«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың шешімімен аптаның жұма күндері тазалық шараларын өткізу бекітіліп, аудан аумағында жалпы аудандық сенбілік өтуде.
Тұрақты түрде жүргізіліп отырған тазалық шарасы бүгін де жалғасын тапты.
12 ауылдық округ пен 1 қалада ұйымдастырылған сенбілікке мекеме қызметкерлері, кәсіпкерлік нысан иелері, қоғам белсенділері атсалысты. Сенбілік барысында қатысушылар өздеріне бекітілген аймақтарды күл қоқыстан, құрылыс заттарынан, кесілген ағаш бұталарынан, орылған шөп қалдықтарынан тазартты. Жол бойындағы жабайы тікендерді шауып, шөптерін орды.
Аталған шараға аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы арнайы қатысып, аудан аумағын абаттандыруға өз үлестерін қосқан азаматтарға алғысын жеткізді.
Тазалық шаралары нәтижесінде облыстық маңызы бар 35 шақырым, аудандық маңызы бар 42 шақырым жол бойлары, 65 шақырым ішкі көшелер тазаланды. Тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттырып, қоршаған ортаны таза ұстауға бағытталған іс-шараға 500-ге жуық адам қатысты.
Сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сақтау мақсатында «Таза Қазақстан» акциясы Сарыағаш ауданы аумағында да қарқынды жалғасуда.
Аудан әкімі Арман Абдуллаевтың бастамасымен қолға алынған жалпы аудандық тазалық шарасында әр мекеме өзіне жүктелген аумақты таңғы сағат 08:00-ден бастап тазалық жұмыстары қарқынды жүргізді.
Осы орайда, аудан әкімі Сарыағаш қаласының аумағы бекітілген іс-шара жоспарына сәйкес жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарының барысын арнайы барып, пысықтады.
Алдымен аудан басшысы Бәйтереков көшесінің аумағында санитарлық тазалық жұмыстарын бақылап, жауапты «АРТД Групп» мердігер мекемесіне бірқатар ескертулер беріп, тазалық жұмыстарын кестеге сәйкес жүргізуді тапсырды.
Айта кетсек, аталған аумақтың тазалық жұмыстарына 15 жұмысшы мен 2 арнайы техника жұмылдырған. Мердігер мекеме тарапынан шөптерді ору, бейберекет тасталған қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар, аудан әкімі көпқабатты тұрғын үйлер аумағына егілген жасыл екпелердің суғару жүйесінің іске қосылуын барысымен танысып, қала әкімі А. Ешанкуловқа арнайы тапсырмалар жүктеді.
Одан бөлек, аудан аумағынан өтетін республикалық маңызы бар А-15 тасжолы бойынан бөлінген аумақтарында бөлімдер және ауылдық округ әкімдіктері тарапынан жүргізіліп жатқан сенбілік жұмыстарының барысын бақылады.
Сенбілікке қала және ауылдық округі әкімдіктері, бюджеттік мекемелер қызметкерлері және ауыл тұрғындары атсалысты.
Өткізілген сенбілік жұмыстарында республикалық, облыстық маңызы бар автожолдың, ішкі көшелердің бойында жинақталған, бей-берекет тасталған күл-қоқыстарды тазалау, талдарды ретке келтіру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ арық-атыздар тазаланды. Жалпы 18 техника жұмылдырылып, 6 тоннаға жуық қоқыс шығарылды. Акцияға 500-ден астам адам белсене қатысты.
Атап өтерлігі, Түркістан облысының аумағында «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында тазалық жұмыстары үздіксіз жүргізіліп жатыр.
Бүгін облыс орталығында кезекті сенбілік ұйымдастырылып, оған 1000-ға жуық азамат қатысты. Сондай-ақ панкратион спортынан әлем чемпионы Ержан Естанов пен қаланың қонағы, белгілі вайнер Серғазы Тоқтарбек сенбілік жұмыстарына қатысып, қала тазалығына өз үлестерін қосты.
Тазалық жұмыстары барысында Қ.А.Ясауи кесенесі мен «Күлтөбе» қалашығының маңы, «Отырар» мөлтек ауданы және «Жібек жолы» саябағының аумағы қоқыстан тазартылды. Арық-атыздар қоқыстан тазартылып, шөптер орылып, ағаштар ретке келтірілді.
Жалпы, әкімдікке қарасты 14 мекеме қызметкерлері, 6 сектордың тұрғындары атсалысып, 13 техника жұмылдырылды. Нәтижесінде 200 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.
Сенбілік соңында қатысушылар флешмоб билеп, жоғары көңіл-күймен тазалық жұмыстарын аяқтады.
Ал Түркістан қалалық ішкі саясат бөлімі мен «Жастар ресурстық орталығының» мамандары «Плоггинг» деп аталатын экологиялық акция ұйымдастырды.
Шараға қала тұрғындары және шаһардың ерікті жастары атсалысты. Белсенді азаматтар топтарға бөлініп, өздеріне тиесілі аумақтарды жүгіріп өту арқылы қоқыс жинаудан жарысқа түсті.
«Плоггинг» – салауатты өмір салты мен экологияға қамқорлықты біріктіретін ұғым. Жүгіріп жүріп қоқыс жинау, яғни «бір оқпен екі қоянды ату» дегенді білдіреді. Әлемдік тәжірибеде жастар арасында танымал үрдіс. Физикалық қимыл қозғалыспен жасалатын бұл акция қала тұрғындарының да көңілінен шықты.
Тазарту жұмыстары шаһардағы «Президент саябағы» мен «Арыс-Түркістан» су арнасының бойында ұйымдастырылып, аумақтары күл-қоқыстан тазаланды.
Ал Жетісай ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық жалпыұлттық акциясы аясында бүгін Ш.Ділдәбеков ауылдық округінде аудандық сенбілік өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған шараға аудандағы барлық мемлекеттік және квазимемлекеттік мекеме қызметкерлерімен қатар аудан әкімінің орынбасарлары, аудандық мәслихат аппараты қызметкерлері мен жергілікті депутаттар, округ тұрғындары қатысты.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі тарапынан бөлінген секторларда қатты тұрмыстық қалдықтар жиналып, шөптер шабылды. Арық-атыздар тазаланып, қураған ағаштар қырқылды.
Айта кетейік, аудан әкімінің тапсырмасымен өткен тазалық жұмыстарына 500-ге тарта жетісайлық пен 10 техника жұмылдырылып, 30 тоннадан астам қоқыс шығарылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.