Түркістан облысы: Цифрландыру басқармасына қарасты 18 мекеме мен облыстық СЭБ департаментінің мамандары сенбілік жұмыстарына атсалысты

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық науқаны аясында Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасына қарасты мемлекеттік архивтерде жаппай сенбілік жұмыстары жүргізілді. Оған жалпы 18 мекеме атсалысты.

Яғни, облыс аумағындағы барлық мемлекеттік архивтерде тазарту, абаттандыру жұмыстары жасалды. Атап айтқанда, архив ғимараттарының сыртқы және ішкі қабырғаларын, ғимарат шарбақтарын жуып-тазалау, ғимарат айналасындағы шөптерді ору, сыпыру, ғимараттың ішкі бөлмелерін жуу, архив қоймаларын шаңнан тазарту, ауладағы ағаштардың қураған бұтақтарын кесу, әктеу, ағаштар мен гүлдерді суару сияқты жұмыстар атқарылды.

Сонымен қатар барлық архивтерде ғимаратқа іргелес көшелер мен жаяу жүргіншілер жүретін жол жиектерін, арықтарды тазалау жұмыстары жүргізілді.

Бұдан бөлек Түркістан қаласында көгалдандыру, абаттандыру және тазалық жұмыстары кестеге сай жүргізіліп келеді. Қала аумағында орналасқан базарлардың тазалығы да тұрақты бақылауға алынған. Бұл жұмыстарға жауапты мекеме және жауапты қызметкерлер бекітіліп, екі ауысыммен жұмыс жасап жатыр. Бірінші ауысымға 2 арнайы техника жұмылдырылып, 15 қызметкер тартылған. Ал екінші ауысымда 3 арнайы техника және 8 адам тазалық жұмыстарын атқаруда.

Түркістан қаласында орналасқан сауда орындарының иелерінің ұйымдастыруымен әр аптаның дүйсенбі күні әктеу, сырлау және тиесілі аумақты тазалау жұмыстары тұрақты түрде жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, базарлардың аумағында қосымша 71 қоқыс жәшігі орнатылды.

Адам көп шоғырланатын сауда орындарының айналасын күл-қоқыстан таза ұстау және санитарлық нормалардың сақтау бойынша базар басшылығына арнайы хаттар жолданды.

Айта кетейік, түркістандық тұрғындар, кәсіпкерлер мен сала өкілдері өз аймақтарында тазалық жұмыстарын тұрақты жүргізіп тұрады. Сондай-ақ әр салаға тазалық күні бекітілген.

Түркістан қаласының тұрғындары республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына белсене атсалысып келеді.

Кеше кезекті рет облыс орталығында ауқымды сенбілік ұйымдастырылды. Оған қаланың жанашыр тұрғындары, мемлекеттік мекеме қызметкерлері, қоғамдық жұмысқа тартылған азаматтар қатысты.

Сенбілік іс-шарасы барысында қала аумағындағы 11 көшеде тазалық жұмыстары жүргізілді. Жолдардың бойы мен арық-атыздар қоқыстан тазаланып, шөптер орылып, ағаштар ретке келтірілді. Бұл жұмыстарға 800-ден астам адам қатысып, 22 техника жұмылдырылды.

Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков Қазыбек би көшесінің, Кентау және Қызылорда тас жолы бойын аралап, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Жаңа қала аумағында пайда болған қоқыс алаңдарының тазалануын да қадағалады.

Тазалық жұмыстарына ақсақалдар алқасы мен билер қауымдастығы да өз үлесін қосты. Ардагер ақсақалдар Т.Баялиев көшесінде тазалық жұмыстарын жүргізіп, көпке үлгі көрсетті. Облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов рухани астанада «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, аға буынның бұл игі істен алдағы уақытта да тыс қалмайтынын атап өтті.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде жаппай «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты – қоршаған ортаны қорғау және көркейту негізінде табиғат пен қоғамның өзара үйлесімді әрекетін қамтамасыз ету, қоғамда экологиялық мәдениетті және экологиялық сауаттылықты қалыптастыра отырып, ұрпақты отансүйгіштікке, табиғатты қорғауға, аялауға тәрбиелеу.

Аталған бастамаға Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті де өз үлесін қоса білді. Атап айтқанда, департамент басшысы Нұрбек Нышановтың бастамасымен аудандық, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармалары өз аулалары мен іргелес аумақта ауқымды сенбіліктер ұйымдастырып, тазалау жұмыстарына белсенді атсалысты.

Қоршаған ортаны таза ұстау, оған жанашырлықпен, құрметпен қарау – әрбір адамның міндеті. Сондықтан Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті азаматтарды туған жерді таза ұстауға, елді көркейтуге өз үлестерін қосуға шақырады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin