Төлеби ауданы аумағында Марокко шегірткесіне қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мамыр айының 10-нан басталды. Ауыл шаруашылығы дақылдарына аса қауіпті шегірткеге қарсы күрес барысын аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев пен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Құттымұрат Тұрғынбаев бақылады.
Бақберген Тәңірбергенұлы «Республикалық фитосанитарлық диагностика және болжамдар әдістемелік орталығы» РМК Түркістан облысының Төлеби аудандық филиалының мамандарына, Төлеби аудандық аумақтық инспекциясының мамандарына жерді химиялық өңдеу жұмыстарын дер кезінде әрі сапалы жүргізуді тапсырды. Фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мамандарына шегірткеге қарсы күресті күшейту қажеттігін айтты. Аудан экономикасының негізгі көрсеткіші болып саналатын ауыл шаруашылығы саласының дамуына ықпал ету шараларын уақытылы жүргізу тиімділігін түсіндірді.
Алғашқы аса қауіпті марокко шегірткелеріне химиялық өңдеу жұмыстары Бірінші Мамыр ауылдық округіне қарасты Жаңажол елді мекенінде жүргізілді.
Осы орайда тоқталар жайт, Түркістан облысында аса қауіпті үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жұмыстары мен фитосанитариялық іс-шаралар биыл 10 ауданның 53 ауылдық округі аумағында жүзеге асады. Бұл туралы Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Түркістан облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Ибрагим Бегасилов мәлімдеген болатын. Атап айтар болсақ, Сарыағаш, Келес, Арыс, Бәйдібек, Төле би, Қазығұрт аудандарында «Марокко» атты үйірлі шегірткелермен күрес жүргізілмек.
Ал, Созақ ауданына азиялық шегірткеден қауіп бар. Аталған фитосанитариялық іс-шаралардың тиімді жүргізілуін бақылау және үйлестіру мақсатында инспекция тарапынан 40 мемлекеттік инспекторлар мен 19 қызметтік автокөлік жұмылдырылып отыр.
«Жергілікті шаруа қожалық иелері сала мамандарына шегірткенің табылғандығы туралы ақпарат берсе болды, бірден дәрілеу жұмыстарын жүргізеді. Шегірткелер көк дақылдың барлығына зиян келтіреді. Әсіресе, үйірлі шегірткелер өсіп тұрған жасыл желекті 100 пайызға дейін жарамсыз етіп тастайды» — дейді Ибрагим Бегасилов.
«Марокко шегірткесіне» қарсы облыс бойынша барлығы 67,3 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстары жүзеге аспақ. Оның ішінде, 59,1 мың гектарда бүріккіш техникаларымен, ал 8,24 мың гектарда әуе жолдары арқылы жүргізіледі.
Биыл облыс аумағында қолайлы фитосанитариялық ахуалды қамтамасыз ету мақсатында облыс әкімінің өкімімен штаб құрылған болатын. Осыған сәйкес, барлық аудандар мен қалаларда тиісті штабтар дайындық жұмыстарына кірісті.
Сарыағаш ауданы бойынша 15 380 гектарға 7 дана, Арыс қаласында 12 420 гектарға 6 дана және Бәйдібек, Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сауран, Төле би, Шардара аудандары бойынша 31 250 гектарға 14 дана жерүсті желдетпелі бүріккіш техникасы жұмылдырылады.
Ал, «азиялық шегірткіге» қарсы Созақ ауданында 11 500 гектар аумақта химиялық күрес шаралары жоспарланған. Химиялық өңдеу жұмыстарын 25 күнде аяқтау көзделіп отыр.
Бұл ретте бір күнде 3500-4000 гектар алқапта химиялық өңдеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
Оған 26 жерүсті бүріккіш техникасы мен 1 АН-2 жеңіл ұшағы жұмылдырылған.
«Түркістан облысында аса қауіпті марокко шегірткесіне қарсы жүргізілетін химиялық өңдеу жұмысы 8 сәуір күні басталды. Жоспарланған 705 000 гектар алқаптың 570 000 гектарында зерттеу, анықтау жұмысы жүргізілді. Марокко шегірткесінің қоныстанған аумағы 90 мың гектарды құрап отыр. Оның 48000 гектарында экономикалық зиянды шегінен асқаны анықталып, 41000 гектар алқапқа химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілді», — деді Ибрагим Бегасилов.
Облыс бойынша марокко шегірткесі көп тараған аймақтар ретінде белгіленген Сарыағаш ауданында 24 000 гектар, Арыс қаласында 11 000 гектар өңделген.
Өңірдегі шегірткеге қарсы күрес жұмыстарын толықтай аяқтауға әлі 10 күндей уақыт бар. Бұл ретте шегірткеге қарсы күрес күшейтілген.
Алдағы уақытта марокко шегірткесіне қарсы барлығы 67290 гектар алқапта, оның ішінде 59050 гектары жерүсті желдеткіш бүріккіш техникамен, 8240 гектарға әуемен химиялық өңдеу жұмысы жүргізілмек.
Нақтылай кетейік, шегіртке — қысқа мұрттылар отряд тармағына жататын үйірлі шегірткелердің бір тобы. Қысқа мұрттылардың ең маңызды тұқымдасының бірі — нағыз шегірткелер. Шегіртке тікқанаттылар отрядына жатады. Өзінің жақын туыстары қара шегіртке мен көк шегірткеден айырмашылығы – денесінің ұзындығының жартысындай болатын қысқа мұртшасы. Қазақстан ландшафтасының әртүрлі және жерінің кең байтақ болуына байланысты, шегірткенің 271 түрі кездеседі.
Шегірткелерді үйірлі және саяқ шегірткелер деп бөледі. Үйірлі түрлерінің ( ұшпа, шөл, қызылшегіртке және т.б ) саяқ шегірткелерден айырмашылығы – жаппай көбею кезінде үлкен топтар құрып, бірнеше жүздеген, мыңдаған гектар жерді басып, бір күн ішінде бірнеше ондаған километр жерге орын ауыстырады. Мысалы, шөл шегірткесінің үйірі 2400 шақырымнан астам ашық теңіз үстінен ұшып өтіп, солтүстік-батыс Африкадан Британ аралдарына жеткен. Қазақстандағы зиянкес азия шегірткесі ұзақ қашықтықтарға ұша алмайды. Дегенмен ересектері бір күнде 80-120 шақырым қашықтыққа ұша алады. Бұл түрдің тұрғылықты мекендері – Сырдария өзенінің сағасы мен Балқаш, Алакөл, Зайсан көлдерінің жағалауларындағы сазды жерлердің қалың қамыстары. Жаздың екінші жартысында жұмыртқа салады, дернәсілдері майдың соңында шығады, 35-40 күннен кейін қанаттанады. Азия шегірткесінің әрқайсысы өз өмірінде 300 г көк жем жейді, ал бір аналықтың ұрпақтары бір жазда екі қойға жететін жемді жейді. Негізгі қорегі қамыс болғанына қарамай, үйір 1-2 сағат ішінде мыңдаған астық алқабын жоқ қылып жібереді, сонымен қатар капуста, қарбыз, күнбағыс және тағы басқа қоректеніп, біршама зиян келтіреді.
Шырылдауық шегірткелер, көк шегірткелер және кәдімгі обыр шегірткелер бір-бірімен туыстас болып келеді. Әсіресе, обыр шегіртке мен көк шегірткелер бір-біріне өте ұқсас. Бұл жәндіктердің барлығының денелері ұзындау, ал артқы аяқтары секіруге ыңғайлы болып келеді. Аталған жәндіктер қанаттарының көмегімен дыбыс шығара алады.
Ғалымдардың зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстанның әртүрлі табиғи-экономикалық аймақтарында шегірткелердің 270 түрі тіршілік етеді екен. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы егістіктері мен ауыл шаруашылығына пайдаланатын алқаптарға жыл сайын үйірлі шегірткелердің 15-20 түрі қауіп төндіреді. Алайда олардың тек 10-15 түрі ғана астық және техникалық дақылдардың, көкөніс пен бау-бақша егістерінің, мал жайылымдары мен шабындық жерлердің аса қауіпті зиянкестері болып саналады. Республикамыздың әртүрлі аймақтарда шегірткелердің тіршілік ету және көбею ошақтары баршылық.
Шегіртке зиянкестері үйірлі және саяқ болып екіге бөлінеді. Соның ішінде үйірлі шегірткелер ауыл шаруашылығы дақылдарының аса қауіпті зиянкесі тізіміне енгізілген. Оларға қамысты қоғалы жерлерге қоныстанған ел аузында көкқасқа шегіртке деп аталатын Азиялық (Locusta migratoria migratoria), құмды-шағылды шөлді жерлерде мароккалық (Dociostaurus maroccanus) және италиялық (Caliptamus italicus) шегірткелер жатады.
Шегірткелердің үйірлі түрлерінің негізгі сипаты артқы аяқтарының ірі, секіруге бейім және мұртшасының қысқа болуы тән. Олар саяқ шегірткелерге қарағанда таралу тығыздығына байланысты өздерінің фенотипін, физиологиясын және өмір сүру образын өзгерте алатын қабілетке ие. Сонымен қатар олардың дернәсілдері ойдым-ойдым ошақтарда шеру құрып, ал имагосы, яғни ересек шегірткелер бірнеше мыңдаған шақырым арақашықтыққа дейін ұшып барып басқа жерлерді мекен ете алады.
Ерте көктемде топырақ температурасы қолайлы жиынтыққа жеткен кезде жұмыртқалары жер бетіне шыға бастайды. Көктем-жаз айлары бойына дернәсілдері (личинкалары) 5 даму сатысынан өтеді. Жаздың соңғы айлары мен күз айының басында аналық шегірткелер жұмыртқаларын топырақ қабатына салып, өздері өмір сүрулерін тоқтатады.
Шегіртке зиянкестеріне қарсы жыл сайын жүйелі түрде химиялық өңдеу жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, зиянкес популяцияларын біржола құртып жіберу мүмкін емес, тек олардың сан мөлшері азайтылып отырады. Жыл сайынғы химиялық күрес жұмыстары ұйымдастырылып, қаншама адам жұмылдырылып, қаражат бөлініп жатқанымен, олардың таралу аумағы кей жылдары өршіп кетеді. Бұл жерде «Неге?» деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауапты бірнеше саты бойынша қарастыруға болады:
Біріншіден, шегіртке — «көшпенді» зиянкес, яғни ол бір жерде ғана тұрақтап тұрмайды және ол жаппай миграция жасаған кезінде бірнеше мыңдаған шақырымды артқа тастап ұша алады. Сондықтан оған қарсы күрес шараларын көршілес тұрған аудан, облыс, тіпті шекаралас ел болып бірлесе жүргізу қажет.
Екіншіден, қазір дүние жүзінде болып жатқан ғаламдық жылыну, күн сәулесі белсенділігінің артуы, су қорының азаюы, жағалаулардың құрғап қалуы мен теңіз жағалауында жаңа аралдардың пайда болуы сияқты табиғи құбылыстар зиянкес ареалын арттырып отыр.
Үшіншіден, осы саладағы көптеген ғалым шегіртке зиянкесінің әрбір 11-12 жыл сайын саны көбейіп шарықтау шегіне жетіп барып қайта бәсеңдейтінін алға тартады. Бұл да әлі толық зерттеу жүргізетін, шала пайымдау, дегенмен дәл мүшел болмағанымен, шындыққа жанасатын құбылыс.
Осы саладағы көптеген ғалым шегіртке тұқымдастарының жаппай көбейіп немесе депрессияға ұшырауын күн сәулесінің белсенділігімен байланыстырады. Кейінгі жылдарға көз жүгіртер болсақ, С.Сейфуллин атындағы аграрлық университеттің профессоры, жаратылыс ғылымдарының докторы В.К.Ажбеновтың көптеген еңбегінде шегіртке тұқымдастарының жаппай көбею кезеңдері 1909-1912, 1924-1927, 1931-1933, 1944-1947, 1953-1956, 1967-1970, 1977-1982, 1988-1991, 1996-1999 жылдарға сәйкес келеді екен. Содан кейінгі жаппай көбею 2012-2014 жылдарға сәйкес келді.
Зиянды шегірткелердің санын азайту мемлекет назарында тұрған бүгінгі таңдағы басты мәселе болып отыр. Үкімет қажетті ұйымдар құрып, материалдық-техникалық шаралар мен ғылыми зерттеулерді қолдап, ауыл шаруашылығы алқаптарын зиянды ағзалардан қорғау мақсатында бюджеттен жыл сайын қаражат бөліп отыр.
Аса қауіптілер қатарына енген үйірлі шегірткелердің жаппай көбейген кезде ауыл шауашылығына тигізер залалын, сонымен қатар шекаралас елдерге ұшып таралу қаупін ескеріп, олармен күрес шаралары республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі. Ал саяқ шегірткелерге қарсы жүргізілетін іс-шаралар жергілікті бюджеттен қаржыландырылады.
2021 жылы республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге бөлініп, пестицидтер сатып алу және барлық болжамдалған 626,121 мың гектар алқапта химиялық өңдеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалды.
2022 жылы бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлініп, аталған қаражатқа шашылатын пестицидтер, оларды сақтау, тасымалдау және қолдану қызметтері сатып алынды. Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуден өтетін алқап болжам бойынша 997,27 мың гектар болса, оның 760,688 мың гектары итальян прусына, 201,002 мың гектары азиялық шегірткеге қарсы жүргізіледі және 35,58 мың гектары мароккалық шегірткеге қарсы Түркістан және Жамбыл облыстарында күрес шаралары басталып кетті.
Республика бойынша жүргізілген мониторингтік зерттеу нәтижелері көрсетіп отырғандай, шегірткелердің фазалық жағдайы туралы көрсеткіш 2021 жылға дейін үйірлі шегірткелердің қоныстану аймағы бәсеңдеген болса, 2022 жылдан бастап көтеріліп келе жатқанын байқауға болады. 2025 жылға қарай үйірлі шегірткелердің қоныстану ареалы 1 546,94 гектарға дейін өседі деп болжамдалып отыр.
Биылғы өңдеу жұмыстарына 165 бірлік арнайы бүріккіш техника, соның ішінде 116 жерүсті желдеткішті бүріккіш, 26 аэрозольды генераторлар, 16 борт аса жеңіл авиация және 7 ұшақ жұмылдырылады.
Бүгінгі таңда Еуропа, Ресей және Қытай өндірушілерінен болжамдалған көлемге арналған Локустин, Вантекс, Регент, Грен голд сапалы пестицидтері сатып алынды, мердігер компаниялар анықталып, келісімшарттары жасақталды. Оңтүстік өңірлер марокколық шегірткеге қарсы химиялық өңдеу жұмыстарына кірісті, ал қалған аймақтар бойынша жоспарға сәйкес зиянкестің көктемгі күбіршік кезеңіндегі зерттеу жұмыстары жүріп жатыр. Өңдеу жұмыстарына қажетті препараттар химиялық өңдеулер басталғанға дейін жеткізілетін болады.
Ал зиянды шегірткелердің ошақтарын анықтау-зерттеу мақсатында GPS-навигаторлар, GPS-трекерлер және FitoKZ географиялық ақпараттық жүйесіне тіркелген (ГАЖ) планшеттерді пайдаланады.
Басқа мемлекеттермен шекаралық аймақта шегірткелердің таралып, дамуын болдырмау мақсатында келісімдер жасалып, бірлесе жасалатын жұмыс жоспарлары бекітіліп, сала мамандары бір-бірімен апта сайын фитосанитарлық ахуал жөнінде мәлімет алмасып отырады.
Ауыл шаруашылығына жаппай көбейіп кеткен жылдары саяқ шегірткелерден де келер залал аз емес. Соған байланысты, шегірткелердің бұл түрлерімен күресу шараларын ұйымдастыру мақсатында жергілікті бюджеттен қаржы бөлінеді. Биыл саяқ шегіркелер 269,24 мың гектар алқапта болжанып, жергілікті бюджеттен 659,9 миллион теңге қаржы бөлінді.
Республика аумағында саяқ шегірткелердің таралуына соңғы 10 жылда жүргізілген талдау жұмыстары көрсеткендей, 106,37 мың гектардан (2011) 239,285 мың гектарға (2022), яғни шегірткелердің бұл түрімен қоныстанған алқаптың да жылдан-жылға артып келе жатқанын байқатады.
Шегіртке зиянкестерінің жаппай таралуын, егістік жерлер мен жайылым, шабындықтардың оталуына жол бермеу мақсатында жергілікті жерлерде жедел әрекет ету штабтары құрылып, жұмыс жоспарлары бекітілді. Облыстық аумақтық инспекциялар мен жергілікті атқару органдары бірлесіп, шегіртке зиянкестерімен уақтылы және сапалы күресу бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау қажет.
Жоғарыда айтылғандарды қорытындылай келе, тұтқиылдан шабуыл жасайтын аса қауіпті зиянкес – шегірткелерге қарсы күресті уақтылы және сапалы жүргізу үшін жергілікті жерлерде:
— аса қауіпті зиянды организмдерге қарсы күрес жөніндегі жедел әрекет ету штабтардың жұмысын жалғастыру;
— ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері арасында шабындық жерлер мен жайылымдарда немесе басқа да ауыл шаруашылығы жерлерінде шегірткелер көрінген бойда тиісті органдарды ақпараттандыру, химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілетін жерлерде мал жаюға, шөп шабуға жол бермеу және басқа да іс-шаралар туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу;
— әрбір облыс, аудан, округ әкімдіктерінен қажетті зерттеу шараларын жүргізуге адам бөлу, су жеткізуге және басқа да шараларға жәрдемдесу;
— күтпеген жағдайлар туындаған жағдайда автокөлікпен қамтамасыз ету жөнінде жадынамалар тарату сұралады.
Шегіртке зиянкестерінің шекара маңындағы аумақтарға көшіп қонуын болдырмау үшін шекаралас аймақтарға ерекше назар аударылуы қажет.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сенсек, биыл үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге республикалық бюджеттен 3,8 миллиард теңге бөлінді. Мамандардың болжамы бойынша шегіртке 1,6 миллион гектар аумаққа таралуы мүмкін. Бүгінгі таңда 385,3 мың гектар алаңда пестицидтердің қажетті қоры қалыптастырылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.