Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына жұмыс сапарымен барды. Көксәйек елді мекенінде орналасқан «ФудМастер-Шымкент» ЖШС-де болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Аталмыш цех тәулігіне 70-80 тонна сүт өңдеуге қабілетті. 2014 жылы Франциядан арнайы құрал-жабдықтар әкелініп, заманауи техникалармен толықты. Нәтижесінде мұнда инновациялық технологияларды қолдана отырып, жаңа сүт өнімдерін шығаруда. Олар: сүт, айран, қаймақ, биоайран, йогурт және басқа да өнімдер.
Облыс әкімі кәсіпорын басшысымен әңгімелесу барысында оның ұсыныс-пікіріне құлақ түрді. Аудан әкіміне өз кәсібін кеңейтемін немесе жаңа жобаны бастаймын деген кәсіпкерлер үшін қолдау көрсетілетінін айтып, мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдауларды жан-жақты насихаттауды тапсырды.
Кәсіпорын технология мүмкіндігін пайдалана отырып, өнім сапасын арттыруды көздеп отыр. Зауыт сиыр сауатын орын, сүттің мөлшері мен сапасын бақылап отыратын жоғары технологиялық құрылғымен жабдықталған.
Аталған кәсіпорын басшысы Сұлтан Әбдіғалидің айтуынша, аудан аумағындағы тұрғындардан жинап келген сүтті міндетті түрде тексеріп, май құрамын, сапасын зерттейді. Компанияның барлық өнімі сертификатталған.
Нарықта өз орнын тауып отырған аудандағы ірі кәсіпорында 128 адам жұмыспен қамтылған. Бүгінде аталған кәсіпорынның республика көлемінде бірнеше зауыты бар. Өткен жылы кәсіпорын 5760,0 млн. теңгеге 14 400 тонна өнім өндірсе, жыл басынан бері 4930,0 млн. теңгеге 12 500 тонна өнім өндірген.
Кәсіпорын демекші, Төлеби ауданының орталығы Леңгір қаласында «SERT» мүгедектер қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен тігін және жиһаз цехы заманауи құрал-жабдықтармен қамтылды. Жеке кәсіпкер Сәбит Сансызбаев жаңа цехты іске қосуға өз есебінен 120 млн. теңге қаражат жұмсаған. Жыл басынан бері жиhаз және тігін цехында 1 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Мұнда 30-дан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды. Жұмысшылардың орташа жалақысы 100 мың теңгені құрайды.
Мекеменің 2 өндірістік цехы бар. Атап айтсақ, жиһаз және дәнекерлеу. Одан бөлек, тігін шеберханасы жұмыс істейді. Барлық қажетті құрал-жабдықтар бар. Жылына 5620 дана – мектеп жиһазын, 2863 дана офистік жиһаз шығаруға қауқарлы. Цехта арнайы қызметтік жейделер мен костюмдер тігіледі.
Айта кетейік, «SERT» мүгедектер қоғамдық бірлестігі 2020 жылы құрылған. Қазіргі таңда өндірістік цех, отандық офистік жиһаздарын өндіруде. Мүгедектер қоғамдық бірлестігіне өндірістік индустриалды сертификаты, ST-KZ сертификаттары, Еуропалық экономикалық одақтың сәйкестік сертификаттары берілген. Мекеме — сонымен қатар «ҚР Жиhаз жасаушылардың гилдиясы» ЗТБ мүшесі.
Сонымен қатар бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Төлеби ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Онда ауыл шаруашылығы, инвестиция тарту, құрылыс, инфрақұрылым, жұмыспен қамту бағыттары мен балалар қауіпсіздігі талқыланды. Ауданды дамыту бойынша сын-ескертпелер айтылды. Өңір басшысымен қатар жиынға аудан әкімі мен жауапты басқарма басшылары қатысты.
– Біздің басты мақсатымыз – Төлеби ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, аудан тұрғындары үшін барлық жағдайды жасау. Ол үшін бәріміз жұмыла жұмыс істеуіміз қажет, – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеді.
Мәжілісте Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов аудандағы жұмыстарды зерделеу қорытындысын баяндады. Жиын барысында ауданды дамытуға кедергі келтіріп отырған өзекті мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды.
Мәжілісте аудан әкімі Төлеген Телғараевтың есебі тыңдалды. Жиындағы тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, индикаторларды орындау бойынша жауапты басшыларға уақыт берілді. Төлеби ауданын өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған аймаққа айналдыру жұмыстары жалғасады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.