
Төлеби ауданы мәслихатының сегізінші шақырылымдағы кезектен тыс үшінші сессиясында 5 мәселе қаралып, оны мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров жүргізіп отырды. Сессия жұмысы мәслихаттың әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы тікелей эфирде көрсетілді.
Күн тәртібіне сәйкес, аудан бойынша құрылыстардың жүргізілу барысы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Лесбек Серікбаев баяндады. Қазіргі кезде аудан аумағында инженерлік коммуникация жүйелерін тарту бойынша көптеген құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Нысандардың құрылысының сапасына тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп, кемшіліктер, құрылыстың сапасыз жүргізілуі, жобадан ауытқуы секілді фактілері орын алған жағдайда дереу жою жолға қойылуда. Мониторинг қорытындысы бойынша анықталған 31 кемшіліктің 19-ы жойылып, қалғаны жойылу үстінде. Сондай-ақ, аудан әкімінің бастамасымен құрылыс жұмыстарын бақылауға қоғамдық институтын енгізу үшін штаб жасақталып, құрамына мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері мен қоғам белсенділері ендіру жөнінде шешім қабылданды.
«Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңының орындалу барысы жөнінде аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев баяндама жасады. Депутаттар мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысты сұрақтарын қойып, ұсыныстарын жеткізді.
Төлеби аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 желтоқсандағы №24/137-VII «2023-2025 жылдарға арналған қала, ауылдық округтердің бюджеттері туралы» шешіміне өзгерістер енгізу барысын аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов хабарлады.
Сессияның күн тәртібінде көрсетілгендей, Төлеби аудандық мәслихатының 2021 жылғы 17 наурыздағы №3/21- VII «Төлеби аудандық жер комиссиясының құрамын бекіту туралы» шешіміне өзгеріс енгізу жөнінде аудандық жер қатынастары бөлімі басшысы міндетін атқарушы Дәулет Исабекұлы ұсыныс жасап, бірауыздан қолдауға ие болды.
Ауданның өркендеуі мен дамуы жолында еңбек етіп жүрген азаматтарды Төлеби ауданы мәслихатының Құрмет Грамотасымен марапаттау жөнінде ұсынысты аудандық мәслихаттың мемлекеттік заңдылық, азаматтардың еркі мен құқығын қорғау, депутаттық өкілеттілік және депутаттың этикасы мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Бердіғали Өмірәлі жасап, халық қалаулыларының қолдауына ие болды.
Сессия жұмысына аудан әкімі Төлеген Телғараев қатысып отырды. Кезектен тыс сессияның күн тәртібіндегі мәселелер бойынша арнайы шешімдер қабылданды.
Орайы келгенде айта өтейік, бүгін Төлеби ауданындағы Леңгір қаласы мен 12 ауылдық округінде аудандық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен жастармен кездесу өтті.
Кездесуде орталық мамандары тарапынан жастарға «Ауыл аманаты» жобасы, 2,5% пайыздық жеңілдетілген несие алу, «Серпін-2050», «Жастар практикасы», «Қоғамдық жұмыс», «Алғашқы жұмыс орны», «Дипломмен ауылға», «Болашақ» және «Ұлттық жоба», мемлекеттік бағдарламалары туралы кеңінен ақпарат таратылып, насихаттау жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ, 14-35 жас аралығындағы жастарға жеке кәсіп ашу және бос уақытын тиімді пайдалану бойынша мәлімет берілді. Нәтижесінде 26 жас 2,5 пайыздық несие алу үшін өтінім жолдап, құжат тапсырды.
Бүгінде ауданда 1593 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Олардың 1163-іне жолдама беріліп, бос жұмыс орындарына жіберілді. Оның ішінде, тұрақты жұмысқа 224 азамат орналасса, 287 азамат қоғамдық жұмыстарға, 55 азамат жастар практикасымен, 84 азамат әлеуметтік жұмысқа тұрды. Ал 87 жас алғашқы жұмыс орындарына орналасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.