыстағы 1874,1 мың гектар алқапқа түсірілім жасалды. Оның нәтижесіне қарағанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 87,2 мың гектар жер игерілмеген.

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметтері бойынша былтыр өңірде 131,1 мың гектар пайдаланбай жатқан жер телімі анықталып, 46,5 мың гектар жер арнайы жер қорына қайтарылды. 61,2 мың гектар жерді қайтару жөнінде нұсқамалар берілді. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің қадамдық алгоритмі бойынша 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер бекітіліп берілді.

– Түгендеу және қайтару жұмыстары арқылы тұрғындар жалпы, 618,8 мың га ортақ жайылыммен қамтамасыз етіледі, деп жоспарланып отыр. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде, жалпы облыстағы жайылым қажеттілігі үш есе төмендеп, 1054,5 мың гектарды құрайтын болады, – дейді аталған басқарманың басшысы Ерғали Тілеген.

Жиында өңір басшысы жайылымдарды қайтару жұмыстарын жеделдетуді тапсырды.

– Әкімдер бос жатқан жайылымдар кімнің атында екенін жасырмай, айтулары керек. Жайылымдар ел игілігі үшін қолданылуы тиіс. Бос жайылымдарды қайтару, түгендеу бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырамын, – деді облыс әкімі.

Түркістан облысының әкімдігі таратқан мәліметтерге қарағанда, жайылымдарды қайтару жұмыстары аудандарда арнайы жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Мәселен, Түлкібас ауданында биыл меморандум арқылы мал жаюға 23000 гектар жайылымдық жер телімін беру жоспарланды. Жергілікті ауыл әкімшілігі мен осы салаға жауапты мамандардың ортақ жұмысының нәтижесінде, 17890 гектар жер телімдерінің иелерімен меморандум түзілген. Ал қалған 5238 гектар жайылымдық жер телімі меморандум арқылы мал жаю үшін елге беріледі.

Дәл осындай жұмыстар Ордабасы ауданында да жүріп жатыр. Ордабасы ауданы әкімдігі мен Ордабасы ауданы прокуратурасы бірлесе отырып, аудан көлеміндегі Бадам, Бөржар, Қажымұқан, Жеңіс, Қараспан, Төрткөл ауыл округтеріндегі елді мекендердің іргесінде орналасқан жалпы көлемі 4515,61 гектар жайылымдық жер учаскелерінің 20 жеке және заңды тұлғаға тиесілі екендігін анықтаған. Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі жер иеленушілермен келіссөздер жүргізіп, нәтижесінде, жалпы көлемі 490 гектар жайылымдық жер учаскесі Ордабасы ауданы әкімдігінің қаулысымен ауданның арнайы жер қорына қайтарылды.

Елді мекендердегі жергілікті халықтың шаруашылығындағы мал басына қажетті ортақ жайылымның тапшылын жою – басты назарда. Осы бағыттағы атқарылып жатқан жұмыстар туралы Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат жиынында талқыланды. Облыс басшысы берілген тапсырманы өз деңгейінде орындамаған аудан, қала әкімдерін сынға алды.

– Инспекция мен облыстық прокуратураның мәліметі екі түрлі. Нақтылаңыздар. Қағаздағы мәлімет пен іс жүзіндегі жұмыстар сай келуі керек. Ауыл шаруашылығы саласы – экономикамыздың басты драйвері. Сондықтан бұл саланы дамыту да, халыққа қолайлы жағдай жасау да өте маңызды. Бұл мәселе тұрақты бақылауда, – деді Дархан Сатыбалды.

Жиында ортақ жайылым жерлерді қайтару барысы туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген баяндады. Оның айтуынша, есепті мерзімге аудан, қала әкімдіктері тарапынан 110,5 мың гектар жайылым жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылды. Сонымен қатар шалғайдағы маусымдық жайылымдарды ұйымдастыру мақсатында босалқы жердегі жайылымдарды шалғайдағы жайылымға бекіту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда, Келес ауданы Жамбыл ауылдық округі бойынша шалғайдағы жайылымға шығару жобасы әзірленіп, жұмыстары атқарылуда.

2023 жылға ортақ жайылым көлемін 2 бағыт бойынша 1 015,0 мың гектар ұлғайту жоспары бекітіліп, аудан, қала әкімдіктеріне тапсырма берілді. Бірінші бағыт бойынша 333,2 мың гектар жер учаскелерін мемлекет меншігіне ортақ жайылымға қайтару көзделген. Екінші бағыт бойынша жалпы ортақ жайылым қажеттілігінен 681,8 мың гектар төмендету, яғни елді мекендегі мал бастарын шалғайдағы маусымдық жайылымдарға шығаруды ұйымдастыру және аудандарда мал бордақылау алаңдарын және отбасылық сүт фермаларын құру бағыттарында жұмыстар жүргізу жоспарланған.

Жер учаскелерін қайтару жұмыстары облыс әкімдігімен бекітіліп, кестеге сәйкес жүргізілуде. Ортақ жайылымға қайтарылған жер учаскелерін 2023 жылға бекітілген жоспардың орындалуы тұрақты бақылауға алынып, жыл қорытындысымен толығымен орындалатын болады.

Айта кетейік, 2022 жылы елді мекендердегі ортақ жайылым көлемін 1 012,0 мың гектар ұлғайту жоспарланып, жыл қорытындысымен елді мекен тұрғындары 1 034,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.