Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараевтың төрағалығымен әкімдік мәжілісі өтті. Мәжілістің күн тәртібінде үш мәселе қаралып, ол бойынша сала басшылары баяндама жасады.
Ауданның әлеуметтік – экономикалық дамуының 9 айдағы қорытындысы туралы аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Мансұр Ашрапов баяндап, аудан бюджетінің 2023 жылдың 9 айының кіріс бөлігін таныстырды. Ауданның өзіндік кірісі нақты 2 877 миллион теңгеге, яғни 527 миллион теңгеге жоспардан артық орындалған. Қала, ауылдық округ әкімдіктерінің кіріс жоспары 183,7 пайызға немесе 214 миллион 954 мың теңгеге жоспардан артығымен түскен. 2023 жылдың 1 қазанына шығыстардың жоспары 8 миллиард 930 миллион теңге болса, кассалық игерілуі 8 миллиард 929 миллион теңге немесе игеру жоспары 100 пайызды құрап отыр. Өнеркәсіп саласында 9 айда 34 миллиард 997 миллион теңгенің өнім көлемі өндіріліп, нақты көлем индексі 106,1 пайызды құрады. Кәсіпкерлікті қолдау картасы бағдарламасы шеңберінде 2023 жылы іске асыруға жататын жобалар негізінде тапсырмалар орындалып, 37 кәсіпкерге сервистік қызмет көрсетілген. Ауыл шаруашылығы саласының өнім көлемі 9 айда 50 миллиард 175 миллион теңгені көрсетті.
Жиын барысында Түркістан облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспарының Төлеби ауданы бойынша нысаналы индикаторлардың декомпозиясының орындалу барысы талқыланып, облыс дамуының негізгі көрсеткіштері жөнінен Төлеби ауданы екінші орынды иеленді. Ал, қала, ауылдық округ әкімдіктерінің рейтингі негізінде көрсеткіштер бойынша нәтижелерімен алғашқы үштіктен Ленгір, Тасарық, Кемеқалған көрінді.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Дәулет Исабекұлы жайылым жерлерді ауданның арнайы жер қорына қайтару бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады. Нәтижесінде, бүгінгі күні ауданның арнайы жер қорына 4771,2 гектар жер қайтарылды.
Аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы жөнінде аудан әкімі аппараты ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы Бейбіт Төлешов хабарлап, барлық саладағы орындалмаған тапсырмалар жөнінде айтты.
Мәжіліс барысында көтерілген мәселелер жан-жақты талқыланып, аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы индикаторлардың орындалуы бойынша төмен нәтиже көрсеткен ауылдық округ әкімдері мен сала мамандарына шара көру туралы ұсыныс дайындауға тапсырма берді. Сондай-ақ, аудан басшысы Төлеген Телғараев жиында айтылған кемшіліктер бойынша жауапты сала басшыларына сұрақтар қойып, кемшіліктерді тез арада түзету үшін нақты жұмыстар көрсету керектігін ескертті.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.