Түркістан облысы: «Тұран» футбол командасы тартысты ойында «Атырауды» жеңді

Футболдан Қазақстан премьер-лигасының кезекті туры өтті. Түркістанның «Тұран» командасы соңғы кездері жеңілмей жүрген «Атырау» клубымен кездесті.

Сарапшылар бұл матчта атыраулықтар басым түседі деп болжаған болатын. Бірақ түркістандықтар барлық мәселе жасыл алаңда шешілетінін дәлелдеді.

Ойынның 14-минутында Цуцкич есеп ашып, алаң иелерін алға шығарды. Ал 45-минутта Бен Чуг есепті еселейтін мүмкіндіктті мүлт жіберіп алды. Ол пенальти соға алмады. Екінші таймда атыраулықтар ойын тізгінін қолға алып, жиі шабуылдады. «Тұран» сәтті қорғана отырып, қарымта шабуылдарға шықты. Кездесудің 96-минутында Вака есепті 2:0-ге жеткізді. Қонақтар соңғы секундтарда бір доппен жауап қайырып, ойын 2:1 есебімен аяқталды. Осы маңызды жеңістен кейін «Тұран» ұпай санын 12-ге жеткізді.

Еске салайық, «Тұран» футбол клубы 2003 жылы құрылған. Өз алаңындағы ойындарын 2021 жылдан бастап «Түркістан Аренада» өткізеді, сыйымдылығы — 7000 адам.

2003 жылы «Қостүйін» деген атаумен бірінші лигаға қатысып, 20 ойынның бесеуінде жеңіске жетті де, бір кездесуді тең аяқтап, қалғандарында жеңіліп қалды.

2004 жылы «Арыс» деген атаумен ойнап, бірінші лиганың «Оңтүстік-Батыс» аймағында соңғы орында қалды.

2019 жылы команда қайта бас қосты да, Екінші лига мен Қазақстан кубогына қатысты. Кубок ойындарында алғашқы раундта төрт команданың ішінде үшінші орын алып, келесі сатыға шыға алмады.

2020 жылы Қазақстан бірінші лигасының оңтүстік аймағында екінші орын алды. 2021 жылы Премьер лига клубтарының саны 14-ке дейін көбейтіліп, клуб өз тарихында тұңғыш рет элитада ойнайтын болды.

2021 жылы атауы «Тұран» деп өзгертілді де, базасы Түркістанға көшірілді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin