Түркістанда облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің ұйымдастыруымен «Бабалар үні» атты этнос өкілдері арасында қазақтың эпостық жырларын жатқа айтудан байқау өтті.
Байқауды Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов ашып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Ұлттық өнерді ұлықтаған додаға Түркістан облыстық ҚХА жанындағы этномәдени бірлестіктердің төрағалары және мүшелері, облыстық ҚХА жанындағы құрылымдардың төрағалары және мүшелері, «Ассамблея жастары» РҚБ-нің Түркістан облыстық өкілдігінің мүшелері қатысты.
Байқаудың негізгі мақсаты — Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» ғылыми-ағартушылық жобасын жүзеге асыруға, талантты жастарды анықтау және оларға қолдау көрсету, өңірдің мәдени имиджін көтеруге атсалысу сондай-ақ, этнос өкілдеріне қазақтың ұлттық мәдениеті мен өнерін насихаттауға бағытталған.
Өнерлі жастар сайысына мәдениет, өнер саласының қайраткерлері, мәдениет саласының мамандары, «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы қазылық етті.
Байқау нәтижесінде Сайрам ауданынан қатысқан Жасмина Хантораева І орынға лайық деп танылды. Ал түлкібастық Азиза Қажиева ІІ орынды, саурандық Данияр Расулов ІІІ орынды иеленді. Бұдан бөлек, өнерімен көзге түскен қатысушылар ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Байқау соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы сыйлықтар мен Алғыс хат табысталды.
Атап өтер мәселе, Түркі мәдениетінің, одан бері қазақ мәдениетінің керемет құнды дүниелерінің бірі — эпостық жырлар. Әлкей Марғұлан қазақ эпосын мынадай кезеңдерге бөлген:
1) Архаикалық кезең. Ол — исламшылдыққа дейінгі түркі мифтері негізінде жасалған туындылар. Оған Күлтегін жоқтауы, Құламерген, Шоламерген, Ер Төстік, Ақ Көбек, Оғыз қаған туралы аңыздар жатады;
2) Оғыз-қыпшақ дәуірі (VI—XII ғасырлар). Бұл кезде жергілікті түркілер Қытай, Иран, Византия, Араб шапқыншыларына қарсы күресті жырлаған. Мысалы, «Қорқыт ата кітабы», «Алдар көсе», «Қозы Көрпеш — Баянсұлу», т.б.;
3) Ноғайлы дәуірі (XIII— XVI ғасырлар) — «Бөгенбатыр», «Едігебатыр», «Қобыланды», «Ер Сайын», «Қамбар батыр», «Мұсахан», «Орақ батыр», т.б.;
4) Қалмақ шабуылы дэуірі — XVII—XVIII ғасырлардағы «құба қалмақ» заманы. «Олжабай», «Қабанбай», «Бөгенбай», т.б.;
5) Кейінгі дәуір. Қазақ батырларының хан, сұлтандарға, патша әкімдеріне қарсы күресін бейнелейтін жырлар.
Тарқата айтсақ, лиро-эпостық жырлар немесе ғашықтық жырлар — оқиға желісі бірін-бірі құлай сүйген екі жас арасындағы махаббатқа құрылған лирикалық әрі эпикалық шығарма. Көпшілігінің оқиғасы сүйгеніне қосылуды аңсаған, жастарға ескі салт-сана қарсы тұрып, мерт қылумен аяқталады.
Лиро-эпостық жырларларда халықтың тұрмыс-салты, әдет-ғұрпы, наным-сенімі, көңіл-күйі көбірек суреттеледі. Оларда реалистік және романтикалық көріністер сабақтаса келіп, реалистік әдіс басым жатады. Лиро-эпостық жырларда кейіпкерлер батырлар емес, карапайым адамдар. Екі жастың бір-біріне деген сүйіспешілігін жырлайтын эпостарда, негізінен, махаббат отына жанған қыз бен жігіттің қосыла алмай, трагедияға ұшыраған тағдыры баяндалады. Әдетте, олардың бақытына кедергі болатын нәрсе ата-аналардың қарсылығы немесе қызға ғашық басқа жігіттің жауыздығы, иә болмаса екі рудың араздығы болып көрсетіледі.
Ғашықтық жырлар көркем фольклордың даму барысында батырлық эпостан кештеу қалыптасқан, бірақ бұл қаһармандық жыр мүлде өшіп, оның орнына романдық эпос келді деген сөз емес. Эпостың бұл екі түрі көп уақыт бірге, бір-бірімен байланыса, қатарласа дамыған. Ұқсастықтары да аз емес. Олардың жалпы поэтикалық сипаты ұқсас. Айталық, сюжеттік құрылымдардың бір типті болып келуі, образдар жүйесіндегі біркелкілік, өлең құрылысы мен бейнелеуіш құралдардың біртектілігі секілді белгілер эпостың екі түрінде де кездеседі. Ғашыктык жырлар көп вариантты болып келеді Оның себебі көп замандар бүл жырлар ауыздан-ауызға тарап, біреуден біреу жаттап алу арқылы кейінгі ұрпаққа жетіп баспаға іліккен.
Қазақ Лиро-эпостық жырлары негізінен екі түрге бөлінеді:
- Қазақ әдебиетінің төл туындылары — «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан»; «Күлше қыз», «Құл мен қыз», «Мақпал қыз», «Есім — Зылиха».
- Шығыс әдебиеті негізінде назирагөйлік дәстүрде жазылған қиссалар: «Мұңлық — Зарлық», «Сейфілмәлік», «Бозжігіт», «Таһир — Зуһра», «Жүсіп — Зылиха», «Шәкір — Шәкірат», т.б.
Лиро-эпостық жырларында тұрмыс-салт жырларының айтыс, жоқтау, жар-жар, жұбату, жұмбақ айтыс, қоштасу, сыңсу сияқты түрлері өте жиі кездеседі. Қазан төңкерісіне дейін Лиро-эпостық жырларын жинап, жариялауда орыс ориенталистері В.В.Радлов, И.Н.Березин, Г.Потанин, т.б. көп еңбек сіңірді. Лиро-эпостық жырларды С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Ы.Дүйсенбаев, Ә.Қоңыратбаев, М.С.Сильченко, Н.С.Смирнова, М.Ғабдуллин, т.б. ғылыми тұрғыда зерттеп, еңбектер жазған.
Лиро-эпостық (ғашықтық) жырлар – халық ауыз әдебиетінің мол рухани қазынасы. Лиро-эпос жырлары ауыз әдебиетінің классикалық дәрежеге көтерілген нұсқасы болып табылады. Лиро-эпостық лирика мен эпикалық тектер элементтерін бірдей қамтитын шығармалар деген ұғымды білдіреді. Лиро-эпостық жырларға «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан», «Күлше қыз» шығармалары жатады. Лиро-эпостық жырлары мен батырлар жырының өзіне тән ерекшеліктері бар.
Лиро-эпостық жырлардың басты тақырыбы – жастардың бас бостандығы, екі жастың арасындағы махаббат, сүйіспеншілік. Кейіпкерлері батырлар емес, қарапайым адамдар. Ғашықтық жырларында көшпелі қазақ тіршілігі, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар, әдет-ғұрып, салт-сана кең түрде жырланады. Мысалы, «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырында қазақ халқының өте ертедегі «еже-қабыл» салты (ата-аналары әлі өмірге келмеген сәбилерді атастырып, белқұда болып қояды), «Қыз Жібек» жырында қазақ халқының көшпелі өмірі мен әмеңгерлік, «Айман-Шолпан» жырында барымта салты көрініс тапқан.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – ел арасына ең көп тараған, қазақ лиро-эпостық жырлар арасындағы көне ғашықтық жыр. Жырда тұрмыс-салт жырларының үлгілері – жар-жар, қоштасу, естірту, жоқтау – сияқты түрлері кездеседі.
Мысалы, жырда Сарыбайдың өлімін Тазша өзінің түсі арқылы естіртеді. Жыр кейіпкерлері Ай мен Таңсық әкелері Қарабай көшкенде ел-жұртымен, ағайын-туыспен, атамекенімен жыр арқылы қоштасады. Тазша Сарыбайдың өлімін естірте келіп, жыр соңында Сарыбайдың бәйбішесіне өлеңмен көңіл айтады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының оқиғасы екі топтың арасындағы тартысқа – жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының негізгі тақырыбы – халықтың ғасырлар бойы армандаған мұраты – жастардың бас бостандығы.
«Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жыры – Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп, Қарабайдың өтініші бойынша Сарыбай буаз маралды атқанда, ішінен егіз лақтың шығуымен басталады. Бұған шыдай алмаған Сарыбай сол жерде қаза табады. Сарыбай мен Қарабай балалары дүниеге келмей тұрып, «еже-қабыл» – белқұда болып қойған, яғни дүниеге келмеген балаларды атастырып қойған. Қарабай жырда сараң, қараниетті адам болып суреттеледі. «Жетім ұлға қызымды бермеймін» деп елінен ауа көшкен Қарабай қылығы оның бітім-болмысын айқындай түседі. Қарабай, Қодар, Сасан би – жырда тек жамандық иелері болып суреттелсе, Тайлақ, Айбас, Қозылар оларға қарама-қарсы жақсы жақтарымен ерекшеленеді. Жыр осы қараниетті адамдардың Қозыға у беріп өлтіруімен аяқталады.
Шығыс зерттеушілері, ғалымдар, әдебиетшілер жыр туралы көптеген құнды пікірлер айтқан, көңіл аударған. Мысалы, Г.И. Потанин: «Бұл – жер жүзіндегі ең қымбат әдебиет мұраларына жататын шығарма», – десе, В.В.Радлов жырды неміс тіліне аударған. А.С. Пушкин жазып алып, жыр етпекші болған.
«Қыз Жібек» жыры – лиро-эпостық жырлардың ішіндегі үздік жыр. Жырдың негізгі өзегі – Төлеген мен Қыз Жібек арасындағы адал махаббат пен шынайы сезім. Өз елінен лайықты қыз таппаған Төлеген саудагер шалдың айтуымен 80 жігіт қосшы, 15 жігіт басшы, 25 жорға алып, анасының қарсы болғанына қарамастан, Ақ Жайыққа жол тартады. Жол бойы қанша қызды көрсе де, ешқайсысы Төлегенге ұнамайды. Төлегеннің қыз таңдап жүргенін естіген Қыз Жібектің әкесі Сырлыбай ханның ақылшысы әрі ақын Қаршыға оны өзіндей сұлу әрі ақылды жігітті армандаған, бірде-бір жігітке мойын бұрмай жүрген ханның қызы Жібекке жолықтырмақ болады. Сырлыбай ханның көшіне киліккен Төлеген он бір көштен өтіп барып Қыз Жібектің күймесіне жетеді. Қыз Жібекті бір көріп ғашық болған Төлеген қыз әкесіне келіп, өз мақсатын айтады. Адам тани білетін хан келісімін берген соң, Төлеген Қыз Жібекпен үш ай қалыңдық ойнап, көктем шыға қайта оралмақ болып, өз еліне аттанып кетеді. Айтқан уақытында келе жатқан Төлеген орта жолда қараниетті қарақшы Бекежан қолынан қаза табады. Төлегеннен айырылып, бақытсыздыққа ұшыраған Қыз Жібекті қалмақтың ханы Хорен зорлықпен алмақшы болады. Көркіне ақылы сай Жібек Хоренді алдап өзі құрған торға түсіріп, Сансызбай мен Шегеге қосылып, Жағалбайлы еліне аттанып кетеді. Сөйтіп, Қыз Жібек арманына жетеді.
«Айман-Шолпан» – басқа лиро-эпостық жырларға қарағанда жаңа сюжетке құрылған жыр. Оның дәлелі – халықтың тұрмысы базармен, қаламен, сауда-саттықпен байланыса болуы. «Батыр» Маман байдың елін шауып, екі қызды жайдақ нарға мінгізіп алып кеткенде, Айманның сүйген жігіті Орынборға мал айдап кетеді.
Жырда Көтібар, Есет, Арыстан сияқты тарихи тұлғалардың есімдерінің аталуы – жырдың тарихилық сипатын арттыра түседі.
«Көңілі кең, ақылы дана» Айман сіңілісі Шолпан екеуінің басына іс түскенде, аспай-саспай барлық қиыншылықты ақылмен, сабырмен жеңеді. Өзі сүйген жары Әлібекке қосылады, Шолпан мен Арыстанның тіл табысуына өзі дәнекер болып, Көтібарды ақыл мен айланың торына шырмап тастайды. Жырдағы күні өтіп бара жатқан ескі мен жаңаның арасындағы тартыс жаңашыл топтардың жеңісімен аяқталады.
Ал батырлар жыры – көлемі жағынан да, мазмұн-мәні жағынан да қазақ ауыз әдебиетінен ауқымды орын алатын жанрдың бірі. Батырлар жырында тарихи оқиғалардың ізі сақталған. Батырлар жырының басты тақырыбы – ерлік, батырлық, елді сыртқы жаулардан қорғау. Батырлар жырының басты қаһарманы – батыр.
Халық ауыз әдебиетінен ерекше орын алатын батырлар жыры: «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Қобыланды», «Қамбар».
«Алпамыс батыр» жыры – басқа батырлар жырына қарағанда көне жыр болып есептеледі. Жырдың кейбір оқиғалары: Алпамыстың дүниеге келуі, түртіп қалған баланың өліп қалуы, зынданда жеті жыл жатуы сияқты оқиғалар жырдың көне жыр екенін айғақтай түседі. Жыр жақсылық пен жамандықтың тартысына құрылған. Соған орай жыр кейіпкерлерін екі топқа бөліп қарастыруға болады.
Жыр соңында жақсылық пен әділдік жеңіп, Алпамыстың еліне, халқына, ата-анасына, туған-туыстарына жасаған жақсылығымен аяқталады.
«Қамбар батыр» жыры – ел арасына көп тараған, ел намысы мен жер намысын қорғау жолындағы Қамбардың бойындағы батырлық, ерлік, батылдық, бірбеткейлік, намысшылдық сияқты ізгі қасиеттерді марапаттауға арналған жыр. Он сегіз жасқа толып, жар іздеген Назымды суреттеуден басталған жыр Қамбардың азаматтық іс-әрекеттерімен жалғасып, өрбіп, дамып отырады.
«Қобыланды батыр» – халық ауыз әдебиетіндегі батырлар жырының бірі. Ата-анасының зарығып жүріп көрген жалғыз баласы Қобыланды бойына жастайынан ерге, батырға тән қасиеттерді жиып өседі. Ер-азаматқа лайық ісімен шартты орындап, Көктім аймақ ханның жалғыз қызы Құртқаны ұзатып алуынан басталған жыр оқиғасы Қобыланды батырдың ерлік, батырлық, намысшылдық іс-әрекеттерімен жалғаса береді.
«Қобыланды батыр» жыры Қобыландының барлық жауларын жеңіп, ел-жұртын, ата-анасын молшылыққа кенелтуімен аяқталады.
«Ер Тарғын» жыры – батырлар жырының ішіндегі таңдаулы шығармалардың бірі. Жырда көтерілген негізгі өзекті мәселелер – елдік пен ерлік, жақсылық пен жамандық, адал махаббат пен намысшылдық. «Ер Тарғын» жырында тарихи оқиғалар элементі де кездеседі. Жыр оқиғасы Тарғын деген батырдың қырғыз ханының бір адамын өлтіріп, Қырық сан Қырым жұртына қашып келуімен басталады.
Жыр соңында барлық қиындықтарды жеңген Тарғын елдің әрі ханы, әрі батыры болады. Ақжүніс екеуінен туған баласы Ардаби де бек әрі асыл би болады. Оның баласы Айтқожа да бес қалаға хан болып, мұратына жетеді.
Қазақ фольклорының тарихи сипаты басым көркем де құнды саласы — эпостық жырлар. Эпос деп оқиғасы ел өмірінен алынып, образдары ірі әрі кемелді түрде жасалып, батырлық немесе ғашықтық сюжетке құрылған үлкен-үлкен эпикалық жыр-дастандарды айтамыз. Қазақ эпосының түрлері: 1. Көне эпос; 2. Батырлық эпос; 3. Ғашықтық эпос; 4. Тарихи эпос.
Қазақтың көне эпостарына: «Құламерген, Жоямерген», «Таласбай мерген», «Дотан батыр», «Құбығұл», «Мұңлық-Зарлық» жатады. Алғашқы адамдарының дүниетанымын көркем елестететін мифтік, ертегілік, аңыздық оқиғаларға құрылған эпикалық туындылардың ортақ белгілері:
- Қипял-ғжайып оқиға күрделі орын алады, адам баласына қаскөй күштер: жезтырнақ, дию, аждаһалар, албастылармен күрес, оларды жеңіп барып мұратқа жету көрсетіледі.
- Көне эпоста дүниенің жаралуы туралы мифтік ұғымдар көрініс тапқан.
- Анаеркі (матриархат) дәуірінің ыдырап, атаеркі (патриархат) кезеңінің салты орныға бастаған шақтың сипаттарын танытатын оқиғалар кездеседі.
- Көне эпоста ертедегі аңшылық өмірдің суреттері неғұрлым көбірек сақталған.
- Адамдардың сиқырлы күштерге сенуі (анимизм, тотемизм т.б.), жан-жануарлардың, өсімдік дүниесінің жаны, иесі бар деп есептеушілігі эпикалық шығырмаларда өз ізін қалдырған.
- Баласыздық тақсіреті, әулиелер аралап, мінәжат етіп жүріп перзентті болушылық, түс көру, аян беру, болашақ қаһарманның ғажайып тууы тәрізді мотивтер сюжетке негіз болады.
7. Қаһарманның жедел есеюі, жүйрік ат таңдап мініп, қауіпті алыс сапарға аттануы, жол жөнекей алуан түрлі жыртқыш, сиқырлы қас күштермен кездесуі, батырлықпен үйленуі — көне эпоста кең таралған құбылыс.
Әрбір халықтың эпостық жырларының қатарынан батырлар жырының алатын орны үлкен. Батырлар жыры елдің сандаған ғасырларда бастан кешкен тарихын, салт-санасын көркем жинақтайды, түрлі оқиғаларға өзіндік көз-қарасын белгілейді, алдан күткен арманын білдіреді. Тарихта болған белгілі оқиғалар мен істердің дәлме-дәл шежіресі, көшірмесі болғанмен қаһармандық эпос сондай құбылыстардың терең тұжырымын аңғартады. Батырлар жырында ерлік, отан сүйгіштік қасиеттер асқақтата жырланады. Адам бойындағы ұнамды, ұнамсыз мінез, қасиеттерді әсірелеп беру — эпосқа тән қасиет.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.