«Тұран су» мекемесінің теңгерімінде стратегиялық маңызға ие ірі 12 су нысаны бар. Ал жалпы 5 су қойма, 3 су торабы, 3 магистралды каналы, 1 жасанды көл және 107 ішкі шаруааралық каналдар, 3 өндірістік-техникалық базасы, 79 арнайы техника мен 15 құрал-жабдық мекеме теңгерімінде тұр.
Естеріңізде болса, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды биыл ақпанның аяғында «Тұран су» мекемесіне арнайы ат басын бұрып, мекеме жұмысымен және алдағы егістік науқанына, көктемгі су тасқынының алдын алуға дайындық шараларымен жан-жақты танысқан болатын. Облыс әкімінің орынбасарлары Арман Жетпісбай мен Ермек Кенжеханұлы, Түркістан облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрғали Жүнісов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов пен «Қазсушар» РМК өкілдері қатысқан кездесу барысында «Тұран су» ШЖҚ МКК басшысы Досхан Асылбекұлы мекеменің негізгі міндеттері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарларды баяндады.
Кәсіпорынның негізгі міндеті – теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту шараларын жүзеге асыру. Сондықтан облыс басшысы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап, көктемгі кезеңде су мөлшері деңгейінің көтерілуін қадағалау, су тасу қауіпінің алдын-алу шараларын күшейтуді тапсырды. Ең бастысы вегетациялық кезеңде өңір шаруаларын қажетті мөлшерде ағын су мен қамтамасыз ету негізгі міндет болып отыр. Жауапты науқан басталар тұста яғни көктемгі кезеңге су нысандарының дайындығын бағамдаған облыс әкімі жауапты сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеді.
Мекеме көктемгі егістік науқанына қызу дайындық жасады. Биыл бірқатар канал тазаланады. Нақтырақ айтсақ, кәсіпорын теңгеріміндегі шаруааралық каналдарға (жалпы ұзындығы 1120 шақырым) механикалық тазалау жүргізілмек. Сонымен бірге иесіз, құжаты жоқ шаруааралық каналдарға (40) мемлекеттік акт жасап, кәсіпорын теңгеріміне қабылдау жұмыстары да жоспарланып отыр.
Мұның алдында ғана облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы «Тұран су» ШЖҚ МКК теңгеріміндегі су нысандарында болып, су жүйелерінің бүгінгі жағдайымен жан-жақты танысқан-ды. Кәсіпорынның негізгі міндеті теңгерімдегі ағын су жүйелерін күтіп ұстау, реконструкциялау және егістіктерді ағын сумен қамту жұмыстарын жүзеге асыру болып табылатындықтан, Ермек Кенжеханұлы алдағы жауапты маусымға дайындықты пысықтап көктемгі кезеңде жауын-шашынның мол түсуі ықтималдығына байланысты алдын алу шараларын күшейтудің де маңызды екендігін атап өткен. Ал ең бастысы вегетациялық кезеңде шаруашылықтарды қажетті мөлшерде ағын сумен қамтамасыз ету — негізгі міндет. Сонымен бірге ағын суды үнемді пайдалану жағдайы соңғы жылдары негізгі басым бағыттың бірі болуда. Міне, осындай ауқымды жұмыстар басталар кезең алдында яғни көктемгі маусымға су нысандарының дайындығын бағамдап көрген облыс әкімінің орынбасарына мекеме басшысы Досхан Асылбекұлы атқарылған жұмыстарды баяндаған болатын.
Айта өтейік, биыл қыс мезгілінде «Тұран су» мекемесі табиғи апаттардың алдын алу бойынша су нысандарын бақылауда ұстап отырды. Себебі Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды желтоқсан-қаңтар айларында қардың көп түсуін ескере отырып, көктемгі қар еру кезінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін тиісті тапсырмалар берген болатын. Осыған орай, «Тұран су» мекемесі өз теңгеріміндегі су нысандарында арнайы техникалар көмегімен мұздарды ою, өзен арнасын мұздақтардан тазарту жағаны бекіту секілді жұмыстарды жүзеге асырды. Мекеме тарапынан су нысандарын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып, арнайы штаб та құрылған-ды. Нәтижесінде судың деңгейі мен мұздың қалыптасу жағдайы мекеме мамандарының тұрақты бақылауында тұрды. Тасқын судың алдын алуда белсенділік танытты.
Кәсіпорын мамандары тасқын судың алдын алу бойынша қауіпті учаскелер анықтап, штаб құрып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырды. «Тұран су» мекемесінен 15 арнайы техника мен 100-ден астам қызметкер жұмылдырылды.
Су басу болжамы анықталған сәттен бастап негізгі саналатын 3 аймақ бойынша алдын алу жұмыстары шұғыл түрде ұйымдастырылды.
Бірінші. Арыс өзені аумағы. Бұл аумақта Арыс магистралды каналына жанама келген судың артуына байланысты, «Арыс» өзенінен келген 220 м3/сек су көлемі «ҚазСуШар» мекемесімен келісіліп, толықтай «Қараспан» су торабы арқылы «Сырдария» өзеніне тасталды.
Екінші. ТМК ПК 209-дан – ПК 767 аумағы. «Қапшағай», «Арыстанды» су қоймаларынан және қырдан келген 64 м3/сек жанама суларды, Түркістан қаласы аумағына өткізбеу мақсатында «Шаян», «Бестоғай», «Мыңбұлақ», «Икан» су қашыртқылары арқылы «Жетікөл» көлдер жүйесіне тасталып отырды.
Үшінші. Түркістан қаласы аумағы. Қаратау бөктерінен жобамен 20 м3/сек ағын су келіп, «Шаға» көліне баратын автокөлік жолы және осы аумақтағы каналдың бөліктері бұзылып, келген суларды «Түркістан магистралды каналы» мен «Шаға» көліне тастау арқылы қауіптің алды алынды.
Магистралды каналдың су тоспалары мен көпірлерінде мұз кептелісі орын алып, мекеменің арнайы техникаларының көмегімен мұзды жару жұмыстары тәулік бойына атқарылып, тасқын сулар үздіксіз өткізіліп отырды.
Жоғарыда атқарылған іс-шаралар нәтижесінде, аталған аймақтарда орналасқан Түркістан қаласы мен 15 елді мекенді су басу қауіпі орын алған жоқ.
Су нысандарының жағдайы мекеме тарапынан тұрақты бақылауға алынып, вегетациялық кезеңге дайындық жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілді.
Тағы бір атап өтер жайт, «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі мен Ордабасы ауданының әкімдігі бірлесе отырып жауапты науқан алдында Қараспан, Бөген, Жеңіс, Қарақұм, Төрткүл ауыл округтерінде шаруалармен келелі кездесу өткізді. Мақсат көктемгі дала жұмыстары кезеңіне дайындық шараларын пысықтап шаруаларға су жеткізу тиімділігін арттыру болып табылады. Жиын барысында ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелермен бірге, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану тетіктері ұсынылды.
«Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі басшысының орынбасары Қ.Үсенбаев, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану негізінде, арналардағы және су қоймаға келген суларды транзитті негізде пайдаланып, шаруаларға су беруге дайын екендігін хабарлады. Өйткені, қазіргі уақытта табиғаттан келген тасқын суларды қашыртқыға тастамай, егістік алқаптардың ылғал сақтау суларына, ескі жоңышқалар мен бауларды суғарып алу тиімділігі, әрі қойманы қайта суға толтыратындықтан маусымдық су жетіспеушілікке жеңілдік болатындығын шаруаларға кеңінен түсіндіріп өтті.
Ал өз кезегінде Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Азат Оралбаев, көктемгі ылғал суларын барынша тиімді пайдаланудың маңыздылығын айта келе ауыл округ әкімдеріне нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен бірге ішкі арықтардың егістіктерге зиян келтірмейтін жағдайын қарастыра отырып, шаруаларға суға нақты қажеттілікті анықтап, «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесіне арналарды көрсете отырып суға сұраныс беруді тапсырды.
Бұдан бөлек «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі мен Сауран ауданы әкімдігінің жауапты мамандары да бірлесе отырып көктемгі дала жұмысарын тиімді ұйымдастыруға байланысты келелі кеңес өткізді. Осы мақсатта Жаңа Иқан, Достық, Шаға, Шорнақ, Майдантал, Қарашық Шүйнек, Ораңғай және Үшқайық ауыл округтері бойынша шаруалармен кездесу өткізіліп, ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелермен бірге, шаруаларға су жеткізетін ішкі арық атыздарды тазалау, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану тетіктері талқыланды.
«Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесі басшысының орынбасары Қ.Үсенбаев, көктемгі ылғал суларын тиімді пайдалану негізінде, арналардағы және су қоймаға келген суларды транзитті негізде пайдаланып, шаруаларға су беруге дайын екендігін хабарлады. Өйткені, қазіргі уақытта табиғаттан келген тасқын суларды қашыртқыға тастамай, егістік алқаптардың ылғал сақтау суларына, ескі жоңышқалар мен бауларды суғарып алу тиімділігі, әрі қойманы қайта суға толтыратындықтан маусымдық су жетіспеушілікке жеңілдік болатындығын шаруаларға кеңінен түсіндірді. Ал өз кезегінде Сауран ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Оразбаев көктемгі ылғал суларын пайдаланудың тиімділігін шаруаларға жан-жақты түсіндіріп, ауыл округ әкімдері атқаруы тиіс жұмыстарды нақтылады.
Бұл ретте ішкі арықтардың шаруаларға зиян келтірмейтін жағдайын қарастыра отырып суға нақты қажеттілікті анықтап, «Тұран су» ШЖҚ МКК мекемесіне арналарды көрсете отырып суға сұраныс беруді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.