Түркістан облысы: Төлеби ауданында бизнес ашу мақсатында мемлекеттік гранттар бөлініп, жаңа жұмыс орындары ашылып жатыр

Төлеби ауданында жұмыспен қамту шаралары кеңінен жүзеге асырылып келеді. Мәселен, «Еңбек» бағыты бойынша 4217 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған. Оның 2650-і тұрақты қызметке орналасқан.

«Бастау Бизнес» жобасы аясында 944 адам оқып, сертификат алды. Сонымен қатар Мемлекет басшысының «10 мың адамға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» жөніндегі тапсырмасына сай 1101 жаңа жұмыс орны ашылды. «Жастар практикасымен» жаңадан оқу орнын бітіруші 215 маман, қоғамдық жұмыс орнына 936 азамат жолданды.

Ал аз қамтылған азаматтарға атаулы әлеуметтік көмекті көрсету мақсатында жалпы 631 отбасыға 232 миллион теңгеге көмек көрсетілді. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар 90 адамға бөлініп, 124 миллион теңге төленді. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар алдағы уақытта да өз жалғасын табады.

Осы тұста атап өтер жайт, Төлеби ауданының «Мансап » орталығы зейнет жасына таяған азаматтарды да тұрақты жұмыспен қамтып жатыр. 50 жастан асқан азаматтарда мұндай мүмкіндік «Күміс жас» жобасы арқылы жүзеге асып жатыр. Аталған жоба 2022 жылы зейнеткерлік жасқа дейінгі азаматтарды жұмыспен қамтуға жәрдемдесу мақсатында іске қосылған.

Ленгер қаласының тұрғыны Дильбар Халмуратқызы Хусанова мемлекеттің қолдауы арқылы «Нурова» жеке кәсіпкерлігінің мекемесінде сатушы, көмекші болып жұмыс істеп жатыр.

— Негізі еңбек өтілімім бар, бірақ, кей себептермен жұмыссыз қалдым. Осындай бағдарлама бар екенін естіген соң қатысып көруге шешім қабылдадым. «Мансап» орталығына барып жұмыссыз ретінде тіркеліп, наурыз айында жолдамамен уақытша жұмысқа жолдандым. Жұмыс өзіме ұнайды ыңғайлы, ең бастысы зейнет жасындағы азаматтардың жас ерекшеліктерін ескереді, — дейді Дильбар ханым.

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағидаларға бірқатар өзгеріс енгізіліп, жобаға 50 жасқа толған азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. «Күміс жас» жобасына қатысу мерзімі аяқталғаннан кейін, зейнеткерлік жасқа толмаған азаматты кемінде 1 жыл мерзімге, тұрақты жұмыс орнына орналастырады.

Сөздің орайы келгенде, қысқа мерзімді оқыту – оқып, жұмыс табудың мүмкіндігі екенін де естеріңізге салғанды жөн санадық. Қысқа мерзімді оқытудың арқасында сіздер жаңа мамандықты тегін игеріп қана қоймай, сондай-ақ жұмысқа да орналаса аласыздар. Оқытудың ұзақтығы бағдарламаға қатысушының таңдаған мамандығына байланысты. Оқыту жұмыс берушінің сұранысы бойынша оқу ұйымдарында немесе жұмыс берушінің жұмыс орнында жүргізіледі. Қысқа мерзімді оқытуға қатысушылар оқу ақысын, шәкіртақы немесе жалақы төлеу түріндегі мемлекеттік қолдаумен, сондай-ақ жолақымен қамтамасыз етіледі. Қатысу үшін тұрғылықты жері бойынша мансап орталығына өтініш жасау қажет.

Сонымен қатар оқыту кезінде бағдарламаға қатысушылар практикалық тапсырмаларды орындайды, ал оқыту аяқталғаннан кейін жаңа мамандығы бойынша жұмыс орнына орналасады.

Егер қажет болып жатса, келесі сілтеме бойынша жоба туралы толық ақпарат алуға болады: https://www.enbek.kz/kk/node/3534.

Бұл ретте жастарға кеңес ретінде құлаққағыс жасай кетсек. «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында «Жастар практикасы» жобасы жүзеге асырылады, оның арқасында түлектер өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасып, алғашқы жұмыс тәжірибесіне ие болады.

Бұл көмек көрсету шарасы соңғы 5 жыл ішінде оқуын тәмәмдаған, 35 жастан аспаған жұмыссыз түлектерге бағытталған.

«Жастар практикасы» бойынша жалақы салықтар мен барлық міндетті төлемдерді есепке алғанда 30 АЕК-ні құрайды, жастар практикасының ұзақтығы 12 айдан аспайды.

Егер сіз аталмыш жобаның аясында жұмысқа орналасқыңыз келсе, онда:

  • тұрғылықты жеріңіз бойынша мансап орталығына;
  • enbek.kz электрондық еңбек биржасына;
  • eGov.kz электрондық үкімет порталына өтінім бере аласыз.

Қажетті құжаттар:

Жеке басын куәландыратын құжат

Еңбек кітапшасы (болған кезде)

Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімді растайтын құжат.

ТҮЛЕКТЕРГЕ КЕҢЕС:

  1. Түйіндемені дайындаңыз:
  • Қысқа (1 беттен аспайды)
  • Жұмыс пен дағдыларға қатысты маңызды ақпарат
  • Сіздің басқа үміткерлерден ерекшелігіңіз қандай екендігі туралы жазыңыз
  • Міндетті түрде мәтіннің қатесіз болуын тексеріңіз
  • Мәтінді ыңғайлы орналастырып, абзацтар туралы ұмытпаңыз
  1. Түйіндемені келесі жұмыс іздеуге арналған сайтта орналастырыңыз: Enbek.kz

Сіздің қалаңыздағы мансап орталығының байланыс деректері enbek.kz сайтында көрсетілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin