Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен облыстық «Жастар лигасы» атты робототехника байқауы өтті. Мақсаты – оқушылардың шығармашылық белсенділігін дамыту мен оларды инженерлік машықтандыру, робототехникаға қызығушылық танытатын, зерттеу қабілеті жоғары дарынды оқушыларды анықтау және қолдау.
Ленгір қаласындағы № 7 IT мектеп-лицейі ғимаратында ұйымдастырылған конкурсқа 17 команда өтініш білдіріп, 10 команда қатысты. Түркістан облысының 10 ауданынан қатысқан жастарды Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшының орынбасары Пердебек Сержанұлы құттықтап, сайыстың өту тәртібі мен мақсатын түсіндірді.
Байқауға қатысушы жастар «Arduino» жиынтығымен машина құрастырып, оған бағдарлама орнатып, құрастарылған машина арнайы кедергілерден өтті. Білікті жастардың қабілетін шыңдап қана қоймай, жаңа идея тууына жәрдемдесуге бағытталған байқауға қатысушылардың еңбегіне әділ қазылар бағасын берді.
Байқау нәтижесі бойынша жүзден жүйрік болып шыққан Төлеби ауданының жастары жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, 500 мың теңге сыйақы алды. Екінші орыннан көрінген Кентау жастары — 300 мың теңге, Бәйдібек ауданының жастары 200 мың теңгенің иегері атанды.
Еске салайық, робототехниканың тарихы ең алғаш қозғалатын мүсіндер жасалған ежелгі дәуірден басталады. XVIII ғасырда Пьер-Жаке Дро андроид роботын жасады. Нағыз серпіліс XX ғасырда ақпараттық технологияның дамуымен бірге басталды. 1959 жылы «Unimate» атты алғашқы өнеркәсіптік робот қолы жасалды. Содан бері робототехника дамып, адамзат үшін жаңа мүмкіндіктер ашылуда. Бұл робототехника тарихының қысқаша шолуы, оның толық тарихы таңғажайып жетістіктер мен жаңалықтарға толы. Қазіргі таңда өнеркәсіптік роботтардың робототехника саласында айтарлықтай үлесі бар. Өнеркәсіптік роботтар – өндіріс ортасында қолданылатын роботтар. Олар металлургия, тамақ және химия өнеркәсібі, машина жасау сияқты әртүрлі салаларда қолданылады. «Statista» зерттеулеріне сүйенсек, Қазақстандағы робототехника нарығы 2024 жылы кірісті айтарлықтай арттырып, құны 25,36 миллион АҚШ долларына жетеді деп болжануда. Әсіресе, қызмет көрсететін робототехниканың кірісі 25,31 миллион АҚШ долларын құрайды деп болжануда. Қазақстанда өндірістік секторда робототехниканы қолдану, еңбек өнімділігі мен автоматтандыру мүмкіндіктерінің артуы байқалады.
Робототехниканың қарқынды дамуы 1960 жылдары басталды. Робототехника әлеуеті жоғарылаған сайын роботтардың білім берудегі рөлі жан жақты зерттелуде. Алайда, қолданыстағы зерттеулер негізінен робототехника саласымен тығыз байланысты ұғымдарды үйрету үшін робототехниканы қолдануға бағытталған. 1980 жылы Сеймур Пейперт робототехниканы білім беру ортасына енгізгеннен бері мектептерде проблемаларды шешуге, бағдарламалауға, дизайнға, физикаға, математикаға, тіпті музыка мен өнерге үйрету үшін әртүрлі деңгейлерде қолданылады. 2000 жылдардың аяғынан бастап білім беру саласында робототехниканы қолданудың өсуі байқалды. Робототехника сонымен қатар оқытушыларға нақты әлемдегі қосымшаларда ғылыми және математикалық ұғымдарды нақтылау үшін технологиялық және инженерлік тақырыптарды біріктіруге көмектесті. Робототехника мектептерде оқушылардың шығармашылығын ынталандыру, топтық жұмыс және проблемаларды шешу үшін де қолданылады.
Робототехниканың дамуы арқылы жаңа мамандықтар мен кәсіптер пайда болуда. Еліміздегі жаңа мамандықтар мен құзыреттердің атласы бойынша республикада ауыл шаруашылығы өндірісін автоматтандыру және роботтандыру жөніндегі инженер, робототехниканың инженер-технологы, робототехника операторы мамандықтары пайда болуы мүмкін. Робототехника инженерлері, жасанды интеллект мамандары, деректер талдаушылары, робот-бағдарлама жасаушыға сұраныс жоғары. Сонымен қатар робототехникаға техникалық қызмет көрсету және жөндеу үшін сервистік техниктерге деген қажеттілік артып отыр. Бұл мамандарды оқыту және қайта даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер туғызады.
Халықаралық робототехника федерациясының (IFR) 2021 жылға жасаған қорытындысына сай әлем бойынша өндірісте қолданылып жатқан роботтардың саны 3 миллион 477 мыңға жетті. Роботты қолдану көбейген сайын оны құрастыратын маманға сұраныс артты. Осыған орай арнайы маман әзірлеу мақсатында робототехника курсы білім беру саласына енгізіліп, оқытыла бастады. АҚШ пен Еуропада робототехника «Жобалық оқыту» тұжырымдамасына негізделіп XX ғасырдың 90 жылдарынан бастап робототехника мектепке бірте-бірте енгізілді. Ал Қазақстанда 2010 жылдан бастап білім беру мекемелеріне енгізіле бастады. 2019-2020 оқу жылынан бастап «Робототехника» 3-4-ші сыныптарға, 2020-2021 жылы 5-ші сыныпқа, 2022-2023 оқу жылы 2-ші cыныпқа еніп, оқытылуда.
Елімізде робототехника 2010-2013 жылдан бастап қолға алына бастады. Робототехника алғашында факультативті курстар ретінде іске асты.
Робототехника мамандары робот жасау негіздерін үйретуде жаттығулар мен жарыстар басты рөл атқарады деп есептейді. Бұл ғылым мен техникаға деген қызығушылықты оятып қана қоймай, өскелең ұрпақтың болашақта сұранысқа ие болатын дағдыларын дамытуға көмектеседі. Бұл тәсіл робототехника саласындағы инженерлер мен өнертапқыштардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал етеді.
2015 жылы Қазақстанда Робототехника федерациясы – «KazRobotics» құрылды. Қазіргі таңда «KazRobotics» федерациясы әрбір облыста іріктеу өткізіп, чемпионат жеңімпаздары республикалық чемпионатқа жолдама алады. 2016 жылдан бастап осы уақытқа дейін «KazRobotics» федерациясының президенті Айжан Жакеева осы жарыстарды қолға алып, Қазақстанда спорттық робототехниканы дамытуға атсалысып, талантты жас қатысушыларды біріктіруге ықпал етіп жүр. Сонымен қатар «Ұлы өнертапқыштыққа алғашқы қадам» инновациялық идеялардың республикалық байқауы білім алушыларға ғылым мен техниканың түрлі саласында, өнертапқыштық, зерттеу жұмыстарына қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, балалар робототехникаға қызығушылық танытуда. Робототехника балалардың логикалық ойлауын, математикалық және алгоритмдік қабілетін, электрондық жүйелерді түсінуін, есептерді әртүрлі тәсілдермен шешуді, қиялын, логикасын, құрастыру қабілетін, топпен жұмыс істеу және ғылыми ізденістерге деген қызығушылығын дамытады. Қазіргі кезде елімізде робототехника үйірмелердің саны артуда. Сонымен қатар мектептерде қосымша робототехника факультатив сабақтары өткізілуде. Арнайы жабдықталған «Робототехника» кабинетінде оқушылар робот құрастырудың негіздерін Arduino, Lego Mindstorms EV3, spike prime және микроконтроллерінің құрылғыларымен таныса отырып, роботтарды модельдеу және бағдарламалау жұмыстарын, құрастыру дағдыларын меңгереді. Осы үйірмелер арқылы оқушылар инженерлік, нұсқаушылық, шығармашылық идеяларды іске асыру және өз әлеуетін көтеруге мүмкіндік ала отырып, болашақта техникалық мамандық таңдаудағы мүмкіндіктермен танысады.
Сала мамандары алдағы 5-10 жылда Қазақстанда робототехника саласында айтарлықтай ілгерілеу болады деп отыр. Бүгінде біз Орталық Азияның, Еуропаның және Американың көптеген елдерімен қатар келе жатырмыз. Робототехниканың кейбір салаларында біз тіпті алдамыз. Қазақстандық робототехника лигасына қатысушылар әлемдік жарыстарда жоғары марапаттарға ие болды, бұл халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігімізді дәлелдейді. Бұл — біздің еліміздің осы бағытта белсенді дамып келе жатқанының және одан әрі ілгерілеу үшін зор әлеуеттің бар екендігінің айқын дәлелі. Біз болашақта робототехника саласында көшбасшы болу үшін технологияларымыз бен дағдыларымызды жетілдіру бойынша жұмысты жалғастырамыз.
Робототехника – инновациялар мен жұмыс орындарын құру үшін орасан зор әлеуеті бар сала. Бұл бізден жаңа технологияларды үйренуге, бейімделуге және инновацияларға дайын болуды талап етеді, бірақ оның орнына өмір мен жұмыс сапасын жақсартуды ұсынады. Сарапшылар пікірін ескере отырып, робототехниканың болашағы жарқын және бәріміз үшін мүмкіндіктерге толы деп айтуға болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.