Түркістан облысы: Төлеби ауданы тұрғындарының бірі бөдене өсіріп, табыс тапса, бірі жылқы бағып, бие сауып, шаруасын дөңгелетіп отыр

Төлеби ауданында бөдене шаруашылығын дамыту қолға алынған. Бұл бағытта ауыл тұрғындары өз аулаларынан құс бағатын шағын ферманы іске қосуда. Бірінші мамыр ауылдық округіне қарасты Бейнеткеш елді мекенінің тұрғыны Бағлан Туматаев «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған мемлекеттік грант иегері атанып, қайтарымсыз 1 миллион 380 мың теңге қаржыға ие болды.

Кәсіпкер жұдырықтай құстың бабын табу үшін көп ізденгенін айтып, аудан әкімі Төлеген Телғараев пен мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаровқа отбасылық құс фермасын таныстырды.

Жеке кәсіпкер өз кезегінде бөдененің еті мен жұмыртқасының пайдасы мол екендігін, оларды ұстау, бағу шарттарын оқып, бұл іске кіріскенін әңгімеледі.

– Үй ауласынан бөдене шаруашылығын жүргізу идеясымен құс жөнінде көптеген мәліметтер іздедім. Кішкентай құстың бабын табу үшін қажетті температураны реттеуді қолға алдым. Бөдене жөнінде ең бірінші ескеретін жайт, бұл құс суық жерде жұмыртқаламайды. Ыстықты да ұната қоймайды. Тұрақты температура 16-18 градус жылы болуы тиіс, – деді кәсіпкер.

Ересек бөденелер бір ғимараттың ішінде орналасқан арнайы қондырғыларға жайғасқан. Әр қондырғыда құс жәшіктері бар. Бөденелер арнайы жемделеді. Істің мән жайын толық меңгерген кәсіпкер 2000 бас бөденеден күндігіне 800 жұмыртқа өткізіп, айына 200-250 мың теңге табыс тауып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ кәсіптің осы түрін дамытуды мақсат еткендерге жол сілтеп, жұмыс жүргізу тәсілін үйретпек.

Айта өтейік, бөдене — құстар ішінде қыр­ғауылдар тобына жататын шағын құс. Оның денесінің ұзындығы — 16-20 см, салмағы — 80-150 грамм арасында. Бөденені қолға ұстамас бұрын ең алдымен оны қандай мақсат үшін өсіретіндігіңізді біліп алғаныңыз жөн. Егер сіз жоғары сапалы және диеталық бөдене етін өндіруді мақсат ететін болсаңыз, онда сізге бірінші кезекте назарды бөдененің калифорниялық тұқымына аударуға тура келеді.

Ал егер бөденені жұмыртқасы үшін өсіруді көздесеңіз, онда бұл іске жапон бөденесінен артығы жоқ. Үй шаруашылығында өсірілетін жапон бөденесі өсіп-жетілуіне 50-60 күн өткеннен кейін-ақ жұмыртқа бере бастайды. Яғни, оны өсіру арқылы тез арада жұмыртқаға кенелетін боласыз. Мәселен, егер салыстыру үшін айтатын болсақ, тауық әдетте 180-210 күннен кейін барып жұмыртқа береді. Екіншіден, жапон бөденесі бір жылдың ішінде 300-ге жуық жұмыртқа береді. Дәмді де адам денсаулығы үшін пайдалы болып келетін бұл жұмыртқаның салмағы 10-14 граммды құрайды.

 Бөденені күту. Бөденені торда ұстаған жөн бе, әлде бұл іске инкубатор қолайлы ма? Бөденені қолдан өсірген жағдайыңызда бұл сұрақтың да сіздің алдыңыздан көлденеңдеп шығатындығы анық. Егер сіз бөденені жұмыртқадан бастыратын болсаңыз, онда сізге ең дұрысы — инкубатор сатып алу. Мұндай жұмыртқа бастыруға арналған шағын тұрмыстық инкубаторларды кез келген базардан немесе арнаулы дүкендерден кездестіруге болады. Сондай-ақ, зауыттан шығарылатын дайын инкубаторлармен қатар оны қол­дан да жасап алуға болады. Мұндай инкубаторларды қалай жасайтындығы жөніндегі кеңесті сіз интернеттен ала аласыз. 

Бөдене жұмыртқасының инкубациялану кезеңі 17,5 тәулікті құрайды. Мұнан кейінгі 4-6 сағаттың ішінде балапандар жұ­мыртқаны жарып шыға бастайды. Жаңа пайда болған бөдене балапандарының өте шағындығы (салмағы 6-8 граммды ғана құрай­ды) болмаса, тауық балапандарынан көп айырмашылығы жоқ. Олардың үстін жұмсақ, мамық жүн басып тұрады.

 Жаңа пайда болған балапандарды осы мақсат үшін арнайы әзірленген жәшіктер мен торларға орналастыру керек. Оларды фанера мен пластиктен немесе картоннан жасауға болады.

Тағамдық жұмыртқа алу үшін өсірілетін бөденелерді ұс­тау үшін әдетте биіктігі 20 сан­ти­метрлік торды пайдаланады. Тор еденінің көлемі ішінде ұста­лы­натын бөденелер санына сәйкес лайықталады. Бір бөдене үшін шамамен алғанда 180-200 шаршы мм орын қажет болады. Ал егер сіз бөденені диеталық жұмыртқа (яғни тұқым бермейтін) алу үшін өсіретін болсаңыз, онда әрбір бө­дене аналығы үшін жеке тор қажет болады. Бірақ ол ауық-ауық бөдене әтешімен қосылып тұруы тиіс.

 Бөдене өсірудің технологиясы. Бөдене өсіретін орында, әсіресе, алғашқы үш аптада жоға­ры температураны сақтау қажет, өйткені, бұл кезеңде бөдене бала­пандарының жылуды реттеу мүмкіндіктері өте әлсіз болады. Алғашқы үш аптада балапандар орналасқан орын күндіз-түні жарықтандырылады. Бұдан әрі күндізгі жарықтың берілуі күн сайын 2 сағатқа қысқарып отырады. Торда немесе жәшікте 3 апталық балапандарды ұстаған кезде, әр басқа 50 см² орын келетіндей болуы керек, 3-6 апта аралығында жәшіктің ауданы әр бөденеге 90 см² болуы тиіс. Жас бөденелерге су беру үшін вакуумдық суарғыштар (төңкерілген шыны құтылар) қажет. Торларға кішкентай ыдыс суар­ғыштар орнатуға болады. Ал екінші аптадан бастап ниппельдер орнатылады. Оларды кез келген бөдене балапаны жете алатындай биіктікке орнатады. Алғашқы аптада бөдене балапандарын 2 сағат сайын тамақтандырады. Бұдан кейін біртіндеп тамақтандыру саны қысқарып отырады. Бөдене балапандарын өсірудің алғашқы аптасында қатты пісірілген, майдалап ұнтақталған тауық немесе бөдене жұмыртқаларын, қатық, манный жармасын, одан кейін балапандарға арналған зауыт жемдерін беріп, біртіндеп ересек құстардың ережесіне көшіреді. Үшінші күннен бастап кәдімгі жемдерді де беруге болады.

Сонымен қатар Төлеби ауданында тұрғындар мемлекеттік бағдарламалар арқылы малының қарасын көбейтіп, бордақылау алаңдарын іске қосуда. Мәселен, Бейнеткеш елді мекенінің тұрғыны Қали Тажикулов «Ырыс» МКҰ-нан жеңілдетілген 6,5%-бен несие алып, жылқы санын көбейтіп отыр. Ауылдағы тұрғын үй ауласынан жылқы өсіруге қажетті қора, жем-шөпті дайындаған жеке кәсіпкер қаржы ұйымы арқылы 27 миллион теңгеге 54 бас жылқы малын алып, бордақылаумен айналысып жүр.

Бие сауып, қымыз баптап, шаруасын дөңгелетіп жүрген шаруаның шағын кәсібімен танысқан аудан әкімі Төлеген Телғараев пен аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер жөнінде мағлұмат берді. Жұмысына сәттілік тіледі.

Жеке кәсіпкер ата-баба кәсібін жалғастырып, мал шаруашылығының пайдасы арқылы оны отбасылық бизнеске айналдырғанын айтты. Аудан басшысы кәсібін нәсібі етіп, аймақтың экономикасына сүбелі үлес қосуға атсалысып жатқан жеке кәсіпкердің ісіне табыс тіледі.

«ANYQ.KZ»ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin