Түркістан облысы: Төлеби ауданындағы «Науытсай» каналы 2023 жылдың маусым айына дейін тазаланатын болады

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың аудан халқымен кезекті кездесуі Қоғалы ауылдық округінде өтті. Жалпы, аудан басшысының тұрғындармен кездесулерінің күнтүзбесі, облыстық мәслихатпен келісіліп, бекітілді. Әкім кездесуі көрсетілген регламентке сай өтуде. Яғни, аудан басшысы жоспарланған уақыттың төрттен бірден аспайтын бөлігін 2023 жылдың алғашқы үш айында жүзеге асқан жобалармен, алғашқы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысымен таныстыруда. Еркін пікір алмасуға арналған кездесулер “сұрақ-жауап” форматында өтуде.

Жарлыққа сәйкес, әкімнің кездесуіне мәслихат депутаттары, ардагерлер, қоғамдық кеңес төрағалары, партия, қоғамдық ұйым өкілдері қатысуда.

Қоғалы ауылдық округінде 2023 жылдың алғашқы кездесуінде көтерілген 4 мәселені шешу бойынша іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілу нәтижесінде 3 мәселе өз шешімін табуда, атап айтқанда:

  1. «Науытсай» каналы 2023 жылдың маусым айына дейін тазаланатын болады.
  2. Қоғалы ауылдық округі, Диханкөл елді мекені, Алмалы көшесін орта жөндеуден өткізуге 85,0 миллион теңге қаралды. Сметалық құжатта сол көшедегі көпірді жөндеу (труба ауыстырып, асфальт салу) қарастырылған.
  3. Ұзынарық елді мекенінде мобильді интернет байланысы «Кселл» операторының 4G мобильді интернеті 2023 жылдың I жарты жылдығында іске қосылатын болады.

Қалған 1 мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ұзынарық мектебінің акт залына орындықтар алу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс берілген, қаржыландырылған жағдайда бұл мәселе шешілетін болады.

2023 жылы облыстық маңызы бар КХ-82 «Шымкент-Қасқасу-Көксәйек-Шымкент» автомобиль жолының Диханкөл-Қасқасу-Зертас аралығында орташа жөндеуден жұмыстары жалғасын тауып, жол бойына аяқжол салынып, асфальт төселеді. Сондай-ақ, биыл «Ауыл — Ел бесігі» бағдарламасы аясында Диханкөл елді мекенінің 4,2 шақырымды құрайтын Алмалы көшесі орта жөндеуден өтеді. Ұзынарық елді мекенінің Жерұйық көшесі, Алшалы Бірлік көшесін орта жөндеуден өткізуге сметалық құжат әзірленіп, қаржыландыруға ұсынылды.

Ұзынарық, Алшалы, Диханкөл елді мекендерінде ауыз су құбырын күрделі жөндеуден өткізу үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалып, құрылыс жұмыстарына қаржы қаралды.

«Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС меншігіндегі Бұлақты, Бейбітшілік көшесіндегі тозығы жеткен электр жүйесі мен бағаналары мекеменің инвест жобасы аясында ауыстырылады.

2023 жылы Диханкөл елді мекенінің орталық жолына аяқжол салу жоспарлануда.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы, халық қалаулыларымен бірге қатысып, 72 пайызы жаңартылған депутаттық корпусты таныстырды. Мәслихат құрылымы мен атқаратын қызметі жөнінде әңгімелеп, сайлауалды бағдарламада көрсетілген пункттер бойынша жүзеге асатын жобаларды атқарушы билікпен бірлесе жүзеге асыруға атсалысатынын айтты.

Кездесу барысында аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін назарға алып, көтерілген мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндіріп өтті.

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың биылғы жылдың екінші тоқсанындағы кезекті кездесуі Алатау ауылдық округінде жалғасын тапты. Аудан басшысы кездесу барысында округ аумағында жүзеге асатын жобалар мен алғашқы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша атқарылған жұмыстар барысын баяндады.

Атап айтқанда:

  1. «Ленгір су» мекемесі тарапынан Қорған елді мекеннің су жүйелері реттеліп, қазіргі таңға ауыз су тұрақты берілуде.
  2. Қайнар-Шатыртөбе елді мекенін ауыз сумен қамтуға 2019 жылы «Тамшылы» бұлағына 3,0 шақырым Д-250 мм су аққы құбыры тартылып, іске қосылған. Судың дебеті екі елді мекенге жеткілікті мөлшерде келіп жатыр, алайда тұрғындар суды өздері бұру салдарынан суға қатысты мәселе туындап отыр. Бұл мәселе бойынша «Ленгір су» мекемесі тарапынан 2023 жылдың маусым айына дейін екі құбырдағы суды қосу арқылы су жүйелері реттелетін болады.

Іс-шарадағы қалған 2 сұрақтың құрылыстары 2024 жылы пайдалануға берілетін болады.

  1. Биыл Жаңатұрмыс ауылының аяғына дейін түнгі жарық орнатуға сметалық құжаты әзірленеді. Құрылысына қаржы қарау 2024 жылдың жоспарына енгізілетін болады.
  2. Осы жылы Қайнар елдімекені, Б.Ахметов көшесіне 2,4 шақырым түнгі жарық орнатылады, ал, суағар мен аяқжол салу үшін сметасы әзірленеді. Құрылысына қаржы қарау 2024 жылы атқарылатын болады.

Қалған 2 мәселені шешу бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

1.Мердігер «ПМК-7» ЖШС тарапынан Екпінді елдімекені, Нұрсай-1,2, Б.Саттарханов, Шалқар, Ақтоғай, Таразы көшелері және Шұбарағаш елдімекені Б.Майлин көшелеріне электр желілерін жүргізген. Алайда мердігер жұмыстарды толық аяқтамағандықтан сотқа талап арыз беріліп міндеттелген, міндеттеме талабы орындалмағандықтан келісімшарттың күші жойылуда. Одан кейін жобаны қайта жаңартып (корректировка) қаржыландыруға ұсынылатын болады.

Ал, аппатты жағдайдағы тозығы жеткен бағаналар «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС тарапынан ағымдағы жөндеу арқылы ауыстырылатын болады.

  1. «Қызыл ұзын» каналын күрделі тазалаудан өткізу үшін жасалынған ЖСҚ республикалық сараптама қорытындысынан өтпей, мерзімі өтуіне байланысты қазіргі уақытта қайта түзету енгізіліп, бюджеттік комиссияға ұсынылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы кездесу барысында әр тұрғынның сауалын мұқият тыңдап, ұсыныс-пікірлеріне назар алып, ол бойынша сала мамандарынан кеңес алды. Иә, билік бұқараға барынша жақын болуы керек. Кездесу барысында қоғам мен биліктің өзара ықпалдасқан іс-қимылының маңызды екеніне екпін беріліп, азаматтарды ашық диалогқа шақыру арқылы оларды толғандырған мәселелерді ортаға салып, шешу жолдары қарастырылды.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы, депутаттар қатысып, халық қалаулылары жұмыс уақытының басым бөлігін бұқарамен кездесуге, ашық-жарқын пікір алмасуға, елдің жағдайымен жақыннан танысуға арнайтынын айтып, сайлауалды уәделердің үдесінен шығу бағытында еңбек ететіндіктерін жеткізді.

Кездесу барысында проблемалық мәселелерді шешудің нақты мерзімдерін, жауапты орындаушылары көрсетіле отырып, оларды шешу жөніндегі іс-қимыл жоспары аудан әкімінің ресми сайтына жарияланады.

ҚР Конституциялық Заңында «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деп көрсетілген. Яғни, мемлекеттік құрылымдардың қызметі халықтың игілігіне, азаматтардың сұранысы мен талап-тілектеріне бағытталуы қажет. Ал, жергілікті биліктің ең басты мақсаты – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету. Мемлекет басшысы өз Жолдауында халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелер бойынша нақты тапсырмалар берді. Ауданды дамыту бағытындағы жұмыстар үздіксіз жүргізілуде.

Бұл жөнінде аудан әкімі Төлеген Телғараевтың Аққұм ауылдық округінде өткен кездесуде тұрғындарды хабардар етті. Аудан басшысы кездесуге жиналған халыққа 2023 жылы округ аумағында жүзеге асатын жобалар мен жыл басында өткен кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуінің нәтижесінде 2 мәселе өз шешімін табуда, атап айтқанда:

  1. «Жылақ-ата» бұлағынан Аққұм елді мекенінің жоғарғы бөлігіне (5-көшеге) су тарту бойынша «Ленгір су» мекемесі арқылы зерттеу жүргізіліп, бұл бұлақтарда су көлемі аз болғандықтан су тарту тиімсіз екендігі анықталды. Осыған орай жаңа скважина қазу жұмыстарын жүргізу немесе Нысанбек елді мекенінен су тарту мәселесі қаралып жатыр.
  2. Аққұм елді мекеніне кіре берістегі шұңқырды толтыру жұмыстарына қаржы 2023 жылы аудан бюджетінің мүмкіндігіне қарай екінші жартыжылдықта қарастырлатын болады.

Іс-шарадағы қалған 2 сұрақтың құрылыстары 2024 жылы пайдалануға берілетін болады.

  1. Биылғы жылы Жаңаұйым елді мекенінің Бекбауов көшесіне аяқжол салу үшін сметалық құжаты әзірленеді, құрылысына қаржы қарау 2024 жылға жоспарланған.
  2. Жаңаұйым елді мекенінің Бекбауов көшесіне асфальт төсеуге сметасы әзірленген. Алдағы болатын бюджеттік нақтылауға қаржы қарауға ұсынылды. Түнгі жарық 2024 жылы орнатылатын болады.

Қалған 1 мәселені Жаңаұйым елді мекенінің орталық көшесін кеңейту бойынша тиісті жұмыстар жүргізілетін болады. Қазіргі таңға бірінші кезекте асфальты жоқ көшелердің мәселелерін шешуіміз қажет. Жолдарды кеңейту жұмыстары 2025-2027 жылдары аралығында атқару жоспарланған.

Кездесу барысында билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы көптеген мәселенің шешімі табылып жатқандығы сөз болды. Тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікір, өтініштерін жеткізді.

Кездесуге аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Хамзаұлы қатысып, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» құру тұжырымдамасы аясында билік өкілдерінің халықпен кездесулері артып, азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау үрдісі де жүзеге асып жатқанын айтты. Сондай-ақ, VIII шақырылымның депутаттарын таныстырып, көпшілікті толғандырып жүрген мәселелер бойынша халық қалаулылары жеке қабылдау жүргізетінін жеткізді.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының басты мақсаты – билік пен халық арасында конструктивті диалог орнату, бұл бағытта аудан әкімдігі тарапынан көптеген жұмыстар атқарылуда.

Кездесуден кейін аудан басшысы Төлеген Тұртайұлы мәслихат депутаттарымен, қоғамдық кеңестер мүшелерімен, жергілікті зиялылармен бірлесіп тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.