Түркістан облысы: Түлкібас ауданында жаңа ғимарат пайдалануға берілді

Бүгін Түлкібас ауданында аудандық прокуратураның жаңа ғимаратының тұсауы кесілді. Аталған ғимараттың ашылу салтанатына облыс прокуроры Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түлкібас ауданының әкімі Нұржан Ізтілеуов, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, мекеме басшылары, ауыл ақсақалдары және БАҚ өкілдері қатысты.

Аудан прокуратурасының қызметкерлері осы уақытқа дейін өткен ғасырда бой көтерген ескі ғимаратты пайдаланып келген болатын. Енді, міне, көркімен көпшілік көзінің жанарын алатын, заман талабына сай жаңа ғимаратқа ие болып отыр.

Прокуратура ұжымын облыс прокуроры Мұрат Әжінұрұлы және облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Дәулетұлы жаңа ғимараттарымен құттықтады. Бұл ғимарат Мемлекет басшысының қадағалаушы органдардың қажеттіліктері мен сұраныстарына, прокуратура қызметкерлерінің материалдық-техникалық жарақтандырылуы мен әлеуметтік кепілдермен қамтамасыз етілуіне жасап отырған тұрақты қамқорлығының белгісі екенін жеткізді. Облыс прокуроры жаңа ғимараттың бой көтеруіне ықпал жасаған облыс басшылығына алғысын білдірді.

Аудандық құқық қорғау саласы қызметкерлерінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Сауран Танатбаевтың батасынан соң жаңа ғимараттың лента қию рәсімі өтіп, жиналған қауым нысанды аралап көрді. Содан соң келген қонақтар ғимарат ауласына ағаш көшеттерін отырғызып, ауылдың көркіне көрік қосып тұрған заманауи ғимараттың алдын көгалдандыруға өз үлестерін қосты.

Естеріңізде болса, 2022 жылдың 28 желтоқсанында Түркістанда облыстық прокуратурасының жаңа ғимараты ашылған-ды. Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді 7 қабатты нысанның ашылуына еліміздің Бас прокуроры Берік Асылов, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыс прокурорлары, мемлекеттік және құқық қорғау органдарының басшылары, прокуратура ардагерлері қатысты. Бас прокурор Түркістан өңірінің тарихи рөліне тоқталып, өңір басшылығының еңбегін ерекше атап өтті. Ведомство алдында тұрған негізгі міндеттерге және Мемлекет басшысының тапсырмаларына тоқталды — бұл азаматтар мен бизнестің құқықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғау.

– Түркістан – түркі халқының күш пен батыл бесік мекені, Ұлы Жібек Жолының жүрегі. Ел басшылығының қолдауымен бұл ежелгі қала танымастай өзгерді және мыңдаған туристер келетін туристік орталыққа айналды. Сондықтан, өңірдің тұрғындары мен қонақтары үшін заңдылық пен құқықтық тәртіпті, қолайлы және қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету барлық құқық қорғау органдарының басты міндеті болып табылады. Қадағалау қызметін тиісті түрде жүзеге асыру үшін облыс әкімдігінің қолдауымен қаланың сәулеттік стиліне үйлесімді жаңа прокуратура ғимараты салынды. Облыс прокуратурасының қызметкерлері өңірдегі заңдылық ахуалын сақтауға, қоғам өмірінің барлық салаларында азаматтардың құқықтарын қамтамасыз етуге бағытында күш салатынына сенімдімін. Бұл үшін барлық жағдай жасалған, – деді Бас прокурор Берік Асылов.

Прокуратура қызметкерлерін жаңа қоныспен құттықтаған Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жылы лебізін білдіре келе, заңдылықтың нығаюы істеріне сәттілік тіледі.

– Өңіріміз бәсекеге қабілетті аймаққа айналып келеді. Бүгінде Мемлекет басшысы Түркістанға рухани және тарихи астана мәртебесін беру ұсынысынына байланысты жұмыстар жүріп жатыр. Оған толық негіз бар. Себебі Түркістан – Қазақ хандығының астанасы болған ұлы шаһар. Тарихи шешімдер осы қалада қабылданған. Жаңа Түркістан өз келбетін қалыптастырып, зәулім нысандар бой көтерді. Олардың қатарын бүгін облыстық прокуратураның жаңа ғимараты толықтырып отыр. Түркістан өңірінің қалыптасуына сіздердің үлестеріңіз мол. Оны ел де жоғары бағалайды. Ел мүддесі үшін еңбек етейік. Киелі жерде қызмет еткен әр күндеріңіз сәтті, қабылдаған әр шешімдеріңіз әділетті болсын. Қоныс құтты болсын! – деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.

Салтанатты шараға қатысқан қонақтарға облыс прокуратурасының ғимаратының таныстырылымы өтті. Жеті қабатты ғирамат жаңа заман талаптарына сай келетін қауіпсіздік пен технологиялық нормаларды ескере отырып салынған. Бірнеше мәжіліс залы жасақталған. Түркістан өңірінің тарихынан бастап, прокуратура тарихына шолу жасауға болатын мұражай ашылған. Сонымен бірге спорт залы бар. Мұнда қызметкерлерге спортпен шұғылдануға жағдай жасалған.

Ал былтыр қараша айының соңында Түркістан облысының Сауран ауданы прокуратурасының жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, аудандық мәслихат төрағасы Сержан Байсбаев, құқық қорғау саласының басшылары және зиялы қауым өкілдері қатысты. Жиында Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов жиналған көпшілікті ауданның орталығында бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтап, қызметкерлердің жұмысына сәттілік тіледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2021 жылғы 15 наурыздағы Жарлығымен Түркістан облысында Сауран ауданы құрылды. Бұған дейін Түркістан мен Кентау қалаларына қарасты болған 12 ауылдық округ пен 36 елді мекен жаңа аудан құрамына енді. Бүгінде аудан орталығында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары қарқынды. Осыған дейін аудандық әкімдіктің ғимараты пайдалануға берілсе, міне бүгін прокуратура ғимаратының салтанатты ашылу рәсіміне қатысып отырмыз. Барлықтарыңызды жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтаймын. Іске сәт! – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Сонымен қатар, басқосуда Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілхан Ахметов сөз алып, жиналған көпшілікті жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады. Салтанатты іс-шараға қатысқан қонақтар прокуратура ғимаратының лентасын қиып, ішін аралады. 2 қабатты жаңа нысан Әкімшілік-іскерлік орталықта орналасқан жаңа ауданның сәулеттік стиліне үйлесімді. Жаңа заман талабына сай салынған нысан толық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Құрылыс жұмыстарын «Бура-Югстрой» мекемесі жүргізді. Салтанатты жиын прокуратура ғимаратының ауласына тал отырғызу рәсіміне жалғасты.

Сонымен қатар былтыр 1 желтоқсан күні Түркістан облысының Мақтаарал ауданында да прокуратура ғимараты пайдалануға берілді. Мырзакенттің орталық алаңында орналасқан  сәулетті нысанның ашылуына Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров, аудан әкімі Бақыт Асанов және  құқық қорғау саласының басшылары мен өкілдері, аудандық мәслихаттың депутаттары, мемлекеттік қызметшілер, ардагерлер, жалпы зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шарада облыстың прокуроры, облыс әкімінің бірінші орынбасары және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы сөз сөйлеп, жиналған көпшілікті аудан орталығында бой көтерген жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтады.

– Прокуратура – мемлекеттің жоғары қадағалау органы болғандықтан, заң үстемдігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың құқығын, жалпы қолданыстағы заңдардың орындалуын қадағалау – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей әсер етеді. Сондықтан, прокуратура қызметкерлеріне жағдай жасап, осындай үлкен ғимарат салып беруге тікелей атсалысқаны үшін аудан әкімі Бақыт Асановқа алғысымды білдіремін! – деген Мұрат Әжінұрұлы аудан әкіміне алғыс хатын табыстады.

Мұнан соң қонақтар мен жиынға қатысушылар нысанның лентасын қиып, ішін аралап көрді. Ғимаратта прокуратура қызметкерлері үшін барша жағдай жасалған. Атап айтқанда, толық құрал-жабдықтармен қамтылған үлкен және кіші мәжіліс залдары, қызметкерлер үшін жеке кабинеттер, тіпті спорт залы мен санузелдері де бар.  Облыс прокуроры мен жиынға қатысушылар нысанның сапасына жоғары баға беріп, ғимарат ауласында көшет отырғызу рәсіміне қатысты.  Нысанды салуға ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырма берген. Конкурстық құны 239 миллион теңгеге мердігер – «Бархан 5» ЖШС-і 2 жылдың ішінде құрылыс жұмыстарын аяқтады.

Айта кетейік, 5 жыл бұрын іріленген Мақтаарал ауданы екіге бөлініп, Мырзакент кенті жаңа ауданның орталығы атанды. Сол кезде Жетісайдан ағыла көшкен мемлекеттік мекемелерге, құқық қорғау органдарына ғимарат табылмай арендалық мақсаттағы ғимараттарға жайғастырылса, бірнеше мекемелер Атакент кентіне барып орналасуға мәжбүр болды. Өйткені, Мырзакенттің аумағында орналасқан ғимараттардың барлығы дерлік ескірген болатын және басым бөлігі апатты жағдайда тұр еді. Аудан басшылығы ауданның даму концепсиясын әзірлегенде ең бірінші құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелерге жаңа ғимарат салуды жоспарлаған еді. Осылайша 5 жылдың ішінде Мырзакентте үлкен құрылыс нысандары бой көтерді. Оның ішінде аудан әкімі аппаратының ғимараты, аудандық мәслихат аппаратының ғимараты, дербес бөлімдерге арналған әкімшілік ғимараты ел игілігіне берілді. Міне, аудандық прокуратура ғимаратының да құрылысы аяқталып, жаңа нысан ашылып отыр.

Орайы келгенде атап өтерлігі, түнеугүні облыс прокуратурасында ағымдағы жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысы және алға қойған міндеттерді белгілеу туралы Бас Прокурордың орынбасары Ж.Өміралиевтің қатысуында алқа мәжілісі өтті.

Жыл басынан бері атқарылған жұмыстар нәтижесінде 208 мыңнан астам азаматтың құқықтары қорғалды, мемлекет кірісіне 658 миллион теңге қаржы өндірілді, 380 миллион теңге құрайтын мүлік мемлекетке қайтарылды.

22 миллиард теңгені құрайтын жобаларды жүзеге асырушы 10 инвестордың және 2 мыңнан астам кәсіпкерлердің құқықтары қорғалды.

Жүргізілген профилактикалық іс-шаралар барысында облыс аумағында криминогендік ахуал тұрақтанып, қылмыстық жағдай төмендеді. Облыс прокуроры М.Тілеубердиев азаматтардың, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, қылмыстылықтың алдын алу шараларын қабылдау, оның ішінде алаяқтық және есірткі қылмыстарымен күресті күшейту қажеттігін атап өтті.
Мәжіліс соңында барлық прокурорларға жоғарыда аталған бағыттағы жұмыстарды күшейтіп, түбегейлі шешімдер қабылдау туралы тапсырма берілді

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin