Түркістан облысы: Төлеби ауданы әкімінен Тасарық ауылының тұрғыны балық шаруашылығын дамыту үшін жер бөлуге көмек сұрады

Бекітілген кестеге сәйкес, Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген азаматтар ауыз су, жайылымдық жер бойынша сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жаздың аптап ыстығында аудан халқы тіршілік нәрінің тапшылығына тап болады. Аққұм, Көксәйек, Қаратөбе елді мекендерінен келген тұрғындар ауыз суға қатысты шағымдарын жеткізіп, сала мамандарынан ол бойынша атқарылып жатқан жұмыстар барысын тыңдап, бұлақ басын қоршау, су есептегіш қондырғыларын орнату секілді мәселелерді бірлесіп шешу үшін жұмыс жүргізу қажеттігі сөз болды.

Тасарық елді мекенінің тұрғыны Ә.Мәлік балық шаруашылығын дамытуды қолға алғанын, оған арнайы жер қарастырғанын, округ халқы кәсіпкерге қолдау көрсетіп отырғанын айтып, жер бөлуге көмек сұрады.

Алатау ауылдық округ тұрғыны Қ.Умирзаков мазаратқа баратын жолдың лагерь меншігінде екенін, оны мемлекет иелігіне қайтарып, жөндеп беруді сұранды.

Зертас елді мекенінің тұрғыны Ә.Құралбаев шағын саябаққа түнгі жарық қойып, ауыз су және электр қуатын жеткізу қажеттігін сөз етті.

Көксәйек, Қасқасу, Кемеқалған, Керегетас, Қаратөбе елді мекендерінің ауыл билері өз мақсатында пайдаланылмаған жайылым алқаптарын халық мұқтажын қанағаттандыру мақсатында мемлекеттің арнайы қорына өтуіне қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұрғындардың осы мәселеге байланысты шағымдарын жеткізіп, заңсыз берілген, бос жатқан жерлерді қайтарып алу жөніндегі арнайы комиссия жұмысымен танысты.

Ленгір қаласының тұрғыны М.Талқанбаева былтыр пайдалануға берілген көпқабатты тұрғын үйдің құбырларына қатысты орын алған олқылықтарды реттеуге көмек сұрады.

Аудан орталығының тұрғыны Б.Темирбекова «Төлеби» саябағы аумағына балаларға арналған аттракцион қойып, дәмхана ашуды жоспарлағанын, бұл бағытта бизнес жобасын дайындап алып келетінін айтып, сала мамандарынан кеңес алды.

Қарақия елді мекенінің тұрғындары табиғи газ тарту ісіне байланысты туындаған сұрақтарына жауап алды.

Қабылдау барысында аудан әкімі тұрғындардың мәселесін тыңдап, бірқатарына заңдылыққа сәйкес жауап берсе, бірқатар азаматтардың мәселесін шешу үшін тиісті бөлім басшыларына тапсырма жүктеп, оның орындалу барысы өз қадағалауына алатындығын жеткізді.

Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау туралы заңдылықтарға сәйкес жергілікті билік органының өз құзыреті аясында мәселелерді шешу мақсатында тиісті шаралар қабылданатын болады.

Төлеби ауданының әкімі Төлеген Телғараев бүгінгі жұмыс күнін тұрғындарды жеке мәселесімен қабылдаудан бастаған болатын. Қабылдау барысында келушілер негізінен ауыз су мәселесін көтеруіне байланысты, түс мезгілінде құрылысы жүріп жатқан бірнеше нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстар барысымен танысты.

Аққұм ауылдық округіндегі 5 көшеге ауыз су жеткізу үшін Нысанбек елді мекеніндегі ескі су жүйесін пайдалануды мақсат етіп, бұл бағытта жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні тау баурайында орналасқан Нысанбек ауылын жаңа су жүйесіне қосу мақсатында 22 шақырымды құрайтын су құбыры тартылып, 300 текше метрді құрайтын резервуар орнатылған. Бұған қоса, жобаға ілінбей қалған 10 үйге ауызсу құбырын тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаны аяқтау бойынша мердігер мекемемен келіссөз жүргізіліп, шілде айында 170 абонент таза сумен қамтылады деп көзделіп отыр. Нысанбек елдімекенінде ауызсу құрылысы аяқталуға жақын. Аудан басшысы құрылыс нысанының басында мердігер мекеме басшысымен кездесіп, ауыз су жеткізу ісін бекітілген кестеге аяқтауды, оның сапасына көңіл бөлуді тапсырды.

Кейіннен Керегетас елді мекеніне арнайы ат басын бұрып, су жинақтауға арналған қондырғы, қойма орналасқан аумақтың жай-күйімен танысты. Қазіргі кезде Керегетас елдімекеніне 27 шақырым су құбыры жүргізіліп, сыйымдылығы 300 текше метрді құрайтын су қоймасы орнатылған. Су қоймасының маңайын абаттандыру ісі аяқталғаннан кейін 158 абонент ауызсуға қосылады деп жоспарлануда.

Аудан әкімі Төлеген Тұртайұлы резевуар орналасқан аумақты абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарын дер кезінде аяқтауды, абоненттерге су жеткізуді дұрыс ұйымдастыруды тапсырып, құрылыс жұмыстарының сапасын өз бақылауында ұстайтынын айтты.

Қасқасу ауылдық округіне газ құбырын жүргізіп отырған мердігер мекеме «Azia RS» ЖШС өкілдеріне жолығып, құрылыс жұмыстарының барысына көңіл бөліп, тұрғындарға табиғи газ кестеге сай берілуі қажеттігін тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.