Армрестлингтен Өзбекстан Республикасының астанасы Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында ел намысын қорғауға аттанған “Шардара Армспорт” клубының спортшылары ҚР ұлттық құрамасының атынан қатысып, Азия құрлығында қарсылас шақ келтірмей, 20 алтын медальді жеңіп алды.
Сайыпқырандарды аудан әкімі Арман Қарсыбаев қабылдап, оларға құрмет көрсетті.
«Сіздерге Өзбекстан елінің Ташкент қаласында өткен Азия чемпионатында жеңімпаз атанып, үздік нәтиже көрсеткендеріңіз үшін алғысымды білдіремін. Бойларыңыздағы қайсар мінез бен жалынды жігерлеріңіздің арқасында жеңіс тұғырына көтеріліп, еліміздің абыройын асқақтатумен бірге, ауданымызда армрестлинг спортының дамуына үлесі қосып, белсенді түрде атсалысып жас ұрпаққа үлгі-өнеге бола білдіңіздер. Сіздерге зор денсаулық, отбасыңызға амандық, жеңісті күндер тілеймін!» — деді аудан әкімі.
Сондай-ақ чемпиондарға алғыс хат пен бағалы сыйлықтар тапсырып, тамыз айында Молдова елінде өтетін Әлем чемпионатында ел абыройын асқақтата берулеріне сенім білдірді.
Орайы кеп тұрғанда чемпиондар тізімін назарларыңызға ұсына кеткенді де мақұл көріп отырмыз.
Жас жеткіншектер арасында:
Әмірхан Думан — І орын
Бекмұрат Мирас — І орын
Назар Заңғар — І орын
Алдан Нұрсұлтан — І орын
Хали Текжігіт — І орын
Сәрсенбай Ердос — І орын
Анвар Элдар — І орын
Серік Ерсұлтан — І орын
Мансұр Еркеғали — ІІ орын
Тыныштық Байғани — ІІІ орын
Қыздар арасында:
Назым Закирова — І орын
Ақберген Аманат — І орын
Нұрғаным Ырысбек — І орын
Сымбат Сәрсенбаева — І орын
Назерке Жаңбырбек — ІІ орын
Жасөспірімдер арасында:
Есен Мейрамбек — І орын
Мелдебек Болат — І орын
Мыңжасар Ерзат — І орын
Сәрсенбай Жармахан — І орын
Сансызбай Ерасыл — І орын
Базарбай Асылжан — І орын
Патилда Мейрамбек — І орын
Мүмкіндігі шектеулі жандар арасында +90 келі салмақта Ұлықбек Құралбаев чемпион атанды.
Армспорт – арнайы үстелде өткізілетін, өзіндік ережесі бар қол жекпе-жегі. «Армрестлинг» – ағылшын тілінен аударғанда, «arm» – қол, «wrestling» – табан тірескен күрес деген мағынаны білдіреді. Сайысқа қатысушылар бекітілген халықаралық ережеге сай, арнайы үстелдің екі жағында тұрып күш сынасады. Төрешінің бұйрығымен шынтақтары арнайы жұмсақ шынтақшаларға қойылады. Алайда қол күресі кезінде шынтақты көтеруге, қозғауға, жұмсақ шынтақшадан шығаруға болмайды. Ашық алақандар біріктіріліп, бас бармақтар бір-біріне айқастырылады. Білекті бір қалыпты түзу ұстау қажет. «Білекті түзе!», «Иықты түзе!» деген команда берілісімен, спортшылар бос қолдарымен арнайы тіреуден ұстайды. Төрешінің белгісінен кейін ғана күресті бастайды. Төрешінің белгісінен бұрын екі рет ерте бастап қойған ойыншы ары қарай күресу құқығынан айырылады. Шынтақ орнынан тайып кетсе, басы мен иығы үстелдің ортаңғы сызығын қиып өтсе немесе үстелге тиіп кетсе ереже бұзылған болып саналады.
Айқас кезінде бос қолды тіреуден босатуға және екі аяқты бірдей еденнен көтеруге болмайды.
Қол күресі (Армрестлинг) спорты ежелден бері қызық әрі қиын спорт түрі болып табылады.1952жылы Калифорнияның Петалума қаласында ең бірінші осы спорт түрі жандана бастаған. Бұл спорт түрінің жандануына үлес қосқан алғашқы адамдардың бірі америкалық журналист Билл Соберанес болып табылады. Ол ең алғаш 1952 жылы Петалума залында қол күресінен (Армрестлингтен) жарыс өткізіп, халықтың ыстық ықыласына бөлене отырып осы спорттың дамуына себепші болды. Қазірдің өзінде Петалума қаласында әр жылдың қазан айының екінші сенбісінде қол күресі өткізіліп отырады.1962 жылы Билл мен Дейв Девото бірінші әлем чемпионатын өткізген. Осылайша бұл спорт түрі қазіргі кезде өз федерациясын құрып, аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық деңгейде өткізіліп отырады. Қазіргі күнде қол күресі «армрестлинг» деген атаумен белгілі. Арместлинг спорты қазіргі күнде Олимпиада ойындарында кірмесе де, бұл спорт студенттер, оқушылар, үлкендер, қарттар, мүгедектер арасында өткізіліп отырады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.